• Тіл
  • 08 Шілде, 2016

«Тіл керуенІ» жобасы қазақ тілінің аясын кеңейтуге серпін берді

Ержан ТӨКЕНОВ, Павлодар облысы Тілдерді дамыту басқармасы бөлімінің басшысы

Павлодар облысында тіл саясатын жүзеге асыру аясында көптеген іс-шаралар кезең-кезеңімен атқа­рылуда. Осы орайда облыстық Тіл­дерді дамыту басқармасы тарапы­нан жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып кетсек дейміз. Әрине, мем­лекеттік тілдің мәртебесін өсіру бағытында қол жеткізілген нәтижелер аз емес. Бұған басқарма тарапынан қабылданған іс-шаралар жоспары негіз болып келеді деп айта ­аламыз. Мұның барлығы қазақ тілінің ­аясын кеңейтіп, тілді меңгерген азаматтар қатарын мейлінше арттыру мәселесінде өзекті болып табылады.

Қазақстан Республикасы Пре­зиден­ті­нің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №126 Жарлығымен «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарламасында қазақ тілін меңгерген тұрғындар үлесін 2020 жылға дейін 90 пайызға жеткізу міндеті белгіленгені мәлім. Осы мақсатпен об­лыста қазақ тілін оқытуға арналған іс-шаралар жүргізіліп келеді. Мәселен, биылғы жартыжылдықта 6131 адам мемлекеттік тілді меңгеру сабақтарына қатысты. Оқыту жұмыстары тіл орталықтары негізінде немесе жергілікті жерлерде, әсіресе қала мен аудандардағы оқыту орталықтарында ұйымдастырылды. Қазақ тілін оқытуға облыстағы барлық қалалар мен аудандарда, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда тиісті қаражат бөлініп, тіл курстары тегін жүргізілуде. Басқарма тарапынан оқу-әдістемелік құралдармен толықтай қамтамасыз ету жолға қойылған. Облыс әкімінің ­тапсырмасына сәйкес мемлекеттік тілді үйретуге бағыт­талған «Тіл керуені» жобасы іске қо­сы­лып, 20 маусымда Ақсу қаласынан бас­тау алған болатын. Жобаның мақсаты – қазақ тілін, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін, тарихын орыстілді азаматтар арасында кеңінен насихаттау. Мұны облыстық Тілдерді дамыту басқармасы қазақ тілі бойын­ша оқу-әдістемелік құралдары мен электрондық оқулықтарының авторы Ш.Кинжиковамен бірлесіп жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік тілдегі іс-қағаздарды жүргізу мәселесіне келетін болсақ, ол ұдайы бақылауда. Мәселен, бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдарындағы шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 99,9 пайызға жетті. Ай сайын тұрақты түрде шығыс және ішкі құжат айналымының мониторингі жүргізіліп, нәтижелері бойынша қала, аудан әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларына ескерту хаттары жолданып отырады. Облыс әкімдігінің жанынан құрылған мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетіл­діру жөніндегі жұмыс тобында тоқсан ­сайын мемлекеттік органдардағы «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының іске асырылуы және іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізудің барысы қадағаланып отырады. Мемлекеттік тілде құжат әзірлеуді тиісті деңгейге көтеру үшін 3 мыңға жуық сөздік пен түрлі оқу құралдары мемлекеттік мекемелерге тегін таратыл­ғанын айта кеткеніміз жөн. Жыл басынан бері қала мен аудандарда қазақ тілі мұғалімдеріне, аудармашылар мен іс жүргізуші мамандарға арналған «Қазтест» жүйесі бойынша 2 семинар өтті. 2016 жылы аталған жүйе арқылы 1209 мемлекеттік қызметшінің қазақ тілін меңгеру дәрежесі тексерілді. Жалпы тестілеуден бүгінгі күнге дейін 7031адам өтсе, 133 мемлекеттік қызметші сертификат ала алмады. 871 адам алдын ала байқау сынағын тапсырды. Облысымызда онлайн байланыс арқылы көптеген шаралар ұйымдасты­рылады. Бұл орайда жаңа инновациялық үлгілер мен оқыту әдістері кеңінен енгізілді. Соның нәтижесі ретінде «Қазақ тілін оқыту кезінде тілдік, психологиялық тәсілдерді қолдану» тақырыбында өткен семинар-тренингті айтуымызға болады. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілінің үлесі де назардан тыс қалып келе жатқан жоқ. Ол 2017 жылға қарай – 62 пайызға жетуі тиіс деген межеміз бар. Қазіргі уақытта облыс бойынша хабар тарататын телеарналардағы қазақ тіліндегі бағдарламалардың көлемі 57 пайызға жетті. Мемлекеттік тілді жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау мақсатында «Қазақстан-Павлодар» телеарнасында «Туған тіл – байлығым!» атты 4 ақпараттық-танымдық бағдарлама, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл сая­саты» жарнамалық-имидждік роликтер және облыстық радиода «Мемлекеттік тіл және отбасы» бағдарламасының 5 хабары ұйымдастырылды. Осы теле-радио бағдарламалардың мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізуіне қосар үлесі мол деп білеміз. Бұл орайда қазақ тілінде еркін сөйлейтін әртүрлі этнос өкілдері өзгелерге үлгі-өнеге ретінде насихатталып келеді. Тағы бір маңызды мәселеге тоқтала кетсек, Тілдерді дамыту басқармасы Павлодар облысының прокуратурасымен бірлесіп «Тіл туралы» Заңның 21,24-баптары және әкімшілік кодекісінің 75-бап талаптарының орындалуы туралы бейне­ролик шығарды. Аталған бейнеролик шілде айынан бас­тап облыстық КТК-7 телеарнасында және қала ішіндегі жолау­шыларды тасымалдайтын көліктерінде көрсетілмек. «Ертіс дидары» Павлодар облыстық қоғамдық газетінде өңірдегі тілдік жағдайға байланысты материалдар үнемі жарық көріп келеді. Биылғы жылы осы газет арқылы Екібастұз, Ақсу қалалары мен Ақтоғай, Баянауыл аудандарында атқарылған шаралар туралы мақалалар шықты. Жыл соңына дейін барлық аудандарды қамту жоспарланып отыр. Былтыр Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы шеңберінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық жобасы өткізілген болатын. Жыл басынан осы жобаны Павлодар өңіріндегі орыстілді азаматтар арасында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін арттыру мақсатында насихаттау тобы құрылып, этностар көп шоғырланған Павлодар, Успен және Шарбақты аудандарында орыстілді азаматтармен «Мемлекеттік тіл – біздің болашағымыз!» тақырыбында кездесулер өткізілді. Кездесуге саясаттанушылар Дос Көшім мен ­Айдос Сарым қатысты. Насихаттау тобының құрамында «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері және облыстағы жоғары оқу орындарының өкілдері болды. Бұл жоба мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге айтарлықтай серпін берді. Көрнекі ақпараттың пайдаланылуын бақы­лаудың өңірлерді қамту дәрежесі ту­ралы сөз қозғайтын болсақ, бұл көр­сеткіш 2017 жылға қарай – 50 ­пайыз­ды, 2020 жылға қарай – 100 пайызға жетуі тиіс. Алайда бұған қол жеткізуде бір­шама қиыншылықтардың бар екені анық. Себебі елімізде 2015 жылдың 1 қаң­­­­тарынан бастап шағын және орта кә­сіпкерлік нысандарына тексеріс жүргізуге мораторий жарияланған. Әйтсе де басқарма тарапынан бекітілген жылдық жоспарға сәйкес облыстың қалалары мен аудандарының көшелерінде орналасқан көрнекі ақпараттарға мониторинг жүргізу жүзеге асырылып келеді. Ағымдағы жылдың басынан 3909 нысан қамтылып, оларға 156 ұсыным хат жолданды. Орын алған қателердің 70 пайызы түзетілді. Жарнама мәтіндеріне тілдік сараптама жүргізу жөнінде арнайы тәуелсіз комиссия құрылды. Қазақстан Республикасының «ҚР Тіл туралы» Заңының 21,24-баптары талаптарының сақталуы және әрбір мекемедегі көрнекі ақпараттардың сауат­ты орналасуы, халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында облыстық прокуратура, сәулет және қала құрылысы басқармасы, әділет, мемлекеттік кірістер департаменттері өкілдерінің қатысуымен Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының жарнама және полиграфия агенттіктерімен, банк, ломбард, қонақүй, сауда үйлерінің басшыларымен кездесулер өткізілді. Іс-шараға қатысқан өкілетті орган мүшелері өз саласы бойынша қойылған сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар облыстың жарнама агенттіктерінің және ірі кәсіпорындары басшыларының ұсынысы бойынша осы мекемелердің аудармашылары мен мамандарына арналған «Аударма ісінің ерекшеліктері мен өзектілігі» тақырыбында тегін семинар өткізілді. Тіл саясатын жүзеге асыруда – ономастика үлкен орын алатыны белгілі. Былтыр Жеңістің 70 жылдығына орай Павлодар қаласындағы 49 көшенің ­атауын өзгерту бойынша мәселе қаралды. Бүгінгі күні ономастика мәселесіне қатысты көптеген ұсыныстар мен өтініштер түсуде. Алдағы уақытта атауларды өзгертуге байланысты жарияланған мораторий алынғаннан кейін осы өтініштерді ескере отырып, көше, елді мекен атауларын өзгерту жұмыстары жалғасын табатын болады. Көптілді оқыту мәселесінің маңыз­дылығын ескере отырып, ағымдағы жылы жоспарға жаңа телевизиялық жоба енгізілді. «Үштұғырлы тіл – уақыт талабы» айдарымен «Қазақстан-Павлодар» телеарнасында үштілділік бойынша 5 телебағдарлама шығару жоспарланған. Бүгінгі күні 2 телебағдарлама эфирге шықты. Қалған 3 телебағдарлама қыркүйек, қазан, қараша айларында дайын­далады. Облыстық іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және оны іске асыру мақсатында түрлі мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылып келеді. Түркітілдес халықтар жазбалары күні, «Славян жазбалары күндері», «Бірлік» этнофестиваль, орыс жастары арасында қазақ тілін жетік меңгерген «Тіл – парасат», орыс тілі білгірлерінің «Тіл – барлық білімнің кілті», үш тілді меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» атты байқаулар ұйымдастырылып, мемлекеттік тілді меңгерген этнос жастарының қатысуымен «Үштілділік – жаһанданудың кепілі» атты дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс шаралардың өткізілуіне облы­сымыздағы 24 этномәдени орталық­тар белсене қатысты. Орталықтарда тіл үйренуге жағдай жасалған. Павлодар облысы Ассамблея жанындағы ұлттық жаңғыру мектебінің 14 бөлімшесінде оқитын 574 баланың 495-і туған тілдерінде білім алуда. Біз өз қызметімізде Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебімен, облыс этнос жастарымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Түркітілдес халықтар жазбалары күніне арналған концерттік бағдарлама, этномәдени бірлестіктер жастар қанаты өкілдерімен дөңгелек үстел, этнофестиваль т.б. іс-шараларға облыстық Ассамблея мүшелері белсене қатысып келеді. Жалпы, облыстағы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының өткізген шаралары мен атқарған жұмыстары басқарманың «Tildes.gov.kz» Web-сайтында күнделікті екі тілде жарияланып отырады. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес өзге де шаралар жалғасын табатын болады.

3966 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы