• Ақпарат
  • 14 Шілде, 2016

Жерге қатысты нақты ұсыныстар талқыланды

Жер реформасы бойынша комиссия­ның кезекті отырысы өткен сенбіде Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен Астанада өтті. Жиында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану бойынша нақты заңнамалық ұсыныстар талқыға салынды. Бұл жиынның ерекшелігі, өткен мәжілістердің нәтижелері сараланып, бір тоқтамға келу, комиссия мүшелерінің өзара жұмысын пысықтап алу және «жалпыдан жалқыға» көшу арқылы жерге қатысты мәселелерді шешудің нақты жолдарын анықтау мақсаты қойылды.

Негізінен жайылым, шекара маңындағы жерлерді пайдалану және жерді шетелдіктерге жалға беру, қазақстандықтардың иеленуі сынды мәселелер қаралды. «Біз осыған дейін Жер реформасы бойынша комиссияның Астанадағы және өңірлердегі жиындарын өткіздік. Ал бүгін біз үш мәселе төңірегінде сөз қозғамақпыз. Біріншісі – ­саяси мәні бар, яғни жерді шетелдіктерге жалға беру, қазақстандықтардың иеленуі сынды мәселе. Оларға қатысты барлық аймақтарды аралап, халықпен кеңесіп, жан-жақты ұсынымдарды жинай отырып, көпшілік болып шешім қабылдау керек екендігі белгілі. Екінші мәселе, шекара маңындағы жерлерге қатысты. Үшінші мәселе, жайылымдық жерлер жөнінде болмақ. Бүгін осындай нақты бағыттардағы ұсыныстарды талқыға шығарып отырмыз» деп атап өтті Асқар Мырзахметов. Жер реформасы бойынша комис­сия­ның штаб жетекшісі, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беруді жалғас­тыра отырып, бірінші 5 жылдықта жыл сайын мониторинг жүр-гізуді енгізіп, жалға беру институтын сақтап қалуды және әрбір 3-5 және 7 жыл кезеңінде мониторинг жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ, ол Жер кодексінде ауылшаруашылығы жерлерін жалға беру тәртібін регламенттейтін жаңадан жеке бап енгізуді қарастыру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл үдеріс ауылшаруашылығы жерлерін конкурстық негізде беріп, жер бөлу жөніндегі конкурстық комиссия құрамына қоғамдық кеңестер мен бірлестіктердің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін қосу арқылы іске асырылмақ. Отырыста сөз алған Комиссияның экономикалық жұмыс тобының жетекшiсi Ақылбек Күрiшбаев ел азаматтарына жердi жалға беру тәртiбiн бұзған әкiмдердi қатаң жазалауды ұсынды. «Ендi Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ұсынысы бойынша арнайы ереже болуы керек. Бiз мұны қолдап отырмыз. Кiм, қалай жердi бередi, оны қалай бақылайды, жер тиiмсiз пайдаланылса қалай қайтарылатыны белгiленуi тиiс. Бұл өте маңызды мәселе. Жердi 49 жылға жалға берген кезде, әсiресе, алғашқы жылдары мұқият қарауымыз керек. Өйткенi жердi игермеу мәселесi бiрiншi жылдан басталады. Алғашқы бесжылдықта жыл сайын, кейiн 3-5-7 жылда мониторинг жүргiзудi қолдаймыз» дедi ол. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірін­ші орынбасары, комиссия мүшесі Мұхтар ­Құл-Мұхаммед шекараға жақын аудандардағы жер­лердің жайына алаңдайтынын жеткізді. «Шекаралық аудандарға байланысты бір пікір қосайын деп отырмын. Бұл өте өзекті мәселе. Қазір қолданыстағы заңнама бойынша, шекарадан небәрі үш шақырым қашықтықтан ғана жерді жалға беруге болмайды, қалғанына Қазақстанның өз азаматтарына жалға беруге болады деген норма бар. Осыны пайдаланып кейбір жергілікті әкімдер сол жерді Қазақстан азаматтарына бердім деген желеумен шетелдік азаматтардың да үлесі бар компанияларға берді деген әңгіме бар. Мен қазір ешкімнің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, оны тиісті құқық қорғау органдары тексеріп, жауабын беруі керек» деді М.Құл-Мұхаммед. Ал Мұхтар Тайжан жер кадастрында жермен айналысатын адамдардың аты-жөндері анық көрсетілуі қажет екенін сөз етті. «Бізде қазір электронды кадастр бар. Бірақ онда жер иелерінің аты-жөндері көрсетілмеген. Менің ұсынысым, жер халықтікі болғаннан кейін онымен кім айналысатындығы жайындағы ақпараттар ашық болуы тиіс. Қазір бұл мәліметтер жабық. Себебі «Жеке мәліметтер туралы» Заң бар. Сол заңды өзгертейік», деді ол. Сонымен қатар ол шетелдіктерге жер сатылмайды деп айтылғанымен, қитұрқы жолдардың да бар екенін жеткізді. Сенатор Қуаныш Айтаханов Қазақстан азаматтарына шекара маңы жерлерін игеруге шектеу қоюға мүлдем болмайтынын атап өтті. «Күн тәртібінде былай жазылыпты: «Қазақстан Республикасы шекарасы маңынан берілетін ауылшаруашылық жерлерін беруге шектеу туралы». Кімге беруге шектеу туралы? Шетелдіктерге ме, жоқ, қазақстандықтарға ма? Мына жерде қазақстандықтарға деп жазылыпты. Ал егер қазақстандықтарға болса, онда оған шектеу қоюға мүлдем болмайды. Керісінше, қазақстандықтар шекаралық жерлерді барып игерсін. Көбірек игерсін. Неге біз қазақстандықтарға шектеу қоямыз? Егер Қазақстан азаматтары шекара маңынан жер алып, шаруашылығын жақсылап жүргізсе, ол шекара нығая береді. Сол себептен бұл шектеуді қазақстандықтар үшін мүлдем алып тастауымыз қажет» деді сенатор. Сонымен қатар ол шекарамыздың мыңдаған шақырым жерінде ешкім тұрмайтындығына, бос жатқандығына тоқталды. Ал Дос Көшім жер бөлетін комиссия мүшелерінің басым бөлігі атқарушы биліктен емес, қарапайым халық өкілдерінен тұруы тиіс екенін айтты. Ал Оразалы Сәбден жерді жалға бергенде бай, кедей деп бөлмеу керектігін жеткізді. «Жерді жалға бергенде кейбір артық мәселелерге кетіп қалып жатырмыз. Бай, кедей деп бөліп қарауға тиіс емеспіз. Сосын, жерге инвестиция беретін адамдарға басымдық берейік, шетелдік емес, әрине, өзіміздің азаматтарымызды айтып отырмыз. Бұл кредит пен лизингке де қатысты. Өйткені Қазақстанның жері қазір қаражатқа зәру. Сондықтан жерді байлар алып жатыр деп байбалам салудың қажеті шамалы» деді О.Сәбден. Жиын соңында Асқар Мырзахметов комиссияның бүгінгі отырысына қатысты қорытынды сөз сөйледі. «Елбасының тапсырмасына сәйкес өңірлерді аралап, халықпен кездесіп, содан кейін барып нақты қорытынды шығарылады. Оған қоса, жер мәселесінде маңызды жайттардың бар екенін көріп отырмыз. Соның ішінде бір адамға жалға берілетін жердің шекті мөлшері қанша болуы керек, жайылым мәселесі бар» деді ол. Оның атап өтуінше, бір адамға жалға берілетін жердің шекті мөлшері республика бойынша мынадай гектар болуы қажет деп айту қисынсыз. Өйткені әр өңірдің ауылшаруашылығы саласында айтарлықтай ерекшеліктері бар.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

1833 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы