• Ақпарат
  • 14 Шілде, 2016

Жазғы демалысты қалай өткізген жөн?

Жаздың екінші айын да өткізіп жатырмыз.  Жыл он екі ай талмай жұмыс істеген адамның еңбек демалысына шығатын уақыт та осы. Алайда бүгінгі қымбатшылық заманда жазғы демалысын мәнді де сәнді өткізетіндер қатары сиреп бара жатқан секілді. Шетелге барып демалу кез келгеннің қалтасы көтеретіндей емес, ал отандық демалыс орындары  да бағасы жағынан олардан кем түспейді.

Отандастарымыздың сүйікті демалыс орындары – Каспий жағалауы, Алакөл, Бурабай, Қапшағай, Көлсай, Балқаш, Сарыағаштың шипажайлары есіктерін айқара ашып, жаз маусымынан көп пайда табуға мүдделі екенін аңғару қиын емес. Десе де жаһандық дағдарыс әлемді шарпыған туристік операторлар шетелдік демалыс орындарын жарыса да, таласа жарнамалап жатқан уақытта, отандық демалыс орындары бағасын түсірмеген. Ал сол бағаға қызмет көрсету сапасы мен инфрақұрылым жағдайы сай келе ме, бұл басқа әңгіме. Бүгінде әлемдегі Испания, Түркия, АҚШ, Грекия, БАӘ, Тайланд сынды елдердегі ішкі жалпы өнімнің бестен бірі, кейбірінде тіпті 30 пайызы туризм саласына тиесілі екен. Тамсандырар табиғатымен, тарихи-мәдени ескерткіштерімен көздің жауын алар Қазақстан бұл елдерден асып түспесе, кем емес. Алайда сол бар дүниемізді ұлықтап, отандық туризмді дамыту жағы кемшін түсіп жататыны қынжылтады. Алакөлге барушылардың саны жыл өткен сайын артпаса, кеміген емес. Өлі теңіз бен Қара теңізден шипалығы кем түспейтін Алакөл ауасы таза, балшығы да шипалы. Алакөлде демалу құны бір күнге 5000 теңгеден басталады. Жергілікті тұрғындар арасында өз үйлерін жалға беретіндер де бар. Алайда көп жағдайда бұл бағаға күнделікті ас кіре бермейді. Бұған қоса Алакөлдің инфрақұрылымын жақсарту алдағы уақытта шешімін табатын мәселе. Жарнама жасамас үшін қонақүйлердің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Ал Бурабайды сөз етсек, стандартты нөмірлер 12-13 мың теңгеден басталады. Ал люкс нөмірлер тіптен 25 мыңнан ары қарай кете береді. Балқашта демалу құны 4000 теңгеден басталады. Тамағы бұл бағадан бөлек. Енді саралап қарасаңыз, біз атап өткен баға ең кемінде деп алып отырған бағам. Ал шын мәнінде жету жолыңыз, басқа да ойын-сауықтарға қосымша тағы қаржы жұмсайтыныңыз сөзсіз. Міне, сондықтан көп жағдайда қалтасы көтеретін отандастарымыз шетелде демалуды таңдайды. Ал бұл дегеніміз – шетелдің бюджетіне өз қаржымызды өз еркімізбен құю. Туризмді дамытудың түп мәнінде патриотизмді дамыту, отанымызды өзгеге таныстыру, табиғатымен тамсандыру жатыр ғой. Расында, шетелдіктер еліміздің табиғатына, тарихи ескерт­кіштерінің сақталғанына қызыға да қызғана қарайды. Алайда тиісті инфра­құрылым мен білікті мамандардың жоқтығы қынжылтады. Толып жатқан туристік агенттіктер негізінен тек қана бір бағытты-көшпелі туризмді дамытуда. Ішкі туризм сараптамалық деректер бойынша туризмнен түсетін барлық кірістердің 3-тен 5 % құрайды, осыған ұқсас көрсеткіштер дамыған елдерде 50% дейін жетеді. Көшпелі туризмнің басым дамуы себептен гөрі салдар болып табылады. Туристік инфрақұрылымдардың толықтай жоқтығы туристік агенттіктерге елімізге саяхат ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді. Келер жылы халықаралық ЭКСПО – 2017 көрмесі елімізде өткізілетінін ескерсек, қазірден бастап, шетелдіктерді елге тартудың жолдарын қарастыру қажет. Қымбат люксті қонақүйлер шетел азаматын таңғалдырмасы анық. Сондықтан тарихи-мәдени бағыттағы туризмді дамыту, тарихи жерлерге жету бағыттарын дамыту, бұған қоса тиісті қызмет көрсету сапасын қадағалап, қолға алған жөн.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

16711 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы