• Ақпарат
  • 21 Шілде, 2016

Ел қауіпсіздігі – бәрінен қымбат

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың төрағалығымен 18 шілде күні Алматыда болған қайғылы оқиғаға қатысты Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақановтың, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Алматы қаласындағы оқиғаларға қатысты баяндамалары тыңдалды.

Қазақстан Президенті қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты және оларға мемлекеттік органдардың барлық қажетті көмекті көрсетуін тапсырды. Ішкі істер министрі Президентке Алматы оқиғасының толық хронология­сын мәлім етті. «Бүгін таңертеңгі сағат 10:54-те белгісіз біреу Алматы аудандық ішкі істер бөліміне келген. Постыда отырған полиция қызметкері оның құжатын сұрағанда, қылмыскер тапаншасын алып шығып, оған екі рет оқ атқан. Полиция қызметкерін жаралаған соң қылмыскер оның қаруын алып, кезекші бөлімге қарай бірнеше рет оқ атқан. Аудандық ішкі істер бөлімінің ауласында тұрған адамдарға қарай тағы бірнеше рет қару жұмсаған. Сол жерде төрт полиция қызметкері мен бір қарапайым адам жарақат алды. Бұл жарақат алған адам біздің бұрынғы қызметкеріміз, қазір зейнетте жүрген адам еді. Осыдан кейін қылмыскер көшеге жүгіріп шығып, көлік тоқтатады да, көлікке отырып кетеді. Қылмыскер содан соң шақыру бойынша келе жатқан патрульдік полицияға оқ атқан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратына келіп, тағы бір патрульдік көлікке оқ жаудырған. Осылайша, тағы екі қызметкерімізді жаралады. Артынша, ол оқиға орнынан қашып, тағы бір автокөлікті тоқтатқан. Онда шекара қызметінің аға лейтенанты отырған. Қылмыскер көлікпен Абай атындағы көшеге дейін жетіп қалмақшы болған. Алайда шекара қызметінің өкілі қарсылық танытқан. Ол үшінші мекенжайға барған шағында біздің қызметкерлермен атысқан. Бір қызметкеріміз қаза тапты, екінші қызметкеріміз қылмыскерді жаралап, оның қолына кісен салды. Барлық қару тәркіленді. Біздің қызметкерлерге оқ атқан тапаншаны Алматы аудандық ішкі істер бөлімінің жанынан таптық. Өткен түнде, сағат 03:52-де бұл адам бір әйелді өлтірген. Куәгерлердің айтуынша, қылмыскер түнде жеңіл жүрісті әйелдермен сөзге келген, бір әйел Өзбекстан елінің азаматшасы екен. Ол әйел отырған көлікке келіп, такси жүргізушісінен көліктің жарығын қосуды сұрайды, таксист айтқанын орындамаған соң ол бүгін қылмыс жасаған қарумен атқан. Сөйтіп, көлікті айдап әкеткен. Ол көлікті біз қаза болған әйелдің денесімен бірге таптық» деді Қ.Қасымов. Одан әрі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ҰҚК басшысы Владимир Жұмақанов Алматыда полицейлерге оқ жаудырған қылмыскер туралы айтып берді. Президенттің баспасөз қызметінің мәлі­ме­тінше, Мемлекет басшысы азаматтарды ақпараттық кеңістіктегі ықтимал арандату­шылықтарға бой алдырмауға шақырды. – Қазір құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр, қаскүнемдердің кім және қандай мақсат көздегенін анықтауда. Жұрт көп жиналатын орындарды қорғап, жараланғандарға медициналық көмек көрсету жөнінде жедел шаралар қабылдау керек. Қылмыскерлерді анықтау үшін шұғыл түрде толық тергеу жүргізу қажет. Сондай-ақ Алматы тұрғындарына тұрақты түрде мәлімет беріп, жалпы қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету керек. Қауесет таратушылардың аяусыз түрде жолын кесіп, арандатушыларды анықтау маңызды. Алматыдағы және республикадағы барлық азаматтар тәртіпті ретке келтіру үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатқанына сенімді болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министріне оқиға орнына баруды және Алматы қаласының әкімімен бірлесіп, қаладағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне азаматтардың барлық сауалдарына жедел жауап беріп, халыққа уақытылы және толық ақпарат беріп отыруды тапсырды.

* * * Осы аптада өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы 1 минут үнсіздікпен басталды. Осылайша Үкімет мүшелері Алматыда 18 шілде күні болған қайғылы оқиға құрбандарын еске алды. Үкімет басшысы қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына ел Үкіметінің атынан көңіл айтты. Сонымен қатар Үкімет отырысында биылғы жылдың алғашқы жартысындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Отырыс барысында Премьер-министр Кәрім Мәсімов Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға бейбіт халықтың қауіпсіздігін күшейту, қайғылы оқиға кезінде зардап шеккен адамдардың өмірі мен денсаулықтарын сақтау мәселелеріне қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді. Премьер-министр тиісті тұлғаларға сәйкесінше тапсырмалар жүктеді. Оларға тоқталар болсақ, біріншіден, Ішкі істер министріне азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауды, сондай-ақ елдің барлық өңірлерінде қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді міндеттеді. Екіншіден, Ішкі істер министрі мен Алматы қаласының әкіміне қаза тапқандардың отбасына көмектесуді тапсырды. Үшіншіден, Алматы әкімдігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министріне зардап шеккендер мен жараланғандарға тиісті медициналық және басқа да көмектер жасалуы керектігін ескертті. Төртіншіден, Алматы әкімдігіне тиісті өкілетті органдармен бірлесіп, қалада өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу жөнінде қосымша нақты шаралар кешенін әзірлеу жүктелді. Бұл орайда, жұмыспен қамту, жастар ісі, дін мәселесі, шағын және орта бизнес, көші-қон саясаты сынды жайттарға баса көңіл бөлінуге тиіс. «Қазір баршамыз бірлігімізді бекемдеп, лаңкестікке қарсы тұру үшін және тәуелсіздігіміздің жемісін баянды ету үшін Елбасының айналасына топтасуымыз керек. Біз – бейбітшілікті қалайтын елміз. Мұндай террорлық әрекеттер бізге жат, оған жол бермеуіміз керек. Сондықтан да Елбасымызбен бірге береке-бірлігімізді сақтайық» деді Үкімет басшысы. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек атап өткендей, қазір қалада жағдай қалыпқа түскен. Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін террорлық қауіптіліктің «қызыл деңгейі» алынып тасталған. «SMS хабарландырулар және басқа да құралдар арқылы халықты террорлық қауіптіліктің «сары деңгейі» туралы құлақтандырдық. Барлық дүкендер, қоғамдық орындар штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Күзет күшейтілді. Жағдай қалыпқа түсті» деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов заңнамаларға экстремистік және лаңкестік мақсатта шетелге аттанған азаматтарды Қазақстан азаматтығынан айыруды және олардың елге қайта оралуына жол бермеуді қарастыратын өзгерістер енгізу қарастырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар жыл соңына дейін Парламентке дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге қатысты жаңа заң жобасы ұсынылуы мүмкін. Жиын барысында Үкімет басшысына биылғы жылдың алғашқы жартысындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндалды.

* * * Кеше Алматыда террорлық әрекеттер кезінде қаза тапқан полиция старшинасы Аян Ғалиев пен құқық қорғау органдарының ардагері, отставкідегі полиция подполковнигі Ғани Нұримановты соңғы сапарға шығарып салуға арналған митингі өтті. Оған қала әкімі Б.Байбек қатысып, сөз сөйледі. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтқан қала басшысы Елбасының тапсырмасына орай оларға барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді. Алматы әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына 15 миллион теңге, жараланғандардың отбасыларына 5 миллион теңге бөледі. Осындай қаралы митингі Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылында да өтті. Митингіге қатысушылар қаза болған полиция қызметкері Мақсат Сәлімбаевты соңғы сапарға шығарып салды. Митингіде сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қаза болған полиция қызметкерінің отбасына көңіл білдіріп, ел тыныштығын қорғауда мерт болған азаматтың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

3950 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы