• Тіл
  • 27 Шілде, 2016

Мемлекеттік тіл және Тәуелсіздік

Толқын ИСАҚОВА, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық- саяси жұмыс комитетінің басқарма басшысы

Мемлекет пен қоғамды ұйымдастырушы күштің бірегейі – мемлекеттік тіл. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясы кеңейе түсті. Мемлекет тарапынан біртұтас тіл саясаты қалыптастырылып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді.

1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды. Бұл құжаттың басты ерекшелігі – Елбасының тікелей араласып, өз қадағалауында болуы. Аталған Заң елімізде мемлекеттік тіл саясатын салиқалы жүргізуге негіз болды. Сәйкесінше, елімізде оңтайлы тіл саясатын жүргізу мақсатында кезең-кезеңімен мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Тілге, сол арқылы жасалатын мә­де­ниет пен өнерге деген өнеге, ха­лықтар арасындағы достықтың бас­тауы ретінде 1998 жылы Қазақстан Республикасындағы кәсіптік мерекелер мен атаулы күндердің тізбесіне Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні енгізілді. Бұл күн бүгінгі күнге дейін жалпыхалықтық мереке ретінде еліміздің рухани ұстанымын нығайтып, жалпы адамзатты ынтымақтастыққа тәрбиелеуге қызмет етіп отыр. Сонымен қатар Елбасы 1997 жылдан бастап елдің әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарын анықтайтын жыл сайынғы Жолдауын жасап келеді. Осы Жолдауларда мемлекеттілігіміздің тірегі ретінде қазақ тілінің өрісін кеңейту жайына айрықша тоқталып отырады. Бір-бірінің жалғасы іспеттес жасалып отырған Жолдаулар тұрақты тіл саясатын жүргізуге арқау болуда. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында тіл сая­сатында үлкен жетістіктерге қол жеткізді деуге негіз бар. Бүгінгі күні респуб­лика бойынша тұрғындардың 76%-ы мемлекеттік тілді білсе, ағылшын тілін білетін тұрғындардың үлесі шамамен 21% болып отыр. Елбасының 2006 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясында айтқан тілдердің үш тұғырлығы туралы идея­сы мен 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында айтылған «Тілдердің үш тұғырлығы» – мәдени жобасын кезеңдеп іске асыру туралы тапсырмасынан кейін қазақ-орыс-ағылшын тілдерін дамыту мақсатында ілгерілету жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде үш тілді меңгерген тұрғындардың үлесі де соңғы жылдары айтарлықтай өсіп, 2015 жылы 16%-ға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында Елбасының «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарының сәйкес «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мемлекеттік бағдарлама оқытудың үштілді моделін дамыту міндетімен толықтырылды. Сонымен қатар Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму министрліктері арасында Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан кейін республика бойынша ересектерге мемлекеттік тілді үйрету мақсатында оқыту орталықтары ашыла бастады. Осындай орталықтың алғашқысы 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ашылды. Содан бастап барлық өңірлерде мемлекеттік тіл оқыту орталықтары ашылып, бүгінгі күнге оның саны 350-ге жетті,оның ішінде мемлекеттік тіл оқыту орталығының саны 88-ді құрап отыр. Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 қыркүйектегі №835 Қаулысымен «ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту тұжырымдамасы» мақұлданған. Тұжырымдамада ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамыту бағыттары анықталды. Осыған орай халықаралық тәжірибелерге (ІЕLТS (Ұлыбритания) және ТОЕFL (АҚШ) сүйене отырып, тілді білуді бағалаудың көпдеңгейлі «Қазтест» жүйесі әзірленді. Осы ретте қазақ тілін меңгерудің тілдік құзыреттілік талаптарын анықтайтын мемлекеттік стандарттар және бес деңгейлік оқу-әдістемелік кешен бекітіліп, қолданысқа енгізілгенін айтуға тиіспіз. Қазтест жүйесі жаппай қолданысқа енгізілген күннен бастап, 140 мыңға жуық адам тестілеуден өтіп, қазақ тілін білу деңгейін анықтады. Республикамызда мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік базасы қалыптасты. Осы жылдар арасында көп деңгейлі оқу-әдістемелік кешендер, ертегілер, балаларға арналған әдебиеттер, салалық сөздіктер, танымдық, ғылыми, публицистикалық кітаптар шығарылды. Осы жылдар арасында мемлекеттің тұрақты қолдауымен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің үлесі айтарлықтай өсіп, бүгінгі күнге 60%-ды құрап отыр. Мысалы, «Қазақстан», «Балапан» телеарнасы 99%, «Хабар», «Kazakh TV», «Білім және мәдениет», «Kazsport TV» телеарналары 60%-дан жоғары қазақ тілінде бағдарламалар көрсетіп отыр. Сонымен қатар қазіргі уақытта отандық телевизиялық арналарда қазақ тіліндегі шығармашылық және авторлық бағдарламалардың үлесі артуда. Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі әлеуметтік желілер саны күн санап артуда. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген жетістіктердің бірі – жер-су, объектілер атауларына бірыңғай көзқарасты қалып­тастыру, олардың есебін жүргізу тарихи атауларды қалпына келтіру мақсатында Ономастикалық комиссия жұмысын бас­тады. Осы жылдар арасында республика бойынша ономастикалық атауларды реттеу жұмыстары жүргізіліп, 1 348 елді мекен, 6 қала, 1 273 объекті (білім, мәдениет және спорт мекемелері), 7 811 көше мен даңғыл атаулары өзгертілді. Тәуелсіздік алған жылдан бастап қазақ терминжасамының ерекшеліктері, терминтанудың тарихы мен келешегі және басқа да терминология саласының өзекті мәселелері жүйелендірілді. Қазақ терминологиясының ұлттық ерекшелігін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде осы жылдары 13 000 термин бекітілді. Алғаш рет терминографияны дамыту және терминдерді біріздендіру мақсатында 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық термино­логиялық сөздік шығарылды. Егеменді еліміздің тұрақты дамуының шарттарының бірі – ұлтаралық қатынас­тардың тұрақтылығы. Көп ұлтты мемлекетте этностардың жарасты өмір сүруіне, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің сақталуына тіл саясаты ықпал етері сөзсіз. Елбасының көреген саясаты көп ұлтты мемлекет ретінде еліміздің моральдік-психологиялық ахуалы, жарасты ынты­мағы барлық ұлттардың достығы мен татулығын нығайтуға бағытталған. Соның дәлелі республикадағы ресми және ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілі де тұрақты дамып отыр. Сонымен қатар мемлекет тарапынан Қазақстанда тұрып жатқан этнос өкілдерінің тілін сақтап дамытуға ерекше көңіл бөлініп, ана тілдерін оқытуға, мәдениетінің сақталуына мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесі қалыптасты. Нәтижесінде мемлекеттің қолдауымен жыл сайын Этномәдени бірлестіктердің жексенбілік мектептерінде ана тілдері курстары ұйымдастырылып келеді. Тіл болашағы ұлттың болашағымен, тілдің дамуы ұлттың дамуымен өзектес. Елбасымыз айтқандай, «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді». Ел тәуелсіздігімен бірге жасап келе жатқан қазақ тіліміз – ұлттарды біріктіруші негізгі фактор болып қала беретіні сөзсіз.

18733 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы