• Тіл
  • 27 Шілде, 2016

Жамандықтан жиренейік

«Ана тілі» газетінің өткен №29 (1339) 21-27 шілде күнгі нөмірінде Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекованың «Үміт өрге тартады...» атты мақаласы жарық көрді. Зор қызығушылықпен оқып шықтым.

Көп мәселені қозғапты. Бұл айтыл­ғандар бізді де мазалап жүрген. Жасыра­тын несі бар, алдымыздағы кейбір үлкендерге көңіліміз тола бермейді. Кейде көшеде келе жатып жетпіс-сексен жастағы қарт кісілердің жетектеген немересімен орысша сөйлесіп бара жатқанын аңғарып қаламын. Осы дұрыс па? Қайта тіліміздің өзге де ұлттық құндылықтарымыздың қадірін арттыру, осы бағытта жол көрсету ақыл тоқтатқан, көргені мен түйгені мол алдыңғы толқындарымыздың міндеті емем пе? Бұл үлкендерге қатысты бір ғана мысал. Көңілге көлеңке түсіретін жайттарды көптеп кездестіруге болады. Қыз балалар жөнінде айтқаны да орынды. Кейбір сіңлілерімізге тасбауырлық қайдан жұғып жүр? Өмірге келген сәбиін аялап күтудің орнына болмашы бір зат секілді қоқыс арасына тастап кету деген – қатыгездіктің шектен шыққан көрінісі ғой. Аяушылық, мейірім, Құдайдан қорқу деген қайда? Осыны неге ойланбасқа. Жаманшылықтың ешқашанда жақсылық әкелмейтінін неге түсінбейміз. Апамыз арақтың адам баласына әкелетін қасіреті жөнінде де жақсы айтыпты. Арақ атамыздан қалған ас емес екенін кейбіреулер әлі күнге түсінбей келеді. Осы арақтың кесірінен талай шаңырақтың төбесі ортасына түскеніне тіршілікте куә болып жүрміз. Адамға да, қоғамға да түк те пайдасы жоқ ішімдік атаулыны ақ, адал дастарқанымызға жолатпайтын кез келді. Біздің кітапханаларда әртүрлі кештер, кездесулер жиі өтеді. Алдағы уақытта сондай шараның бірін ақын апамыздың осы мақаласына арнағымыз келіп отыр. Сөйтіп, келген қонақтарға, кітапхана оқырмандарына ой салғымыз келеді. Біздің мақсат – жақсы әдетті үлгі етіп, жаман қылықтардан жирендіру.

Тоғжан ҚИЯТҚЫЗЫ , Алматы қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің бөлім меңгерушісі

1890 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы