• Әдебиет
  • 10 Тамыз, 2016

Бостаным менің,боз таңым менің...

Бостанның бозарып атқан таңында Сімірсең – жұпар ауасы. Мөлдіреп аққан бұлағы бар қанымда, Шипалы, дертке – дауасы.

Бостаным менің, Боз таңым менің, бозымым, Саған дегенде жүрек-жібегім созылым. Көрдің ғой сен де шын және жалған арасын, Заманның мынау тозығы менен озығын. *** Бостанбел, Жетісудың қаймағысың, Азат жұрт мекендейтін аймағысың. Сенде сездім жүректің тербелісін, Сенен көрдім ғаламшар айналысын. * * * О, жігітім балауса, үрікпеші қыздардан, Қыздар суық емес қой қарып кетер ызғардан. Махаббат та шыңырау, тұңғиық бір тереңдей, Сол тереңге сүңгіп кет сүңгігендей құздардан! * * * Қайран, Бостан, Қайдасыңдар, достар кілең жайраңдасқан, Сенсіз мына Жер шары да қалғандай ма айналмастан, Қайран, Бостан, Тай-құлын ек тайраңдасқан, Айырбастамас сені ешкім Алтынға да ойланбастан.

Қайран, Бостан, Салдым сенде сайран Бостан, Іштім сенде айран Бостан, Сүйріктейін таңдап алып Сүйдім қызды, айнам Бостан, Қайран, Бостан, Қайран, Бостан! * * * Кіндігіммен Бостан-жермен, Бостан-белмен байланғам, жер шарын мен сол кіндікпен шыр көбелек айналғам, көрдім түнде Бостанымнан Айды алдан, жігіттері Бостанымның бір-біріне сай болған. * * * Ауылым менің – Бостандай болашағым, Сонда өтті ғой ғажайып бала шағым. Қанша шырқап кетсем де көгілдірге, Бостан, сенен кішімін, аласамын.

Сенде туған апайтөс арыстарым, Секіретін құздардан барыстарым. Есімде ғой жалаңаяқ, жалаң күйде Желмен бірге өзіңде жарысқаным.

Сенде ұқтым жақынды, алыс мәнін, Естен кетпес қызбенен танысқаным. Сенде туды сексенге енді шыққан Сағи сынды арынды арыстаным.

Фәни – жалған, оған бір бәс бер деп пе, Үлгермей де қаласың, дәстерлеп те. Сағи деген сәйгүлік ұзақ шапқан, Бар ғұмырын арнаған әскер-лекке.

Төрткүл дүние, шартарап қалған белде, Мақсат биік болса да, арман жерде. Сағи біздің төрт шет жұрт мекендеген, Жалғыз болып қазақтан барған елде.

Қиыр Шығыс, Ол да бір қиын шын іс, Сырым алтын менің де, сыйым күміс. Сол қиырда өткерген ғаскер-ойын, Оралғанын жеткізген сүйінші-құс.

Одан бетер Ашхабад – аптап ыстық, Түркі сөзін ежелден жаттап ұштық. Шиырладық Қарақұм, – дейді Сәкең, – Түркіменнің шайын да баптап іштік.

Содан әрі Еуропа, неміс жері, Тұжырыммен кей оғаш келіспеді. Жақсы аты қазақтың тағы шықты, Қайсар ұлы басқа ұлтпен тең істеді.

Вива, Куба, – деді ол құрлық асып, Жерін қазақ дегеннің бір ұлы басып. Испан биін салғанда сан мәнермен, Төрден оған берді орын олар ашып.

Туған жермен кіндігі байланып бекіп, Орын алды өмірден сайланып тетік. Ғаламшарды айналды сөйтіп Сәкең, Орбитаға өзі де айналып кетіп.

Бостан деген бос ауыл емес мүлде, Америкамен телегей теңесуде. Бостон деген шаһары Бостанмен пар, Тарих – шежіре шертеді, ел есінде.

Сол Бостанда туғандар самдағайдай, Жеріне ұшып келеді андағайлай. Әңгімесі Бостанның бітпейді ғой, Көз іледі жан достар таңға қарай. * * * Бостан, Бостан, Жер – Бостан, кең Бостаным, Сені сонау көгімде мен тосқанмын. Сені күйге, өлеңге, ән-жырыма Сан мәрте рет сағынып тең қосқамын.

Бостан, Бостан, ұшты ғой сенен ерлер, Келелі ойлы, келісті кемеңгерлер. Зау биікте қонақтап қалғандар бар, Енді қалай соларым төменделер.

Сол биіктен түспей-ақ қалар Сағи, Астанадан алда да салар тағы үй. Болсын дейміз отауы ардагердің Ақ тілекпен кіретін манар ақ үй. ...Ұрпағыма мол мұра қалдырамын, Сардар ұлға зор алғыс жаудырамын. Қотырқайдың қойнынан талмай ұшқан Шың басында қалықтар тау-қыраным!

АНАШЫМ

Көкірегімнің жалынын Берейінші анама. Тәрбиесін, тәлімін Құйып еді санама.

Мерейісің әулеттің, Сәніндейсің сәулеттің. Сенің ғана сөзіңнен Байыдым мен – дәулетпін.

Бір қолыңмен тербеттің Сәбиіңді, бесікті. Бір қолыңмен келбеттім, Әлемді, аштың есікті.

Шырылдайсың анашым Ұрпағыңның қамы үшін. Барлық жұртқа панасың, Бозторғайдың әнісің.

Елжірейді жүрегің, Қадамына қарғаңның. Сарқылмасын тілегің, Таусылмасын арманың.

ДОСТАРЫМ

Алаңсыз бірге өткердік талай жылды, Атырдық арманменен арай Күнді. Қауышып табысқан сол әрбір сәтті Мың жылға өзім теңеп балаймынды.

Адалдық, ақ ниет пен тілегіміз, Соққандай бірге біздің жүрегіміз. Оқыған он жыл бойы ұясында Мектептің түлеп ұшқан түлегіміз.

Жан-жаққа жамырадық, қаздай ұштық, Сонда да ұшқан ұя қандай ыстық. Бал дәурен балалық шақ базарының Кәусарын мөлдір тұма қанбай іштік.

БОСТАН АУЫЛЫМ

Ауылым Бостан Қотырқай етегінде, Қауымым, достар, өзіңе жетемін бе?! Астанада асқақтар бір ұлыңмын, Өзіңді аңсап өтеміз бұл өмірде.

Асыр салдым Арғынсай алабында, Қойбүлдірген боятып балағыма. Лып-лып етіп жүрегім, Дүрс-дүрс етіп, Болдым ғашық қаракөз қарағыма.

Мол ағындай ауылым Бостандайын, Қонағына дәм-тұзын тосқан дейім. Сен есіме түскенде, қалқажан-ау, Жүрегімнен ұшқандай бозторғайым.

Ауасын-ай, керімсал Бостанымның, Бәйгелерге аламан қосқаныңмын. Кел, қалқатай, кешікпей кездесейік, Біле-білсең өмірдің қас қағымын.

Көрмесем көп – көңілім бос қалғандай, Жер жетпейді ауылға Бостандардай! Желмен бірге жарысып, ғашығыңмен Жон-беліңде жосылта жосқан қандай!

ТҰЗДЫБАСТАУ

Тұздыбастау, Тұздыбастау, Қайнарың мөлдір, ізгі бастау. Балалық, балғын мекенім едің, Әлдилеп едің бізді жастау.

Алатау етегінде ақ ордам, Баурайы бақша менен бақ-орман. Сенде туған, Ендігі мұражайда алтын сауыт киінгені сақ-оғлан.

Сенде өстік біздер де бірегейдей, Сенде таттық дәмді де кілегейдей. Әділ болдық әз досқа ғаділ жолдық, Аяр досты аямай дүрегейдей. ...Ұзақ жолды талай жұрт кешкен екен, Көкейлерді үміттер тескен екен. Көкірегімде күйдей бір көмбірлейсің, Балалықпен қоштасып өскен мекен. * * * Саябақ. Қыс. Талдары жұтап тағы, Ақтаңылтақ тартқандай бұтақтары. Қылаулаған ақ қардан моншақ тізіп, Сырға тағып алғандай тұтас бәрі.

Ақ ұлпа қар жүзімді аялағын, Ақ күмістей жылтырап саябағым. Таңғажайып табиғат суретіне Таңғалғандай тал біткен саяладым.

Арқадағы аяз-ай, арқыраған, Ақтүтекті бораны-ай, бораған. Саябақтың бұқпалау бұтағында Қараторғай қалыпты қалтыраған.

...Қалтырама торғайым, қалтырама, Қалтылдаған шалдардан хал сұрама. Келер кезең саған да кейіттердей, Мына қысың ұзақ па, сәл тұра ма.

ЖЕТІСУЫМ-АЙ

Жетісу, Жер жетпестей Жерұйығым, Кең далада керілген кермиығым. Сенде тудым, Сенде өстім – алтын бесік, Сенде көрдім береке ел жиынын.

Матай тауым, Лабасы, Малайсарым, Үшбуыңнан ұшты ғой талай сағым. Үштағандай үш биік Жетісудың Келтіргендей салтанат сарай сәнін. Куәсі олар тарихтың, шежіренің, Еске түссе зобалаң, езілемін. Көкке шапқан көк шулан Көксуым-ай, Сертке таққан күйімдей сезінемін.

Отаным оттан да ыстық, отырмайын, Бостан-бел, бозаң бұлтты Қотырқайым. Баурайы балғын шөпті, балқаш көпті, Балағын қойбүлдірген толтыртайын.

Дара жоның, дара су, дара тамың, Жайнақыны жаныма жаратамын. Жағасы ну, көкорай көкөзекті Қара өткелдей қаранар Қараталым.

Алакөлім – астатөк құс алабым, Ұшқыр қанат демеген Үшаралым. Ағыл-тегіл Ақсудың атырабы Сілкіндірер ілкімді іс адамын.

Көкіректен күйлі әуен тарқар ма ұдай, Алыстан мұнартатын Арқарлым-ай. Бұл өзі кеніш толы, Жеміс молы, Астаудан сары алтынын сарқар былай.

Дес бермес анталаса жан-жағы жау, Батырдай жапан түзде Балғалы тау. Бесшатыр – көне мұра куәгері, Көмкерген өне бойын таңбалы бау.

Арнайды ақындарым жыр есілін, Жайнай бер, Іле – өзен, Іле – суым. Балығы тайдай тулап, Бақасы қойдай шулап, Көрдің бе тау-толқынмен күресуін.

Қапшағай – қапсағайлы қайран жерім, Барымен, Базарымен сайран белім. Толқыны теңізінің тоғыз қабат, Жігіттер Алпамыстай, бәрі алпаш, Жайлаудың жайсаңындай жары-қалқаш. Шапшытып көкке көбік меруерттерін, Бурадай буырқанған кәрі Балқаш.

...Ақынның түспес түсте зор қаламы, Осылай жүрдек сөзім жорғалады. Жетісу – аққан өзен, жатқан кезең, Орнында Орда сыяр ор қалады!

АУЫЛЫМ МЕНІҢ – БОСТАНЫМ

Ауылым менің Қотырқай етегінде, Өрлегендей биікке өте мүлде. Бостан атын ауылдың Тұмарымдай сақтап бір өтемін де.

Арғынсайдың алқабы оттай ыстық, Қияларға, қиянға топтай ұштық. Сіміріп ап ауасын жұпар қандай, Бұлақ суын шырындай қанып іштік.

О, дариға, Бостаным, асқар белім, Бар ма сендей әлемде асқан жерім. Шықсам алыс шығанға азбайтұғын Арғымағым өзіңсің, ақтангерім.

Қайран менің туған жер – гүл Бостаным, Өзіңді аңсап жан-жақта жүр достарым. Жаздым сенің атыңды шежіреге, Қайда болсам өзіңді дүр қоштадым...

Бостаным-ай, Бостаным-ай, Ойымдасың, күнде мен тосқаным-ай. Сенің әрбір жеңісің, Ер ісіңді Тақым қысып әрдайым қоштадым-ай.

Бостаным-ай, Бостаным-ай, Сенде қалды балалық достарым-ай. Бүгінде келбетіңде өзгеріпті, Балайтын арманымның асқарын-ай.

Бостаным-ай, Бостаным-ай, Өзім тіккен өзіңде қос талым-ай. Өсті олар теректей, балғын қызды Сол теректің түбінде тосқаным-ай!

...Бостаным-ай, Шіркін-ай, Бостаным-ай, Мына өмірдің қып-қысқа, қас қағымы-ай. Уақыт-диірмен бір сәтке кері айналса, Оралар ем өзіңе, жас шағыма-ай. Бостаным-ай, Бостаным-ай!

ІІІ Өмір болмас тұтастай ерлік тізбе, Абайдың жасына ғой келдік біз де. Қайда сол бір махаббатқа мас жылдар, Сарғайдық та шау тарттық, ендік күзге. Енді оралмас алғаусыз албырт шағым, Мосқалданған бүркіттей салғырттамын.

Айта алмаймын ғұмырым сірә мәнді, Көрдік небір шырғалаң, бұралаңды. Шайылса да өзенге қайран жылдар, Өзімменен серіктей жыр аман-ды. Сақтаймын ғой сырымды осы өлеңде, Тіршіліктің мәні де, хошы өнерде.

Базардағы нарықты жебір бұлдар, Жақтырмайды ақын деп небір мұндар. Мүбәрактай мөп-мөлдір, о, дариға, Қол бұлғайды арттағы сеңгір жылдар. Селт етемін түсімнен оянғанда, Тірлігіне адамзат тоя алған ба.

Келмес енді көктемім, жаз қарайта, Қайырылмайды, қарашы, қаздар қайта. Қатар ұшқан аққулар қақ төбемнен Мұңлы әуенді сыңсиды саздар айта. Санам менің сарсиды сарғайғаннан, Тек жырымнан байырғы қалғандай мән.

Өрекпіген өтті ғой құштар күнім, Таң сібірлей тыңдаушы ем құстар үнін. Бәйгелерде шаң бермес ардакүрең Атымды кім ендігі ұстар бүгін. Сергелдеңді, серуенді ұмытпайын, Енді ұлағат тарихты ұлықтайын...

Алматы облысы

2138 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы