• Әдебиет
  • 02 Қыркүйек, 2016

Тойдан кейін...

Rsalin

Мақсат Рсалин, ҚР Мәдениет қайраткері

Қар жауып, бұрқасындатып тұрға­нына, міне, үш күндей болды. Аудан орталығы Комсомол мен ауыл арасын жалғап жатқан күре жолдың қарын аршыған тракторлар күндіз-түні бір тыным тапқан емес. Дегенмен, ұйытқыған боран аршылған жолды қайтадан қарға көміп, әбдене діңкелетіп қатырып тұр. Жолда бірнеше жүк машиналары тұрып қалған. Қарлы боранның кәрі бурадай құтырынып, жынын жуық арада баса алмауы Жібектің мазасын қашыра бастады. Енді ше, күні ертең қайткенде де Ақтөбеге жол жүріп кетуі тиіс. Ал бораны түскір басылар түрі байқалмайды. Ақтөбеде тұратын жалғыз ағасы болса ұлын үйлендіргелі жатыр. «Қалай, келе аласыңдар ма?» деп кеше де телефон соғып еді, бүгін де қоңыраулатып, хабар алып жатқан сол Қасым. Той белгіленген күнге де, міне, үш күн қалды. Ал Жібек осы қуанышты күнге аттай бір апта бұрын қам жасап қойған. Жазда дайындап, ағаш сандыққа салып тастаған кепкен құрт пен ірімшіктен, қарынға тыққан сары майдан қаттап салып, буынып-түйініп әзір отыр. Тек, мына бораны түскір тоқтасын де, бораны түскір тоқтаса, дәл қазір-ақ жолға шығып кетер еді. Қонақпен қонақ болып, дәл той болар күні аспаннан түсе қалғандай болмай, той қамын ойлап қобалжып жүрген жеңгесіне қолғабыс бергені жөн ғой. Осы ой Жібекті тыным таптырмады. «Не де болса таң ата жолға шығамыз, нартәуекел!» деген күннің ертеңіне тілегі қабыл болып, үш күн бойы бетбақтырмаған боранның жыны қайтып, жуаси бастағаны. Күннің көзі түйдектелген бұлт арасынан саңылау тауып, анда-санда көрініп қалады. Иә, сәт! Отағасы ескі болса да әрдайым жолға дайын тұратын көлігін оталдырып, әйнегіне сіресіп қатқан қарды жібіте бастады. Жүксалғышына кеше сойып, қатырып қойған екі қойдың етін сықап салып тастаған. Үйітіп, тазалап жуған екі басын да ұмытқан жоқ. Құда күткенде бас көрсету керек, құйрық-бауыр асату бар дегендей. Қалада тұратын адамның жағдайы белгілі емес пе, бәрін-бәрін, тіпті бір уыс аскөкті де ақшаға сатып аласың. Сонымен бұлар жолға шықты да кетті. Көлік ескі болғанымен қозғалтқышы мен жүріс бөлігі сайлы-ақ, жолдың қос қапталындағы жал-жал болып үйілген қарды бойлап жүріп келеді. Сыртта сақылдаған сары аяз болса да, мәшине іші жып-жылы. Әйтеуір, Құдай оңдап бұрқасынның беті қайтты ғой. Енді үш жүз шақырым қашықта жатқан Хромтауға бір жетіп алса болды, одан әрі Ақтөбе алыс емес. Жібек ақ қарға оранып алып, керіліп жатқан кең далаға көз салды. Алмасып келетін де тұратын табиғаттың төрт мезгілінде дала шіркін де төрт түрлі кейіпте болады-ау! Бұның да өмірінде көктем болыпты, ол жазға ұласыпты. Осылай өткен өмірін ойша шарлап кеткенін өзі де аңғармай қалыпты. Әкесі осы Әйке ауылында ұзақ жыл бригадир болды, анасы сауыншы еді. Екеуі де адал еңбектің арқасында құрметке бөленді. Әке-шешесінің көзін көргендер «иә, пәленшекеңнің баласысыңдар ғой» деп Қасым екеуін әлі күнге дейін көтермелеп қояды. Зымыраған уақыт-ай десеңші, оған да бір мүшел уақыт болып қалыпты-ау! Әуелі әке кетті, одан кейін анасы бес-алты жылды араға салып төсек тартып, жатып қалды. Бұл кезде Қасым жоғары оқу орнын бітіріп, Ақтөбеде тұрақтап қалып еді. Мектепті енді ғана бітірген Жібек, амал жоқ, анасының жанында қалып, жағдайын жасады. Ел қатарлы жоғары білім алғысы-ақ келіп еді, анасына қарайлап, ақыры одан да қол үзді. Үйтпегенде ше, ана мәйітін қара жерген тапсырған жылы ауылдасы Еркінге тұрмысқа шықты. Балалы болды. Оқу жайында қалды, ауылдан ұзап шыға алмады. Бала соңынан бала ерді. Олар өсе бастаса, тіршілік те үдей береді екен, содан бас ала алмады. Отағасы Еркін – шаруа адам. Таңның атысы, күннің батысы бір тынбайды. Соның арқасында бұларға мал бітті. Қазір қорада алты сауын сиыры бар. Биыл бір биесі құлындаған. Осы малдарды мезгілінде сауу Жібектің мойнында. Құрт, ірімшік қайнату, қаймақ айыру сияқты қайталанып келе беретін, еш түгесілмес тірліктің соңына бір түскен адам уақыттың да жылыстап байқатпай өтетінін аңғармайды екен. Бұл үйден ағарған атаулы еш үзіліп көрген емес. Көктем шыға мал төлдейді. Жер қыза өздеріне тиесілі жерге бақша салады. Қыс азығын жаз жина деген қағида ауыл адамдарына қаратылып айтылған сияқты. Ауылда айлық ақы төленетін жұмыс та қалмаған, мектеп пен ауылдық әкімдікте, поштада болмаса, тұрғындардың дені мал асырап, егін салып күнелтеді. Екі қолға бір күрек іздеп ауылдан қалаға аттанғандар да жетерлік. Олардың кейбіреулері бірер жылдан соң қаладан тұрақ таппай, арып-ашып елге оралады. Оларға қарағанда шүкір ғой, қорадағы мал бұларды аш қалдырмайды. Көзін тапса сүттің өзі аз пайда емес. Бірақ соны өткізетін жер таппайсың. Шалғайда жатқан қалаға жеткізу бір қиямет. Ақтамайды. Жолдың ұзақтығына және боранға қарамастан, жол бойы тоқтап-тоқтап әрең жетті-ау! Аға-жеңгесі үйде екен. Қасым бұ­ларды қалбалақтап, жейде­шең қарсы алды. Еркін­нің қолын алып, Жібектің бетінен сүйіп, ақсиып күліп жүр. Қуанғаны ғой. Жеңгесі есіктің аузынан күтіп алды. Тысқа шықпады. «Аяздан қорғанып шықпай тұрғаны шығар» деп ойлады Жібек. Әйтпесе, көрмегеніне 3-4 жылдан асқан адамды табалдырықта тұрып қарсы ала ма екен? Бұл да қылтиып бас көтерген Жібектің ойы, бірақ не ойлағанын сездірмеді. Гуляның ерін ұшымен салқын ғана, күнде көріп жүрген сүйкімсіз көршісімен есендес­кендей ишара білдіре салғанын да елемеуге тырысты. Ауылдан әкелген базарлықтарын үйге қолы тоңып жүріп Еркін екеуі тасыды. Қасым жүгіріп жәрдемге келіп еді, «сені біреу телефонға шақырып жатыр» деп әйелі қылқылдап шақырып тұрып алсын. «Жә, жарайды, солай-ақ болсыншы» деп бұған да мән бермеуге тырысқан Жібек жеңгесінің жүзіне үйге кірген соң бір барлай қарап еді жеңгесі тіпті құлпырып кетіпті, бет-аузы теп-тегіс, жылтырап тұр. Оның қасында өзінің бетін майда әжім торлай бастағаны анық байқалды. Ағасының ойында дәнеме жоқ, ауылдың жаңалықтарын сұрап, дабырлап кетті. Гуля болса ауыл­дан келген дәмді тоңазытқышқа ытқытып жатып, қойдың үйітілген басын көрді де, шошып кеткендей кейіп та­нытты. – Ой, зачем, қой басы, я же купила на рынке, – деді де «осы иістеніп кеткен жоқ па екен» дегендей танауына апарып иіскеп-иіскеп қойды. Сосын «иә, иістеніпті» дегендей тыжырынып Қасымға қарады. – Қолдан сойған мал емес пе, дәмді болады, – деп жуып-шайып жатыр. Бірақ әйелін қайырып тастай ­алмады. Ағасының алғашқы қуанышына келіп отырған Жібек жеңгесінің бұл қы­лы­ғына да мән бермей, жылы жауып қоя салды. Кешкі ас үстінде Қасым: – Гулечка, Жібек әкелген құрт-ірімшіктен салсаңшы дастарқанға, ауыз тиейік, – деп еді, келіншегі көзін бажырайтып: – Ой, они такие твердые, зубы можно сломать, – деп қозғала қоймады. – Ой, құрт деген солай қатты болу керек қой, – деді ыңғайсызданған Жібек. Іле артынша: – Жұмсағы да бар еді, – деді жай сөйлеп. Гуля ерініп басып барып қос уыс құрт әкеп, дастарқанға шаша салды. Шайдан соң Гуля қонақтарды екінші қабаттағы жеке бөлмеге жай­ғастырды. Жібек жеңгесінің қы­лық­тарына мән бермеуге тырыс­қанымен, көз алдынан оның ты­жы­­рынған бейнесі, жасанды күлкісі кетпеді. Алыс жолдан шаршап келген Еркін жастыққа басы тие салысымен, қор етіп ұйқыға кетті. Жібек әрі дөңбекшіп, бері дөңбекшіп ұйықтай алмады. Сүр ет жегеннен бе, шөл қысты, аяғын ақырын басып төменгі қабатқа түсті. Ас бөлменің жарығы жанып тұр екен. Күбір-күбір дауыс шығып жатыр. Гуляның дауысы. Анық естіліп тұр: «Қасым, ты посмотри, зачем бізге екі қой, еще, қойдың басы. Так воняет. Мен білдім, что так и будет. Лучше деньгами дали бы. Телевизорда айтты ғой, жол жабық, боран деп, надо же, несмотря на это, келіпті. Оларды біз құдаларға, тойдағы қонақтарға қалай көрсетеміз? Үлкен бастықтар болады, мои коллеги будут». Ағасы бірдеңе деп бәсең ғана гүрің-гүрің етті. Оны тыңдап жатқан Гуля жоқ, одан сайын өрекпіп: «Надо было после свадьбы их позвать» деп ыдыс-аяқты салдырлатып, салдырлатып қойды. Ағасы еркек болып «әй, қойсаңшы» дей алмағанына Жібектің іші күйіп кете жаздады. Билік қатынның қолында екені анық болды. Аяғының ұшымен басып, қайтадан жоғарғы қабатқа көтеріліп, орнына келді. Еркін түкті де сезер емес, сол қорылдаған қалпы. Төсекке қисая кетті. Ұйқысы қашып, жеңгесінің келіншек болып түскен кезін еріксіз ойлап кетті. «Қасым бір дөкейдің қызын алғалы жатыр екен» деген хабар бүткіл ауылға жайылған-тұғын. Әке-шешесі аянбады, бар жиған-тергенін тойға жұмсады, құдаларды риза етті. Жеңгесі сонда қандай еді, әдемі еді ғой. Көп сөйлемейтін. Талдырмаш, аққұба қыз. Жібектің мектепте жүрген кезі емес пе, жас жеңгесіне ұрлана қарап қояды. Құрбыларына мақтанатыны ше? Гүлнафис деген аты қандай әдемі десеңші! Ағасы еркелетіп Гуля деп еді, бәрі солай атап кетті. Ағасы да мықты, жігіттің төресі. Ұзын бой, қою қара шаш, өткір көз. Несін айтасын, қимыл қозғалысы да, сөйлеген сөзі де өзіне жарасып тұратын. Жібек жеңгесінің жанына жақындап барып, сөйлескісі келетін. Бірақ қазақша қойған сұрағына орысша жауап қатқанына таңғалғаны есінен кетпейді. Қалада өсті дегені болмаса, түптері ауыл адамдары дегенді естіп қалған еді. Сөйткен жеңгесі ұяла ма, әлде өзінің мінезі солай ма, бөлмесіне кіріп алып, қайта шықпай қоятын. Жібек жас қыз болса да, келін болып түскен оның бұнысы әбес екенін жақсы түсінеді. Үйдің бар тірлігін анасы екеуі бітіретін. Анасы байғұс: «қаланың қызы ғой, әлі-ақ үйреніп кетеді» деп келген-кеткен туыстарының алдында жаңа түскен келінінің қылықтарын жуып-шайып қояды. Ауылда аға-жеңгесі көп кідірмеді. Еңбек демалыстары аяқтала салысымен Ақтөбе қайдасың деп асыға аттанды. Екеуінің де жұмысы қалада. Гуляның әкесі райпотребсоюздың бастығы екен. Көп ұзамай Қасым мен Гуляға кооперативті пәтер сыйлады. Сексенінші жылдардың аяғында екеуі ұлды болды. Атын Данияр деп қойды. Содан көп ұзамай ел экономикалық дағдарысқа ұшырады. Мекеме атаулы жабылып жатты, жұмыссыздық жайлады. Гуляның әкесі фирма ашып, Қасымды өзіне орынбасар етіп қойды. Тасы өрге домалап, ісі алға басқан ағасы енді кәсіпкер атанды. Сол жылдары Қасым демалыс алса болды ауылға келетін. Жалғыз өзі, соқа басы сорайып. «Гуля шетелге демалуға кетті» деп қояды. Әйелінің шетелге кеткенін дәреже көре ме, әлде жападан-жалғыз келгенін жуып-шайғандағысы ма, сол сөзін әлденеше рет қайталап қояды. Десе де, елде жоқ киім-кешек, қант-шай әкеліп әке-шешесін мәз қылады. Анасы Жібекке: «Қызым, бұйыртса, Ақтөбеге барасың оқуға тү­сесің, елдің қыздары сияқты сен де жо­ғары білім алуың керек» деуші еді-ау. Өткен-кеткенге ой жүгіртіп жатып көзі ілініп кетіпті. Десе де, ауылдағы әдетіне басып ерте оянып алды. Аға-жеңгесі де таң атпай тықыр-тықыр тіршілікке кірісіп кеткен екен. Таңғы шайдан соң жеңгесіне: – Жеңеше, мен істейтін не бар? Көмектесейін, – деп еді: – Жо-жоқ, ешқандай, бәрі ­дайын, – деп қос қолын қайшылап жолатпады. Көп ұзамай Гуляның апа-сіңлілері келе бастады. Жеңгесі тап солардың келуін тосып отыр-ақ екен. Бәрі бір бөлмеге жинала сала, күбір-күбір сөйлеп, «ана алтынды анаған, мына алтынды мынаған» деп, құдды біреулер естіп қоятындай сыбырға көшсін. Жібекпен ақылдасқан адам болмады, тіпті оны адам екен деп көздеріне де ілмеді. Кешке той басталатын уақыт та келіп жетті. Жібек сөм­кесіне бүктеп салып әкелген киімдерін үтіктеді де, киініп бірінші қабатқа түссе, жеңгесі де әдемі көйлегін киіп, шашын түзеп үлгеріпті. Ол Жібектің алды-артына шығып тез шолып өтті де: – Ой, мынадай көйлекті қайдан алдың? Сейчас давно уже такие не носят, – деп салды. Бұл сөз оған шаншу қадалғандай әсер етті. Бірақ бұл кемсітуді тағы да елемеген сыңай танытты. – Тойда үлкен-үлкен қызметтегі адамдар болады, төр жаққа құдалар, үлкен адамдар отырады, а вы же родственники, поэтому берірек, музыканттар жақта болыңдар, көмек­тесе­сіңдер, – деді бір сүйкімсіз дауыс ырғағымен. Жібек пен Еркін не десін, дас­тар­қанға қойылатын сусындарды, тәтті-пәттілерді, жеміс-жидектерді тасып, көмектесіп кетті. Туған жеңгесінің айтқандарынан онсыз да көңілі құлазып кетіп еді, ол тағы бір ілік тапты. Мейрамхана алдындағы тұрған Еркіннің ескі машинасын көріп, жаны шығып жүгіріп жетсін. – Ой, что за рухлядь, уберите, қазір мында қонақтар келе бастайды, мына машинаңды көріп шошиды, масқара, уберите немедленно, – деп айқайға басты. Еркін үн қатпастан барды да, көлігін әрірек, ел көзіне түспейтін жерге апарып қойды. Той басталатын уақыт та келіп жетті. Қонақтар үзіліп-созылып жинала бастады. Өңкей ығайлар мен сығайлар. Әдемі қымбат көйлектер, жалтылдаған жақұт тастар көздің жауын алады. Әр келген қонақты ағасы мен жеңгесі қарсы алып жатыр. Жеңгесі өтірік күліп, келгендердің барлығының көңілін табуға тырысып бағуда, сіңлілері де билеп-төстеп, жайпап жүр. Жібек көзінің астымен ағасына қарады. Ол тіпті қарындасы барын ұмытып кеткендей, қадірлі қонақтары ұсынған конверттерді қол сөмкесіне ытқытып жатып, ыржиып күліп қояды. Бір мезет гүрілдеп той да басталды. Бір қараса, Еркін екеуіне тіпті орын да белгіленбепті. Ал Гуляның туыстары тура құдалардың қасына жайғасқан. Жаны жабырқап, есік жаққа жалтақ-жалтақ қараумен болды. Өз туыстарының ешқайсысы жоқ. Нағашы ағасы, нағашы апасы... ешкім келмеген. Бір реті келгенде: «Ұзақ ағам, Күлән апамдарды шақырмап па едіңіз, келмепті ғой» деп Қасымның құлағына сыбырлап еді, «оларды соңынан, кейін шақырамыз» деді де, құдалар отырған жаққа қарай жорғалай жөнелді. Екеуі бағана жеңгесі ескертіп қойғандай, музыкант жігіт отыратын үстелге келіп тізе бүкті. Еркін маңайына көз тастады да Жібекке аянышты көзбен бір қарады. Ол екеуінің кіре берістегі кішкене ғана үстелде отырғандары көзге бір түрлі оғаш көрініп еді. Ондай жерлерде, әдетте, музыканы реттеп, микрофонды түзеп, тексеріп отыратын адам жайғасады ғой. Жібек өзін аса ыңғайсыз сезінді, Еркіннің жеңінен ақырын ғана тартып қалды да, есік жақты меңзеді. Екеуі ұрлық жасаған адамдай жылыс­тап, дәлізге шықты. Келіншегінің мұңайған жүзін көрген Еркін күрсініп салды. Есік алдында үй күтуші әйел жүр екен. Соған айтып, оны-мұны заттарын алды да, сол бойда ауылға аттанып кетті.

Жол үсті екеуі де тіл қатқан жоқ, үн­сіздіктен мәшине де ауырлап кеткендей. Айналасы бірер күнде көз алдынан өткен той оқиғасы ойынан кетпей қойған Жібектің жанарына мөлтілдеп жас толды. Онысын отағасына көрсеткісі келмейді-ақ, бірақ ол бәрін де сезіп отыр еді. «Дүниедегі ең жақын адам ағам ба деп жүрсем, олай болмады-ау» деді іштей. Оның сонша ынжық болғанына қатты қынжылды. Адамның адамдығына емес, қызметіне, үстіндегі жылтырақ киіміне қарап бағалаған жеңгесіне де өкпесі қара қазандай. Оқтын-оқтын еріксіз уһлеп қояды. Соны аңғарған отағасы: «Не болса соны ойлап уайымдай берме, жүрегіңе күш түседі. Қайынағам азамат қой, Гуляның мінезі сондай ғой... Ол үшін ренжудің қажеті жоқ. Біз өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін істедік» деп Жібектің көңілін орнына түсіріп қойды. Кешегідей емес, боран басылған сыңай­лы, дегенмен де әлсіз бұрқасын сезіледі. Толған ай күміс қарға шағылысып, төңі­ректі күндізгідей жап-жарық қылып жібер­ген. Таң атып келе жатыр. Боран күшеймей тұрып, тездетіп ауылға жетіп алу керек. Жібек тойдан сарқыт ала алмағанын тағы ойлады. «Туған-туыстар мен көрші­­лерден ұят болды-ау! Жарайды, бара салы­сы­мен бір қойды сойып көрші-қолаңды шақы­рармын, тойдың сарқыты дермін, қалған ұсақ-түйекті жолдан Хромтаудан алып кетермін, болмаса тіпті жол бойында ауыл көп қой Бөгетсай, Қарабұтақ, Комсо­мол деген» деп өзін- өзі жұбатып қойды. Түн ортасына таман той да аяқталған еді. Қонақтар үйді-үйлеріне тарап, Қасым мен Гуля да тойдың тамаша өткенін жарыса айтып, үйлеріне қайтты. «Уһ» деп шаршағандарын басып болған соң, ерлі-зайыптылар тойға жиналған конверттерді ашып қарай бастады. «Е-е, мына конвертті менің әріптесім әкеліпті» деп Гуля ашып қалып еді, ішінен жалғыз бес мың теңге сопаң етіп шыға келді. «Ойбай, мынаусы несі?!» деп бейне жылан көргендей шошып кетті. Сөйтті де, конверттерді бірінен соң бірін аша бастады. Ең көбі екі жүз доллар болып шықты. Оның өзін Қасымның әріптесі әкеліпті. Қалған конверттердің ішінен де мандытып ақша шыға қоймады.Гуля ең соңғы конвертті қолына алды. Басқа конверттерге қарағанда бүйірі тоқ, тырсиып тұр. Ашса, іші тола доллар. Саусағына түкіріп жіберіп, жалма-жан санай бастады. Біреу, екеу, үшеу... мың... мың тоғыз жүз... мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз, екі мың. Мәссаған! Гуля уыс толы долларды шөп еткізіп сүйіп-сүйіп алды да, қутаңдап күйеуіне қарады: – Мынаны қара, кім әкелсе де, бізге нағыз жанашыр жомарт адам екен. Я догадываюсь, бұл менің кәсіпкер інім ғой. Мен білемін, ол менен ештеңесін аямайды,– деді. Қасым конвертті қолына алып, қыртысын жазып қарай бастады да: – Мәссаған! – деді екі көзі оттай жанып. Жібектердің әкелгені екен. Міне, жазуы, қара! Жұрт сияқты дабырайтпай-ақ, кішкентай қып бір бұрышына жаза салыпты. Ол конвертті Гуляның көзіне жақын апарып, желпіп-желпіп қойды. «Еркін, Жібек» деген жазуды Гуля да оқып өз-көзіне өзі сенбеді. Басқа бетінен өзге біреудің атын тауып қалармын дегендей аударып-төңкеріп ұзақ үңілді. Қайта-қайта «Не может быть! Не может быть!» деп қайталай берді.Көп конверттің ішінен інісі әкелген конвертті іздеді. Тауып алып тексеріп көріп еді, ішінде отыз-ақ мың теңге екен. Ал Қасым бұл кезде қолымен жүрек тұсын ұстап, бүрісіп отырып қалған еді. Өкініш өзегін өртеп бара жатты. Соны басқысы келді ме, стол үстінде тұрған аузы ашылған шөлмектен стақанға толтырып құйып алды да, іркілместен тартып жіберді. Өмірі аузына ішімдік атаулыны алып көрмеген Қасымның бұл қылығына әйелі шошына қарады. – Көзің енді жеткен шығар, – деді шаншылған Қасым. Сен, қатын... сенің кесірің... жалғыз қарындасымды «отырса опақ, тұрса сопақ» қылдың. Тыным бермедің, адам құрлы көрмедің. Өздері күндерін әрең көріп жүріп, сонша ақша әкепті. Теңге емес... доллармен! Жиған-тергенінің бәрін әкепті... жалғыз бауырым деп... жалғыз бауырымның жалғыз ұлы деп... Ал біз... олардың той аяқталмай жатып кетіп қалғанын да байқамаппыз. Олар саған сонша не істеп қойды! Әй, өзім де кінәлімін! Жалғыз қарындасымды саған сыйлата алмадым-ау! Өмірінде бірінші рет Қасым әйеліне ала көзбен жүйіле қарады. – Тойда сен оларды іздеу былай тұрсын... оларды өз туыстарың сияқты құдалар жаққа отырғызу былай тұрсын... әдейі қорлап, босағаға, музыканттармен бірге отырғыздың ғой. Сұмырай! Жексұрын! Сенің кесіріңнен қарым-қатынасымыз да үзіліп кеткен болатын. Қасым жүрек тұсын ұстап креслоға отыра кетті де, өзіне өзі: «Байғұс анам өлер алдында Жібекті маған қатты табыс­тап кетіп еді... ал менің істегенім мынау... Ай, қарындасым-ай, кешірші мені! Ит арқасы қияннан төрт жүз шақырым жерден боранға қарамай келіп едің, ағаңның үйінен адам сияқты сый-сияпат көре алмай кеттің-ау» деп еңкілдеп жылап жіберді.

23206 рет

көрсетілді

52

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы