• Әдебиет
  • 10 Тамыз, 2016

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ЖОБАСЫ

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі оң өзгерістер Отанымыздың елдік пен ерлік шежіресін жасауға бағытталды. Соның ең бастысы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ел тарихына енген мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын айрықша атай отырып, осы тұрғыда рухани құндылықтарымыздың елге қайтарылуын үлкен ризашылықпен айтар едік. Бұл шын мәнінде ұлттың өткені мен бүгініне үңіліп, тарихи әділеттікті қалпына келтіруге деген игі қадам болып табылары анық. Ғылыми ізденістер нәтижелері ғажайып мол мұра түрінде жинақталып, алып ғимараттар мен алуан нақышты мәдени ескерткіштер Алаштың абыройын асқақтатты.

Міне, осы келелі-келелі мәсе­ле­лердің басында халқымыздың ауызша сөз өнері, қазақ фольклоры тұруы – заңдылық. Әлемдегі этнос, ұлт болып қалыптасқан халықтардың рухани шежіресі фольклордан басталады. Ата-бабаларымыздың таным-түсінігі, ой-арманы, мақсат-мүддесі, салт-дәстүрі – бәрі де содан табылады. Нақтылап айтқанда, фольклор – өткеннің ізі, сәулесі ретінде ата-бабалар аманаты болып мәңгілік жасай береді. Жетпіс жыл бойы үстемдік еткен Кеңес үкіметі сол байлықты жіктеп-жіліктеп тастап, керегін кәдеге асыртып, өзінің идеологиясына жат дегендерін мұрағат сөрелерінде шаңға бөктіргені жасырын емес. Салтын сүйетін, ғұрпына ғашық, дәстүріне берік елдің іргесін шайқалтып, біртіндеп ұлтсыздану саясаты белең алғаны да белгілі.Бір ғана қазақ халқы емес, одақ құрамында болған ұлттар мен ұлыстар да осы кепті киіп, мәңгүрттенудің асқынған кезеңі бой көрсетті. Қазақ елінде бұл тоталитарлық жүйені тәубасына келтірген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы болды. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, Елбасы бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасына үн қосып, ауыз толтыра атайтын айтарлықтай маңызды шаралар қолға алынды. Соның жарқын бір дәлелін «Бабалар сөзі» сериясымен жарық көрген 100 томдық басылым көрсетіп, рухани құндылықтармыздың қадір-қа­сие­тін ұлықтаудың теңдессіз үлгісін көр­сетті.«Мәдени мұра» бағдарламасы шын мәнісінде, Тәуелсіздік кезеңінде жүзеге асқан ұлттың ұлы жобаларының бірі болды. Айтулы жүз томдықтың жоспарын жасау, жауапты істе жүзеге асыруға академик С.А.Қасқабасов бастаған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының танымал ғалымдары атсалысты. Бұл жұмыс негізінен 2002 жылы басталып, алғаш діни дастандардың 3 томы, хикаялық дас­тандардың 2 томы, жұмбақтар мен «Шора батыр» жырларының бір томдықтары жарияланумен басталса, кейін іс одан әрі қолжазба бөлімінің жаңаша құрылымы арқылы ірі және іргелі жобаға айналып жүре берді. Институт директорынан бастап, бөлім қызметкері араласқан жауапты басылымды әзір­леу жұмыстарына С.Қосанов, Б.Әзібаева, Т.Әлбеков секілді текстолог мамандардың жетекшілік жасап, томдардың ғылыми және ре­дак­циялық жұмыстарына тікелей араласуы іргелі жобаның уақтылы бі­туіне елеулі екпін қосқаны да рас. Рухани құндылықтардың алғы сөзін, түсіндірмесін, сөздіктерін ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, мәтіндерінің сапалы шығуына институттың таңдаулы фольклортанушылары, текстолог-мамандары да барынша атсалысты. Ата-бабаларымыздың аманатын ғы­лыми жағынан жүйелеп, терең ой, үлкен сүйіспеншілікпен атқарылған еңбектің нәтижелері әр жыл сайын еселеніп отырды. 2004-2006 жылдары жиырма төрт том жарық көрсе, 2005 жылы 8 том, 2006-2009 жылдары 39 том, 2010 жылы 7 том болып Астана қаласындағы «Фолиант» бас­пасынан жарыққа шықты. Сөйтіп, барлығы 100 том болып, халық игілігіне айналды. Құрастырушылар осы топтама арқылы бұрын-соңды Кеңес үкіметінің қарауында болған елдердің тарихында бола қоймаған тек қазақ халқына тән ұлттық мұраны келешек ұрпаққа аманат етті. Кейбір әріптестеріміз: «бұлардың біразы Кеңес дәуірінде де жарық көріп, халықтың керегіне жараған» дегендей пікір айтуы да мүмкін. Анығында сол дәуірде жарық көріп, халыққа керегі болғандары бар. Алайда сыңаржақ саясаттың үстемдігі артып, социализмнің шовинистік самалы ескенде фольклорлық мұраның ең көнесі патриархиялық болмыстың туындысы саналып, феодалдық кезең істері халықтар достығына жат делініп, қайшылықты шығармалар қатарына қосылып, қараңғы қуысқа тығып тастаған қазыналарымыздың мөлшері орасан мол еді. Кезінде фольклорлық мұраға үрке қарап, фольклорлық мұралардың құндылығын айтқандарға жыланша жиы­рылып, қырағылық танытқан партия белсенділерінің іс-әрекеттері ұмытыла қойған жоқ. Нәтижесінде «фольклор тоқтаған, жетер жеріне жетіп тынған» дейтін скептикалық көзқарасқа алып келген еді. Керек десеңіз, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы байланысты зерттеудің өзі белгілі өлшемге бағындырылған болатын. Міне, сондай жат пиғыл, қаскөй пікір­лердің күлін көкке ұшырып, ұлттың ұлылығын паш ететін ендігі інжу-маржандарымыздың бірі – «Бабалар сөзі» сериясының 100 томдық басылымы. Бұның ішіндегі хикаялық дас­тандар, діни дастандар, тарихи жырлар, қаһар­мандық эпостар, қазақ мифтері, әп­са­налары бұрын мүлде жарық көрмегені мәлім. Қоғамдық өзгерістерге байланысты адамзат күн сайын шешімі қиын, тұрмыс тауқыметіне қатысты түрлі қиындықтарға тап болады. Халқымыз, әсіресе жас ұрпақ өзіне қатысты сол күрмеуі қиын мәселелердің сырын, ұлттық болмыс ақиқатын дәл осы көптомдықтан табары сөзсіз. Айталық, кейінгі ширек ғасырдағы қоғамдық өзгерістерден кейін, имандылық белгісі ретінде дәстүрлі дініміз қайтып оралды. Кеше де, бүгін де ұлт пен діннің қарым-қатынасын басқа арнаға бұрып, теріс түсіндіргісі келетіндер бар. Олар, ең алдымен «Бабалар сөзіне» қарап, ондағы діни дастандарды, арбау, жалбарыну, жарапазан, ораза өлеңдерін оқып, терең танысып, теріс пиғылдардан бойын аулақ салары анық. Қазақтың өткен тарихын білгісі келетіндер баршылық. Білгенге, нағыз тарих жүз томдыққа көрік беріп тұрған тарихи жырлардан табылады. Кезінде «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерген қазақтың тарихи жырлары тәуелсіз ел атанған тұста ел бостандығының жаршысындай қайта қаралып, тарихи эпос қаһармандарына арналған ас, мерейтойлар өткізіліп, тыйым салынып келген ең керекті мұраларымыз мұрағаттың қамауынан шығып, ел ­тарихына қызмет ете бастағанын «Бабалар сөзі» айырықша дәлелдеп берді. Мұралардың түркі халықтарына ортақ екендігін, сонау сақ, ғұн дәуір­леріндегі жасалған құнды­лық­тардың заңды жалғасы болып табы­латындығын тағы да осы жүз томдық айқындап бере алады. Бір ғана «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы махаббатты дәріптеу, пәктік пен тазалықты биікке көтеру идеясы әр кезде, әр замандарда өзіндік өрнек тауып, көркемдік жағынан өңделіп отырғаны белгілі. Соның бірнеше нұсқаулары мен нұсқалық көрсеткіші тағыда осы басылымда тұр. Өте көне де­лінетін наурыз өлеңдері, діни өлеңдер, арбау, жалбарыну, сәбилік салт өлеңдері де бұл жинақтар арқылы қайта түледі. Ерте за­манның ескерткіштері «Шопан ата», «Шекшек ата», «Жарапазан» «Сыңсу», «Беташар» дәстүрлі салт өлеңдері ұлт өміріне қайта араласты. Кеңес дәуірінде суырыпсалмалық дәстүрден жаңылып, формалдық сипаттала бастаған айтыс өнері бүгін қайта түрленді. Қазақтың сарқылмас қазынасы – ертегі-аңыздар мол қоры да көптомдыққа енген. Осының бәрін осыншалық қомақты томдарға сыйдырып, халық қазынасына айналдыруға атсалысқан ғалымдар қарасы көп екенін әлқиссада айттық. Осы мақаланың авторы да сол есімдер көрсеткіштерінде көрінді. Алайда ізгілікті істің басында болып, жауапкершілікті бір сәтте ұмытпаған академик С.Қасқабасов, профессорлар У.Қалижанов пен Б.Әзібаева, ғылым кандидаттары, доценттер Т.Әлібеков, С.Қосанов, т.б. еңбектері қалың оқырманға, ғылыми ортаға мәлім. «Бабалар сөзі» атты жүз томдық еңбек алдымен ел еңсесін көтеріп, бабалар амана­ты­на адал болуды көздейтін аса құнды мұра­мыз бола алды. Осы жинақталып, жүйе­ленген қазы­намыз арқылы ұлттық фольк­­лорды ғылы­ми тұрғыдан қайта ­зерделеуге бағыт-бағдар берді. Ендігі кезекте рухани дәстүр­дің жанданып, жаңғыруы және оның зерттеліп-зерделенуі осылайша жалғасын таба беретіні анық. Айрықша айтуға тиісті тағы бір жаңалық, бұрын көлеңкеде қала беретін фольклорлық құндылықтарға деген қажеттілік артты. Ата-баба шежірелері, ру батырлары, би-шешендер, ел басқарған көсемдер, ақын-жыраулар, сал-серілердің бәрі де ауыздан жазылып алынған асыл сөздерден табылып жатыр. Бұның бәрін қосар болсақ, аталып отырған «Бабалар сөзінің» жалғасы кемде әлі де 150 томға жетеді деп ойлаймыз. Бұрынғы партияшыл қоғамдық пәндер қазір «халық философиясы», «халық педагогикасы», «халық музыкасы», «халық психологисы» сияқты дәрістерге айналып, заң тарихы негіздерін халық мұрасынан тапты. Анығы дәл солай болуы тиіс еді. Бұған да шүкіршілік. Осының бәріне ортақ болып, ізденгендерін тауып беретін «Бабалар сөзі» атты жүз томдық рухани қазынамыздың толық басылым көруі, ұлт игілігіне айналуы баршамызды қуанышқа бөлейді. Ендеше, «Мәңгілік Ел» болудың жолында бабалар аманатына үңіліп, сол құндылықтарды ұрпаққа үлгі-өнеге етуде «Бабалар сөзі» топтамасы ғылыми нысана болуға тиісті. Себебі бұл басылымда қамтылған туындыларының ортақ идеясы – ұлттың ынтымақ-бірлігі, адамгершілік қағидалары толық Ел Тәуелсіздігіне қызмет етері хақ. Ойымызды түйіндеп айтқанда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасына үн қосып, ұлы бабалар аманатын 10 жыл бойы жинақтап, жүйелеп, ғылыми сараптап жарыққа шы­ғарған ғалымдардың ерен еңбегі еленбей қал­мауға тиіс.Осы орайда Ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығының қарсаңында «Бабалар сөзі» жүз томдық сериясын құрастырушы авторлар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын иеленіп жатса, мұның өзі мемлекет тарапынан ұлттық фольклор мен әде­биетке жасалған зор құрмет әрі сүбелі тарту сый болар еді.

Берік Рахымов, филология ғылымының ­докторы, Е.А.Букетов атындағы

Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры

1801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы