• Әдебиет
  • 10 Тамыз, 2016

ТОЛАҒАЙ ТАБЫС

Атажұртымыз Қазақстанда ұлт тарихы мен мәдениетін түгендеп, қазақтың әлем кеңістігінен алатын орнын айқындауда аз іс атқарылып жатқан жоқ. Соның бірі де бірегейі ата-бабамыз сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген, халқымыздың өмір шежіресіндей болған баға жетпес фольклоры мен ауыз әдебиеті екені мәлім. Тәуелсіздіктің көк туы көтерілген уақыттан бері осы асыл мұраға айрықша көңіл бөліне бастағанын көрші Қытай еліндегі ағайындар ерекше сезіндік. 

Фольклор қазақ әдебиеті мен өне­рінің, қазақ мәдениетінің алтын діңгегі, түпқазығы десек, осы бай фольклорлық туындылар топ­тас­тырылған жүз томдық «Бабалар сөзі» жинағының жарық көруі – әлем­дік мәні бар тарихи оқиға. Бұл 100 том­дық халқымыздың ғасырлар бойғы бай қазынасы, үлкен мұрасы. Аталған жоба, яғни қазақ фольклорының 100 томдығын жинақтаған «Бабалар сөзі» кітаптар сериясы – Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының ең бір іргелі ісі. Осы бағдарлама аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының «Бабалар сөзі» атты жүз томдық ауқымды басылымды жүзеге асыруына мүмкіндік туғызған Нұрсұлтан Әбішұлының бұл көрегендігіне ерекше тәнті болдық. Ризашылығымыз да шексіз. Дүниежүзі қазақтарының II құ­рылтайында жасаған баяндамасында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тағдырдың жазуымен туған топырақтан шеттеп кетуге мәжбүр болған ата-бабаларымыз бен олардан тараған ұрпақ жасаған мол рухани қазынаны шашпай-төкпей жинап алуымыз, оны атажұртқа және барша әлемге таныстыру аса маңызды шаруа. Қытайдағы бір жарым миллионнан астам бауырларымыздың бүгінгі таңдағы ұлттық өркендеу үрдісі жақсы. Ана тіліміздің бай, шұрайлы ортасы сонда қалыптасқан. Қазақтың ежелгі мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы қаймағы бұзылмай сақталып отыр. Қазақ халқының баға жетпес асыл мұрасы – ауыз әдебиетінің де басты бір бөлігі Қытайдағы бауырларымызда» деп айтқан сөзін осы алқалы жиынға қатысқан мен өз құлағыммен естіп, мерейіміз өсіп қалған еді. Енді Қазақ елі басшысының сол сөзі нақты іске асып, «Бабалар сөзі» жүзтомдығында Қытайдағы қазақ фольклорының бірнеше хикаялық және ғашықтық дастандары, тарихи жырлары мен шежірелік дастандары енген он томы жарық көрді. Негізінен, ұлттық фольклордың мол қоры Қытай қазақтары арасында сақталғанын еске салсақ, бұл біз үшін үлкен мәртебе, зор сенім деп білеміз. Мұның өзі Қытайдағы ағайын­дар арасында елеулі оқиға болды. Қазір «Бабалар сөзі» басылымы қазақ ағайындар тұратын Шыңжаң өлкесінде, жалпы Қытай елінде кеңінен насихатталуда. Бұл мәнді жинақты мектептердің оқу бағдар­ламаларына енгізу мәселесі ойластырылуда, теледидир мен радиода арнайы хабарлар ұйымдастырылып, жұртшылыққа таныстырылуда. Жақында ғана ғаламтордан «Бабалар сөзі» сериясы Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік сыйлығына ұсы­нылғанын естіп бір марқайып қалдық. Өте құптарлық жағдай. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымының небәрі он жыл ішінде осындай үлкен еңбек ­да­й­ын­­­дап, жыл сайын он том шығаруы оңай шаруа емес. Бұл – үлкен жеңіс, то­ла­ғай табыс! «Бабалар сөзі» жинағының алғаш­қы әлемдік тұсаукесері Гер­мания­ның Майндағы Франкфурт қала­сында болған халықаралық кітап жәрмең­ке­сінде өтіп, бүкіл дүниежүзіне кеңінен жария етілгені белгілі. Дұрыс қой. Бұл аздық етеді. Сонымен бірге осындай тұсаукесер рәсім қазақтар тығыз қоныстанған Қытайдың Шың­жаң өлкесінде, Моңғолияның Баян Өлгей аймағында, Ресей мен Өзбекстанда өткізілсе, өте дұрыс болар еді. Кітап таралымы аз, бәріне жетпейді. Сон­дық­тан бұл құнды жинақты сырттағы ағайындардың бәрі білуі керек, мақ­тануы керек. Қазақтың қасиетті топырағындағы асыл сөз арнасына келіп құятын Қы­тайдағы қандастарымыздың әдеби тыныс-тіршілігінің зерттелуі, қаралуы ұлтымыздың игілігіне атқарылып жат­қан мерейлі іс саналады. Осы орайда қазақ ғалымдарының ғылыми зерт­теулерінің, қандас бауырлар руханиятына тереңнен бойлап, атқарып жүрген істерінің, шетелдегі қазақ диас­порасы жөніндегі азаматтық үнінің құндылығында дау жоқ. Бұл жағынан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты халқымыздың ­рухани мұраларын дайындап шығарудың, зерттеп насихаттаудың бел ортасында жүреді. Қытайдағы ағайындар жолымыз түсіп, Алматыға барған сайын мұны байқап та, сезіп те жүрміз. Әлі есімде 2011 жылы Астана қала­сында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы» атты баяндамасында: «Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де тұтас халқының бір бөлшегі екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек» деп қадап айтып, «...қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнердің кеңінен таралуына жағдай жасауымыз керек. Біз қазақтың қаймағы бұзылмаған көрші елдерде ұлтымыздың аса құнды рухани мұралары сақталғанын жақсы білеміз. Білім мен ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне экспедициялар ұйымдастырып, осындай құнды мұраларды жинақтауды тапсырамын» деп үлкен міндеттер жүктеген еді. Міне, Әдебиет және өнер институты да осы міндеттерге сай соңғы жылдары шетелдердегі қазақ әдебиеті мен өнерін зерттеу ісін мықтап қолға алды. 2012-2014 жылдары «Шет елдердегі қазақ әдебиеті мен өнері» атты бағдар­ламаны жүзеге асыру мақсатында инс­титуттың жетекші фольклортанушы, әдебиеттанушы және өнертанушы ғалымдарынан жасақталған кешенді фольклорлық-музыкалық ғылыми экспедициялары Қытайдың қазақтар көбірек тұратын Алтай, Тарбағатай және Іле аймақтарында болып, ұлттық фольклор мен ән-күй мұраларын, сәндік-қолданбалы өнер туынды­ларын, жазба және ауыз әдебиет нұс­қаларын жинап қайтты.Біздің зиялы қауым өкілдерімен, фольклортанушы, әдебиеттанушы ғалымдармен, әдебиет және өнер қайраткерлерімен жылы жүзді кездесулер болды. Бұл сапардың нәтижелі болғанын осы сапар қорытындылары бойынша инс­титут ғалымдары дайындап шы­ғар­ған «Шетел қазақтарының өнері», «Шет елдердегі қазақ әдебиеті», «­Ше­т­­ел­дегі қазақ фольклоры» атты мо­ног­рафияларды оқып, танысып, алыс­­тағы ағайындарды елеп ескерген осын­дай үлкен қамқорлыққа ерекше риза болдық. Енді, міне, институттың үлкен еңбегі – жүз томдық «Бабалар сөзі» жи­­­нағы Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттік сыйлығына ұсынылып отыр екен. Біз тек қолдаймыз. Көз ­майын тауысып істеген бұл еңбек осын­дай қошеметке әбден лайық деп алыс­тағы ағайынның жүрекжарды ақ тіле­гін білдіреміз. «Бабалар сөзі» жүзтомдығы – ұрпақтан-ұрпаққа қалатын ұлы мұра.Бұл – қай жағынан қарағанда да әлем­дік деңгейдегі теңдессіз жоба.Мұндай толағай табысқа ең алдымен қазақ­тың қолы жетіп отыр. Бұл жеңіске елді­гіміздің арқасында, көреген Елбасы­ның арқасында жетіп отыр. Әлемдік мәдениет тарихында бір халықтың мұрасы жүз том болып шық­қан еңбек жоқ шығар. Ал жүз том ауыз әдебиетін шығаруды талай халықтар армандап, жоспарлауы да мүмкін. Бірақ соншалықты мұра бір халықта бар ма екен? Бұл – үлкен сұрақ. Сондықтан бүгінгі күні қазақтың көл-көсір ауызша мұрасының бір көрінісі, рухани жан дүниесінің айнасы, көне заманнан бері күні кешеге дейін жүріп өткен тарихи жолының нәтижесі ре­тін­де қолымызға тиіп отырған жүз томдық асыл мұрамызды қазақ мәде­ниетіндегі үлкен құбылыс деп бағалаймыз. Жүз том – біздің еліміздің, ұлты­мыз­дың өміріндегі елеулі бір үлкен оқиға, бүкіл әлем алдында қазақ халқын мақтанышпен көрсете алатын ұлттық бренд дейміз. Тұтастай алғанда, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы бұл еңбектің үдесінен шықты. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған жүз томдық «Бабалар сөзі» – институттың тәуелсіздік жылдары атқарған ең қабырғалы ісі деп айтуымызға болады. Бізді табыстыратын да, таныстыратын да, кейін бір арнада тоғыстыратын да осы рухани құндылықтар. Қалай болғанда да, әлем мәдениетінің тарихында бұрын-соңды болмаған тың жаңалық – қазақ халқының мәңгілік мұрасын жинақтаған «Бабалар сөзінің» 100 томдық басылымының жарық көруі. Бұл жұмыстың игілігін қазақ халқының болашақ ұрпағы көреді.Ен­дігі міндет – осы асыл дүниемізді көз­дің қарашығындай сақтап, қалың жұрт­шылыққа насихаттап, ұлты­мыздың мәртебесін арттыру қажет. Бәріміз де осындай игі мақсаттарға жұ­мыс істейтін болайық, ағайын!

Жақып Мырзаханов, Қытай Халық Республикасы Шыңжан Ұлттық Автономиялық Районы Қоғамдық ғылымдар академиясының бас ғылыми қызметкері

2611 рет

көрсетілді

106

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы