• Тіл
  • 10 Тамыз, 2016

Тыныс белгілері әлі де зерттей түсуді қажет етеді

Арайлым ШОРМАҚОВА, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері

Тілдік факторлардың сан түрлі ғылыми зерттеулерге негіз болуы қалыптасқан заңдылық болғандықтан, әлі де сүбелі зерттеуді қажет ететін салалардың бірі қазақ тіл біліміндегі тыныс белгілер жүйесі десек артық айтқандық болмас. Тыныс белгілер – (лат. Рunctus-«нүкте») жазу тілінің, жазу мәдениетінің, әсіресе баспа ісінің дамуымен тікелей байланысты. Баспа ісінің өркендеп, кең таралуы, оқушы қауымның көбеюі жазу мәдениетінің көтерілуін, жазудың жалпыға бірдей ортақ заңдарға, ережелерге негізделіп, бір жүйеге келуін талап етеді.

Жазылған пікірді оқуға оңай, түсінуге жеңіл болуы үшін, түрлі ықшамды ұсақ бөлшектерге бөлу, әр бөлшектің бір-бірімен мағыналық қатынастарын көрсету қажеттігі туады. Сол қажеттіліктен келіп, тыныс белгілері пайда болған. Жазба тілде үлкен мағына беретін тыныс белгілерінің қазіргі жазуымызға сіңісіп кеткені соншалық, тіпті олар алғашқы әліпбилермен бірге пайда болғандай көрінеді. Ең алғашқы тыныс белгілері б.з.д. V ғасырда пай­даланылған деген деректер кездеседі. Мысалы, философ Платон өзінің еңбектерінің соңын қазіргі қос нүк­темен сәйкес келетін белгімен аяқтап отырған. Ал ең алғашқы параграф (§) белгісін б.з.д. ІV ғасырда Византияның грамматигі және лекси­кографы Аристофан қолданған. Ол параграфты көлемді мәтіндегі мағыналық ауысу кезінде пайдаланған. Үш нүкте жүйесін де алғаш рет Аристофан қолданады. Үш нүктенің астыңғысы – комма – ең қысқа бөліктен кейін қойылған; жоғарғы нүкте – ­периодос – үлкен мәтінді кішкене бөліктерге бөлетін нүкте; ал ортаңғы нүкте – колос – үлкен көлемдегі мәтінді екіге бөліп көрсететін белгі болған. Кейінгі зерттеуші ғалымдардың көпшілігі Аристофанды басқа да көптеген тыныс белгілерін қалыптастырушысы ретінде таниды. Десе де, бұл белгілердің көпшілігі кеңінен тарала алмаған және бүгінге дейін жеткізілмеген. Олардың қолданылуында да белгілі бір жүйе болмаған. Ең алғаш рет тыныс белгілерін ғылыми айналымға түсіру мәселесін көтерген ағылшын ғалымы Алкуин (734-804). Ол Аристофан ұсынған белгілерді біршама ықшамдай отырып, өзі де бірнеше тыныс белгілерін ұсынады. Алкуин ең алғаш рет нүкте (.), нүктелі үтір (;), қос нүкте (:) секілді белгілерді ұсынады. Бірақ ол ұсынған белгілер сол күйінде ғылыми айналымға түспей қалады. XV ғасырда тыныс белгілерінің синтаксис жүйесіндегі маңызын ескере отырып, алғаш рет «Ағылшын грамматикасы» еңбегінде арнайы сөз еткен ғалым, ағылшын драмматургы Бен Джонсон болған. Осылайша XVІІ ғасырда қазіргі қолданылып жүрген ортақ белгілердің көпшілігі ғылыми айналымға еніп үлгереді. Шекспирдің (1623) алғашқы еңбектерінде нүкте, үтір, нүктелі үтір, қос нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі секілді белгілердің барлығы дерлік қолда­нылады. Осылайша Еуропа ғылы­мында тыныс белгілердің қалыптасып дамуы ұзақ та қызықты жолдан өткен. Орыс тіл білімінде тыныс белгілері мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген ғалым М.Грек (ХVI ғ.). Ғалым өз еңбегінде нүкте, нүктелі үтір, үтір туралы айта келіп, «Нүкте аяқталған ойға қойылады, ал үтір айтушының тыныстап алуы үшін қолданылады» деп көрсете келіп, «нүктелі үтір сұрақты білдіруі керек» деген пікір айтады. Одан кейін ғалымның бұл ойларын Л.Зизания, И.И.Срезневский секілді ғалымдар жалғастырып, дамытады. Ал М.Смотрицский тыныс белгілердің он түрін көрсетеді. М.Смотрицскийдің ұсынған тыныс белгілерінде бірқатар шикіліктер болғанымен, орыс тіл білімінде ұзақ уақыт бойы пайдаланылғанын байқауға болады. Түркі әлеміндегі тыныс белгілерінің тарихына шолу жасасақ, алғашқы тыныс белгілер сонау Орхон-Енисей жазуларында көрініс береді. Ескерткіштің кейбір жерлерінде қос нүкте, ромб тәрізді белгілер қолданылған. Ол туралы профессор С.Е.Малов өз жазбаларында «Түркілердің Енисей жазуында қос нүкте – нүкте және тыныс белгісі есебінде жұмсалған» деп көрсетеді. Араб әрпімен жазылып сақталған ертеректегі қисса-дастандарда өлең жолдары арасына әртүрлі белгілер қойылған. Бұл жағдайлар тыныс белгілерінің бастапқы қызметі сөйлеуді тек әртүрлі мәнді бөлшектерге бөлу ғана болғандығын, бөлуші белгілердің түр-тұрпат жағынан бүгінгі белгілерден өзгеше болғандығын байқатады. Қазіргі біз қолданып жүрген тыныс белгілердің бірнешесі академик В.В.Радловтың 1870 жылы шыққан «Образцы народной литературы тюркских наречий» деген еңбегінде, одан сәл кейінірек П.М.Мелиоранский мен В.Катаринскийдің қазақ тілі грамматикаларында кездеседі. XIX ғасырда және XX ғасырдың басында түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде баспадан шыққан кітаптарда тыныс белгілері дұрыс, жүйелі түрде қолданылмаса да, таңбалардың элементі мен оларды пайдаланудың алғашқы тәжірибесі көріне бастаған. «Қазақ жазбаларының орфографиясы мен жазба мәдениеті туралы әлеуметтік үн ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың алғашқы 10-15 жылы барысында ашығырақ шықты, мақалалар жарияланды, қазіргі тыныс белгілерінің түр-тұрпаты мен орындары көрсетілді» (ДУГ, 1986, №31). Қазақ тілінде шыққан алғашқы баспасөзіміздің бірі «Дала уәлаяты» газетінің (1888-1902) тұңғыш шыға бастаған жылдарындағы нөмірлерінде де тыныс белгілерінің ешқайсысы қойылмайды. Кейде ұзақ күрделі ой немесе бір күрделі пікір біткенін білдіру үшін, екінші ой жаңа жолдан басталып жазылды. Бірақ ол азат жолдар сөйлемдерді бір-бірінен ажыратуға себін аз тигізді. Тыныс белгілері қолданылмағандықтан, бас әріп болмағандықтан кейбір жазылған жолдарды ұғу, түсіну қиындық туғызды. Кейін «Дала уәлаяты» газеті өзі танытып түсіндірген тыныс белгілерін пайдаланды. Бірақ не газет редакциясы, не жеке авторлар бұл тыныс белгілерінің қазақша толық (түгел) атауларын бере алмады. Тыныс белгілері дегенді тыныстар деп атады және тыныс белгілерін қою емес, тыныс­тарды жүргізу деді. Нүкте – тыныс, үтір – жарты тыныс, нүктелі үтір – тыныстың төрт бөлгенінің бірі, сұрау белгісі – сұралған жауаптың аяғына қойылатын белгі, леп белгісі – ашуланып не қорқытып, яки таңданып айтқан сөздің аяғына қойылады деп, сонымен қатар тыр­нақша, қос нүкте, көп нүкте, сызықша­лардың тек түсіндірмелі атаулары көр­сетілген (ДУГ, 1898, №42). Тыныс бел­гілерінің осы күнгі терминдерін алғаш ұсынған А.Байтұрсынов болатын. Қазақ зиялыларының бірқатары орыс әліпбиіне қарсылық танытып, орыс емлесі мен әліппесін өзгерту керек деген мәселені көтереді. Сонымен қатар орыс тілінен аударылған мәтіндердегі өзгеріссіз көшіп жатқан тыныс белгілеріне де наразылық танытады. Бұл мәселені көтергендер «өзгерісшілер» атанады. Бұл туралы Телжан Шонанов өзінің «Орыс емлесі мен әліпбесін өзгерту мәселесі» атты мақаласында: «Өзгерісшілер төрт нәрсені талап етіп отыр: 1) Орыстың осы күнгі емлесін оңайлатуды, 2) тыныс белгілерін оңайлатуды, 3) бас әріпті құртуды, 4) латын әліппесін алуды, бірақ біреу ол өзгерісті тілесе, біреулер бұл өзгерісті тілейді». Телжан Шонанов көрсетілген мәселелерге жеке-жеке тоқталып пікір білдіре отырып, тыныс белгілер мәселесіне былайша ой айтады: «Орыс тілінде тыныс белгілер көп болатын. Оның өзін қайта таратып қоюына 70-80 ережесі ғана болатын. Орыстың жоғарғы дәрежелі мектепті бітіріп шыққан адамдарының өзі қай жерде қандай тыныс белгісін қоюды білмей алжасатын. Орысша оқыған қазақтар да сол орыс тыныс белгілерінің ережелерін қазақ жазуының арасына араластырып шатасатын. Иінді жерінде жеңілдік келтірсе де,бірақ орыс жазуындағы қара құрық тыныс белгісі жазу ортасындағы қаптаған тікен сияқты аяқ бастырмайды. Осы күні сол жауыз қалың тыныс белгілеріне қарсы наразылық күшейтіп, соңғы кезде сөз көтерілді. Орыста тыныс белгілері де сиреп, оңайланар деп ойлаймыз. Тыныс белгілерінің жобасын жасауға білім басқармасы айрықша тағы бір кәмесійе құрған». Сол кездегі материалдарда бұл комиссияның құрамында Пешковский, Барқын есімді азаматтардың болғаны айтылады. Қазақ тілі пунктуациясы жүйелі, ғылыми негізде Қазан социалистік революциясынан кейін ғана орыс тілі пунк­туациясы үлгісін басшылыққа ала отырып, қалыптаса бастады деген пікірлер де кездеседі. Қазақ тіл білімінде тыныс белгілерінің қалыптасып, жүйелі дамуына орыс тіл білімінің ықпалы болмай қойған жоқ. Содан кейін пунктуация мәселесі баспасөзде дүркін-дүркін көтеріліп, жазуда тыныс белгілерін дұрыс қоя білудің маңызы, тыныс белгілер ережелері, оларды пайдалану мәселесі жиі айтыла бастады. Бұл пікірлердің барлығы қазақ тілі пунк­туациясына баса назар аударылып, оны жазудың көмекші құралы ретінде тануға түрткі болғаны сөзсіз. Қазақ тіл біліміндегі пунктуация мәселесінің зерттелуін осылайша саралай келіп, тыныс белгілеріне қатысты жазылған еңбектерді үш салаға бөліп қарастыруға болады: тыныс белгілері туралы жазылған жекелеген мақалалар, тыныс белгілерінің мектеп оқушыларына арналып жазылған оқулықтарда баяндалуы, тыныс белгілеріне арналған жеке кітапшалар. ХХ ғасыр басындағы зиялыла­рымыз тыныс белгілеріне тұтас ма­қалалар арнамағанымен, жүйелі ең­бектер жазылмағанымен сол кезде төл тіл білімімізде тыныс белгілерінің тер­миндік атаулары қалыптасып, ережелері анықталды деп толықтай айта аламыз. Қазақ тіл білімінің көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы бұл салада да зор еңбек сіңіріп, терминдік атауларды өте дәл ­тауып, нақты қалыптастырып берді. Бұл салаға қатысты зерттеулер осымен толастап қалған жоқ, кейінгі жылдарда да өз жалғасын тауып, дами берді. Тыныс белгілеріне арнап жазылған мақалалар Ш.Сарыбаев «Тыныс бел­гілері жайынан», С.Жиенбаев «Тыныс белгілері», Х.Басымов «Сөйлемнің тыныс белгілерін дұрыс жаза білейік», М.Балақаев «Сауатты жазудың негізгі шарты – тыныс белгілерін дұрыс пайдалану», т.б. Тыныс белгілерінің зерттелу тарихын сөз еткенде, тағы бір көңіл бөлетін нәрсе – осы тақырыпқа арналып жазыл­ған төмендегі жеке кітапшаларды атауға болады: С.Жиенбаевтың «Сөйлемнің тыныс белгілері», А.Ысқақов пен Ә.Хасеновтың «Тыныс белгілері», Р.Сыздықова мен Қ.Неталиеваның «Тыныс белгілері ережелері» Ф.Мұсабекованың «Жай сөйлемнің пунктуациясының негіздері», Ф.Мұсабекованың «Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы», т.б. Жазу жүйесінде тыныс белгілерінің беретін мағынасы аса зор. Тыныс белгілерін дұрыс қолдану үшін, мүмкіндігі болғанша, олардың әрқайсысының қызметін даралап, оларға берілетін ережелерді бірыңғайластыру керек. Пунктуацияны дұрыс қоя білудің бір шарты – интонация болып табылады. Мұнсыз ешбір мағына айқындығы болмайды. Пунктуация жазу тіліміздің құралы болса, интонация – ауызекі тіліміздің құралы. Бұл екеуі бір-бірімен байланысты. Тыныс белгілері дұрыс қойылған сөйлемді оқу да, ұғыну да жеңіл. Сөйтіп, қазіргі қазақ тілі тыныс белгі­лерінің зерттелу тарихына көз жібер­генде, олардың осы уақытқа дейін зерттеліп келгенін, және әлі де зерттей түсуді қажет ететінін байқауға болады. Өйткені пунктуацияның теория және практикалық мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешу аса зор еңбекті қажет етеді.

8435 рет

көрсетілді

101

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы