• Тіл
  • 10 Тамыз, 2016

Өскеменде «Император», Семейде «Елки-палки»...

Таяуда Семей қалалық әкімдігінде тіл заңының орындалуына қатысты жиын өткен болатын. Жиынға қатысушылар осы маңызды мәселе жөнінде ой-пікір алмасты. Тілге қатысты өздерін мазалаған жайттарды ашық ортаға салды. Төменде сол пікірлердің бірқатары ұсынылып отыр.

Халықаралық  «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті  Орал Шәріпбаев: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев: – Бұл не деген күні кешке дейін талқылана беретін заң? Заң деген орындалуы керек емес пе?! Мемлекеттік заң талқыланбайды, орындалады. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Тілге алдымен бірінші басшы жауап береді» деп айтылған. Бірінші басшы кім ол?! Ол – әкімшіліктің басшысы, прокуратураның басшысы, мекеме басшысы, кәсіпорын басшысы. Егерде, заңды өзіміз талқылап, жауапкершілік танытпасақ, бұл шешілмейді. Жарнама туралы заң дейді. Заң ол – идеология. Мемлекеттік идеологиядан қашсаң, сенің мемлекетке қарсы жұмыс істегенің.Оған барлығымыз жауаптымыз. «Қазақтың тіліне қысым жүргізіліп жатыр» дейді кейбіреулер. Қысымды ешкім де жүргізіп жатқан жоқ. Біз өзіміз жүргізіп жатырмыз. Өзіміз заң талаптарын орындамаймыз. Неге? Өйткені, қадағалау, жауапкершілік жоқ. Құжаттар ресми тілде толтырылуы керек дегенді қою керек. Негізі мемлекеттік тілде толтырылу керек. Ал екі тілде толтырылуы деген ол қажеттілікке байланысты.Бір адамның бір бұйрығы барлығын шешіп кетеді. Сондықтан бұл мәселені біз облыс деңгейіне қоюымыз керек. Мемлекеттік қызметкерлер бұны орындамаса, Мемлекеттік қызметкерлер агенттігінің алдына қойсақ па деген ойымыз бар. Екінші мәселе «Жарнама туралы» Заң да талқыланбауы керек, орындалуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семипалатинскіні Семей деп өзгерткелі қашан. «Семей» қонақүйі «Семипалатинск» деген жазуды бес метр қылып, төбесіне іліп қойды. Көзге шыққан сүйелдей болып тұр. Қала қонақтарының көзіне бірінші сол түсері сөзсіз. Кәсіпкерге ешкімнің тісі батпайды. Ол жазуды ауыстыруға 2 млн теңге қаражат керек десе, құқық қорғау органдары тарапынан оған 4 млн айыппұл салу керек. Немесе «Семей» деп жанына тағы да жазып қойсын. Мемлекеттік заңның орындалмай жатқаны елдің ашуына тиеді. Рухани астана деген атымызға лайық болуымыз керек. Тіл қадірін түсінбейтін кәсіпкерлерді сабасына түсіруіміз керек. Ал енді қоғамдық көліктерде неге аялдамалар екі тілде бірдей айтылмайды. Неге сөйлеткілері келмейді.Егер бұл талапты орындамаса, тендерден айыру керек. Бұлардың бар­лығының мақсаты – ақша табу. Ұлттық құндылыққа бас ауыртқылары келмейді. «Opium» деген кафе тұр. Көпшілік баратын орынға бұдан өзге ат табылмады ма? Мұның басшысы Астанада екен. Прокурорлар осы мәселемен дұрыстап айналысуы керек. Бұл мәселені Қоғамдық Кеңестің, Ассамблеяның, Мәслихаттың алдына қоюымыз керек. Қала басшылары барып қарау керек. Депутаттардың да тікелей ісі. Себебі оларды халық сайлап отыр. Осы сынды проблемалар, ана тілімізге қатысты проблемалар жетерлік. Биліктен сұрайтынымыз – идеологиялық нұсқаулар беріңіздер, халыққа түсіндіріңіздер. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында облыстағы әрбір мекеме мемлекеттік тіліміздің дамуы, жағдайы туралы есеп берсін. Ең бастысы, мемлекеттік тіл алдындағы жауапкершілікті алдымен қазақтардың өздері сезінуі керек. Өскеменде «Император» деген кафені кездестіріп едік. Семейдегі «Елки-палки» кафесінің атауы әлі күнге сол күйінде тұр. Семейде тілдің халі күннен-күнге әлсіреп бара жатыр. Біз бұған жол бермеуге тиіспіз. Тіл заңы талаптары орындалуы керек. Ана тіліміздің абыройын асқақта­туға алаңдайтын басылымдар аз. Алайда «Ана тілі» газетінің орны бөлек. Бұл газет ұлттығымызды ұлықтап, ана тіліміз жөнінде түйіткілді мәселелерді көп көтереді. Егер де бар қазақ сол газетті оқыса, халіміз әлдеқайда жақсарар ма еді?! DogalokovСемей қалалық еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов: – Біз қазір қазақ тілінде сөйлеп отырмыз. Біздің заманымызда қазақ балалары жоғары оқу орнында орысша оқудан, жұмыста да орысша сөйлеуден қатты қиналды. Күні бүгінге дейін сол қиыншылықтың ­ауылы алыстамады. Кезін­де Республика Жоғарғы Кеңесінің бір сессиясында қазақ тілінің мәртебесі туралы мәселе қызу талқыға түскені бар. Сонда Жоғарғы кеңестің депутаты болған Александр Княгинин «Құрметті депутаттар, біз кімнің елінде өмір сүріп жатырмыз? Бұл ұлан-ғайыр жерді қазақтар білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалған қазақтар. Жер – қазақтікі. Отан – Қазақстан. Сондықтан біз осы елдің ұлтының тілінде сөйлеуіміз керек. Мен орыстың ұлымын, достарым орыс, бірақ ұлым қазақтікі» деген дау-дамайға тоқтау салған еді. Біз көп ұлтты мемлекетпіз. Бірақ қазақтығымызды жоғалтпайық. Aidar SamaevСаясаттанушы Айдар Самаев: – Біздің тіліміз өте бай. Біз өзіміз сөйлегеннің өзінде өзге тілдегі кірме сөздер бар. Таза сөйлеуге тырысуымыз керек. Тіл Заңы 21 баптан тұрады. Бұл баптың әр шарты орындалуы керек. Ол қаланың, мына елдің келбеті. Бізде өзге тілдерге ешқандай қысымшылық жоқ. Қазір технология дамыған. Өзге қалалардағы автобустарда аялдамалар екі тілде, өте сауатты хабарланады. Оның ешқандай қиындығы жоқ. Біз соған жетуіміз керек. Тек қоғамдық көлік компанияларының басшылығында ниет, тілге деген құрмет болуы керек. Ал шағын автобустарда кондукторлардың өзі-ақ екі тілде сауатты айтып бере алмай ма?! Біз өзіміз ана тілімізді шұбарлап, сауатсыз сөйлесек, онда қалай болмақ. Тіпті ауылда өскен қара домалақтардың екі сөзінің бірі кірме сөз. АйжанAizhan«Ертіс өңірі» газетінің тілшісі Айжан Тоқтасынқызы: – Тіл заңы талқы­лан­бауы керек деп жатырмыз. Талқылау өз алдына. Оны біз өзіміз күнделікті өмірде қан­шалықты орындап жүрміз. Нені айтпас бұрын, сынамас бұрын өзімізден бастағанымыз жөн болар. Бойында қазақтың қаны бар азаматтың алдымен аты-жөні қазақы болуы керек. Бұлай ойлауыма ұстазым ықпал еткен еді. Ардагер-жуналист Дәулет Сейсенұлы болашақ журналистер – біздерге сабақ берді. Әркез үй тапсырмасын сұрарда журналдағы студенттердің аты-жөніне бір көз жүгіртіп өтіп, мына топта екі-ақ қазақ оқиды екен дейтін.Себебі екі курстасымның аты-жөні ғана -ов пен -ев-сіз еді. Ал қалғандарымыз орыстың жұрнағын жалғаған қазақ қыздары болдық. «Болашақ журналистердің аты-жөні осылай болса, басқаларына не жорық» дегендей, қазақылыққа шақырған сөздерін әр сабақ сайын айтатын. Намысыма тиіп кеткен болар, үшінші курсты аяқтасыммен ауылыма барып, жеке куәлігімдегі Тоқтасынова Айжан Тоқтасынқызы деген аты-жөнімді Тоқтасынқызы Айжан деп өзгерттім. Құжатты алуға бір ай уақытыңыз ғана кетер. Ешқандай қиындығы жоқ. Есесіне қаным да, жаным да, тегім де нағыз қазақ болдым. Тағы да мені қазақылыққа үндеген ұстазым туралы айтпақпын. Журналистиканың қыр-сырын үйреткен Айгүл Әмірғалиқызы «банкоматтан ақшаны шешерде неге қазақ тілін таңдамайсыңдар» деп жиі айтатын. Расымен де, қолым орыс тіліне жүгіріп тұратын еді.Сіздердікі де солай екендігіне бек сенімдімін. Қазір банкоматта тек қазақ тілін таңдайтын болдым. Көзім де, өзім де, қолым да қазақ тілін таңдауға үйреніп алды. Ал сіз банкоматтан ақша аларда қай тілді таңдайсыз? Қазақыландыру үрдісін оқу орындарының қабырғасынан бастаған лазым. Бұл жерде мұғалімдерге үлкен жүк артылады. Ұлт алдындағы жауапкершілікті оқушылары мен студенттерінің санасына құя білуі керек. Әкімшілік, кез келген мекемеге кірсеңіз, қызметкерлер бір-бірін орысша атап жүреді. Иә, қазағы да солай. Мысалы, Айдар Болатұлы болса, олар оны олай атамайды, Айдар Болатович деп тілдерін бұраған қазақтар. Тілдің халін талқылаған жиында да -вич пен -ов-наны жиі естідік. Бәленбайқызы, Түгенбайұлы деген тілімізге жатық әрі әдемі естілмей ме?!

Алма Жарболқызы СЕМЕЙ

18164 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы