• Әдебиет
  • 10 Тамыз, 2016

Алтынсарин мұрасын пайымдау немесе Сәбит Мұқанов зерттеулерінен туған ой

Қазақтың ХІХ ғасырдағы ұлы ағартушысы, ғалым-этнограф, ақын, жазушы, аудармашы, ұстаз, кирилл харпіндегі қазақ жазба әдеби тілінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсариннің соңында қалдырған мұрасы зерттеушілердің назарын өзіне әр кезеңдерде де аударып келгені анық. Бұған М.Әуезовтің, Е.Бекмахановтың, Б.Сүлейменовтің, Ә.Сыдықовтың, т.б. ғалымдардың Ы.Алтын­сарин туралы жазып қалдырған ғылыми мақалалары, монографиялық еңбектері дәлел. ХІХ ғасырдағы қазақтың ақыл-ой алыптары Шоқан, Ыбырай, Абай туралы қазақ зиялылары ХХ ғасырдың басынан бастап зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Солардың алғашқылары қатарында академик-жазушы Сәбит Мұқановтың да есімі аталады.

Рас, Сәбит Мұқанов 23 жасында, яғни 1923 жылы 1 наурызда «Еңбекші Қазақ» газетінде шыққан атышулы мақаласы арқылы («Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер») Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы туралы таптық көз­қа­рас тұрғысынан баға беру барысында қате пікірге ұрынды. Бұл жөнінде өзі 1941 жыл­дың 10 қарашасында «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерк­тер» атты кітабына жазған алғы сөзінде былай деген: «Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай туралы қате пікір айтуға объективтік және субъективтік бірнеше себептер болды. Субъективтік себеп: ол кезде мен саяси шала сауатты едім, ғылымға шалағай едім, менің ол кездегі саяси білімім де, жалпы білімім де бастауыш көлемде ғана еді...» дейді де көне әдебиет мұраларына сын көзбен қарай отыра, пайдалы жақтарын алу керектігін, бұл бұрынғы бұқарашыл халық әдебиетінің жалғасы, ілгері дамуы екендігін ұқпағандығын және объективті себеп ретінде «байшыл-ұлтшыл» тарихшылардың оларды Алашорданың рухани көсемдері деңгейінде көрсеткендерін алға тартады. Әрине, кеңестік дәуір идеологиясының қалыптасу кезеңіндегі бұл таптық көзқарастағы қайшылықтарға қазір басқаша баға берілуде. Енді, осы орайда, көрнекті сәкентанушы, сәбиттанушы ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Жалпы, Сәбит Мұқановтың мінезіне тән қасиет – өзінің қателік жасап, шалыс басқанын басқадан бұрын өзі айтып отыратыны» деуінің ескерерлік терең мәні бар. С.Мұқанов Абай туралы да, Шоқан туралы да ұзақ жылдар бойы іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ол монографиялық еңбектері «Жарқын жұлдыздар» деген атпен 1961 жылы жеке кітап болып шыққан. Қазақтың екі ұлы перзенті – Шоқан мен Абайға қатысты ғылыми көзқарас эволюциясының нақты көрінісі болып табылатын бұл екі монография С.Мұқановтың ХХ ғасырдың басындағы ұшқары, қате айтылған пікірін түбегейлі жоққа шығарады, түбірімен түзетеді. Ал Ыбырай туралы ше? Ыбырай Алтынсаринге қатысты ғылыми ой-тұжырымдарын С.Мұқанов өзінің «Жарқын жұлдыздар» зерттеу еңбегіне жазған алғы сөзінде берік тиянақтаған: «...аз жыл ғана жасаған Шоқан екі мақсатына жете алмай кетті: бірі – жазушы болу, екіншісі – қазақ арасында орыс мектептерін ашу. Осы екі мақсаттың біреуін аз түрінде, біреуін мол түрінде, қоғамдық майданға Шоқанның із-өкшесін баса шыққан Ыбырай Алтынсарин іске асырды» дейді ол. С.Мұқанов Шоқан мен Ыбырай бірін-бірі білген, Шоқанды Ыбырай сырттай болса да таныған деген болжам жасайды. Оған дәлел ретінде Орынбор шекара комиссиясының председателі болып қызмет істеген В.В.Григорьевпен Шоқанның да, Ыбырайдың да жақын достық қарым-қатынаста болуын алға тартады. «1861 жылдан бастап Россияның Географиялық қоғамының «Хабарларында» басыла бастаған Шоқан еңбектерін Ыбырайдың оқымауы да мүмкін емес, өйткені Шоқан сияқты Ыбырайдың өзі де этнография мәселесімен шұғылданған адам ғой» деп жазады С.Мұқанов. Шоқан мен Абайды ғана емес, Ыбырайды да Сәбит Мұқанов зерделей зерттегендігін осы «Жарқын жұлдыздарға» жазған алғы сөзінен аңғарамыз. «Ең алдымен, қазақ балаларына арналған мектептер үшін орыс алфавитінің негізінде Ыбырай қазақтың бірінші алфавитін жасады. Онымен ғана қанағаттанбай, сол мектептеріне арнап оқулықтар құрастырды. Осы ісінің үстінде оның жақсы әдебиетші және талантты жазушы екендігі де көрініп қалды» дейді. Сәбит Мұқанов Ыбырайдың соңында қалдырған мұраларына да жоғары баға береді. Ол мұраларының қазақ үшін мәні, маңызы аса зор болғанын да қысқаша тұжырымдай кеткен: «Қазақтың шын мағынасындағы ұлттық жазба әдебиетін бастау – Ыбырай Алтынсариннің маңдайына жазылған бақыт. Оның «Жаз басы», «Балғожа бидің баласына жазған хаты», «Жаз», «Өзен», «Өнер, білім бар жұрттар», «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңдері – қазақ поэзиясының еуропалық поэ­зия үлгісіне алғаш түсе бастауын көрсететін шығармалар. Қазақ әдебиетінің прозалық жанрына да жаңалық кіргізіп, жазба прозаның алғашқы ізін салды». Қазақтар үшін орыс мектептерін ашу­дағы Ы.Алтынсариннің еңбегінің маңыз­дылығына ерек­ше назар аудартқан Сәбит Мұқанов ­Ахмет Байтұрсынұлының қазақ мектептерін ашу­дағы іс-шараларына да жоғары баға берген болатын: «Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес» («ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті»). Бұл – 1932 жылы айтылған пікір. С.Мұқанов өзінің осы әдеби-зерттеу еңбегінде «Байтұрсынұлы Ахмет» атты мақаланы арнайы жазып енгізген. Көптеген объективті бағалаулары барына жоғарыдағы пікірі дәлел. Таптық көзқарастың салқыны да сезіледі. «Бірін-бірі білсін-білмесін, Шоқан, ­Ыбырай, Абай – орыс оқуының дүкенінде соғылған бір берік шынжырдың біріне бірі жалғасқан, бірін-бірі ұзартатын үш сақинасы. Шоқан бастап бітіре алмаған идеяны (орыс оқуын қазақ арасына таратуды) Алтынсарин толығымен іске асырды, Алтынсарин бастап бітіре алмаған идеяны (қазақтың еуропалық мағынадағы жазба әдебиетін жасауды) Абай іске асырды» деуін, әрине, Сәбит Мұқановтың он ойланып, мың толғанып барып жасаған тұжырымды пікірі деп қабылдаймыз. С.Мұқановтың Ыбырай Алтынсарин мұраларына деген жанашырлық көзқарас­тарын айғақтайтын тағы бір құжат – Музей кешені қорынан табылған, 1960 жылы 4 ақпанда жазылған Қ.Т.Жұмағұловтың «Ыбырай Алтынсариннің шығармалары» атты кандидаттық диссертациясына академиктің оппонентік сөзі. Араб харпімен (төте жазу) жазылған бұл пікір – төрт парақ. Ізденушінің ғылыми ой-пайымдарына терең талдау жасаумен қатар С.Мұқанов Ыбырай Алтынсариннің педагогтік, ағартушылық, т.б. еңбектеріне өзінің тиянақты пайымдарын қоса білдіріп отырады. Мәселен, «Жұмағұловтың диссертациясы: Кіріспе, Ы.Алтынсарин туралы әдебиетті сын көзімен талдау, Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметі, Ы.Алтынсариннің шығармалары, Қорытынды» аталып, бес тарауға бөлінеді. 180 беттік осы бес тараудың 104 беті Ыбырай Алтынсариннің көркем шығармаларын талдауға арналған. Алдымен көрінетін нәрсе: диссертацияның мазмұны атына сәйкес екендігі, яғни – диссертанттың бұл еңбегінде Алтынсариннің көркем шығармаларына ерекше көңіл бөліп, шұқшия талдауы. Осылай талдаудың арқасында диссертант Алтынсарин шығармаларының төмендегідей сырларын кең және дәлелді түрде ашып береді» дейді де, еңбектің жеті түрлі нәтижесіне арнайы тоқталады. Диссертациялық жұмыстың жетістік, кемшіліктерін көрсете келе «шын мағынасындағы ғылымдық зерттеуге жататын бағалы еңбек» деп ой түйіндеген. Сондай-ақ Сәбең 1946 жылдың 17 қа­занында Қазақстан К(б)П Орталық Коми­тетінің мәдениет бөліміне, Б.Степановқа жазған хатында (Музей кешенінің қорында сақталған) Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет ғылыми-зерттеу институты Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсарин мұраларын өз деңгейінде зерттей алмай отырғандығын сынайды. Сәбеңнің бұл хаттағы көптеген қайшылықты көзқарас­та­рына қосылмасақ та, Ыбырай Алтынсарин туралы зерттеу мәселесінің тоқырап тұр­ғанын орынды көрсеткен деп ойлаймыз. Арада біршама уақыт өткеннен кейін, 1950 жылы Ә.Сыдықовтың «Алтынсариннің педа­гогикалық пікірлері және ағартушылық қызметі» атты зерттеу кітабы, 1955 жылы Ы.Алтынсаринның «Таңдамалы шығармалар» жинағы (құрастырған, баспаға дайындаған Б.С.Сүлейменов) жарық көрген. Бұл екі кітап та С.Мұқановтың жеке кітапханасында сақ­талған, қазір Музей кешенінің қорында. С.Мұқанов өмірінің соңына дейін ­Ыбырай Алтынсарин мұрасына деген өзінің оң көзқарасын айқын тұжырымдап кетті.

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы, филология ғылымының кандидаты

13582 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы