• Тарих
  • 25 Тамыз, 2016

Оңтүстік қазақстан облысы

Сарыағаш ауданы

Бозсу ауылы. Ленин ұжымшары 1929 жылы құрылған. Сол атаумен еліміз егемендік алғанға дейін аталып келді. Кейін Сарыағаш аудандық ономастикалық комиссиясының 2000 жылғы 3 сәуірдегі №157 қаулысымен Бозсу деп өзгертілген. Сол елді мекеннің шетінен Өзбекстан мен Қазақстанды бөліп тұрған Бозсу өзені ағады. Ал өзеннің ерекшелігі басқа өзендердей емес, суы боз болып тұрады. Сол себепті Бозсу деп аталған болса керек. Ескіқорған ауылы. 1935 жылдар шамасында Киров ұжымшары құрылған. Сол елге берілген Киров атымен кешегіге дейін аталып келген. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2006 жылғы 29 қыркүйектегі №25/278-111 шешімімен және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2006 жылғы 2 қазандағы №330 қаулысымен Ескіқорған атауы берілді. Ал Ескіқорғанға келер болсақ, дана қариялардың айтуына қарағанда, ілгеріде, жау шапқыншылығы кезінде мұнда үлкен қорған болған. Ескіқорған деп аталуы сондықтан. Үшағаш ауылы. «Бірлік» кеңшарына қарасты №7 фермасының орталығы болған. Елді мекенге Үшағаш атауы өткен ғасырдың 1980 жылдары берілген. Үшағаш атауының берілу себебі, байырғы тұрғындардың айтуына қарағанда, ауыл маңындағы төбешікте (төбеде) болған геодезиялық белгі болған. Аталған геодезиялық белгі темірден жасалған, алыстан ағаш сияқты болып көрінген. Сонымен ауылға ат беру кезінде Үшағаш аталып кеткен. Құрыөзек ауылы. Бұрынғы «Бірлік» кеңшарына қарасты №3 фермасының орталығы болған. Ауылға Құрыөзек атауы өткен ғасырдың 1980 жылдары берілген. Атаудың берілу себебі жөнінде нақты деректер жоқ. Құркелес өзенінің Сырдарияға құятын (қосылатын) тұсындағы арнада (жазықта) орналасқандықтан, гео­графия­лық орналасу жағдайына байланысты Құрыөзек аталуы да мүмкін. Әлімтау ауылы. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында қалмақ шапқыншылығынан бас сауғалап қашқан ел Қазығұрт тауынан асқан соң Сырдария өзеніне барып паналаймыз дейді. Бірақ халықтың алдынан тағы да тау жолығыпты. Сонда «әлі тау бар» деген сөзден кейін «Әлімтау» болып кеткен дейді. Ел аузындағы тағы бір аңызда осы таудың баурайында өмір сүрген Әлім есімді батыр, әрі бай жігіт туралы айтылады. Жерін қорғаған батыр жекпе-жекте жауды астына басып өлтірмекші болғанда, астында жатқан жау қонышындағы пышағымен Әлімнің қарнын жарып өлтіріпті. Таудың аты сол батыр жігіттің атынан қалған деген де сөз бар. Осы атау өзгерместен 1975 жылы ауыл «Дарбаза» кеңшарынан бөлініп, «Әлімтау» кеңшары, кейіннен ауылдық округ болып құрылған. Ауыл маңында көне дүние ескерткіштерінің бірі – Жабай ата әулие кесенесі орын тепкен. Жабай ата әулие кесенесіне республикамыздың, облысымыздың түкпір-түкпірінен халық келіп зиярат жасайды. Жайдаққұдық ауылы. Әлімтау совхозы­ның №2 бөлімшесі болған. Жаугерші­лік заманда Батыр-Жайдақ рулы елі келіп коныстанған. Бір шеті «Пәрпі ата» әулиемен шектескен елдің бір шеті осы Жайдақ елді мекеніне келіп қосылған екен. Сол заманда қоныстанған ел, су көзін тауып, бірнеше құдық қазып, сол Батыр-Жайдақ рулы елінің атауымен «Жай­даққұдық» елді мекені аталған екен. Бұл күнде ауыл атауы өзгеріссіз осылай аталып келеді.

«Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

19509 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы