• Тарих
  • 25 Тамыз, 2016

Семей полигонын жабу – Қазақстанның ірі жеңісі

Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты әлемдік қауымдастықпен бірлесе отырып жаһандық қауіп-қатерлер мен түрлі сындарды әлсіретуге және шешуге бағытталды. Соның арқасында Қазақстан 20 жыл мерзім аралығында халықаралық қатынастардың жауапты және белсенді мүшесіне айналды. Қазақстан егемен ел ретінде әлемге танылып қана қойған жоқ, ол әлемнің басым көпшілік мемлекеттері санасатын халықаралық қатынастардың белсенді ойыншысына айнала алды. 1992 жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымының 46-шы сессиясында осы жаһандық ұйымға мүше болып қабылданғаннан кейін-ақ, Қазақстан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған түрлі ұсыныстарды БҰҰ-ға беретін мемлекетке айналды.

Халықаралық қатынастарда әлем мемлекеттері ортақ шешуге тиісті мәселенің бірі – ядролық қаруды шектеу мәселесі. Соңғы 20 жылда әлем халықтары ядролық қаруды қолданудың адамзатқа қаупін түсіне бастады. Бірақ та ядролық қару қаупі сейілді деуге болмайды. Қазіргі көпполюстік әлем үшін ядролық қаруды тежеу, одан туатын қауіп-қатерлердің алдын алу мәселесінің маңызы арта түсуде. Осыны түсінген Қазақстан әлем халықтарына үлгі болып 1989 жылы Семей ядролық полигонын жапқызды. Әлемдегі қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық потенциалдан бас тарту арқылы әлемге Қазақстан бейбітшілік үлгісін көрсетті. Қазақстанның өз еркімен 1200 дана ядролық қарудан бас тартып, оны түгелдей Ресейге өткізіп беруі әлемдік саясаттағы теңдесі жоқ оқиға болды. Бұл қадам арқылы Қазақстан әлемдік қауымдастық алдында зор бедел ғана жинап қойған жоқ, өзінің қауіпсіздігін күшейтетін халықаралық кепілдіктерге де ие болды. Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат бағытын жүргізе отыра басқа мемлекеттермен бірігіп өзінің ықпал ету аймағында мемлекетаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастырды. Біріншіден, Орталық Азия мен Қазақстан ядролық қарудан азат аймаққа айналды. Екіншіден, осы аймақ жаһандық энергетикалық орталықтардың бірі болуға лайықты потенциалға ие екендігін көрсетті. Үшіншіден, Орталық Азия арқылы Батыс пен Шығысты жалғастыратын транзиттік жүйенің іске қосылатыны белгілі болды. Төртіншіден, осы аймақтан өтетін мұнай, газ құбырлары әлемдік экономиканың дамуына өз ықпалын тигізетіндей дәрежеге көтеру міндеті шешіліп жатты. Бесіншіден, Қазақстанның аса бай уран қоры бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға өзінің қомақты үлесін қоса бастады. Алтыншыдан, өңір халықаралық терроризм, экстремизм, заңсыз көші-қон, есірткі транзитті, адам саудасы сияқты сын-қатарлермен күресте әлемдік өркениетті мемлекеттер қауымдастығының сенімді тірегіне айналды. Жетіншіден, Қазақстан жаһандық сын-қатерлермен күресте БҰҰ, ЕЫҚҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, НАТО, ИЫҰ сияқты халықаралық ұйымдардың қызметіне белсене атсалысты және олардың қызметтерін жандандыруға бағытталған түрлі ұсыныстар берді. Қазақстанның 1992 жылдың 2 наурызынан бастап БҰҰ мүше болып кіруінің ел үшін үлкен саяси маңызы болды. Жаһандық және аймақтық мәселелерді шешуге тікелей қатысуға және маңызды әлемдік шешімдерді талқылауға мүмкіндік туды. Қазақстан БҰҰ бірге отыра Арал теңізі, Семей ядролық полигоны аймағының экологиялық мәселелерін шешуде 1990 жылы 29 тамызда Семей полигонының жабылу күнін БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Қазақ елі БҰҰ-мен ядролық қаруды таратпау мәселелермен қатар, экологиялық басымдылықтар, әлеуметтік-экономикалық даму, адам құқықтарын қорғау, халықаралық терроризмге, наркотрафикке қарсы күрес мәселелері бойынша ынтымақтасуда. Қазақстан мәдениеттер мен діндер арасындағы үнқатысу, диалог ұйымдастыруы арқылы да әлемдік бейбітшілікті нығайтуға ықпал етуде. Кеңес Одағы ыдырауының алдында 1991 жылы 31 тамызда Қазақ КСР-нің Президенті Н. Назарбаев «Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа» қол қойды. Қазақстан өз жерін Кеңес Одағының ядролық арсеналынан тазарту ісіне кірісті. Қазақстанның тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында елдің ядролық потенциалына қызыққан Иран, Түркия, Пәкістан сияқты жақын орналасқан мемлекеттермен қатар алыста жатқан Египет, Ливия, Сауд Арбиясы, БАӘ, Кувейт сияқты мұсылмен мемлекеттері Қазақстанда өз ықпалын күшейтуге тырысып бақты. Олардың кейбірі Қазақстанға ядролық қару немесе ядролық технологияларды сатып алуға ұсыныстар жасады. Алайда Қазақстан осы күрделі мәселелерге байланысты тәуелсіз саясат жүргізіп әлемдік беделге ие бола алды. Қазақстанның ядролық полигонды жабу және ядролық қауіпсіздікті нығайту ұсыныстары өзінің нәтижелерін берді, бүкіл әлемдік қауымдастыққа өз үлгісін таратты. Семей ядролық полигоны жабылған соң АҚШ-тың Невададағы, Қытайдың Лоб-Нордағы, АҚШ-тың Жаңа Жердегі және Францияның Муроруа атоллындағы ядролық сынақ полигондарының үнін өшірді. Қазақстанның «Семей-Невада» қозғалысы үлгісімен басталған әлемдік антиядролық қозғалыс және қарсылық акциялары ондаған ядролық сынақтарды мерзімінен бұрын тоқтауға ықпал етті. Әрине, Ресейдің әскери-өндірістік кешеннің өкілдері Қазақстан полигонын бұрынғыша пайдалануды көздеп бақты. Семей ядролық полигонын жабу Қазақстанға біртіндеп халықаралық девиденттер әкеле бастады. Ядролық сынақ алаңы жабылғанда әуелі АҚШ, Ресей, Англия, одан кейін Қытай мен Франция Қазақстанның ядролық қауіпсіздігіне кепілдік берді. Қазақстан осы маңызды қадамымен алыс-жақын көрші елдерге үлгі болды. Орта Азия мемлекеттері ядролық қарусыз аймақ құру жөнінде Семей келісіміне қол қойды. Қазақстан Президентінің шақыруымен 182 мемлекет ядролық жарылыстан бас тарту туралы келісімге келді. Олардың 154 мемлекеті бұл келісімді ратификциялады. Қазақстан БҰҰ мүше болып енгеннен кейін оның арнаулы мекемелерінде белсенді жұмыс жүргізе бастады. Бұл ынтымақтастық елдің сыртқы саясатының басым бағдарларының біріне айналды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун «ядролық қарудан өз еркімен бас тарту, Семей полигонын жабу әлемдік тәжрибедегі ерекше жағдай болып табылады» деп жазды. БҰҰ Бас хатшысы 2010 жылы Қазақстанға екі мәрте ресми сапар жасады.

Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылым докторы, профессор

9443 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы