• Тарих
  • 02 Қыркүйек, 2016

«ЭКСПЕДИЦИЯ 25»: ЕЛГЕ ТАҒЗЫМ

Туған жердің түтіні, туған жердің табиғаты, туған жердің сұлулығы, тауы мен тасы. Мұның бәрін сүю үшін оны көру керек дейді «Экспедиция 25» жобасының авторлары. 

Қазақстан қашанда өзінің тарихи жәдігерлері, табиғи байлықтары, сәулетті ескерткіштері, көрікті мекендерімен танымал болған. Алайда, осы құндылықтарымызды өз көзімен көріп, тарихымызды танығандар аз. Елімізде көрікті жерлердің көпшілігі қаладан, орталықтан алыс орналасқан, кейбіріне аяқ басудың өзі қиын. Ондай жерұйықтың бар екендігін, сол аймақтың тұрғындарынан өзге ешкім білмей де жатады. Ұлы даламызды тану әр азаматтың парызы. Сол себепті тарихшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және қарапайым тұрғындардан құралған топ еліміздің барлық аймағын аралауда. 6 шілде күні Астана қаласынан шыққан экспедицияшылар 108 күнде 25 000 шақырымды жүріп өтіп, респуб­ликамызды толықтай шарлап шықпақ. Қазіргі таңда олар Қарқаралы, Балқаш, Алматы және Алматы облысына қарасты Алакөл, Есік және Көлсай өзендері, Шарын шатқалы сынды бірқатар қалалар мен елді мекендерде болды. Кейін Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының көрікті орындарымен танысқан саяхатшылар, сапарларын Жезқазған өңірде жалғастырған болатын. Алған әсерлері, көрген қызықтары мен шұрайлы жерлер туралы олар әлеуметтік желілерде бөлісуде. «Мен 25 күн экспедиция құрамында болыппын. 25 күн қызыққа толы сәттер мен туған Қазақстанмен танысу барысында Тараз, Мерке, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Барсакелмес, Арал теңізі, Жезқазған, жалпы көлемі 8 000 шақырымды жүріп өттім. Осындай республикалық жобаға қатысқаным үшін қуаныштымын. Экспедиция барысында өз көзімізбен еліміздегі туризм жағдайын көріп, зерттеп қайттық. Түйгенім: Қазақстандық туризм қол жетімді, әсіресе қорықтарға кіру сутегін. Табиғаттың әсемдігі өзге елдердікінен кем түспейді. Жаңа таныстық, алынған әсер үшін «Арша» студиясы, «Хабар» арнасы және ҚазГеоға алғысымды білдіремін» дейді экспедиция мүшесі Әсем Өтепова. Осы бір жарым айда экспедиция мүшелері мемлекетіміздегі табиғи қорықтар, ең әдемі және маңызды мекендерді көрді, сондай-ақ жергілікті тұрғындарға қонаққа барып, олардың өмірімен етене танысты. Қазақстан туралы қызықты және шынайы сюжеттер жасап үлгерді. Ал сол жеңістер, жетістіктер, армандар мен үміттер, атқарылған жұмыстар, елдің әрі қарайғы дамуы үшін жасалған жоспарлар – мұның бәрін «Хабар» арнасының жаңа маусымында «Экспедиция 25» бағдарламасынан көресіздер. «Жоба Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық құрметіне орай ұйымдастырылып отыр. Біздің басты мақсатымыз елімізді шынайы қалпында көрсету, 25 жылда жеткен жетістіктерімізбен таныстыру. Тұрғындардың өмірі, беймәлім, зерттелген аймақтарды таныту, жалпы мемлекетіміздің сұлулығы жөнінде теледидар арқылы есеп беру десек болады» дейді экспедицияны ұйымдастырушы Зарина Мұхамедәли. Айта кетейік, жобаны «Хабар» агенттігінің тапсырысымен «Арша» медиастудиясы және Қазақ география қоғамы бірлесе әзірлеуде. Үш айдан аса атқарылған жұмыстың нәтижесін «Хабар» телеарнасы 10-шы қыркүйектен бастап демалыс күндері көрсетуді жос­парлап отыр.

Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ

2237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы