• Әдебиет
  • 02 Қыркүйек, 2016

Өрнегі бесқаланың өлең-жырда

Қазақ халқы ертеден қоныс тепкен Бесқала өңірі – ғасырлар қойнауынан жеткен әдеби, мәдени мұраларға бай өлке. Соның ішінде, ұлтымыздың төл өнері жыршылық дәстүр бұл аймақта бүгінгі күнге дейін қаймағы бұзылмастан, қаз-қалпында сақталып келді. Әдеби қазынамызды жыр-терменің, желілі дас­тан, толғаулардың небір інжу-маржандарымен байытуды ойласақ, Бесқала өңіріндегі қазақтардың  жыршылық дәстүрін зерттеп, зерделеуге көбірек ден қоюымыз керек. Қарақалпақстандағы белгілі қазақ ғалымы, филология ғылымының кандидаты Қайыржан Аралбаевтың биылғы жылы жарық көрген «Бесқала өрнектері» атты кітабы, міне, осындай ойларға жетелейді.

«Арыс» баспасында басылып шығып, Қазақстан және Қарақал­пақ­стандағы әдебиетсүйер қауымға тараған кітапта саналы ғұмырын Қарақалпақстандағы қазақ әде­биетін зерттеуге арнап келе жатқан ғалымның бірсыпыра зерттеу еңбек­тері мен мақалалары топтас­тырылған. «Бесқала өрнектері» деп кітаптың аты айтып тұрғандай, бұл еңбектерде Қарақалпақстанда өмір сүрген қазақтардың, атамекенінен жырақта жүріп, өз ұлтына қалтқысыз қызмет еткен, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, баюына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың өмірбаяны мен шығармашылығы жайында сөз қозғалған. Кітап «Зерттеулер» және «Мақа­лалар» деген екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде Қарақал­пақстан қазақтарының ақын-жыраулары және олардың репертуарлары, шығарма­ларының идеялық көр­кемдігі мен тіл ерекшеліктері кеңінен зерделеніп, атақты жыраулар­дың өмір деректері берілсе, «Мақалалар» бөлімінде қара­қалпақ, өзбек және қазақ әдебиеттерінің туыстық, мазмұндық байланысы, ұқсас­тықтары мен ерекшеліктері жайындағы және Қарақалпақ топырағында дүниеге келіп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдеріне айналған Төлеген Айбергенов, Әзиза Нұрмаханова, ақын Ахмет Өмірзақ, жазушы Бегабат Ұзақовтардың шығармашылығы жайындағы әдеби талдаулар берілген. Кітаптың бірінші бөлімінде ХІХ-ХХ ғасырларда Бесқала аймағында өмір сүріп, артында мол мұра қалдырған онға жуық жыраудың шығармашылығы талданған. Сейдәлі Жұмабекұлы, Жақып жырау Құтыманұлы, Құдайберген Шоқаев, Қайролла Иманғалиевтар туралы жеке-жеке көлемді материалдар берілсе, Ақпан жырау, Жақсы­лық жырау, Жалғасбай Аралбаев, Таңжарбай Бәкірұлы туралы деректер бір мақалада айтылыпты. Ал, Қарақал­пақстанның халық жырауы, 60 жылға жуық жыраулық өнердің жүгін арқалап, 2007 жылы өмірден озған Алдаберген Тасқынбаев туралы зерттеу материалдары «Жыршы мерейі» атты бүтін бір бөлімге арқау болған. Кітаптың осы жыраулар жайындағы бөлімінде көптеген құнды деректер келтірілген. Жоғарыда аты аталған жырауларды арқау ете отырып, кітап авторы жалпы, Бесқала өңірінің жыраулық дәстүрі туралы оқырманға мол мағлұмат береді. Кітапта Қарақалпақстандағы қазақ әдебиетін зерттеуге сүбелі үлес қосқан бесқалалық ғалым, профессор Қаржаубай Жұмажановқа да бір бөлім арналған. Кітап әдебиетсүйер қауымға арнал­ғанымен, танымдық әрі ғылыми тұрғыда мәні зор мағлұ­маттардың еліміздің әдебиет зерттеуші ғалымдары үшін де аса қажет, пайдалы екені сөзсіз. Олай дейтініміз, мұндағы жыраулардың шығармашылығы бұрын-соңды қазақстандық ғалымдар тарапынан жүйелі зерттелмеген. Жыраулардың өмірі туралы деректер мен бірқатар шығармаларын алғаш рет Қаржаубай Жұмажанов іздеп тауып, әдебиет ғылымына қосқаннан соң оның ізін жалғастырып, деректерді толықтырып жүрген санаулы ғалымдардың бірі – осы кітаптың авторы Қайыржан Аралбаев. Дегенмен, бұл кітапта да аталған жыраулардың шығармалары толыққанды зерттеліп берілген десек артық айтқандық болар еді. Кітап авторы әрбір жырау туралы айта келіп, мақала соңында үнемі олардан қалған ән-жыр, терме толғаулардың әлі де көп екенін, бұл асыл жәдігерлерді іздеп, тауып, халық кәдесіне жарату халқымыз үшін, қазақ әдебиеті мен өнері үшін аса бір ғанибет іс болатынын шегелеп айтып отырған. Кітаптың негізгі құндылығы да осында. Яғни, «Бесқала өрнектері» жалпы әдебиетсүйер, жырсүйер қауымды «Бесқала қазақтарының жыр-термелері» деп аталған тұнық та, тың бастауға шақырады. «Бесқала өрнектері» Қарақалпақ­стан топырағынан шыққан қандас бауырларымыздың қазақ әдебиеті мен өнеріне қосқан, қосып келе жатқан үлесінің зор екенін айшықтайтын сүбелі еңбек. Төлеген Айбергенов кезінде өзінің «Кегейлі дәптерінен» атты өлеңдер циклінде Әмудария бойындағы Бесқала топырағын «Қазылмай жатқан қазбалар, жазылмай жатқан тарихтар» деп жырға қосқан еді. Алдағы уақытта осы «жазылмай жатқан тарихтардың» хатқа түсіп, кітап болып басылып, ұлтымыздың рухани қазынасын байы­та түсе береріне кәміл сенеміз. Нұрбану КАМАЛ

2722 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы