• Әдебиет
  • 02 Қыркүйек, 2016

«Степняк Г.» деген кім?

Тарих парақтарын ақтарғанда

Қазақ халқының тарихындағы ұмы­тылмас оқиғалардың бірі отаршыл­дыққа қарсы бағытталған, ұлттық бостандықты көздеген 1916 жылғы көтеріліс екендігі аян. «Ұлт-азаттық қозғалыс» делік, не «ұлт-азаттық революция» делік, қалай болғанда да, ол – қорлық пен зорлыққа қарсы шыққан ашынған елдің ашу-ызасы, Ә.Бөкейхан айтқандай, «қалың елдің дариядай толқыны». Тиісінше бұл тақырып жөнінде жазылған еңбектер ұшан-теңіз және әрқилы. Г.П.Царев пен М.Т.Тукфееваның мәліметтері бойынша, 1941 жылға дейін Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс тақырыбына орыс және қазақ тілдерінде 846 кітап, мақала, қолжазба күйіндегі түрлі материалдар арналыпты. Осылардың ішінде біздің назарымызды аударған 1928 жылы Новосибирскінің (екінші кітап, 133-145 б.) «Сибирские огни» деген журналында жарық көрген «Киргизское востание в Семипалатинской губернии» деген мақала болды. Зерттеушілік түйсікті кейде шағын факт, кейде беймәлім оқиға ұзақ жолға бастайды. Бұл орайда менің қызығушылығымды туғызған да мақала мазмұнынан гөрі оның авторы «Степняк Г.» дегеннің кім екендігі еді. Себебі ол бірден Ә. Бөкейханның бүркеншік есімдерінің бірін еске түсірді. Оның үстіне Әлиханның да 1926 жылы Мәскеудегі КСРО Халықтарының орталық баспасынан А.В.Шестаковпен бірге 1916 жылғы көтеріліс туралы еңбегін жариялағаны белгілі. Екі мақаланы салыстырып көргенімізде де, біраз ұқсастықтар ұшырасты. Бірінші мақалада мынадай оқиғалар желісі баяндалады: – Қазақтардың орыс қоныстану­шы­ларына да, патша жарлығына да өшпенділігі; – Қазақтардың патша жарлығына қарсы тұруға бел байлағандығы; – Отарлық әкімшілікке қарсылық көрсету формалары; – Қазақ жүздіктерінің алдын-ала дайын тұрғандығы; – Қанды қақтығыстар, қазақтар арасындағы көптеген құрбандықтар; – Қазақтардың майданға алуды 17 шілдеге дейін, ал 21 қыркүйекте одан да ұзақ мерзімге кейінге қалдыруды сұраған жеделхаттары. – Орыс шаруалары бастығы Селез­невтің әрекеттері. Селезнев 17 шілде мен 21 қыркүйектегі жеделхаттарды ұйымдастырушы және қазақтарды армия тылындағы жұмыстарға алуға наразылық білдірудің бастамашысы болды деп айыпталды. Селезневтен Семей губернаторы түсініктеме беруді талап етеді. Әрі қарайғы баяндауда мақала авторының Селезнев ұстанымы жағында екендігі көрінеді. Ә.Бөкейхан патшаның 25 маусым жарлығын жырлаған Нарманбет ақынның «Сарыарқа» дас­танынан үзінділер келтіреді. Ал Степняк Г. «1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының көркем шығармашылығында көрініс тауып үлгерді. Қазақ халқының өміріндегі осы тарихи кезең туралы қырда жырлар, аңыздар, өлеңдер және т. б. пайда болды» дейді. Бірі (Әлихан): «Қазақ-қырғыз, өзбек, тәжік, өзге елдің патша үкіметіне қарсы соғыс ашқаны тарихтан орын алады» деп жазса, келесісі (Степняк Г.); «Киргизы (казахи –К.Е.) были смяты, много их погибло, но киргизское восстание тем не менее является выдающимся историческим фактом, оставившим в жизни степи глубокий след. Для киргиз это событие незабываемое» деп қайталайды оны. Осы секілді мәтіндік талдаулардан кейін «Степняк Г.» деген адамның Степняк Г[алихан] да, «1916 жылғы Семей губерниясындағы 1916 жылғы қырғыз көтерілісі» деген мақала осы адамға, яғни Әлихан Бөкейханға тиесілі болар деген ой негізсіз болып көрінбеді. Степняк Г. – Ә.Бөкейханның бүр­кен­шік есімі болуы керек деген ойдың жетегінде жүргелі алты-жеті жыл уақыт өтіпті. Осы мәселе жөнінде «Шығыс Қазақстан облысы қазіргі заман тарихының құжаттану орталығына» жасалған сауалыма 2009 жылдың 5 мамырында «Сибирские огни» журналында аталмыш мақала «Степняк Г.» деген есіммен қате жарияланған болар деген жауап алдым. Бұл, әрине, мені қанағаттандыра қоймады. Содан бері қарай А.Брискиннің, Г.И.Бройдо, Жантілеуов, Т.Жүргенов, С.Меңдешев, А.Миклашевский, И.Прокопюк, Т.Рыскұлов, К.В.Харлампович, А.Чулошников, Бегешов, Сарымолдаев және т.б. авторлардың еңбектеріне, бірнеше библиографиялық көрсеткіштер, естеліктерге, қолжазбаларға шолу жасалды. В.З.Галиев, К.Ш.Шалабаев және Т, В, Савельева құрастырған «Қазақстан тарихы» (2 – кітап, Алматы, 1988) деген библиографиялық көрсеткіште де «Степняк Г.» жеке есім ретінде қабылданған секілді. Ақырында 1926 жылы Қызылордада жарық көрген И.А.Чеканинскийдің «1916 жылдың шілде-қыркүйек айларында Жетісу өлкесінде орын алған қырғыз-қазақтар мен қарақырғыздардың көтерілісі (көтеріліс тарихы бойынша материалдар)» деген шағын еңбегі қолға тиіп, алғашқы нәтиже қылаң бергендей көрінді. Онда: «Семей облысындағы қырғыз бүлігі туралы» материал қазіргі уақытта Семей губерниясының мұрағатындағы істерде сақталған. Олардың кейбірін Б.Г.Герасимов «Семей облысындағы қырғыз көтерілісі туралы» деген мақаласын жазуға пайдаланған» деген жолдар ұшырасты. Ә.Бөкейханның 1916 жылғы көтеріліс туралы тағы бір еңбегінің табылатындығына іштей сенім әбден бел алды ма, кім білсін, екі ұдай пікірде қалдым; біріншіден, «Степняк Г. деген мақала авторының Б.Г.Герасимов екендігі. Сонда қалай, И.А.Чеканинский мақаланың жариялануынан екі жыл бұрын пікір білдірген?! Осы пікірін И.А.Чеканинский «1916 жылғы Орта Азия туземдіктері көтерілісінің мәселесі бойын­ша әдебиет» деген 1929 жылы «Қазақстанды зерттеу қоғамының Семей бөлімі жазбаларында» жарияланған мақаласында да қайталапты. 2000 жылы Өскеменде Б.Г.Герасимов­тың таңдамалы еңбектері жарық көрді. Бұл кітапта да Семей губерниясындағы қазақтар көтерілісі туралы мақаланың авторы – Б. Г.Герасимов делініпті. Осымен тоқтауға болар еді, бірақ күдік арылмады. Оған себеп болған 1967 жылы Новосибирскінің Батыс-Сібір кітап баспасынан жарық көрген «Сибирские огни» журналының 1922-1964 жылдар аралығындағы мазмұны еді. Кітапта «Анық­талған бүркеншік есімдер» көрсет­кіші беріліпті, бірақ онда Степняк Г. деген есім жоқ болып шықты. Тек «Атаулы көрсеткіште» «Степняк Г.» жеке есім ретінде (4740-нөмірде) көрсетіліпті. Анықталған криптонимдер тізімінде Б.Г.Герасимовтың «Сибирские огни» журналына Б.Г-в деген есіммен жазғандығы көрінеді. Жалпы оның «Сибиряк», «Очевидец», «С.Б.», «Священник отец Герасимов» деген есімдері болыпты. «Степняк Г.» деген есіммен бір-ақ рет пайдаланыпты. Журнал мазмұнының көрсеткішінде Ә.Бөкейханның есімі ұшыраспайды. Ол жағдай түсінікті де: 1928 жылы Ә.Бөкейхан үй қамақта отырды, ал журнал мазмұнының көрсеткіші жарыққа шыққан кезде (1967 ж.) ақталған жоқ еді. Осы себептен де «Степняк Г.» деген бүркеншік есім «анықталмай» қалды ма екен? Соңғы сөз Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатындағы Б.Г.Герасимовтың (1872-1937) жеке қорының (№1070) үлесіне тиді. Қыстың аязды күндерінің бірінде ол жаққа да жол тарттық. Қорда 45 іс сақталыпты. Б.Г.Герасимовтың ғылыми және өлкетанулық мақалалары мен жазбаларының тізімі 9-істі құрапты. Өз қолымен жасалған тізімде біз соңына түсіп жүрген мақаламен де кезіктік. Мойынсұнбауға шара жоқ... Сонымен, біз ойлағандай болмағанымен, «Степняк Г.» деген бүркеншік есімнің сыры ашылды, ол «Степняк Галихан» емес, «Степняк Георгиевич» екен. Мұндайда философтар «теріс нәтиже де – нәтиже» дей ме?! Бірақ қазақ халқының 1916 жылғы көтерілістегі мақсат-мұратын түсіне білген, оған ықыластық танытқан Б.Г.Герасимовтың өзі де, мақаласы да неліктен Ә.Бөкейханды еске түсіре берді? Әйтеуір бір тылсым күш ізденісімізге нүкте қоюдың асығыстық екендігін білдіріп, бізді мақала авторының шығармашылық ортасына алып жүрді.

Тұлғалар тоғысы

Борис Георгиевич Герасимовтың (1872–1937) – священник, өлкетанушы, ғалым-педагог екендігі, жалпы оның өмірі мен қызметі С.Черных, В.Н.Кашляк, О.В.Жандарбекова, Г.Н.Ибраеваның еңбектері арқылы оқырманға жақсы таныс. 1902 жылы Б.Г.Герасимов Өскеменнен Семейге қоныс аударып, мұнда Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімінде (подотдел) жұмыс істейді. 1905 жылдан Семей мұғалімдік семинариясында оқытушы болып, ол Қазан революциясынан соң осындағы кеңес-партия мектебінде және қырғыз (қазақ) педагогикалық мектебінде сабақ берді. Борис Георгиевичтің шығармашылық өмірінің сәтті кезеңі Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімінде жұмыс істеуі десек қателеспейміз. 1927 жылдың 1 қаңтарына қарай бөлімнің 102 мүшесі болды. Оларды жеке-жеке қарастырсақ, көптеген мәселенің басы ашылып, оқиға­лардың себеп-салдары анықталар еді. Жоғарыда И.А.Чеканинскийдің 1926 жылы жарық көрген еңбегінде Б.Г.Герасимов­тың 1928 жылы жарияланған еңбегіне пікір білдіргеніне күдіктене қарағанбыз. Оған негіз жоқ екен. И.А.Чеканинский Б.Г.Герасимовпен көптен таныс, Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімінде бірге жұмыс істепті, 1926 жылдың қазан айынан осы бөлімнің төрағасы да болған. Б.Г.Герасимов болса 1907-1908, 1918-1925 жылдары осы ұйымның төрағасы, 1911-1918 жылдары іс басқарушысы болып қызмет атқарған. Семей бөлімінде өлкетану­шы­лар, ғалымдар ғылыми-ағартушылық жұмыс жүргізеді. Олардың ішінде ең алдымен Әлихан Бөкейханды ерекше атауымыз керек. Ол Орыс Географиялық Қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің мүшесі ретінде біраз істердің ұйытқысы болып, қазақ тарихы және этнографиясымен шұғылданушыларға ақыл-кеңес берді. Осылардың ішінде Г.Н.Потанин (1835-1920) бірден еске түседі. 1913 жылы ол жас досы, Том технологиялық инс­титутының студенті Әлімхан Ермеков­тың шақыруымен Қарқаралы уезіне барады. Осы сапарда Потаниннің жұмысының сәтті өтуіне Әлиханның ұсыным хаты көп көмегін тигізеді. «Тоқырауын өзенінің сағасында» деген мақаласында Қарқаралы уезін таңдап алуы себебін Григорий Николаевич онда досы Әлихан Бөкейхановтың туысы тұратындығымен және оның көмегіне үміт артуымен түсіндіреді. Айтып отырғаны Әлиханның кенже інісі Смақан болатын. «Оның ағасы Әлихан Самарада тұрақты тұруы себепті бұл жазда Қарқаралыға келе алмады, бірақ хат жазып жіберіпті, соның арқасында оның достары Хасен Ақпаевпен, Жақып Ақпаев, Хасен Бижановпен және басқа адамдармен таныстым» дейді ол. Г.Н.Потаниннің Қарқаралы уезіне сапарының Семей бөлімінің қол­дауымен ұйымдастырылғаны жөнінде бөлімнің мұрағаттық жазбаларында бірер құжат сақталыпты. Солардың бірінде бөлімнің өкімші комитетінің отырысы болғандығы және Батыс-Сібір бөлімінің іс басқарушысы А.Н.Седельниковтың баяндамасында Г.Н.Потаниннің қазақ фольклорын зерттеу үшін Қарқаралы уезіне барғысы келетіні жөнінде айтылады. Сапарды қаржыландыруға 50 сом бөлу және зиялы қазақ аудармашысын іздестіру керектігі жөнінде қаулы қабылданады. Семей бөлімінің ғылыми мұрағатында Потаниннің «Қазақ өлкесі тарихы бойынша материалдар» деген құнды қолжазбасы сақталған. Аты аталып отырған А.Н. Седельниковке Қарқаралы уезін геоботаникалық тұрғыдан зерттеуі барысында да Әлиханның қолұшын ұсынғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұлар көптен бері таныс, шығармашылық байланыста жүрген адамдар еді. 1903 жылы Әлиханның А.Н.Седельниковпен бірге «Қырғыз халқының тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» деген еңбек жазғаны белгілі. А.Н. Седельников қазақ халқына құрметпен қарады, қазақ халық шығармашылығын жоғары бағалады, тіпті, қазақтарды өлкетану жұмыстарына тартуға күш салды. А.Н.Седельников Б.Г.Герасимовпен де ұзақ жылдар бойы достық қарым-қа­тынаста болды. Ә.Бөкейхан, Е.П.Михаэлис пен Б.Г.Герасимовтың бас­тарын бір арнаға ұлы Абай түйістіреді. Абайды дәріптеуде, Орыс географиялық қо­ғамы Семей бөлімі қызметінің бір бағытын ұлы ақынның шығармашылық мұрасын насихаттауға бұруда Ә. Бөкейхан қыруар жұмыс бітіреді. Тұңғыш рет ол Абай Құнанбаевтың өмірбаяны жөнінде мәліметтерді жинастырып, Географиялық қоғамның Семей бөліміне тапсырды.Бөлімде 1914 жылдың 26 қаңтарында және 1924 жылдың 27 жел­тоқ­санында Абайды еске алуға арналған екі рет этнографиялық кеш өткізілді, Абай туралы баяндама қойылды. Соңғы кеш қазақ тілінде өтті. Б.Г.Герасимовтың өзі де Абайды жақсы білген. Е.П.Михаэлис 1913 жылы қайтыс болғанда Семей бөлімі «Жазбаларында» аза хабар жазып, онда Михаэлис пен Абайдың достығын, өзінің қазақ ақыны туралы ой-пікірін білдіреді. Абайдың Семей қаласына келіп, білімін жетілдірудегі ұмтылысын жоғары бағалап, естелік жазып қалдырды. Келесі жылы (1914) «Евгений Петрович Михаэлисті еске алу» деген мақаласында Абайдың ірі талантын жоғары бағалады. Семей бөлімі «Жазбаларында» Абай Құнан­баев пен Е.П.Михаэлистің портреттері жарияланды. Географиялық қоғамның Семей бөлімі мүшелерінің еңбектері, ғылыми экспедицияларының жұмысы мен ғылыми-ағартушылық қызметі Семей қаласында болған немесе Семей өлкесі арқылы шығысқа саяхат шеккен батыс адамдарына да белгілі болып жатты. Солардың бір мысалы Семей мұражайында сақталған Б.Г.Герасимов, Свен Гедин, М.А.Гарштайн және Н.Н.Маневичтің бірге түскен суреті Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатында сақталыпты (1070 қор.1 тізбе. 40 іс.1 парақ). Б.Г.Герасимов – латын, грек, неміс, қазақ және француз тілдерін жетік меңгерген жан. Оны Ә.Бөкейханмен Е.П.Михаэлис, А.Н.Седельников, Г.Н.Потанин және басқа да түрлі ұлт өкіл­дерімен Географиялық қоғамның Семей бөлімінде етене жақын таныстырып, ортақ тіл табыстырған осы білімдарлық, қазақ халқына деген жүрек түкпірінен шыққан шын ықылас, ізгі ниет еді.

«Қазақ халқы дербес  өмір сүруге құқылы»

Б.Г.Герасимовтың жеке мұрағаттық қорына үңілген сайын Қазақ өлкесінің бір түкпірінде жүріп, жан-жақты білім алып, гуманистік көзқарастардың биігіне көтеріле білген адамның беймәлім қыр­ла­рына тәнті боламыз. Соның бір айғағы – Борис Георгиевичтің жеке мұрағаттық қорындағы «Қазақ халқының тарихы бойынша материалдар» деген қолжазбасы. Өкінішке орай, қолжазбаның бірнеше парақтары ғана сақталыпты (Шығыс Қазақ­стан облысы. 1070 қор. 1 тізбе. 11 іс.). Осы еңбектегі автордың өткен ғасырдың 20-жылдарында айтылған ой-пікірлері бүгінгі отандық тарихнаманың жетіс­тіктерімен үндесіп жатыр. «Қазақтар –рухани тұрғыдан мықты халық. Олар өз арасынан рухы биік талай тұлғаларды шығарды, мұның өзі қазақ халқының рухани әлеуетінің аса беріктігін білдіреді» деп, бірнеше есімдерді атап көрсетеді. – Қасым хан халқының басын бірік­тіруші, ерен тұлға болып табылады, мем­лекеттік терең ақыл-ойдың адамы. – Өте қызықты тарихи тұлғаның бірі – Сырым батыр. Әділдікке жүгінсек, оған қазақ халқының ұлттық батыры атағы берілуі тиіс. Ол қазақ халқын орыс тәуел­ділігінен құтқаруды армандады, қазақтарды «Түркі тайпаларының шығыс республикасы» деген бір мемлекетке біріктіруді ниет тұтты. – Орта жүз ханы Абылай ерекше тұлға. Ресей, Қытай және Жоңғария секілді көршілерінің әрқайсысы Орта жүзді өзіне бағындырғысы келді. Абылай жүргізген саясатқа қарап, әрбірі Орта жүзді өзіне ғана бағынады деп ойлады. Шындығына келгенде Абылай тәуелсіз саясат ұстанды, оның барлық іс-әрекеті қазақ халқын саяси құлдықтан аман-есен сақтап қалуға бағытталды. Сөз жоқ, Абылай ірі мемлекет қайраткері және шебер дипломат. – Абылайдың даңқынан немересі Кенесары Қасымовтың даңқы асып түсті. Ол Ресей бодандығындағы қазақ халқына саяси тәуелсіздігін қайтарып беріп, оның бір кездегі ұлылығын қалпына келтіруді мақсат тұтты. Кнесары көтерілісі мағынасыз бүлік болған жоқ. Бұл белгілі бір саяси тектіліктің негізінде өз халқын саяси тұтқыннан босатуды көздеген ыстық ықылас іспетті. Әрине, көтерілістің немен аяқталатынын Кенесары жақсы түсінді, бірақ туған халқының мүддесі үшін ол өзін құрбандыққа шалды. Сол кездің өзінде дербес өмір сүруге құқылы («имевшего право еще в те времена на самостоятельное существование») қазақ халқының саяси болашағы туралы армандаған үлкен ақыл-парасат иесі Кенесары туралы айтылар сөз аз емес. – Егер біз қазақтардың ішкі өміріне назар аударсақ, бұл халықтың ұжымдық данышпандығы көне замандардан бері азат та, халық еркі жүзеге асырылатын халықтық-мемлекеттік басқару формасын таңдап алғандығында. Ел мүддесін қозғайтын маңызды мәселелерді қарастыр­ғанда, хан халықпен кеңесетін, тек халық жиналысының тілегі бойынша ғана шешім қабылданды... Қазақ халқы хан билігіне құлша табынбаған, қайта ол өз мүддесі мен құқын қорғады, өзінің ұлттық абыройын биік ұстады. Ішкі өмірінде барлық мәселені әділеттілік негізінде шешуге тырысты. Әсіресе, бұл жағдай түрлі жанжалдарға қатысты істерді шешкенде көрінетін. Азаматтық және қылмыстық істер бойынша сот функцияларын ақылымен, шешендігімен, халықтың әдет-ғұрыптық дәстүрін жетік білуімен, тазалығымен және шешім шығарудағы әділеттілігімен ерекшеленетін халық арасынан шыққан билер атқарды. Осылайша әділеттіліктің орнауына жағдай жасалды. Мұның барлығы қазақ халқының рухани күшінің бекемдігін дәлелдейді.

Орыс зиялысының бұл сөздерін талдап жатудың керегі жоқ секілді. Б.Г.Герасимов 1937 жылы академик В.П. Обручевпен жазысқан хаттарында кеңеске қарсы астыртын қастандық ойлас­тырды деген айып тағылып, жаңа жыл қарсаңында атылып кетті. Мүмкін тоталитарлық жүйеге Борис Георгиевичтің «Қазақ халқының 1916 жылғы көтерілісі тарихтан орын алады», «Қазақ халқы дербес өмір сүруге құқылы» деген тұжырымдары түрпідей тиген шығар. Олар 1916 жылғы көтеріліс кезінде қазақ- қырғыздарды «малша бауыздап», «аңша аулағанын» (А. Брискин. В Семи Рек. Москва, 1926. С.39, 113) ерлікке балаған конкистадорларға емес, бүгінгі күні дербес мемлекет құрып, «Мәңгілік ел» болуға ұмтылып жатқан Қазақ жұртына қаратып айтылды.

Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, профессор

16825 рет

көрсетілді

41

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы