• Әдебиет
  • 02 Қыркүйек, 2016

Суреткерлік пен қайраткерлік жемісі – мәңгілік ел дамуындағы жаңа роман

Қазақ сөз өнерінің тарихындағы ХХ ғасырдың 60-90-жылдары мен қазіргі ХХІ ғасырдың басындағы әдеби үдерістегі көркем туындыларын қалың оқырман қауым ыстық ықыласпен қабылдаған көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің шығармаларын классикалық суреткерлік дәстүр аясында қарастырамыз.  Жазушының «Әй, дүние-ай!» атты жаңа романы (Жалын, 2015) да танымал жазушының сөз арқауында аталған әңгімелерінде де, повестерінде де, романдарында да оқырмандарын баурай жөнелетін суреткерлік шеберлік стилінің өзіндік мәнерімен жалғасқан, жаңаша түрлене, кемелдене толысқан болмысын танытады. 

Академик З.Қабдоловтың роман туралы ғылыми тұжырымы осы «Әй, дүние-ай!» атты эпикалық туындының поэтикалық сипатын тануымызға айқын бағдар береді: «Ал дәуірлік шындықты көркем жинақтау үшін жекелеген адам тағдыры жеткіліксіз, әр алуан әлеуметтік топтардың қым-қиғаш күрделі қарым-қатынастары, олардың мақсат-мүдделеріндегі бірліктер мен қарама-қарсылықтар, өмір тіршіліктеріндегі өзекті оқиғалар мен кезеңді құбылыстар кең қамтылып, терең тұтастырылуға, сол арқылы жалпы қоғамдық дамудың заңдылықтары танытылуға тиіс. Романның көлемі үлкен, мазмұны қат-қабат, сюжеті мен композициясы орасан күрделі болу себебі де осыған байланысты» (Қабдолов З. Сөз өнері: Оқулық-монография. – Алматы: Өлке, 2014. – 496 б.; 425-б.). «Әй, дүние-ай!» романының тақырыбы – ХХ ғасырдың 1916 жылы мен 1991 жылы арасындағы қазақ даласы тарихи оқиғаларының сипаты, идеясы – қазақ халқының отарлық зорлық-зомбылық, озбырлық жазалау қырғындары құрсауындағы аянышты тағдырының тұрмыстық-әлеуметтік шындық болмысын таныту. Романның үш бөліміндегі («Дейін», «Кейін», «Түйін») композициялық құрылымының сюжеттік бөліктері: біріншісі – 1916 жылғы Ресей патшасының қазақты майданның қара жұмысына алу жарлығы туындатқан отаршылдық қанды-қырғын оқиғалары; екіншісі – ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы Азамат соғысының дүрбелеңі, қасақана ұйымдастырылған ашаршылық апаты, саяси қуғын-сүргін қырғыны, Екінші дүниежүзілік соғыстың қазаққа түскен ауыртпалылығы; үшіншісі – 1986 жылғы қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісінің тағылымы, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жариялануы. Романдағы эпизодтық суреттеулермен және авторлық эпикалық баяндаулармен бейнеленген жатжұрттық отаршылдар-жазалаушылар – әлем халықтары және қазақ әдебиеті шығармаларында да тұрақты бейнеленіп келе жатқан басқыншылық-шапқыншылық, отарлау зорлықтарымен басқа ел халқын жазықсыз қырып-жою, қуғын-сүргінге салу арқылы қанауға, тонауға дағдыланған қанішерлік-жендеттік пиғылды жатжерліктердің жинақталған типтік бейнелері. Отаршыл орыс ұлығының Жәмеңке Мәмбетұлы, Ұзақ Саурықұлы бастаған ел ағаларын алдап «ақылдасуға» шақырып алып, кезінде би болған Тазабек батырдың немересі Әубәкірді, Асыдағы Қызылбөрік болысы Серікбайды, т.б. көрнекті адамдардың бәрін қамап тастағаны, түрмеде Жәмеңкені дәрі орнына у беріп өлтіргені, түрме қамауындағыларды темір есіктің тесігінен атқылап қырғаны, фон Берг бастаған жазалаушылар отрядының бейбіт-бейқам отырған немесе көшіп келе жатқан қазақ ауылдарының адамдарын өлтіріп, үйлерін өртегені, малдарын айдап кеткендері, қыздарды, әйелдерді зорлағаны, екіқабат әйелдерді кескілегендері, Қытайға қарай боса қашқан қазақ ауылдарын шекараға жеткізбеу үшін қуалап атқылап жазалағандары, т.б. бәрі де романдағы отаршыл жатжұрттықтардың зұлымдық-жендеттік әрекеттерінің реалистік суреттелуімен оқырманның көз алдына айқын елестетіледі. Мысалы, романның басты кейіпкері Шәйінің (жеңгесі Жүзіктің атауынша Жібек) әке-шешесін, ағасын, туған үйінің адамдарын орыс жазалаушыларының қалай қырғаны кейін келген кейіпкерлердің көруімен суреттелген: «Таңға жуық тәтті ұйқының кезінде өртеген болу керек шаңырақтың шоғы әлі сөнбепті. Тілеулі мен Әжікенді, қырғыз оташыны үлкен үйде, Ағынтай мен бір ұлы, бір қызын отау үйде әуелі өлтіріп, артынан өртеп жіберіпті. Тігерге тұяқ қалдырмай малды айдап әкеткендеріне қарағанда, көп адам келіп, қорықпай, аспай-саспай істеген» (Нұржекеев Б. Әй, дүние-ай!: Роман. – Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2015. – 328 б.; 87-б.). Роман кейіпкері Шәйіні зорлау әрекетін жасаған, олардың орыс досы Кобзевтің қарындасы Валяны зорлап қорлап өлтірген, бейғам-бейбіт қазақ ауыл­дарын өртеп, адамдарын өлтіріп жүрген бұзық-қанішер екі орысты басты кейіпкер Тазабек іздеп жүргенде жазалаушы отаршыл солдаттардың жазықсыз қазақтарды қорлап өлтіргендерін суреттеулері де романның идеялық желісіндегі жатжұрттықтардың мазағына, қорлауына ұшыраған қазақ трагедиясын айқындай түседі: «Қарақолға баратын күре жолдан қырық-елу қадам шетте теңкиіп өліп бір әйел жатыр. Омырауы күл-талқан, етегі түрілген, жалаңбұт. Бірі бозбала, екіншісі әлі сәби – екі ұлы екі жағында өліп жатыр. Үшеуінен әріректе он екі-он үш жасар баланың басын қылышпен қақ айырыпты. ...Бір атаның тұқымы осылармен тыйпыл болды ма, кім біледі?» (Нұржекеев Б. Әй, дүние-ай!... 92-б.). Ал роман кейіпкері орыс қызы, қазақ әндерін тамылжыта шырқайтын Софьяның (қазақтарша Сопыйаның) өзі қалап қосылған жары Қожақтың қорлап өлтірілгенін роман кейіпкері Тазабектің көруімен суреттеу де отаршыл-жатжұрттықтардың жауыздықтарын дәлелдей түседі. Роман композициясындағы қазақ трагедиясы суреттелетін тағы бір көрініс – отаршылдардың қырып-жойған жазалауларынан боса қашып, Қытай мемлекетіне қарасты Шығыс Түркістан өлкесіне (қазіргі Шыңжаңға) өтуге жанталасып жатқан халықтың аянышты хал-ахуалы. Романның идеялық-көркемдік желісіндегі халық трагедиясының әлеуметтік-психологиялық сипатының реалистікпен дәлелденуін танытатын аянышты көріністер бас­ты кейіпкер Тазабектің азаматтық-отаншылдық рухты көзқарасымен бағалауы аясында баяндалған: «Қазақ пен қырғызды қосақтап қуырып жатқан қазан шұңқыр осында екен. Орыстар артынан қуады, қытайлар одан әрі өткізбейді. Пішпектен, Қарақолдан қашқан қырғыздың көбі малсыз, үйсіз. Оранған киімінен өзге не бас­панасы, не үстінде лыпасы жоқ. Киіз жамылған кемпір-шалмен теріге оранған бала-шағаны, бұта-бұтаға жүн-жұрқа жауып, соның астын паналаған қатын-қалашты көргенде Тазабектің төбе шашы тік тұрды. Жайсыз, күйсіз жұрт жалаңаш ағаштай жұтаған. Аштан қырылғанша жыбырлай тұратын көбі – аз күннің ғана адамы. Бұларға не қытайдың, не орыстың жаны ашымайды. Бұралқы иттен бетер бейнет тартқан халық. Иесі де жоқ, елі мен жері де жоқ. Жанашыры да жоқ. Не көкке ұшып кете алмайды, не жерге кіріп кете алмайды. Ешкімге керексіз. Қазақ пен қырғызды кіріптар қылып, қалмақтың тілеуін құдай беріпті. Тау арасынан тұтқиыл шыға келіп шабуылдайды екен. Малын айдап, әдемі қыз-келіншегін өңгеріп әкетеді екен» (Нұржекеев Б. Әй, дүние-ай!...104-б.). Романдағы қазақ халқының осылайша ғасырға жуық жатжұрттықтардың (орыс, қалмақ, қытай, қоқандық, хиуалық сарттар) отаршылдық, басқыншылық-шапқыншылық әрекеттерінен қырылған, қашып-босқан тағдырындағы рухани серпілуі, халықтық-азаматтық, ұлттық рухпен жігерленуі, қайраттануы шешуші жігерлі іспен есе-кек қайтару қимылдары да болғаны тарихи шындық аясында қамтылған. 1916 жылғы маусымдағы Ресей патшасының әділетсіз жарлығына қрасы Қарқарадағы Айтөбеге жиналып Жәмеңке Мәмбетұлы, Ұзақ Саурықұлы, Әубәкір Тазабек батыр немересі, Серікбай болыс, т.б. ел азаматтары бастаған көтерілісшілердің жатжұрттықтарға қарсы күресуге анттасқандары тарихи дерек негізінде баяндалған. Роман кейіпкерлері (Өмірәлі, Тілеуке, Тазабек, т.б.) бастаған көтерілісшілердің жазалаушыларға шабуыл жасағаны, Тазабектің аңдып жүріп ақыры әйелі Шәйіге зорлық әрекетін жасаған, елді қырған екі қанішер орысты өлтіргені, әйелі Шәйіні, қарындасы Жәмешті байлап әкетіп зорлаған дәу қалмақты қамшымен ұрып мәңгілік мүгедек еткені – бәрі де күрескер, жаңа буын ұрпақтардың ақырында тарих сахнасына шығатынын мегзейді. Романдағы күрескер қайсар қазақ рухын танытумен даралана мінезделген Тазабектің отбасына, ағайынына, сол арқылы туған елімізге – қазақ халқына қызметі мағыналы іс-әрекеттермен дәлелденген. Атап айтқанда, оның Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен жазылатын жазумен оқытатын мектеп ашуы, өзі мұғалім болып балаларды оқытқаны жаңа күрескер қазақ ұрпақтарын дайындау мұратының бастама көрсеткіштері тұрғысында баян­далған. Тазабекті өзі қамқорлық жасаған бір орыстың атып өлтіруі арқылы қазақ халқының жасаған жақсылығына тек жамандық жасауымен келе жатқан жатжұрттықтардың опасыздық-көзқамандық қылықтары дәлелденген. Әпербақан белсенді орыс Сергейчуктің үлкен інісінің баласы атынан құлап мер­тігіп жатқанында оны үйіне жеткізіп салған Тазабектің адамгершілік қызметі осылайша өзі қамқорлық жасаған сол орыстың атып өлтіруімен бағаланған. Романның басталуынан аяқталуына дейінгі барлық бөліктерде тарихи кезеңдер талқысына ұшыраған басты кейіпкер Шәйі – қазақ тағдырының көркем жинақталған тұлғасы. Жиырма төрт жасында күйеуі Тазабек жауыз орыстың оғынан қаза тауып, үш перзентімен (Оралбек, Гүлсән, Кеңесбек) жесір қалған Шәйі 1932 жылғы ашаршылықтың қасіретін («Ашыққан адамды ақыл емес, ашыққан сезім билейтін болуы керек. Шәйі өзі көрмесе де адам етін жегендер болды дегенді талайдан естіді») де көреді. Аштықтың салдарынан қазақтардың тағы да Қытайға үдере көшкенін, балалардың көп қырылғанын көрді. Бүкіл қазақ халқын қырғынға ұшыратқан 1932 жылғы аштықтан кейін де халықпен бірге талай ауыртпалықты басынан өткереді. 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста ұлдары Оралбегі, Кеңесбегі майданда қаза тапты. Оралбегінен қалған екі ұлын, Кеңесбегінің әйелі Айнагүлдің жолдан тапқан қызын баққан Шәйі ананың қазақ әйелдері бас­тарынан өткерген тарихи тауқыметтер талқысы ортасындағы тағдырын көреміз. «Әй, дүние-ай!» романында аталған кезеңдер оқиғаларының әлеуметтік-психологиялық сипаты аясында басты кейіпкер Шәйінің және оның күйеуі Тазабектің әдеби көркем бейнелері тағдыр талқысына негізделген өмір философиясы заңдылықтармен тұлғаланған. Романның жанама кейіпкерлері (Шәйінің әкесі Тілеулі мен шешесі Әжікен, ағасы Ағынтай мен жеңгесі Жүзік; Тазабектің әкесі Өмірәлі мен шешесі Қадиша, қарындасы Жәмеш) де эпикалық шығарма композициясындағы сюжеттің басталуы, дамуы бөліктеріндегі даралана мінезделген реалистік келбеттерімен бейнеленген. Олардың отбасылық-әулеттік ортаның халықтық тәлім-тәрбиелік дәстүрін берік сақтаған мінез-құлық психологиясы да адамгершілік-имандылық ұлағатын танытады. Романдағы жанама кейіпкерлер құрамындағы орыс адамдары Кобзев те, Софья да отаршыл жазалаушы билік иелеріне қарама-қарсы мінез ерекшеліктермен дараланған. Кобзев – қандай халықтың әлеуметтік ортасында болса да, бәрімен де татулықпен, ынтымақтастықпен, қайы­рымдылықпен өмір сүретін адамдардың көркем жинақталған тұлғасы. Роман құрылысындағы сюжеттік бөліктерде Кобзевтің өзіндік отбасылық тұрмысын берекелі етіп өмір сүріп, қоңсылас қазақ жұртымен өзінің достасып қайырымдылық жасаған іс-әрекеттермен (Тазабекті өзіне өкіл іні, өзін оған өкіл аға етуі, Тазабекке үш бөлмелі үйі мен қора-жайын сыйлап бергені, Табай мен Жүзіктің отбасына материалдық қамқорлық көмек жасағаны, Тазабек қаза тапқаннан кейін ашаршылық жылдарында да Шәйіге қамқорлық көмегін аямауы, т.б.) мінезделген. Жазушы романның идеялық желісіндегі қазақ тағдырының жалпыадамзаттық гуманизммен астасуын да осы Кобзев, Софья бейнелері арқылы дәлелдеген. Жазушының эпикалық баяндауымен Кобзевтей орыс адамының Жер бетіндегі халықтардың бауырласып өмір сүруіне негіз болатын үздік көрсеткіш екендігін, хакім Абай жырлаған («Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп») жалпыадамзаттық гуманизммен үндестігін айқындайтын тағылым айтылған: «Жер бетінде жақсы адам көп болса, жақсыны аңсап неміз бар, кез келгенімен көңіл жарастырып кетпейміз бе? Орыстың бәрі Кобзевтей болса, он алтыншы жылы қазақты орыс қасқыр шапқан қойдай қырар ма еді? Бәрі адамның ала-құлалығынан. Тазабекті дәл Кобзевтей бірде-бір қазақ жақсы көрген жоқ шығар. Екеуінің соншалық бауырлардан бетер сыйласуында не сыр бар екенін бір Құдай білмесе, басқа ешкім білмейді. Өлгеннен кейін де өзгермей сыйлау туған бауырдың да қолынан келе бермейді» (Нұржекеев Б. Әй, дүние-ай! ...287-б.). Қазақты өзіне дос-бауыры еткен осы Кобзевтің де екі ұлы, бір немересі майданға кетіп, немересі ғана балдақ ұстап оралғанына, өзінің де, кемпірінің де дүниеден озғанына оқырман да қайғыра ортақтасады. Ал романның басталуында атақты ақын Көдек Маралбайұлымен (Байшығанұлымен) бірге қазақ әндерін («Бұл дүние – арман дүние», «Сырғалы еркем», т.б.) Қарқара жәрмеңкесінде шырқағанда «Таза орыс екенін әйгілеп тұрған түрі демесең, қыздың киім киісі, дауысы, тіпті жүріс-тұрысы – бәрі қазақы. Орыстың қызы қазақша ән айтады, қазақтың дәл бүйтіп жақсы көреді дегенге, көзі көрмесе, көңілі сенбес еді» (Нұржекеев Б. Әй, дүние-ай! ...8-б.) деп бейнеленген осы кейіпкер орыс қызы Софьяның – Сопыйаның өз өлеңін әндете шырқағаны да халықтар арасын байланыстыратын арулар жан ділін дәлелдейді: Жайлайды Іле бойын албан, суан, Қуғаны қысы-жазы қызық думан. Қытайға бас сауғалап босып жатыр, Орыстың озбырлығы – бәрін қуған!

Болғанмен затым – орыс, жарым – қазақ, Ол тартқан маған да ортақ мұң мен азап. Орыстан қазақ қашса, мен де қашам, «Қазақтың келіні», – деп қылар мазақ (Нұржекеев Б. Әй, дүние-ай! ...78-б.). Романның кейіпкері Софья – Сопыйа – қазақты қырған орыс жендеттерін айыптаушы сол халық өкілінің көркем шындықпен сомдалған тұлғасы. Қазақ халқына келін болғандарға да, жомарт көңіліміздің қамқорлығын көргендерге де ортақ адамгершілік-имандылық тұжырымын айтқан оның арнау-монологы да шынайылығымен баурайды: «Мына қырылып жатқан өліктердің қасында тұрып өтінемін: мені бұдан былай орыс демеңдерші! Бүгіннен бастап мен қазақпын. Қожақ қабылда десе, мұсылмандықты да қабылдаймын. Қазақтың келінімін. Қожақтың қатынымын. Албанмын. Софья да емеспін, Сопыйамын» (Нұржекеев Б. Әй, дүние-ай! ...60-б.). Бұл – тегі орыс адамының қазақтық рухты құрмет тұтуының көрінісі. ХVIII-ХХІ ғасырлар белестерінде қазақтың жігіттеріне ғашық болған, тұрмысқа шыққан талай басқа ұлт өкілдері қыздарының жүрек сөзінің көрсеткіші. «Дудар-ай» ән-өлеңінің автор-кейіпкері Мария Егоровна Рыкинаның, Алаш зиялылары-қайраткерлері жарларының (Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Әуезов, т.б.), кейнгі толқын ақын-жазушыларымыздың, қоғам қайраткерлерінің (Надежда Лушникова, Зейнеп Ахметова, Асылы Османова, т.б.) және байтақ даламыздың өңірлеріндегі қарапайым халық ортасындағы қазақ ұрпақтарын дүниеге әкелген өзге ұлттар (украин, неміс, татар, ұйғыр, өзбек, кәріс, т.б.) аруларының түптұлғалық негізділігі де осы роман кейіпкері Софья – Сопыйа бейнесі арқылы дәлелденген. Фәни дүниедегі тоқсан жылдан асқан ғұмырында пенделерге тән іс-әрекеттердің бәрін де атқарған бас кейіпкер Шәйінің бақи дүниеге кетер сәттегі күрсінісі қазақ халқының қуанышы да, қайғысы да қатарласқан тағдырындағы тарихи ұлы жаңалығының сипатымен сабақтастыра, баламалана бейнеленген. Жазушының «Темір өзек кемпірдің қайта тірілгеніне дәрігер қауымы да қатты қуанды, әрі қатты таңғалды. «Бұл кісінің жаны жай темір емес, шын темір екен» десті» (Нұржекеев Б. Әй, дүние-ай! ...325-б.). Бұл аштықтан, қуғын-сүргіннен, соғыстан мыңдап, миллиондап қырылса да, жұқанасы-жұрнағы қалса да, Жер бетіне шашырап кетсе де Құдайдың құдіретімен Қазақстанның Тәуелсіздігі жариялануы мен сондай халге ұқсас өмір мен өлім ортасындағы сәл есін жиған Шәйінің немересі Нұрлыбектің қуанышты хабары әлеуметтік-психологиялық егізделген поэтикалық тәсілмен берілген: – «Әже, бүгіннен бастап біз Тәуелсіз мемлекет болдық! – А-а? – Тәуелсіз, жеке ел болдық. Бүгін Қазақстанның тұңғыш Президенті Назарбаев Тәуелсіздігімізді жариялады. – Уһ! – деді кейуана кәдімгі сау кісіше күрсініп. Тозығы жеткен радионың үніндей қырыл-сырылды бәрі естіді: – Құд-дай бар екен ғой! Үстінен ауыр жүк түскен адамша Шәйі жайбарақат көзін жұмды... Тоқсан бір жыл бойы бір кеудеде бір-бірімен арпалысып келген қуаныш пен қайғы кеудеде бір сәтте бірге тынышталды» (Нұржекеев Б. Әй, дүние-ай! ...326-б.). Бұл – демі бітіп енді өлі мүрдеге айналу алдындағыдай хал-ахуалдағы қазақ тағдырының кенет Тәуелсіздікке жеткен сәтіндегі тірілердің де, өлілер рухының да қуаныш пен қайғы қатарласқан ауыр тағдыр тақсіретінен бір сәт тыным алуының поэтикалық баламасы. Ai Dunie-aiКөрнекті жазушының «Әй, дүние-ай!» романының әлеуметтік-психологиялық сипатындағы қазақтың халықтық көр­кем­дік-эстетикалық дүниетанымын танытатын халықтық мақал-мәтелдер де суреткерлік тәсілмен үйлесімді қолданылған. Мысалы: «Адамның ашуы көбейген сайын, ақылы азая береді», «Жақсының бір аты бар залым деген, жаманның бір аты бар момын деген», «Ел құлағы - елу», «Орнында бар оңалар», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Үміт өлмейді», «Құдай өзі берген жанын өзі алады», «Ашу ақылды азайтады», «Судың да сұрауы бар», «Көппен көрген ұлы той», «Ит үреді, керуен көшеді», «Екі жарты – бір бүтін», «Сақтықта қорлық жоқ», «Жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі», «Екі ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады», «Сенгеніңнен сүйенгенің мықты болсын», «Алтын көрсе періштенің жолдан тайғаны», «Құдай да сақтансаң сақтайды», «Білмеген у ішеді», «Сый қылсаң сыпыра қыл», «Сыйласқанға жат жақсы», «Ағайын жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң көре алмайды», «Пікір ішіңде өлгенше, сыртында талау болсын», «Қара жердің өлгені – қар астында қалғаны», «Өлгеннің артынан өлмек жоқ», «Ағаның үйі – ақ жайлау», «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды», т.б. Жазушы Бексұлтан Нұржекеев – сөз арқауындағы романында да, шығар­ма­шылық ғұмырындағы барлық туындыларында да сюжеттік-композициялық желілердегі эпикалық баяндауларының, кейіпкерлер монологтарының, диалог­та­рының құрылысында өзіндік афоризмдік қолданыстарымен ерекшеленетін ойшыл қаламгер. «Әй, дүние-ай!» романында да эпикалық туындыдағы тарихи-этнографиялық, халықтық-философиялық дүниетаным негізіндегі ойшылдық тұжырым­дарымен шығарманың компо­зи­циясындағы әлеуметтік оқиғаларды көркемдік жинақтау, кейіпкерлерді психологиялық мінездеу мұратындағы суреткерлік тәсілдерін шеберлікпен жүзеге асырғаны байқалады. Жазушы­ның романдағы афоризмдері – халық­тық дүниетаным аясындағы өмір филосо­фия­сының өрнектері. Романның сюжеттік-композициялық желілеріндегі кейіпкерлердің кескін-келбеттерінің (портреттерінің), табиғат құбылыстары пейзаждық суреттерінің бейнеленулерінен жазушының тілдік қолданыстарындағы көркем кестеленген мағыналы өрілімдері айрықша байқалады. Романның құрылысындағы қазақтың эстетикалық дүниетанымының өнернамалық көрсеткіштері әнші-композитор кейіпкерлерінің (Софья – Сопыйа, Қапез, Пішән), халық ортасы өкілдерінің орындауымен берілген ән-өлең мәтіндері де шығарманың көркемдік шырайын айрықша ажарландырып тұр. Басты кейіпкердің 90 жас ғұмыры мен ХХ ғасырдағы қазақ халқы тағдырындағы тарихи кезеңдер оқиғаларының жалқы мен жалпы тұтастығындағы әлеуметтік-психо­логия­лық сипатпен бейнеленуі жазушының өзіндік шеберлік тәсілін дәлелдейді. Өмір философиясы ауқымындағы көркем шындық поэтикасымен уақыт пен кеңістік оқиғаларын мейлінше жинақтап бір роман көлеміне сыйғыза бейнелеу туындының тарихи-дәуірнамалық эпопеялық тұғырнамасын айқындайды. Романның тілдік қолданыстары, сөй­лемдерінің құрылымдық жүйесі қазіргі оқырманның түсінуін, қабылдау психологиясын баурайтын мәнермен жазылған. Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романының әлеуметтік-психологиялық желісінен оқырмандарының ішкі жан ділі әлемінде атойлап тұрған ұлттық-отаншылдық, сыншыл азаматтық көзқарас басты назарға алынғаны да айрықща байқалады. Романның негізгі идеялық-композициялық арқауы және көркемдік түйіні – қазақтың ата-бабалық меншікті кең байтақ атамекенінде Тәуелсіз Халық, Ұлт болып, өзін-өзі басқарып өмір сүруі. Әлем өркениетіндегі қалыптасқан осы әлеуметтік-халықтық мәселенің жатжұрттық отаршыл мемлекеттің өктем озбыр, қанқұйлы саясаты салдарынан қазақ халқы ХХ ғасырда қырғынға, ашаршылыққа, саяси қуғын-сүргінге, әлеуметтік кемсітушілікке және тағы басқа отаршылдық, шовинистік-тоталитарлық басқару жүйесінің құрсауымен өмір сүрді. Жазушының осы романы жазғанға дейін ХХ ғасырды ң 20-90-жылдарындағы қазақ халқының әлеуметтік трагедиялық хал-ахуалы туралы жарияланған сыншыл, тарихи-танымдық көсемсөздік мақалалары («Тарих билікпен емес, білікпен танылмақ», 1989; «Қасіретті күндердің бір белгісі», 1989; «Отар ма едік, әлде қатар ма едік?», 1992; «Қазақ қай кезде күшті?», 1999; «Президент», 2000; «Қазақ тарихына билік айтатын Могильный ма? Шостакович және соған қуанатын қазақтар туралы», 2007; «Тілге құрмет – елге құрмет», «Тіл заңдылықтарын сақтайық», «Тілдің заңы әр тілдің өз заң­дылығынан туу тиіс», «Кеудемізге ұят ұяласа екен!», т.б.) да суреткер-қалам­гердің отаншылдық-қайраткерлік тұлғасын халқымызға даралай таныта түскен-ді. Жазушының бұдан да басқа әдеби сынға, мәдени мұраға, қазақтың тарихының өзекті мәселелеріне арналған қоғамдық-әлеуметтік тақырыптардағы мақалалары да үздіксіз жарияланып келеді. Демек, көркем шығармалары мен көсемсөздік мақалаларындағы суреткерлік, қайраткерлік ойлары тоғыса келе, Қазақстанымыздың – Отанымыздың Тәуелсіздігі дәуіріндегі әдебиетін кемелдендіре түсетін, тарихи негізділігі тиянақты, романтизм мен реализм көркемдік әдістері тұтастығымен өрілген классикалық дәстүрдегі әлеуметтік-психологиялық жаңа көркем романы – жазушының қазіргі қазақ сөз өнері үдерісіндегі озық туындысы. Қорыта айтқанда, суреткерлігі мен қайраткерлігі тұтасқан көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің бұл жаңа романы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Мәңгілік Ел оқырмандарына арналған шығармашылық тартуы. Сондықтан ХХ ғасырдың 60-жыл­дары мен қазіргі ХХІ ғасырдағы жаңа тарихымызға ұласқан кезеңде шығармаларының барлығы да мыңдаған, миллиондаған оқырмандарының ыстық ықыласын иеленіп келе жатқан нағыз халық жазушысы тұғырындағы суреткер қаламгердің «Әй, дүние-ай!» романы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуы – халық ықыласының мерейлі мәртебесі.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымының докторы, профессор, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты

4097 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы