• Әдебиет
  • 02 Қыркүйек, 2016

Академиктің ұстазы болған Күніш Хасанқызы биыл 102 жасқа толып отыр

Ғасырдан артық ғұмыр кешу, әрі осынша ұзақ өмірді өзі үшін ғана сүрмей, халқы үшін, кейінгі ұрпақ үшін бойындағы асыл қасиеттерін, күш-жігерін сарқа жұмсау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі.  Алматы қаласының тұрғыны Күніш Хасанқызы Ахмедова осындай ұзақ жасаған сүйегі асыл қарияларымыздың бірі, әрі бірегейі. Көп жасаған, әрі көпті көрген апамызға ауданымыздың ең қарт тұрғыны ретінде жиі барып, саулығын біліп, ол кісінің өмір сапарында кездескен қиындықтар мен қызықтарға толы әңгімелерін тыңдап қайтамыз. 

Таңғаларлығы сол, өткен өмірі туралы айтудан жалықпайтын апамыз бір айтқанынан ешқашан жаңылмайды және айтулы күндерді күні бүгінге шейін ұмытпайды. Күніш ападай ерекше жанның романға жүк болатын ұзақ ғұмырын шағын мақала арқылы болса да көпшіліктің білгенін қаладым. 1914 жылдың 22 наурызында Гурьев, қазіргі Атырау облысы, Теңіз ауданының Керсе деген аралында бүгінде 102 жасты артқа тастағанына қарамастан, ақыл-есінен жаңылмай, өзгеге салмақ салмай өмір сүріп отырған Күніш апамыз дүниеге келген екен. Бес жасынан бастап ауыл молдасынан, кейінірек ауыл мектебінен оқып, хат таныған жалғыз перзентінің бойындағы білімге деген ерекше құлшынысын жазбай таныған анасы 1926 жылы Астрахань қаласындағы «Нариман» атындағы мектеп-интернатқа орналастырады. Тумысынан зерек, алғыр қыз осы жерде оқып жүріп, 1930 жылы комсомол қатарына қабылданады. Оқу-білімге деген құштарлығының жетегімен сол жылы Гурьев қаласындағы педагогикалық техникумға түсіп, оны 1934 жылы бітіріп шығады. Бірақ оқуын бітірмей жатып, яғни 1932 жылдан бастап еңбекке араласады. Түске дейін техникумда оқып, түстен кейін Исаев атындағы қазақ мектебінде оқытушы болып жұмыс істеген Күніш апа ұстаздық қызметті 1943 жылға дейін атқарыпты. Осы ретте ол кісінің кезінде белгілі заңгер, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Салық Зимановқа мектепте мұғалім болып, сабақ бергенін айта кеткеніміз орынды. Салық Зиманұлы ардақты ұстазын әрдайым құрметтеп, ол туралы шәкірттік ізетпен, ілтипатпен әңгімелеп отыратын. 1943 жылы Батыс Қазақстан облысының Каменск (Тасқала) аудандық партия комитетінде әйелдер бөлімін басқарады. Соғыс кезіндегі жанкешті еңбегі үшін, 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденімен және 1941-1945 жылдары «Ұлы Отан соғысында неміс фашистерін жеңгені үшін» медалімен марапатталған. 1946-1948 жылдары Бөрілі аудандық партия комитетінде қызмет атқарады. Білім қуып Алматы қаласына келген апамыз 1948-1950 жылдары екі жылдық жоғары партия университетіне түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Ерекше қабілетімен көзге түскен Күніш Хасанқызы 1956-1960 жылдары Алматы қаласының Фрунзе, қазіргі Медеу ауданы атқару комитетінің төрайымы қызметін атқарады. Оның басшылығымен Фрунзе ауданы үлкен табыстарға жеткен, көшелері тазаланып, орталық көшелері асфальтталып, тұрғындар электр жарығымен қамтамасыз етіледі. Осы және де басқа ерен еңбектері ескеріліп, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. 1960-1968 жылдары Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып бекітілген Күніш апа білім, денсаулық мәдениет пен спорт салаларын көтеруге аянбай атсалысқан. Қалалық кеңестің төрағасы Ахмет Әділов Күніш апаға халыққа пәтер бөлу жұмысын сеніп тапсырады. Мұндай аса маңызды тапсырманы да ойдағыдай орындайды. Күніш апа заманы­мыздың заңғар ұлы Димаш Қонаев, Ахмет Әділов, Мәсімхан Бейсебаев сияқты ұлы тұлғалармен қызмет бабында жиі-жиі кездесіп тұрған. Ол кісілер Күніш апаның еңбекқорлығын, жұмысына беріліп, өзіне жүктелген тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты атқаратынын жоғары бағалаған. 1968 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер ретінде демалысқа шығады. Мәсімхан Бейсебаев пен Ахмет Әділов Күніш апаны қайта жұмысқа шақырып, қалалық атқару комитетінде жаңа ашылған «Еңбек ресурстарын пайдалану» бөлімінің бастығы етіп тағайындайды. Бұл жұмысты да 1973 жылға дейін абыроймен атқарады. 23 жыл бойы ауданның көркеюіне аянбай үлес қосқан Күніш Хасанқызының осы еңбектері ескеріліп, 1964 жылы үшінші орден – «Құрмет белгісі» орденіне, көптеген медальдар мен құрмет грамоталарына ие болады. 22 жыл халық депутаттары қалалық кеңесінің, Фрунзе аудандық Кеңесінің, Алматы облыстық кеңесінің депутаты, қалалық, аудандық партия комитеттерінің бюро мүшесі, 1960 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде мүше болып сайланады. Жолдасы Шарапиден Қожамұратов ІІМ-ің еңбек сіңірген қайраткері, милиция полковнигі болып қызмет атқарған. Шарапиден аға мен Күніш апа екі қыз тәрбиелеп өсіріп, екеуі де ғылым жолын қуды. Людмила Шарапиденқызы медицина ғылымының докторы, профессор, кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Светлана Шарапиденқызы биология ғылымының докторы, профессор, Алматы технологиялық университетінің биотехнология кафедрасының меңгерушісі болды. ҚР-ның үздік оқытушысы. Бүгінде Күніш апаның үш немересі, төрт шөбересі бар. Бір ғасырды артқа тастағанына екі жыл өтсе де өзін-өзі күтіп, бала-шағасына ауыртпалық салмауға тырысатын қасиетті қарияның туған күні де ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына тұспа тұс келеді екен, 22 наурыз күні 102 жасқа толған Күніш апа Хасанқызының қысқаша өмір тарихы осындай. Біздің бүгінде тыныштықта, бейбітшілікте өмір сүруіміз үшін және еліміздің өсіп-өркендеуі үшін аянбай үлестерін қосқан мұндай қарияларымызға қандай құрмет көрсетсек те артық емес.

Жұмагүл ӘМІРЕЕВА, Медеу ауданы әкімдігінің қызметкері

Алматы

1780 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы