• Тұлға
  • 22 Қыркүйек, 2016

Дархан Әбдуахит, «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі: Мақсатымыз – сапалы дүниелер ұсыну

– Дархан, Сізді «Хабар» арнасының эфирінен көріп жүргенімізге бірашама жыл болды. Еңбек жолыңызды осы арнадан бастадыңыз ба? – Еңбек жолымның алғашқы баспал­дақтарынан А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің бірінші курсында оқып жүргенімде өттім десем болады. «Жас қазақ» атты журналға жазып жүрдім. Одан кейін Қостанайдың облыстық радиосында музыкалық бағдарлама редакторы, «Қостанай таңы» газетінде штаттан тыс тілші болдым. Ал «Хабар» арнасына келуіме Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Балтабай Сейтмамыт пен жұбайы Ләззат ­Сапахова себепші болды. – Президенттік тілшілер қосынында жұмыс істедіңіз. Оның артықшылығы, қызығы мен қиындығы туралы не айтасыз? – Мұндай қызметтің жауапкершілігі өте жоғары. Шапшаңдықты талап етеді. Сол бір шақта журналист ретінде шыңдалдым. Ел, жер көргенім бір бөлек, кәсіби тұрғыда жетілдім. Қазір де сол тәжірибемді қолданып келемін. – Журналистиканың барлық сатысынан өтіпсіз. Апталық-сараптамалық «Жеті күн» бағдарламасын да жүргіздіңіз... – «Жеті күн» апталық-сараптамалық бағдарламаның редакторлығында жүргеніме үшінші жылға аяқ басты. Қазір хабарды Ринат Думанұлы әріптесім жүргізуде. Оның өз харизмасы, өз жүргізу тәсілі бар. Дегенмен, бағдарламаның продюсерлік қызметіндемін. Жобаның онан әрі сапалы ақпарат таратуы үшін барымызды салудамыз. Оқырман қауым байқаған болса, бағдарлама бағытында көптеген өзгерістер орын алды. Ең бастысы – көрермен көңілінен шықсам дейміз. – «Бетпе-бет» бағдарламасының тізгіні сізге тиіпті. Мұндай сұхбат жанрындағы бағдарлама барлық арнада бар. «Хабардың» «Бетпе-беті» олардан несімен ерекшеленеді? – Сұхбат жанры маған таңсық емес. «Хабар 24» арнасында «Кабинет» деген бағдарламаны жүргіздім. «Бетпе-бет» – «Хабардың» қабырғалы бағдарламасы. Келе салып, оны жаңартамын, өзгертемін деуден аулақпын. Өйткені оның өз беделі, салмағы бар. Мен сол салмақты, маған дейінгі ағалардан қалған, қалыптасқан бағытты сақтасам деймін. Ол да үлкен жауапкершілік. Қазір халыққа түсіндіретін тақырыптар өте көп. Сондықтан сұраққа толы әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелердің басы-қасында жүрген, хал-ахуалды жұртшылыққа талдап, түсіндіріп бере алатын бірінші басшыларды, яғни министрлерді, әкімдерді студияға шақыруды жоспарлап отырмыз. – «Хабар 24» арнасында өзіңіздің «Бес реформа» атты бағдарламаны жұртшылыққа жақсы таныс. Бұл жоба мемлекет тапсырысымен дайындала ма? – Иә, бұл өзімнің авторлық бағдар­ламам. Бес реформа жарияланып, оны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» бекітілгеннен кейін осы мәселені халыққа қарапайым тілмен түсіндіру туралы ой келді. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап практикалық кезең басталды. Әр қадамның керектігін айтып, олардың іске асуын көрерменге жеткізіп, нәтижесінде бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатқанына иландыра алсам, еңбегімнің жанғаны дер едім. – Балалық шағыңыздағы арманыңыз қандай еді? – Бала күнгі арманым біреудің мүд­десін қорғайтын адвокат болу еді. «Жур­налист болам» деген нақты шешімді он бірінші сыныпта қабылдадым. Оған себеп, мектептің соңғы жылында облыстық газетке тырнақалды өлеңдерім жарияланды. Сонда талантты жастардың басын қосқан «Таза бұлақ» қоғамдық қорының жетекшісі Ғайнижамал Бердалинова есімді апай 250 шақырым жердегі ауылда жатқан маған «іздеу салып», аудан арқылы тауып, мүшәйрадан орын алғанымды айтып, Қостанайға шақыртты. – Қазір өлең жазасыз ба? – 2000 жылдың 7 сәуір күнін ешқашан ұмытпаймын. Облыстық газетке үш өлеңім қатар шықты. Студент шақта көп жастар секілді өлең өрдік. Кейін дамыта алмай қалдым. Қазақстанның Халық ақыны Әсия Беркенованың өнер мектебінде тәлім алдым, ұстазымның үмітін ақтамағаныма қазір іштей қынжылам. Ол кісі өнердегі ғана емес, өмірдегі ақылшым. Жастайымнан айтыстарын көріп, тыңдап өстім. Әсия апа «Біреуге жақсылық жасай алмауың мүмкін, ал біреуге жамандық жасамау қолыңнан келеді» дейтін. Осы ұстанымнан айнымаймын. – Басқа телеарнадан ұсыныс түссе... – «Хабарда» қаламын... – Рақмет. Сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Мақпал Бақытбек

1917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы