• Әдебиет
  • 22 Қыркүйек, 2016

Чемпионын қарсы алды

Жуырда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде осы оқу орнының түлегі, Рио олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичеваны қарсы алу салтанатты жиыны болып өтті.

Чемпион қызды университеттің ректоры Динар Нөкетаева бастаған оқу орынның ұжымы мен студенттері, спортшы қыздың ұстаздары гүл шоғымен, зор қошеметпен қарсы алды. Университет ректоры Карина Горичеваны айтулы жеңісімен құттықтады. «Каринаның жеңісі – Қыздар университетінің және барлық қазақстандықтардың жемісі!» деп атап өтті. Арулар ордасының жазғы алаңында сән-салтанатымен өткен шара барысында ел намысын қорғаған спортшы қызға жеңісіне тарту ретінде университеттің тегін оқыту сертификаты – Ректор гранты тапсырылды. Ол енді психология мамандығы бойынша білім алатын болады. Өз кезегінде Ректор грантының иегері атанған Карина Горичева ерекше құрметпен қарсы алған жанкүйерлеріне, үлкен ілтипат пен қошемет көрсеткен барша қауымға шексіз алғысын білдірді. «Жылы кездесуге, құрметтеріңізге үлкен рахмет! Мен олимпиадада Сіздердің үлкен қолдауларыңызды сезіндім. Сүйікті шаңырағыма үлкен алғысымды білдіремін. Қыздар университеті – ТМД елдеріндегі жалғыз университет емес, әлемдегі үздік университет. Биылғы жылы Рио олимпиадасында қола, 2013 жылы Қазанда өткен Бүкіләлемдік универсиаданың күміс жүлдесін алдым, енді, Токиода өтетін олимпиадада алтын сыйлауға уәде беремін!» деді. Айта кетейік, әйелдер ауыр атлетикасының флагманы атанған Қыздар университетінен Карина Горичевамен қатар, Майя Манеза, Маргарита Елисеева сынды кіл мықты спортшылар тәрбиеленіп шықты. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен дүбірлі додаға қатысқан Қыздар университетінің түлегі Маргарита Елисеева олимпиаданы бесінші орынмен аяқтаған болатын. Тұңғыш рет Олимпиада ойындарына қатысқан Маргарита Елисееваның алар асуы әлі алда деп сенеміз. Мерейлі күннің шаттыққа толы шарасы Карина Горичеваның жеңісі құрметіне арналған мерекелік концертпен жалғасты. Онда «Томирис» би ансамблі, елімізге белгілі әншілер Гүлнұр Өмірбаева, Ырғынбек пен Бақытнұр Меденовалар, жас әнші Ақтоты Төлеуғалиева әсем ән-бимен жырдан шашу шашып, барша қауымға көтеріңкі көңіл сыйлады. Шара соңында олимпиада жеңімпазы студенттерге өз қолтаңбасын беріп, естелік суретке түсті.

Ж.Сәрсенова Алматы

1414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы