• Әдебиет
  • 22 Қыркүйек, 2016

Қырман басындағы қызықтар (Әңгіме)

Нұрдәулет АҚЫШ

− Жігіттер соя берсін. Ал біз... кішкене күте тұрайық, – деді Қабылқайыр. − Күткені несі?– деп үркектей үн қатқан Әрсе. – Сомадай-сомадай болып күтіп тұрғанымыз жараса ма? Онан да, давай, күресейік. − Не дейді? «Күресейік» дей ме мына мәртеше? Қырарсың, ойбай... – деп Қабылқайыр мелжемді денесін селкілдете қозғап, ал кеп сылқылдай күлсін. Өйтетін жөні де бар. Ол өзі ауыр денесін асықпай баппен алып ірі жігіттің саусақтарын шошайта көрсеткені – арықтығы асып кеткен әрі тәйпиген аласа Әрсе. – Сорлы-ау, мен сені сол қолымның шынашағымен бір-ақ мыжи саламын ғой. Ауыр да, қауырт жұмыстың арасында қара терлері шығып жүріп-ақ, әзіл-қалжыңнан арылмайтын ауыл адамдары ғой, сөз қамшысын оңды-солды сілтесіп, тұрғандар бір жырғасып қалысты. Егін жинау науқанына жан-жақтан жұмылдырылған жұрт бір серпілсін деген болулары керек, колхоз басшылары қырман басына әкеліп жылқы сойғызып жатыр екен. Мені қойторысына міңгестіріп алған әкем бағана бір шаруамен осылай қарай беттеген. Алтыншы класты бітірсем де, қырман дегенді әлі дұрыстап көрмеген басым бұтымның қажалғанына қарамай шыдап бақтым емес пе. Баз бір балалар үшін қызықсыз болуы да мүмкін, бірақ осында көргендерімнің бәрі маған таңсық. Біз келгенде егінжайда жүзген ком­байн­дардың қабатында қатарласқан жүк машиналары шнектен тамшылаған бидайды құйдырып алып жатты. Қо­раптары толғандары қырманды маң­дайға алып, қызыл сары алтын дәнді бел­гіленген жерге сау еткізіп төгіп тастайды. Үйілген астықтың бір шетінде селкілдеп бидайды аспанға атып тұрған бидай ұшырғыш машина. Ағаш күрек­теріне тыным бермей жатқан қырманшылар, бір жақ шетте тамақ ішетін асхана маңында да кіріп-шыққан жұмысшылар. Қыза қайнап жатқан қауырт қимылдар да жылқының сойыла бастауына орай осылайша бір сәт дамыл тауыпты. Сонан жұрттың кеу-кеуімен Әрсеге де күресетін пар табыла кетті. Онысы ана жолы біз үйінде отырғанда төбенің сылағы мойнына құйылып кеткен үлкен жасыл көзді, қызыл шырайлы Кеңесхан деген жігіт. – Ал қара күш! Бір-ақ бұра. – Ой, қайдан бұрасын, майшелпекпен күресіп жатқан жоқ па? Мен майшелпекке бәс тігем. – Маған бәрібір, қай жеңгені менікі, – десіп, қырман басында жүргендер күрес алаңын лезде қаумалай қоршап та үлгерді. «Майшелпек» дейтін себебі – Әрсе бөлімшеде есепші ме әлде қоймашы ма, әйтеуір ауыл деңгейіндегі сондай бір жауапты қызметте. Сырт пошымы «Майшелпек» атауына онша үйлесіп тұрған жоқ, жұқалаң өңі әжім-әжім. Қолындағы қара папкасын біреуге ұстата салған Әрсе тайынар емес, Кеңесханды шыр көбелек айналдырып әкетіп барады. Жұртпен бірге делебесі қозып кетті-ау деймін, мыжырайған көне қалпағын қисайта киіп алған әкем де: – Іштен шал. Ой іштен шалып, бір-ақ бұрамаймысың, – деп өзінше айқайға қиқу қосып жатыр. Бірақ осы сөзін кімге айтып жатқанын басқалар аңғармаса, мен онша түсіне алмадым. – Әй, бұл тәштектердің күрескені қызық болады екен, – деп қояды тағы біреуі. Сонымен әлгі жұлқыласу аяқталған­нан кейін: – Әй, жігіттер, осы Бәбеңді күрестірсек қайтеді?– деген бір жайсыз әңгіменің шыға қалғаны. − Шалды күрестіріп... Қой, ұят болар. − Ұят ештеңесі жоқ. Әлгінде бөренені қозғаған кезде күшін байқадыңдар ма? Шалың әлі тың. − «Іштен шал! Іштен шал!» деп тұрған осы Бәбең емес пе? Давай, күрестірейік. Мен үшін жайсыз болатыны – жет­пісті орталаған қарт әкемді мына ерік­кендердің ермек еткісі келгені. Со­ны­мен ұрыста тұрыс жоқ дегендей, қызық көргісі келген жұрт Бәбеңе қарсылас етіп Алпысбай деген кісіні шығарды. − Әй, қойсаңдаршы, мен Бәбеңнен кішімін. Оның үстіне... – деді Алпекең қашқалақтап. − Немене оның үстіне? − Бәбең бізге құда болып келеді. Не көрініпті?.. − Әйда, давай! Құдамен күреспесін деген заң жоқ, − деп, Қабылқайыр бастаған жігіттер тықақтап әкетіп барады. Шегінер жері жоғын білді ме, Бәбең шапанының шүберек белбеуін айналдырып ағыта бастады. − Бәбе, шешпеңіз. Қайта беліңізден мықтап байлап алыңыз! – деп ықшам денелі, қағілез Әрсе атамның о жағынан бір, бұ жағынан бір шығып, қолды-аяққа тұрмай кетті. − Жігіттер, ал давай! Мен Бәбең үшін бәстесем. Ол кісіге секундант болып жүргенім сол. Біреулер Алпысбайды қолпаш­тап, күреске дайындауға кірісті. Әкем Бәбихан – орта бойлы, дембелше денелінің нақ өзі. Жал тұмсық, кішірек көзді, астыңғы ерні салпиғандау, күн мен желге тірідей қақталып, күреңденіп алған қара шал. Алпысбай болса, ар­биған сүйекті, кесек тістеріне шанжау-шанжау сирек сақалы үйлесіп тұрған мосқал адам. Екеуін ұстастырып, айнала жүгіріп жүрген – сол баяғы Әрсе. – Әй, қойсаңдаршы, кәрі адам­дардың бір жерлері майып болып жүрер, − деген қырманбасының ескертуі жанкүйерлердің айқай-шуының қаба­тында құмығып қала берді. Шал-шауқандар да күреседі дегенді бұрын-соңды кім естіпті, аузымды ашып қарап тұрмын. Алдымен екеуі де тұрған орындарында бір-бір жұлқысып, ырғасып алды. Қанша айтқанмен жастау ғой, Алпысбайдың қимылы шапшаң, тірескен кезде үлкен қой көздерінің ағы көбейіңкіреп, бір түрлі ежірейіп кетеді екен. Бір рет ырғап қалған кезде, атамды тәлтіректетіп те жіберді. Қаумалай қоршап тұрған жан­күйерлер: − Иә, аруақ! − Дәулетбай! Дәулетбай! − Қожан бабамның аруағы қолдай гөр! – деп, бір-біріне есе бермей, айқай-сүреңді салды дейсің. Дәулетбай – біздің жетінші атамыз, атақты Қаракерей Қабанбайдың жақын інілерінің бірі. Ал Қожан болса Дәулетбайдың әкесі Сатымен бірге туысқан кісі екен. Ұрпақтары негізінен ауданымыздың өр жағындағы «Шілікті, «Қазақстан» колхоздарында тұратын көрінеді. Бір кезде Бәбең белінен қысып ұстаған күйі қарсыласын жерден көтеріп алған сәтте шу тіпті үдеп кетті. Қалай екенін білмеймін, атам солға қарай сәл бұрыла беріп, қисая құлады. Бұрқ ете түскен шаңнан жұрт ненің не болғанын аңғарып үлгермей де қалып еді. Сөйтсек, жұмарлана жығылған екі дененің үстіндегісі Бәбеңдікі болып шықты. Қимылы шапшаңдау қарсыласын сол екі арада астына қарай қалай басып үлгергені тіпті де айқын емес. − Таза жеңіс! – деп шырылдай айқайлаған дауыс, әрине, Әрсенікі. – Айттым ғой шалың мықты деп... Күшпен алды. Алпекеңнің әдісіне қараған жоқ... Екі-үшеуі жабылып, балуан шалдарды сүйемелдеп, орындарынан тұрғызып жатты. Әрсе тіпті өзі жеңгендей болып, орнында бір-екі секіріп те алды. Сонан кейін кәнігі арбитрдей Бәбеңнің оң қолын лып еткізіп жоғары көтерді. – Бәсімді бер! – деп Алтынбек сияқты жігіттерді дігерлетіп әкетіп барады. Кеу-кеулеп күреске итермелегені­мен, ұйымдастырушылар жүлде жағын мүлде қаперге де алмаған екен, «Ата, мынау жеңгеніңіз үшін» деп ырым жасап жатқан ешкім жоқ. Күрес аяқталғаннан кейін, еріккен жұрттың төңкеріле жылжығаны – жаңағы жылқы сойылып жатқан жақ. Дабырласып тұрған жұртқа ішкері жақтан командировкаға келген орыс шоферлері де қосылды. Оларды таң қалдырған – қазақтардың жылқы етін жейтіндігі ғана емес, сол жылқыны қалай соятындығы да. Сол арада сөзден сөз шығып, Қабылқайыр: − Жылқы сойғанды айтасың, мен тіпті осының етін шикілей жеймін, − деп салды. Орыстардың бірі, мұны бөсіп кеткендікке балады білем: − Да, бросьте вы!.. – деп, қолын бір-ақ сілтеді. Ауылдастары Қабылқайырдың сөзін растап, қолпаштап алып бара жатқан соң, әлгі орыстың: − Егер сен жылқы етін жесең, мен тірі балықты жұтып қоямын, − деп шыға келгені. Қабылқайыр қалыңдау еріндерін ашып, ыржия кетуге бейім тұратын ақ көңіл жан. Жұмысшы қауымының жуан ортасында жүрсе де, көзі ашық, өмірдің алдыңғы қатарынан көрінетін азамат. Әлгілермен орысшаласып жүргеніне қарағанда бұл тілде сөйлегенде де майпаңдатып жіберетін сияқты. – Давай, Қабылқайыр, қайтпа! – деп, оны қайраушылар молайып кетті. «Сонда бұл немеге балықты қалай ұстап береміз» деген әңгіме шыға бастап еді, оның да мәселесі оңай шешілді. Орыстардың аулап, шелекке салып қойған балықтары бар болып шықты. Қырманның үстіңгі жағынан белдеу­лей ағып жататын Қара тоғанның балықтары майда шабақтар болушы еді, ал мыналардікі әжептәуір ірі. − Әй, ана қазысынан жіңішке­леп тіліп бере қойшы, − деді Қабылқайыр қасапшы жігіттердің біріне. Айтыл­ғандай етіп тілінген қазының үстіне ол аздап тұз септі де, үлкен аузын аңы­райтып аша берді. Сол кезде тамашалап қарап тұрған орыстардың бірі боқ­танып, енді бірі шетке қарай құнжың ете қалысты. Лоқси ыңыранғанына қарағанда, мына жылқының етін шикідей жеген қазақтың қылығынан әлгі орыстың жүрегі көтеріліп кетіпті. Шикісін былай қойып, пісірген етін де ауызға алмайтын жануардікі емес пе? − Туземцы! Настоящий бабай! − деп, боқтана күңкілдейді. Кезек өскемендік шоферға келді. Біреу қасына балық салынған шелекті әкеліп, дайындап қойған екен. Солардың ішінен бір кішілеуін таңдап алды да, бәсекелесуші жігіт алақанында толқи қозғалған балықты аузына қарай икемдей берді. Қоршап алғандардың барлығы «Мұнан өткен қызық бола ма?» дегендей, сығалай қарасып, уда-шу. − Басымен жұтты. − Құйрығы бұлғаң ете қалды, − десті таңырқаған жұрт. Бәстесушілер осылайша бір де бір болып, сөздерінде тұрды. Айқайлап, шуласып гүжілдесіп кеткен топтың қандай пәтуаға келіп жатқанын да түсіну қиын. Гу-гу сөзден ұққаным – бәстескен екі жақ та мақсаттарына жеткен. Ендеше екі жақ та бәске қойылған арақты ортаға қоюлары керек. Енді біреулері «Екеуі де жұтам дегендерін жұтты... Ендеше, бір де бір... Ештеңе қоймасын, осымен расчет» десіп жатты. − Жігіттер, − деді әлден уақытта жыл­қы сойғызып жатқан кісілердің Маман отағасы. – Мына Бәбең жаңа кү­ресте жықты ма? − Жыққанды былай қойып, алып ұрды ғой. − Ендеше, неге бәйгесін бермей­сіңдер? Адамды күрестіріп алып, сондай бола ма екен? Оның үстіне шал адам. Ендеше, мына жылқыдан бір кесек етті қияйық. Бала-шағасымен бір қаужасын... Сөйтіп, Қайырбай бұлағы басында жалғыз үй отыратын жазғы мекенімізге олжалы оралдық.

18715 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы