• Тіл
  • 22 Қыркүйек, 2016

Ұлттық сана дүр сілкінген күн

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, академик, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті

Қазақ тілінің қалай мемлекеттік тіл мәртебесін алғаны күні бүгінгідей көз алдымызда. Ол оңайлықпен келген жоқ. Талай талас-тартыс болды. Өйткені тілдің тағдыры - қазақтың тағдыры еді. Тегеурінді қарсылықтарға да ұшырастық. Әйтеуір, түбі қайыр. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Енді алдымызда сол жетістікті баянды ету, іске асыру міндеті тұрды. Бұған қоса елдің көңіл күйі де, рухы да түлеп, үлкен қозғалысты қажет етті. Сол жылы академик Әбдуәли Қайдаровтың бастамасымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылған еді. Содан бері тіл майданында толассыз күрес жүргізіп келе жатқан «Қазақ тілі» қоғамына да 25 жылдан асты. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 20 жылдығына арналған конференция Астана қаласында 2009 жылдың 22 қыркүйегінде өтті. Ал 25 жылдығымызды өткізуге алдан шыққан дағдарыс мүмкіндік бермеді. Әйтсе де, қоғам жұмысын тоқтатқан жоқ, күрес жалғасуда.

Тіл үшін күрес бұрынырақ басталған. Билік басына М.Горбачев келгеннен кейін «қайта құру» деген науқан басталған еді ғой. Соған орай қоғамда азды-көпті ашық пікірлер бой көрсете бастады. Сонымен бірге 1986 жылғы Қонаевтың орнынан алынып, Кольбиннің ел басшылығына тағайындалуы да жұртшылықтың наразылығын тудырды. Елдің ересек қауымы іштерінен тынды да, алаңға жас­тар шықты. Қазақ жастарының дүмпуі бүкіл Кеңес Одағын шарпып, ақыр соңында алып империяның күйреуіне алып келді. Міне, сол қазақ жастарын алаңға алып шыққан ұлттық намыс, ел тәуелсіздігі, ана тілінің мәселесі болатын. 1988-89 жылдардағы майданға бергісіз оқиғалар әлі күнге естен кетпейді. Республи­каның басшылығына Колбин келіп ұлттық мүдделер қыспаққа алына бастаған сайын қазақ зиялылары сана биігіне көтеріле түскен еді. Бұл кезде Ұлттық Ғылым академиясы, Жазушылар одағы ана тіліміздің тағдырын сөз еткен келелі жиындар мен басқосулардың мекеніне айналды. Қазақ баспасөзі мен ақпарат құралдары ұлт намысын қозғайтын ойлы материалдар бере бастады. Егемендікке жетелейтін бұл іс-әрекеттердің де басты мәселесі тіл болатын. Әлденеше жыл бойы толассыз жүргізіліп келген орыстандыру саясатынан арылудың бір жолы қазақ тіліне еркіндік әперіп, оған мемлекеттік мәртебе беру екені жөнінде пікірталас өрбіді. Тілші қауым арасында да бұл мәселе қызу әңгімеге айналды. 1988 жылдың қазан айының бір күнінде Тіл білімі институтының сол кездегі директоры, академик Ә.Қайдаровтың жұмыс кабинетінде басқосу болды. Күн тәртібінде бір-ақ мәселе. Ол қазақ тілінің бүгінгі халі және оны сақтап қалу мен дамытудың жолдары. Бұл жөнінде академик қысқаша түсініктеме берді де қазақ тілін қазіргі мүшкілдіктен шығару үшін оны бүкіл халық болып қамқорлыққа алу қажет, ол үшін елдің басын ұйыстыратын бұқаралық ұйым керек. Яғни Қоғам құрсақ деген ой тастады. Бұған әріптестеріміздің көбі тосырқай, үрке қарады. Ал жастар жағы бірден қолдау көрсетті. Міне, осы сәттен бастап Қоғам құру қамына кірісіп кеттік. Бұл майданға қазақ зиялыларының көбі араласты. Тіпті ауыл-ауылдағы қарапайым еңбек адамдарына дейін үн қосты. Ал біз оқу орындарына, түрлі мекемелерге барып, қазақ тілін мемлекеттік тіл етудің маңызын түсіндірумен болдық. Газет, журналдарға күн құрғатпай ұлттық сананы биіктетер материалдар жариялауды ұйымдастырдық. Сондай-ақ ел құлағына ерте жететін радио хабарларын тұрақты түрде жүргізіп отырдық. Ол хабарларға жер-жерден қолдау хаттар келіп жатты. Онда Қазақстанда бір ғана тілдің, яғни қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуға хақысы бар екені жан-жақты дәлелденіп жатты. Және осы келелі іске бас-көз болатын бұқаралық ұйымды тез арада құру қажеттігі сөз болды. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, еліміздің тәуелсіздігін жариялауы оп-оңай шешіле салған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, тәуелсіз елдің тәуелсіз тілі болу қажеттігі туралы күрес егемендіктен әлдеқайда бұрын басталған еді. Ә дегеннен мемлекеттік тілді мәртебелендіру мәселесін қозғаған «Қазақ тілі» қоғамы да дүниеге осылай келген. Сөйтіп, 1989 жылдың 20-21 қазанында тұңғыш құрылтайда Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Қоғам құрылмастан бұрын Қазақстанда қай тілді мемлекеттік тіл етеміз деген мәселе төңірегінде көп талас-тартыстар түйіні Г.Колбин алдында болған арнайы комиссияның басқосуында шешілген еді. 26 адамнан құрылған бұл комиссия бұған дейінгі пікірлерді сарапқа сала келе, академик Ә.Қайдардың қайсарлығының арқасында «Қазақ ССР-інде мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болу керек» деген түйінге тоқтады. Қазақ ССР-інің сол кездегі Жоғарғы Кеңесіне сайланған халық қалаулылары өздерінің ел мен тіл алдындағы перзенттік парыздарын адал орындап, 1989 жылы 22 қыркүйекте Тіл туралы тұңғыш заңымызды қабылдады. Онда қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып таңбаланды. Бұл халқымыздың егемендік пен тәуелсіздік жолындағы күресінің алғашқы жеңістерінің бірі болатын. Қоғам бірден-ақ қанатын кең жайып, Қазақстанның барлық өңірінде өзінің жергілікті ұйымдарын құра бастады. Қалалық, облыстық, аудандық, ауылдық ұйымдармен бірге ірі мекемелерде біріккен комитеттер ұйымдастырды. Ел арасында тіліміздің өрісін кеңейту жолдарын тынымсыз насихаттады. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде Қоғам ел алдында бедел алып, халықтық қозғалысқа айналды. Әсіресе, Тіл заңы мен Мемлекеттік бағдарламаның іске қосылуына Қоғам қосқан үлес өлшеусіз. Елдің санасын оятуда, ұлттық рухты көтеруде баспасөздің ерекше маңызға ие екендігі белгілі. Осыған байланысты біздің де әуелгі қолға алғанымыз баспасөз болды. 1990 жылғы наурыздың 22-інде республикалық «Қазақ тілі» қоғамының үні ретінде өмірге келген «Ана тілі» атты үнқағазымыз содан бергі аралықта республикамыздағы таралу мөлшері көп беделді басылымдардың қатарына шықты. Тіл тағдырын ту етіп отырған бұл басылымды кешегі Ахмет Байтұрсынов шығарған «Қазақ» газетінің рухани жалғасы деп айтуға әбден болады. Бұдан бөлек «Қазақ тілі» қоғамының жер-жердегі ұйымдары мен бөлімшелері шығарған мерзімдік ақпарат құралдарының саны 30-дан асып кетеді. Бұлардың бәрі де қоғамдық пікір қалыптастыруда, ұлттық жадымызды жаңғыртуда елеулі қызметтер атқарып келді. Жалпы қазақ тілінің 1989 жылы мемлекеттік тіл мәртебесін алуы, «Қазақ тілі» қоғамының құ­рылуы қоғамдық пікірге айрықша ықпал беріп, ұлт­­тық сананың дүр сілкінуі ел тәуелсіздігіне алып келді десек, артық айтқандық болмайды деп білеміз. Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайын өткізу идеясын көтергендердің бірі – «Қазақ тілі» қоғамы болатын. Өзге қоғамдық ұйымдармен бірге мұны ұйымдастырудың басы-қасында «Қазақ тілі» қоғамы болды. Сол кезеңдерден бері толассыз жүргізіліп келе жатқан тіл майданы әлі тоқтаған жоқ. Тілге байланысты қабылданған әрбір құжаттың астарында осындай күрестер ізі жатыр. Өйкені тәуелсіздіктің басты шарттарының бірі – тіл тәуелсіздігі деп білеміз. Сондай-ақ Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын мемлекеттік деңгейдегі аса ауқымды істі қолға алған іргелі, көп тармақты қоғамдық ұйым деуге де болатыны анық. Өйткені Қоғамның жарғысын алғаш Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы бекітті. Бастапқы жылдары, атап айтқанда 1993 жылға дейін мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып келді. Қоғамға Тіл туралы заң мен мемлекеттік бағдарламаны іске асыру міндеті артылды. Алайда Қоғам арнайы ресми мемлекеттік мекеме болмағандықтан, бұл міндетті ойдағыдай атқаруы мүмкін емес еді. Бұл іс кейіннен Қоғамның ұсынысы бойынша құрылған Тіл комитетіне жүктелді. Мұның өзі Тіл туралы арнайы заң қабылдағанымен, тіл саясатын тиянақты, жүйелі жүргізуге тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетіміздің өзі дайын болмағандығын немесе мүмкіндігінің шектеулі екендігін көрсетеді. Соның салдарынан еліміздің тіл саясаты белгілі бір уақытқа дейін ғылыми түрде негізделместен, сол тұста қоғамда орын алған ахуалға орай стихиялы түрде жүргізілді. Тіл комитеті ашылғаннан кейін барлық облыста тіл басқармалары құрылды. Бұл шаралар мемлекеттік тіл саясатының пәрменді жүргізілуіне айтарлықтай серпін беріп отырғанын ашып айтуға тиіспіз. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін еліміз не атқарып келе жатыр дегенге келсек, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілінің мәселесі Елбасының назарынан ешқашан тыс қалып көрген жоқ. Мысалы, ана тілімізді ардақтау мақсатында 25 жылдың ішінде Елбасы бірнеше жарлық, өкімге қол қойса, Үкімет мемлекеттік тілді өркендету тұрғысында 20-дан аса қаулы қабылдапты. Арнайы Заң, мемлекеттік бағдарлама бар. Тіл комитеті, облыстық тіл басқармалары қызмет етті. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде елімізде 883 қазақ мектебі ашылыпты. Аралас мектептерді санамағанда еліміздегі барлығы 7 721 мектептің ішіндегі 3 788 мектеп таза қазақ тілінде білім береді екен. Бұдан бөлек елімізде қазақ тілінің оқыту жүйесін жетілдіру мақсатында 16 аймақтық, 15 қалалық, аудандық тіл орталықтары ашылған. Елбасы бұндай оқу орталықтарының санын 150-ге жеткізуді тапсырды. 2005 жылы мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген қаржы мен бүгінгі қаржыны салыстырып қарасақ, арасы жер мен көктей. 2005 жылы 133 миллион теңге қаржы бөлінсе, 2008 жылы мемлекеттік тілді дамытуға 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген екен. Міне, осының өзінен-ақ көп жағдайды аңғаруға болады. Мұның бәрін айтып отырғаным, қалай бол­ғанда да ілгерілеушіліктердің бар екендігін көрсету. Дегенмен, қазақта «жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөз бар. Қол жеткен нәтижелеріміз тілім, елім деген асыл азаматтардың намысқа шауып, жан-жақтан тіл мәселесін тұрақты көтеруінің, табандылық танытуының, мәселені Елбасының түсіністікпен қабылдауының арқасы. Қазір айтуға оңай. Әрбір қазақ мектебін ашу, қазақ тілін мемлекеттік тіл ету қаншалықты күшке түскені жұртшылықтың жадынан шыға қоймаған болар. Бұл бағыттағы істерді тоқтатуға болмайды. Жалпы еліміз тіл мәселесіне қатысты асығыс, үстірт шешімдер қабылдамай, алысқа, болашаққа бағытталған салмақты саясат ұстанып келеді. Елбасының ұлт, ел тағдырына қатысты қабылдаған кейбір соны шешімдерін жұртшылық бастапқыда байыбына бара алмай, тосырқап қабылдағанымен, жылдар өткеннен кейін оның дұрыстығына көздері жетуде. Мұның бәрі де уақыт өте келе өз жемісін беріп жатыр. Есіңізде болса, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдің қазақ тіліне деген талпынысы қандай еді. Тіпті өзге ұлт өкілдерінің өзі балаларын жаппай қазақ мектептеріне бере бастап еді ғой. Сол кездегі үкіметтің әйгілі қаулысы, Конституциямызға орыс тіліне қатысты енгізілген бап жұртшылықтың көңілін су сепкендей басқан жоқ па?! Бұл жағдай көп адамның қазақ тілінен теріс айналуына алып келді. Біз соның зардабын әлі тартып жатырмыз. Сондықтан мәселені Конституцияның 7-бабын қайта қарау қажет деп төтесінен қоятын кез жетті. Мемлекеттің өзі мемлекеттік тілге қатысты заң талабын орындамағаннан кейін, қарапайым халықтан не сұрайсыз?! Заңды ең алдымен заң шығаратын орынның өзі орындауы керек. Біздіңше, қазақ тілінің өркен жаяр өрісі – қазақ мектептерін көбейтудің ең дұрыс шешімі осы болмақ. Егер, жағдайды осы қалпында қалдыра беретін болсақ, істеп жатқан ісіміздің ешқандай нәтижесі болмайды. Бұл мәселе алдымыздан үнемі қайталанып шығады да отырады. Сондықтан елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің адымын аштырмайтын қолдан қалыптастырылған тұйық шеңберден шығудың осындай жолын таңдап, тиісті шараларды жедел қолға алуға тиіспіз. Ал орыс тілінде оқып жатқан қазақ балаларына келетін болсақ, балаларын орыс мектептеріне апарып жүрген халықты кінәлаудың реті жоқ. Ел ұлттың бас көтерер адамдарына, мемлекеттік билікке қарайды. Ойын да, бойын да соларға қарап түзейді. Биліктің тілі орысша болса, ұлт зия­лылары немерелерін орыстілді мектептерге беріп жатса, қарапайым халық оларға еліктемей қалай тұрсын. Елге айтар сөзі бір басқа да, ісі бір басқа болып отырған зиялылардың өзі сенбеген нәрсеге халықты қалай сендірмек болып отырғандарына таңым бар. Сондықтан елдің бас көтерер адамдары өз дерттерінен өздері арылғандары жөн. Елбасының лингвистикалық комиссияның алдына келіп, емтихан тапсыруы – мемлекеттік тілге деген, Қазақ еліне деген құрметі. Ел басқарамын деген адамның сол елдің мемлекеттік тілін білмеуі қаншалықты қисынды? Мұндайды тек отаршыл елдер өз бодандарына ғана қолданатыны белгілі емес пе? Сондықтан президенттіктен үміткерлердің мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы табиғи жағдай, солай болуы тиіс дүние деп қараймын. Ал Елбасының қазақ тілін қаншалықты меңгергені – көпшіліктің көз алдында. Оған алып-қосар жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің өзге мемлекет­тің тілінде қызмет жасауын қай қисынға жат­қызарымды білмей отырмын. Бұл әлемнің ешбір елінде кездеспейтін жайт. Біздің сорымыз. Соған жол беріп, көніп отырған халықтың әлсіздігі. Елге тұтқа болар деген көзі ашық зиялылардың жалтақтығы. Сөз жоқ, қазақ тілі Қазақ елінде барынша ба­сым­дыққа ие болады. Бұған сенімім кәміл. Ал тілде қалыптасу, болу-толу деген болмайды. Өйткені тіл – жанды құбылыс. Халықпен бірге жасап, бірге дамып, бірге түлеп отырады. Сондықтан тілге қа­тысты атқарылар шаруа, бітірер іс ешқашан тәмамдалмайды деп білемін.

2498 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы