• Тіл
  • 22 Қыркүйек, 2016

Қыркүйек

Қазақ күнтізбесі бойынша жыл он екі айдың жетінші, ал қазіргі григориан күнтізбесінің тоғы­зыншы айы – қыркүйек болып саналады. Қыркүйек күнтізбелік жылдың 30 тәуліктен тұратын күз мезгілінің алғашқы айы. Әдетте қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады. Жаңбыр жауып, түнде шөп басына шық түседі. Бұл айда шуақты, тымық күндер де болады. Далада ұзыннан-ұзақ мизамдар шұбатылады. Бұл табиғат амалын халқымыз «мизам шуағы» деп атайды.

Есепшілер қыркүйектегі ауа райы­на қарап, алдағы қыстың қандай болатындығын болжап топшылаған. Шуақты күндер көп болса, яғни мизам шуағы ұзақ тұрса, алдағы қыс жұмсақ, жайлы болады деп күтілетін. Осы айдың ерекшелігі халық аузында былайша суреттеледі: Құстар ұшып үдере, Мизам түсе көшеді. «Күндерге енді түндер де Теңеледі», – деседі. Арайлана ай туып, Қыркүйекте құлпырар. Салмақтанып су тұнық, Байлық артқан қыр тұрар. Қыркүйектің қызыл желі – Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының көр­сетуі бойынша, Сүмбіленің суы­ғы­нан кейін болатын жел (Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 9 том. – Павлодар, 2006. 366 бет, – 5 б.). Қыркүйек айының атауы мал шаруашылығына байланысты туғаны белгілі. Малшылар қой мен ешкінің төлдеу мерзімін жылдың жылы айларына келтіру, малдың қоңын толықтыру мақсатында жаздың басында қошқарлар мен текелерге күйек байлайды. Байланған күйек тоқсан күннен соң алынып, аталық малдар еркін жіберіледі. Сол себепті қазақтар күйек ағытатын мезгілді «қыркүйек» деп атаған. Көне жырларда: Үш ай тоқсан болғанда, Құтылар қошқар күйектен, Ел күйекті шешіпті, Есепші айтты десіпті, – деп айтылса, Нысанбай жырау былайша толғайды: Ай үш тоқсан күні еді, Шаруа шешкен күйегін. Қыркүйек атауын ғалымдар жан-жақты қарастырған. Мәселен, профессор Ербол Жанпейісов күйек сөзінің түп-төркінін негізге ала отырып, этнографиялық мәні тұрғысынан былайша тұжырымдайды: «Қыр күйек – саулықтар мезгілді уақыттан бұрын ұрықтанып қалмау үшін қошқардың беліне бауырын жаба байлайтын етек киіз» (Жанпейісов Е.М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының тілі. – Алматы, 1976. – 165 бет, 106 б.). Қыркүйек айы ғылыми зерттеулерде түрліше орын алып жүр. Куфтин оны григориан күнтізбесі бойынша сентябрь десе, В.Радлов октябрь айы­на балайды. Біздіңше, Радловтың тұжырымы дұрыс. Себебі өзі қыр­күйегі, яғни қырда күйек алу туралы болса, онда сентябрьде күйек алған мал марттың басында төлдей бастайды. Мартта туған қозыны қазақ «арамза» дейді. Мал баққан қазақ дайын қорасы жоқ заманда – мартта малын төлдетпеген. Ендеше, қыркүйек айын октябрьге балаған жөн сияқты. Қыр елі октябрь айының аяғында қошқарға байлаған күйекті алып тастайды. Айдың аты осы әрекетпен байланыс­ты. (Әбутәліп О.М. Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері. автореферат. – Алматы, 2008. – 26 б.). Кейде осы (яғни, қазан) айдағы амалды «бозқырау», «боқырау» деп атайды. Бұл алғашқы қыраудың түсуіне байланысты айтылса керек. Қошқар, сен құркүйектен ажырадың, Қошқар, саулық қосылып қожырадың. Қиналмай қыстан аман шыға қалса, Отжақпаста саулықтар қозылайды – деген өлең жырлары да жоғарыда кел­тірілген пікірді қуаттай түседі. Себебі бұл жырдағы «отжақпас» сөзі көк­тем­нің бел ортасы, ауа райының жылынған кезеңі – сәуір айын түсіндіріп тұр.

Мизам сөзінің  мағынасы қандай?

Бұл сөздің төркіні араб-парсы тілдерінде «таразы» мағынасын білдіретін мизан сөзінен келген. Араб-парсы тілдерінде мизан сөзі «өлшеуіш, таразы» мағыналарын білдіріп, таразы затының негізгі атауы, Иран күнтізбесіндегі жетінші айдың және Таразы шоқжұлдызының атауы болып табылады. Сонымен қатар араб тілінде «қиямет күні пенделердің осы дүниеде істеген жақсы, жаман әрекеттері үшін тартылатын таразыны» мизан деп те атайды екен (Махшар мизаны). Ал тілімізде мизам сөзі «қыркүйек айының ескі атауы», «Таразы шоқжұлдызы (зодиак)», «күз айларының ішінде өсімдіктің ұлпаларынан пайда болатын, өрмекшінің торы сияқты, ұшпалы ақ сілбі», «заң, ереже, үкім» деген мағыналарды білдіреді. Соңғы мағына араб тілінде «заң, үкім» мағынасын беретін низан сөзінен ауысқан. Сонымен тілімізде мизамдай/мизандай (мизам, тор, сілбі сияқты), мизамдату (жайма-шуақтандыру, мамыра-жайландыру), мизамды (мизамы, ұшпалы сілбісі көп), мизамкөк (қар астынан көк шығып тұрған кезең, амал), мизамшуақ (күздің мамыра-жай кезеңі, амал) және т.б. туынды сөздер қалыптасқан. Ал қазақтың ақыны Махамбет Өтемісұлы мизам айы туралы: Қауыста туып күз болды, Мизан мен өтіп ақырап, Даярланды соғысқа Хан қабарын бақылап (Исатай-Махамбет. Дастандар), – деп жырлаған. Әдебиет: Мамырбекова Г. Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, 2014. – 654 б. Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі). – Алматы: «Дәуір» бас­пасы, 2013. – 1488 б. Сіз білесіз бе? 

Таразы

Таразы – Қазақстан жерінен сарша (тамыз) айынан, мамыр айына дейін көрінетін, аспан күмбезінің оңтүстік бөлігінде геометриялық ромб бейнесін құрап тұратын бес жарық шоқ жұлдыз. Таразы жұлдыздарын қазақтар – шідер, арабтар – әл-Мизан, парсылар – Таразы деп атайды. Кей ғалымдардың айтуына қарағанда: Таразы (бетельгейза) мен Шідер (ригель) – осы бес шоқжұлдыз ромбасының екі шетіндегі екі жұлдыз аты (М.Искаков,22). Ертедегі малшы қауым бұл жұлдыздардың қасиеттерін, алмасу уақыттарын жақсы білген, соған қарап тіршілік істеген. (Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде: Табиғат. ІІІ том. - Алматы, 2013. – 110 б.). Таразы туса, таң суыр, Сүмбіле туса, су суыр – таразы шоқ жұлдызының туатын мезгіліне байланысты – ол сарша – тамыз айы – түннің әсіресе таң атар кезінде суыта бастауын және сүмбіле, яғни қыркүйек айында ауа райы салқын болып, тіпті өзен-көлдерге шомылуға болмайтындай суық түсуін аңғартып тұр. (Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде: Табиғат. ІІІ том. - Алматы, 2013. – 112 б.). Кезек айы – адамның денесінде күйік, жырылу, кесілу сияқты түрлі зақымдардың салдарынан болған жараның одан сайын асқынатын кезеңі. Негізінен еліміздің оңтүстік аймағында айтылатын бұл амал тамыздың ортасынан қыркүйектің ортасына дейінгі уақыт аралығына тура келеді. Кезек айындағы ерекшелік шілде өткеннен кейін, жаз бен күздің арасындағы бірде ыстық, бірде салқын, алма-кезек мезгіліне байланысты болса керек. Себебі бұл айда адам денесі абайсызда күйіп не кесіп алса және басқа да тері зақымдарына ұшыраса, оның тез арада жазылуы қиынға соғады.

Дайындаған Гүлсінай ИСАЕВА, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты

24788 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы