- Әдебиет
- 06 Қазан, 2016
Шегірткенің айғыры (Әңгіме)
Бекболат ӘДЕТОВ
Бұл қазақтың да ойлап таппайтыны болсашы. Мысалы, екі дүниеде шегірткенің айғырын көрген бар ма екен? Өзін ғой білеміз – «көгалды қуып гөләйттап, ала жаздай ән салатын» шіркінді. Ал енді айғырын ше? Қайдам, мен көрмеппін. Өзгелер де мен сияқты болар деймін. Сонда бұл сөз қайдан шықты? Етек-жеңін түріп, тілдік қолданысқа қосып жіберген қай соғылған? Әрі кімді мезгегенін де ит біліп пе? Бірақ соның өзі бір ауылдағы айрандай ұйып отырған азаматтардың ту-талақайын шығаруға жетіп артылды ғой, несін айтасың. Көктемнің жазға ұласар шағындағы ұзын сарының сөлбөксе күні сарылтып барып баюға еңкейген екінті әлеті болатын. Шағын елді мекеннің батыс жақ бетіндегі жатағандау жонға жиналған соқталдай азаматтар, құдды бір қатын-қалаш, бала-шаға сияқтанып, өрістен қайтар азын-аулақ жандықтарының алдын тосып, белгілі шаруасы жоқ еріккен елдің салтымен әрненің басын шалып, қаңқу сөздің көрігі қызып тұрған. Бүгінгі мүшектеуге түсудің кезегі осы ортаға «Қарға бойлы Қапаш» дейтін атпен белгілі, болмыс-бітімі шапаты ғана, алаң көз қатпа қараға келгенде ұқсайды. Оның неден жазып қалғанын бір құдайдың өзі білсін, әйтеуір сөз біткеннің бәрі соның үстінде. Әшейіндегі «аузын буған көк өгіз» – Мәлікзадаға шейін суырылған соң не сорым. Керек десеңіз, бүгінгі әңгіме-кепті бастап береген – соның дәп өзі. – Әй, Қарағаш, – деген ол, мұның атын «Қарға бойлыдан» шығарып айтатын дағдысымен, – жақында сенің әке-шешең, Күлпаш жеңгең бар, өзіңді ертіп, матайдан қыз айттыра кетті деп естіп ек, соның жайын айтпадың ғой. – Айтатын несі бар оның. Кемпір-шалдың былықтырып жүргені де. Бұрынырақ бәтуаласып қойған ба, шортым білсін. – Содан? – Содан не болсын. Бардық. Көрдік. Алатын болдық, – деп, аққа мойын ұсынған кейіптегі Қапаш ежелгі Рим патшаларының бірі айтқан сөзді еріксіз қайталағандай болғанын өзі де байқамай қалды. – Әшейін діңкілдеп жетіп отырған добалдай қыз екен деп Күлпаш жеңешең айта алмайды ғой, тегі, – деді осы арада киліге кеткен шақша бас Сәндібек бастырмалатып. – Жеткен-жетпегенін қайдам, әйтеуір бірталай сойы бары рас. Алдағы қыркүйекте той болмақшы, сонда көресіңдер ғой өздерің. – Құдай тас төбеңнен ұрсын, Қапаш, енді біттім десеңші! – Нағып? – Өй, түрің бар болсын, түрің бар болғыр! «Нәгіп» дейді ғой тағы. Әлқуат пен Әнипа аз боп жүр ме еді сендерге?! Сәндібектің бұлай айтатын жөні бар. Осы Қапаштарға жамағайын Әлқуат дейтін ағамыз да, аты дардай демесең, шағын, қолтоқпақтай ғана кісі. Ал әйелі Әнипа апайтөс әрі қарулы. Оны өзі «менің жүк көлігім» деп атайды. Сондағы «жүгі» – өзі, өйткені ауылдағы той-томалақ атаулыда Әлекең «сілтеңкіреп» жіберіп, алабөтен қылжиып қалса, жеңгей ешбір қиналмастан, «құдай қосқан қосағын» қолтығына қыстырып, өзі-ақ көтеріп жүре береді. Сонысы үшін бұлар жұрттың екі сөзінің бір мысалына айналғалы қашан. «Әнипа мен Әлқуат құсап» деп келеді әңгімелері. Құдды бір Қыз Жібек пен Төлеген сияқты. Ал сөйткен Әлқуатыңыз ілуде бір «ақ сайтаны» ұстағанда, Қанипаны қан қақсатып, үйінен айдап шығатыны бар деп естиміз (Өтірік айтқанның іші кепсін). Бірақ Сәндібектің бұл уайымына бола Қапаш мәу деген жоқ. – О жағын көрерсіңдер әлі, – деді де қойды. Бағанадан бері әукесі салбырап, әр сөзге бола емініп, ұшып кете жаздап отырған қалқан құлақ, құл бөтеге Болатжан: – Бұл Қарға бойлың есесін жіберер ме, шегірткенің айғыры құсап, – демесе әңгіме сен көр, мен көр аяқталар ма еді, кім білсін, әттең тек тау қозғалса қозғала қоймайтын Мәлікзада осы арада тағы қоздасын. – Дәл айттың-ей! тура бар ма, соның өзі шегіркенің айғыры! – деп, туғалы шегіртке бағып келе жатқан адамша кеңк-кеңк күлді Мәлікзада. Кейде бір шатақ шығайын десе шамалыдан ақ тұтанып, өртше қаулап жүріп беретіні бар емес пе, әйтпесе, тегі, мұндай сөздің небір қағындысын да көңіліне кіп алып, пішту ғұрлы көрмейтін Қапаш дәп осыған келгенде талағы тарс кетуі кәне. Қалай сап ете түскенін байқамай да қалдық, бір қарасақ – Қапаштың көсеудей қолы өзі ағасындай сыйлайтын Мәлікзаданың жағасында жүр! Екі көзі шатынап: – Не дейсің-ей, собал?! Қайталап айтшы: кім шегірткенің айғыры?! – деп, өмірі тобығын жауып көрмеген қысқа балағы балтырына жетіп, шолтаң-шолтаң еткенде былайғы еріккен қауым жан-жақтан қаумалап, кеу-кеулей жөнелсін. Онысы ойыны емес екеніне енді көзі жеткен Мәлікзада апырақтап: – Оу, жұрт, қой десеңдерші мынаған! – деп, қызараң-қызараң етеді. Біздің желігімізді одан сайын құтыртқан әсіресе осы болды. – Енді бұл тоқтамайды. – Тоқтайды деген қайда! Дәп қазір Мәлікзаданы тәубасына келтірмесе қара да тұр! – «Осы мен қандаймын» деген талайдың екі аяғын бір етікке тыққан зәндем емес пе бұл Қапаң! – дестік. Адам баласы жұмысы жоқтықтан азады дегенді Абай жарықтық бекер айтты деймісің, анталаған осы топтағының қай-қайсысы да соңғы бірер жылда екі қолға бір жұмыс таппай, басты тауға да, тасқа да соғып, талай сандалысты көрген ғой. «Қайран ғана сәбет өкіметі-ай, өзге түгіл бірен-саран еңбектен жалтарған жанбақпастарды да арамтамақ деп заңға жығып, қолдарына кетпен-күрек ұстаушы-еді-ау!» десіп, өткен күнді аңсаған азын-аулақ ересектер де болды, несін жасырайық. Сонда да нәті жуас қой бұ жұрттың – шеңбер бұзып, қоғам тыныштығының тұнығын шайқаған ешкімі болған емес, тек осылай ерігіп бір кетісті бір кебіске кигізіп отыратындары болмаса. Заманның беті түзу болса, бәрі шаруа бағып, бір-бір үйдің берекесін кіргізіп отыратын-ақ азаматтар, ал істеген кәсіптерінің сықпытына қараңыз. Әу баста дағдылы қылжаққа балап, май үстіне май құйып отты өршіткен басымыз, істің шындап насырға шауып бара жатқанын байқаған соң, үлкен-кішіміз түгел шұрқырасып, пәруана болып, екеуінің арасына түстік. Білген ақылымызды айттық. Былжырамай, екеуің де қойыңдар дестік. Бірақ сөзге құлақ асады деген қайда. Маңайлатпайды. Мәлікзада ғой белгілі тоңмойын. Оның үстіне, өзі бірде «Қарға бойлым» деп, тағы бірде «Қарғашым» деп еркелететін інісі әй-шәй жоқ, шұрай топтың алдында жағасына жармасқан соң, не қайыр – енді оның екі дүниеде жіби қоюы неғайбыл. Ал мына Қапашы түскір... Қиынның қиыны осы болды. Өзі белгілі шақар әрі басынан сөз асырмайтын бойлауық неме болса қайтерсің – алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп дегендей, сақ-сақ етеді әшейін. Өрістен мал қайтты – біздің қайтатын түріміз жоқ. Екі тақыстың бетін бері қарата алмай бая-шаямыз. Мәлікзада жаңа әлгідегі қыңырайған қалпымен дөңбек ағашқа атша мініп алыпты: қиыс қараған күйі өңкиіп, мәу дейтін емес. – Көрсетем мен оған шегіркенің айғырын! Өзге болмаса да осы күні заң бар, зәкүн бар! – дегенде, Қапаштың көзі шарасынан шығып кете жаздайды. – Ей, саппасым-ау, сонша бүлінетіндей, бұда тұрған не бар? Шегірткесі де құрсын, айғыры да құрсын! Қойшы енді, қазақтың бір былжыраған сөзіне бола... – деп басу айта берем деген Болатжанға шап ете қалды: – Былжыраған болса неге айтасың? Сен ғой осыны бастаған!... Қойшы, әйтеуір мәмілеге келе алмай тарастық. Содан бері тоң-торыспыз. Әрі ауыл шетіндегі өзіміз ту тіккен жатаған жонда не боп жатқанынан да бейхабармыз. Әйтеуір ертелі-кеш қатын-қалаш, бала-шаға жиналатынын білеміз. Өзгеден бұрын соларды жақауратып, біреу-міреуіміз бара қалсақ, дәп бір қалғанымызға сатқындық жасайтындай қуыстанатының жаман екен. Естуімізше, Қапашы түскір Алматыға ма, әлде тіпті Астанаға ма жол жүргелі шала бүлініп жатса керек. Сондағы Тіл білімі дейтін институтқа ма, «Ана тілі» газетіне ме арнайы барып, әлгі сөздің төркінін ашып қайтпақшы білем. «Ине-сабақ жібіме дейін осының жолына жұмсасам да ақ-қарасын анықтап, Мәлікзаданың аяғын көктен келтірмесем қара да тұр!» деп сілкінеді дейді. Сондағы көздегені не кәпірдің?... Астапыралла! Нейбетке заң-зәкүн деп таусылғанына қарағанда, елде жоқ, емілде жоқ бір сойқанды бастап, досқа күлкі, дұшпанға таба қылмаса жарара еді...
18764 рет
көрсетілді2
пікір