• Қоғам
  • 06 Мамыр, 2010

Азаматтың өрелі биігі

Осы жылдың ақпан айында Алматы қаласындағы «Полиграф комбинаты» ЖШС баспасынан жарық көрген «Ұлыларды ұлықтаған тұлға» атты 25 баспа табақ көлеміндегі кітап қолымызға тиді. Кітап авторлары: ғылым кандидаттары Айгүл және Әділбек Мұсабаевтар. Кітап авторларының жазуы бойынша, бұл еңбек Нажмәдин Түркбенұлы Мұсабаевтың еңбек және өмір жолдарына арналған. Нарық талабына сай халық шаруашылығын дамыту, ел басқару, әсіресе, тарихи тұлғаларды ұлықтауда Арал ауданының әкімі қызметін атқарып отырған Н.Мұсабаевтың іс-қимылы, баянды бастамалары, оған деген халықтың құрмет-қошеметі нақты деректермен шынайы баяндалады.

Кітап тоғыз бөлімнен тұрады. Нажмә­диннің негізгі мамандығы – инженер-құ­рылысшы, технолог. Бүгінгі на­рық за­манына қажет мамандық. Арғы­сын айтпағанда, 1973-1991 жылдары Қа­за­лы ауданында жылжымайтын мехколоннада аға инженер, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру, ауыл ша­руашылығы бөлімдерінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, аудандық партия ко­ми­тетінің екінші хатшысы, атқару ко­митетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1991-1995 жылдары халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің бірінші орынбасары, 1995-1997 жылдары Қазалы ауданының әкімі, 1997-2000 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары, 2000-2004 жылдары Жаңақорған ауданының әкімі, 2004 жылдан осы кезге дейін Арал ауданы әкімі қызметін атқарып келеді. Кітап – негізінен нарық заманында ел басқарған әрбір азаматтар үшін таптырмас рухани құрал. Өйткені республика аумағында қызмет атқарып келе жатқан әкімдерге тән ортақ бүгінгі қиын кезеңде халықтың ой-мүддесінен шығудың жолдарын таба білген атпал азаматтың өрелі биігі, атқарған ауқымды істері нақты мысалдармен келтірілген. Кітаптың тілі жатық, оқырманға ұғынықты. Жалаң баян­дау емес. Осы заманның әр жылдарда жеткен жөргемді жаңалықтары, әр ауданда қалдырған қолтаңбалары кеңінен қамтылады. Сондықтан да бұл кітапты оқыған әкімдік қызметінде жүрген азаматтардың да елі үшін жасап жатқан жемісті істері көз алдыңда тұрғандай елестері сөзсіз. Нажмәдин – жастай басшылық қыз­метке көтерілген азамат. Оның бойындағы қасиет – сенім артқан іске алғырлығын, жауапты міндетті игерудегі биік талантының жоғары екендігін нақтылайды. Біздің білетініміз, әріптес болған кезде сексенінші жылдары ау­дандық партия комитетінде ауыл­ша­руашылық бөлімін басқарған уақытта небір азулы хатшылардың алдында сол кездегі он төрт шаруашылықта шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерге мұрындық болып, көп көзіне түсе білді. Осындай белсенділігін, жедел ұсыныс айта білетіндігін сезген хатшылар аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына көтерді. Одан әрі аудандық атқару комитетінің төрағасына жоғарылатылды. Наж­мәдин осы қызметтерде жүріп, өз елінің экономикалық өрлеуіне бірден-бір септігін тигізді. Мұндай білікті кадрлар облысқа да қажет еді. Қылышынан қан тамған Кеңес өкіметі тұсында ол облыс­тық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде жүріп, облыс көлемін­де қаншама маңызды нысандардың іске қосылып, ел игілігіне берілуіне елеу­лі үлес қосты. Көп ұзатпай оны облыс әкімінің бірінші орынбасарына көтеріп, бұл қызметте де облыс халқының тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарындағы аса қиын кезеңде тығырықтан шығуына білік­тілігі мен білімін көрсете білген азамат. Жаңақорған ауданына әкім болып барғанында оны жаңа­қорғандықтар жылы қарсы алды. Бұрынғы жанта­йып қалған «Шалқия» кентін қалпына кел­­тіруде ізденісті жұмыстар жүргізді. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында елеулі істер тындырып, қолынан іс келетіндерге несие беруге ұмтылыс жасады. Жаңа мектептер мен тұрғын үй салуды да ойдан шығармады. Осындай іргелі тәжірибеден өткен Нажмәдин өзінің туған елі, қасиетті Қазалы ауданына 1995 жылы әкім болып оралды. Халқының санына қарағанда, Қазалы – облыстағы ең үлкен аудан. Бұл ауданның әрбір тасы мен құмы, әрбір елді мекені өзіне таныс Нажмәдин халықтың экономикалық әл-ауқатын түзеуге бет бұрыс жасады. Ел ағаларымен бірлесе отырып, елдің тыныс-тіршілігін ілгері дамытуға кең көлемдегі бағдарламаны қолға алды. Нажмәдин бірыңғай эко­номикаға ғана емес, халықтың рухани жағынан өсуіне мұрындық бола білді. Ол қай жерде қызмет етсе де елдің тарихи тұлғалары мен жәдігерлеріне, әдебиетіне ерекше көңіл бөледі. Бұл жолы да ол бұрынғы Жаңа Қазалы поселкесін келешек Әйтеке би кенті етіп атау жөнінде ұсыныс тастады. Ұсыныс қолдау тапты. Бүгінгі күні Нажмәдин – Арал ау­данының әкімі. Бұл ауданға қызметке барғанына алтыншы жылға аяқ басты. Кітапта осы жылдар ішінде экологиялық аймақтың бел қазанына айналған Аралда атқарылған игі істерге кеңінен тоқталады. Алайда бұл ауданда атқарылған кешенді шараларды көре алмайтындар да жоқ емес. Түн ұйқысын төрт бөліп Арал халқының әлеуметтік экономикасын көтеруге күш жұмсап жүрген азаматтың сыртынан түрлі қауесет сөздер мен арыз-шағымдарды бұрқырата жазушылар да баршылық. Әйткенмен, мұндай өрге баспайтын, өнбейтін қырсыз әрекеттер жоғарыдағыдай әр ауданда, облыс орталығында із қалдырған жігерлі азаматтың жүйкесіне аздап салмақ салғаны болмаса, оның атқарған істеріне ешқашан дақ түсіре алмайды. Дәлірек айтқанда, кітап көпшілік қауымға арналған. Сондықтан кітаптың өн бойында Нажмәдиннің басшылық қызмет жылдарындағы атқарған ауқым­ды жетістіктерімен қатар, әлгіндей «жазғыштардан» опық жеген тұстары тұшымды оқылады. «Жақсыға сөз ереді, жаманға шөп ереді» деген сөз де бекер айтылмаса керек. Киікбай Ізетұлы, журналист

2527 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы