• Руханият
  • 13 Қазан, 2016

Арыстан одан кім өткен?!

Атырауда халық батыры Исатай Тайманұлының 225 жылдығы атап өтілді

Павел патшадан ресми рұқсат алып, Жайықтан Самар бетіне өтіп, Еділ – Жайықтың арасындағы кең даланы қоныстанған Бөкей хан тұсында 21 жасында беріш руының старшыны болып тағайындалған Исатай Тайманұлының ел басқарғандағы жерінің бір бөлігі қазіргі Исатай ауданының аумағында. Осы аумақтағы Манаш аталатын жерде ол 1837 жылы алғаш қол жинаған. Әкесі Тайман Бегәліұлының бейіті де осы аумақта.IMG_0445

Тайсойған құмында кіндік қаны тамып, Қобда жерінде мәңгілік тыным тапқан батырдың есімін есте қалдыру үшін 1990 жылы Новобогат ауданының атауы Исатай ауданы болып өзгертілді. 1991 жылы батырдың 200 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде ұйымдастырылған кезде негізгі шара осы Манашта өткен еді. Міне, Мәдениет және спорт министрлігінің бекіткен «2016-2018 жылдары өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндер тізбегінде» көрініс тапқан Исатай батырдың 225 жылдығы үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 30-ыншы жұлдызында Исатай ауданында өткізілді. Шараға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан делегациялар, Астана, Алматы қалаларынан қонақтар келді. Аудан орталығы – Аққыстау ауылында батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойғаннан кейін «Тарих және тұлға» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция жұмысын жалғастырды. Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков өзінің құттықтау сөзінде былай деді: – Бөкей Ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігін қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Исатай Тайман­ұлы­ның мерейтойы Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдығымен сәйкес келуінде сабақтастық пен үйлесім бар деп есептейміз. Батыр тұлғасы мен ерлігін оның артында тұрған қалың жұртынан, елінің арғы тарихы мен мәдениетінен бөліп алып қарау мүмкін емес. Исатай батыр азаттық пен бостандық жолындағы күрестің бастаушысы ғана емес, бірлікті, елдікті біріктіретін тарихи биік тұлға. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай: – Исатай қолы да, ары да таза батыр. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы. Саржала батыр сарбаздарымен жол жүріп келе жатып Тайман ауылының үстінен түскен кезде көп баланың ішінде ойнап жүрген, қылығымен назар аудартқан 5-6 жасар Исатайды көріп, Тайманға: «Мына балаңнан үміт күтуге болар» депті. Өсе келгенде ауыл ақсақалдарының: «Ағатайдың аруағы Исатайға қонған екен» деген сөзі қалыпты. Әділетсіздікке, отаршылдыққа қарсы ханнан да, патша әскерлерінен де ығыспай, мерт болды. Тарихта кейбір көтеріліс басшыларының кейін хандардың марапатын көргенде тура жолдан тайғандары болған, ал Исатай ақ алмастың жүзіндей ағып өткен. Ол би-шешен ретінде қара қылды қақ жарар билік айтқан, қара халықты жақтаған, биліктегілерге тоқтау сөз айтты. Исатай-Махамбет тақырыбын біраз зерттеп, көркем шығармалар жазғаныммен, әлі де жазатындарым көп. Исатай батырдың сан қырлары мені әлі қызықтырады, – деп түйіндеді. Ал ақтөбелік исатайтанушы, Исатай қоғамдық қорының төрағасы Еркін Құрманбеков орыс зерттеушісі Н.Савичевтің Исатайды тып-тыныш әлемде, қап-қара тұнық аспанда кейде жарқырап, зулап, жан-жағына отын шашып келе жатқан метеорға теңестіргенін тілге тиек ете келіп, халық қамын ойлаған батыр жайлы пайымдауларын ортаға салды. Алаш қозғалысының қайраткері, ғалым Халел Досмұхамедов айтқандай, «Сырым да, Кенесары да ақырында көптен айырылып, жалғыз қалды... Патшалар заманында өлгенінше көпті соңына ертіп кеткен – жалғыз Исатай». IMG_0790 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғалымдары Л.Бердіғожин, А.Ахмет, Т.Жаңабай өз сөздерінде тарих пен тұлғаның сабақтастығын зерделеудегі тың деректерді назарға ұсынды. Қонақжайлық дәстүр бұл тойда да жалғасты. Орталық алаңға қаздай тізілген киіз үйлерде қонақтарға ас берілді. Жұртшылық батыр атындағы тарихи мұражайдың жаңа ғимаратқа көшірілуіне байланысты жаңа экспозициялармен танысты. Бұрынғы Новобогат, қазіргі Исатай ауданы Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыл шаруашылығы саласында мал басын өсіріп, аман сақтау, мал өнімдерін өндіру жөніндегі жоспарлар мен социалистік міндеттемелерді асыра орындағаны үшін КСРО Қорғаныс Комитетінің Қызыл Туын екі рет жеңіп алып, мәңгілік ескерткішке сақтау мәртебесіне ие болған республикамыздағы санаулы аудандардың бірі еді. Осы уақытқа дейін облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аса бағалы жәдігері ретінде саналған, осы аудан еңбекшілерінің қаһармандық еңбегімен келген сол Қызыл Ту аудандағы жаңа мұражайға әкелінгені исатайлықтардың тағы бір мерейін асырды. Соғыс кезіндегі тылдағы еңбектің ортасында болған ардагерлер туды көріп көздеріне жас алумен бірге, қуаныш сезіміне бөленді. Орталық стадион халыққа лық толы. Мерекедегідей безендірілген алаңда «Туған ер Исатай да ел бағына» атты театрландырылған қойылым жалғасты. ...Бетегесі мен биігі, тауы мен өзен-көлі шексіз ұлан-ғайыр қазақ даласы! Сан ғасырдан жұртымызға құр, ырыс болған, сағым қуған сары дала! Сол далада қайқы қылыштары қолынан түспей, тау мен тастан тайсалмай, теңсіздік теперішіне көнбеген тұлпар текті, сұңқар сойлы дауылпаз ұлдары, бекзат батырлары қай ғасырда да аз болмаған. Астында ақтабан аты Исатай қасына Махамбет ақынды ертіп ортаға келгенде, ұрысқа дайындалып жатқан сарбаздары «Исатай, Исатай» деп айғайлайды. Сонда батыр атын тебініп, көрерменге қазақ даласындағы ұлы көштің жолының дұрыстығын, ақырып теңдік сұрағандағы мақсаты – қазақтың еркін өмірін сақтап қалу екендігін, ата-бабалар армандаған сол жаңа заманға, бүгінгі Тәуелсіздікке жеткен ұрпағына ризалығын өлең жолдарымен жеткізген кезде стадионда тебіренбеген жан қалмады. Махамбат ақынның: Еділ үшін емсеген, Жайықты көріп жемсеген, Таудағы тарлан шұбар біз едік. Исатайдың барында Қара қазан, сары бала, Қамы үшін қылыш сермедік! – деген жалынды жыры ерекше әсер етті. «Болашақ батырлар» хореографиялық композициясы, Тәуелсіздікпен нұрланған аудандағы еңбек ұжымдарының шерулері, «Жаса, Қазақстан» көрінісі облыстық филармонияның «Нарын» ұлт аспаптар оркестрінің орындаған Махамбеттің «Исатай дабылы», Құрманғазының «Серпер», «Сарыарқа» күйлеріне ұласты. Тойлы ел алдына Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, күйші - домбырашы Айгүл Үлкенбаева, Мәдениет қайраткері, әнші әрі сазгер Гүлмайдан Сүндетованың өнеріне риза болды. Тойға жиналған халықты Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев құттықтады. Салтанатты шарада ел Исатай батырды келер ұрпаққа жалғар біраз жұмыстар атқарылғанынан хабардар болды. Исатай ауданы мен Ақтөбе облысындағы қобда ауданы бірлесіп, Шейітсайда кесене тұрғызды. Шараға келген жазушылар мен ғалымдар баспасөз беттерінде айтылып жүрген «Батырдың сүйегі Шейітсайда емес, Шолақмолада» деген жөнсіз пікірлерге қарсы нақты дәлелдер келтірді. Сонымен қатар әкесі Тайманның басы қарайтылды. 1991 жылы батырдың 200 жылдығына орай республикалық өлкетану қоғамы батырдың кескініне конкурс ұйымдастырып, старшын кейпіндегі батырдың бейнесін жүлдегер таныған еді. Батырдың осы кескініндегі бет пішіні алынып, құлсарылық мүсінші Серік Мәтениязовтың жасауымен Аққыстау ауылында бюст тұрғызылды. Иә, қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрін, өмір салтын сақтап, қазақ жерінің тұтастығы жолында күрескен, елінің қамы үшін ауыр күндерде басын оққа тіккен, қара халықты қанауға қарсы шыққан нағыз батыр жайлы жансерігі Махамбеттен артық кім айтар?! Кермиығым, кербезім! Керіскідей шандозым! Құландай ащы дауыстым! Құлжадай айбар мүйіздім! Қырмызыдай ажарлым! Хиуадай базарлым! Теңіздей терең ақылдым! Тебіренбес ауыр мінездім... Арыстан еді-ау Исатай! Бұл фәнидің жүзінде Арыстан одан кім өткен?! Осылайша батырын ардақтаған елдің рухы да бір көтеріліп қалғандай.

Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Атырау облысы

4918 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы