• Руханият
  • 13 Қазан, 2016

Өмір жолы өнеге

Қадірлі ұстаз, еңбек ардагері, Жасбуын орта мектебінің алғашқы директоры Сабыржан Оташевтың өмір жолы ұрпақтарының мәңгі есінде. Ол бүкіл өмірін ұстаздыққа арнады. Жастарды тәрбиелеп, білім беруде жемісті еңбек етті. Бүгінде көптеген шәкірттері еліміздің сан-саласында абыройлы қызмет атқаруда. Ардагер ұстаздың еңбегі жоғары бағаланып, «КСРО Оқу – ағарту ісінің қызметкері», «Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі» атақтарына ие болды. Ұстаздар да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім «дәнін» себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүруге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне дарытып, тер төгеді. Оңашада отырып ұстаз туралы ойға кетсем, көз алдымнан ақ жарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі елестеп, мені қиялға батырып, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі.

Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгер­ші­ліктің ең жоғарғы үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Саналы ғұмырының басым бөлігін өскелең ұрпақтың оқу-тәрбие ісіне арнап, бар білгенін шәкірттердің бойына дарытуды мақсат еткен, өз мамандығының біл­гірі, Сабыржан Оташевтың орны ерекше. Менің кластас құрбым, Қарағанды мемлекеттік университетін бірге бітірген Күләш Досмағұлова екеуміз еңбек жолымызды Жасбуын орта мектебінен бастадық. Мектептегі ең оқушысы көп екі сынып екеуміздің еншімізге тиді. Бұл оқу бітіріп келген жас маманға оңай соққан жоқ. Бірақ сол кезде мектеп директоры Сабыржан ағай қиындықтарды жеңе білуге үйретті. Мектеп басшысы болғандықтан ау­данға, әр түрлі жиналыстарға кетіп қа­латын кездері болады. Сол уақытта өзі жүргізетін сабақ орнына маған физика-математика сабағымды өткізуімді тапсыратын. Ал келесі күні сол сабағын менің са­бағымның орнына өткізетін. Бұл да болса жауапкершіліктің бір көрінісіндей еді. Мектепте сабақ біткеннен кейін де жас мұғалімдер спорт залда волейбол, баскетбол ойнайтын. Оған ағай өзі төрешілік жасайтын. Ағайдың тағы бір ерекшелігі, мектептегі барлық мұғалімдерге спорттық нормаларды тапсыртқызатын. Көп мектептерде бұл тек оқушылар үшін ғой. Жексенбі күні бәріміз спорт киімімізбен жиналамыз. Осының бәрі әр ұстаздың денсаулығын шыңдап, салауатты өмір сүру үшін қажет еді. Мен жұмыс істеген алғашқы жылдары мектепте музыкант болмады. Мектепте бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі Күлиман Аниятова еді. Өте сауатты, өз мамандығының білгірі, жақсы ұстаз болды. Оның сабағын балалар жақсы көретін. Жақсы маманның еңбегін бағалап, Сабыржан ағай Күлиманды Францияға туристік жолдамамен жіберіп алды. Сабыржан ағайдың өткізген педкеңес­те­рі мағыналы еді. Күн тәртібі нақты, жи­налыстағы әңгіме де мазмұнды болатын. Уақытты қатты бағалайтын. Мен педагогикалық кеңестің хатшысы болдым. Жиналыс басталардан он бес минут бұрын мұғалімдерді түгендеп қоя­мын. Мұғалімдер түгел қатысады. Ауырып қалған мұғалім болмаса, бәрі де жиналатын. Себепсіз болса, әлгі мұғалімді үйінен алдыртпай жиналысты бастамайтын. Мұның бәрі сол кезде қаталдық болып көрінетін. Сөйтсек, ол қаталдық емес, әр мұғалімнің жауапкершілігін арттыру екен ғой. Ағай жиналыста жас ұстаздардың күн тәртібіне қатысты ой-пікірлерін еркін айтуын талап ететін. Ұжымда тәжірибелі аға мұғалімдер көп болды. Әбдірахман Мұқышев, Әбдіқалық Махатов, Хамит Уаисов, Мырзабек Қоржынов, Досет Файзуллин, Нағызқан Ержанов, Темірғали Тұрманов, Сейдағали Рақышев, Қапан Бекжанов ағайлар. Сол кісілер сөйлесе болды деп, көбінесе жастар қалыс қалатын. Бұл әр ұжымда болатын жағдай. Бірақ Сабыржан ағай оған жол бермейтін, қайта жастардың шығып сөйлеуіне мүмкіндік беретін. Ол кездегі жас мұғалімдер К.Аниятова, Б.Ержанова, К.Құсайынова, С.Қожина, А.Нұржаубаева, С.Жұмағұлов, К.Досма­ғұлова, К.Махатов, Г.Мурса­лимова, Ж.Теміржанова, С.Шай­мер­денова, Г.Абильдинова, Б.Ис­какова, А.Дүйсенбаева, К.Есім­сейітова және ағайдың балалары Жұмағали, келіні Дүйсен, Сейтқали, Жамал, Күләш бірге еңбек еттік. Ағайдың бір жиналыста былай дегені бар еді. «Осы менің қабақ шытып, талап етіп жатқан жастарым ертең болашақта, бір-бір мектептің жақсы ұстазы болса, ал енді мына мақтап жүргендерім бір-бір мектептің мендей басшысы болуға тиіс». Расында да ол кісінің қарамағында жұмыс істеп, тәрбиеленген мұғалімдердің ешқайсысы жаманатқа қалдырған жоқ. Серік Жұмағұлов, Нұрсейіт Абеуов, Қайыржан Нұрмағанбетов, Әділхан Сүлейманов мектеп басшылары болды. Сабыржан ағай менің өзімді сол кезден басшылыққа бейімдеп, тәрбиелегенін кейін түсіндім. Алғаш 2-3 жыл жұмыс істегесін, мені кабинетіне шақырды. «Мына кісі аудандық партия комитетінен келіп отыр. Өзің оқыған Амангелді орта мектебіне директорлыққа мен сені ұсындым. Сен сол мектептің он жыл оқыған оқушысысың әрі мектепте өте жақсы оқыпсың. Ондағы ұжым өз ұстаздарың, соларды басқаруға барасың» деді. Мен келісім бермедім. Ол – үлкен ұжым. Өзімді оқытқан ұстаздардың ортасы. Қара шаңырақ – Аманкелді орта мектебі деген аты қандай! Жүрексіндім. Әлі тәжірибем жоқ дедім. Бір кезде сол кісі ұсынған қызметке, ағай өмірден өткеннен кейін бірнеше жылдан соң, өмірдің өзі алып келді. Сабыржан ағай сияқты мен де мектепті үздіксіз 14 жыл басқардым. Абыройсыз болған жоқпын. Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болдым. «Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі» атағын алдым. Бір күні Арқалықта үлкен жиында үзілісте Ахметбек Жұмабаев ағамызбен кездесіп қалдым. «Сен, Несіп Аманкелді орта мектебіне директор болыпсың ғой. Мен үгіттегенде келісіміңді бермеп едің» дейді. Сөйтсем, сол кездегі аудандық партия комитетінен келген кісі екен ғой. Сабыржан ағайдың зайыбы Алданыш апай он бала тәрбиелеп өсірген, ағайдың алаңсыз жұмыс істеуіне бірден-бір жағдай жасаған үлкен жүректі Ана. Алданыш апаны кейін жақынырақ танып-білдім. Оған себеп менің отбасым аудан орталығында Сабыржан ағайдың үлкен ұлы Жұмағали ағамен үй арасында үй жоқ, қатар көрші тұрдық. Жұмағали аға отағасым Зекеңмен (Зейнолла Шаяхметов көп жыл совхоз директоры болған) аға мен інідей, замандасым Дүйсенмен апа-сіңлідей тығыз араластық. Сол жылдары Алданыш апа баласының үйіне жиі келетін. «Келін – қайын ененің топырағынан» дегендей, Дүйсеннің ақырын сөйлеген жұмсақ үні де, ақ құба өңі де, әрбір ісі апаның көшірме іспетті. Алданыш апаның келіні Дүйсенге ене емес, анасындай қамқорлық жасауы, немерелеріне деген ыстық ықыласы, мінезге бай парасатты көркем келбеті – нағыз қазақ әйелдерінің үлгі тұтарлық бейнесі еді. Біз Дүйсен екеуіміз ол кісінің айтқан әңгімелерін тыңдаудан жалықпайтынбыз. Сабыржан ағайдың небір қызықты оқиғаларын әңгімелеп, еске алып отыратынбыз. Аға өмірден ерте озса да, ол кісінің көрмеген қызығын Алданыш апа көріп, немере, шөбере сүйіп, балаларының ортасында 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Кешегі күні Сабыржан ағайдың алдынан оқыған шәкірттерінің, бірге жұмыс істеген әріптестерінің, өзі тәрбиелеген жас ұстаздардың ол кісіге алғысы шексіз.Ұстазымыз өлместің емес, өшпестің, құлқынның емес, құндылықтың күйін күйттеуге үйретті. Қай уақытта болмасын аспандағы жар­қыраған жұлдыз сияқты нұр шашып, күн сәулесі сияқты жылу төгіп жү­­ретін адамдар болады. Сабыржан ағай сондай адамдардың қатарынан еді.

Несіп БЕКЕНТАЕВА, зейнеткер ұстаз, Қазақстан Республикасы Оқу ісінің үздігі

17208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы