• Қоғам
  • 06 Мамыр, 2010

Домбауыл – даламыздың өз ұлы

d0b4d0bed0bcd0b1d0b0d183d18bd0bbАрқа төсіндегі, Кеңгір жағасын­дағы Жошыхан мазары бізге – бүгінгілерге өткенімізді көңіл терезесінен өткізудің, тарих беттерін парақтаудың қаншалықты қажеттігін қайта-қайта еске салып тұрғандай болады. Әрине, әлемге билігі жүрген Шыңғыс ханның атының тұяғы тиген бұл жазықта ел тарихына қатысты талай оқиғалар болғаны анық. Бұл жайлы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әфсана-аңыз әңгімелерде айтылады. Халқымызда «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Шынында да, ел арасындағы ауызекі әңгімелердің түп-төркіні шындыққа жол тартары рас.

Ел ішінде Жошы, Шың­ғыс хан туралы айтылған, айтылып жүрген әңгіме­лердің қай-қай­сысы болса да Домбауыл батырға бір тірелмей өтпейді. Домбауыл батыр, Домбауыл би, Домбауыл қолбасы, Домбауыл мерген ретінде әңгімеге өзек болып келеді. Бұл туралы белгілі қа­ламгерлер Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғарин, Тұрсын Жұртбаев жазған ғылыми-тари­хи негіздегі шығармаларда да Домбауыл батыр ел ішіндегі әңгімелерге орайласты­ра айтылады. Әйгілі тарихшы Құрбанға­ли Халитұлының «Сегіз оғыз» елінің қалай қалыптасқанын баяндағанда теріс таңбалы тайпа аты – Домбауыл екеніне ерекше мән береді. Осыған орай сонау Қытай, Моңғолия, Түркия елдерін­де тұратын қандастарымыз да «Теріс таң­балы тайпаның аты Домбауыл екен, Найманның ноқта ағасымын деп басқа найман тайпаларына (тоғыз тайпаға) таңба үлестіріп, өзіне таңба жетпей қал­ғандықтан таңбаны теріс басып, содан теріс таңбалы атаныпты» дегенді айтады. Сонда «Тоғыз тайпаға таңба үлестірген Домбауыл кім? Бұл туралы қаншалықты мәлімет бар?» дегенге келсек, жоғарыдағы айтылғандарға қоса, академиктер Әлкей Марғұланның, Ахмет Жұбановтың, ше­жіреші ғалым Мұхамеджан Тыныш­байұлының, шежіреші Нығмет Мың­жанұлының жазған жазбаларында да Домбауыл батырдың Найманнан шық­қанын тайға таңба басқандай айқындап көрсетеді. Мұның сыртында бүгіндері шежіре жинауға зер салып, көп ізденістердің нәтижесіне жетіп жүр­ген шығысқазақстандық бауырымыз, Қазақстанның Құрметті журналисі Серік Ғабдуллиннің жазғандарында да Домбауыл батырдың шығу тегі жан-жақты ашылған. Олардың бәрінде де Домбауыл батыр Шыңғысханның оң жақ тізесінен орын алған ықпалды адам ретінде айтылады. Домбауылдың қадіріне жетіп, оның қасиетін ұққан Шыңғысхан оны үлкен ұлы Жошының қасына ақылшы етіп қосады. Бұл қалай дегенде де тарихи шындыққа келеді. Себеп – Жошының мазары жанында Домбауыл кесенесінің тұруы, тіріде қорғаны болуы көп жайттан хабар бергендей. Қазақтың «өлсек моламыз бір төбенің басында болсын» дейтін сөзі барын да еске алайық. Шындығына келгенде де, Жошыдай баһадүрдің қасы­на белгісіз адамның мазары салынбасы әбден түсінікті. Айтқаны әділ, көздегені қате кетпейтін Домбауыл батырға қатысты айтылатын әңгімелердегі деректер дала төсінде де сайрап жатыр. Сонау Жошы мазары мен Домбауыл кешені тұрған далада көсіліп Кеңгір ағып жатыр. Ұлытауға қарай шығар беткейде Ақсай өзегі тұр. Осы Ақсайдың басы «Дабыл қорасы» аталады. Бұл Жошының құланға дабыл қаққан жері деп айтылады. Осы жазықтың енді бір беткейінде «Топырақ суырған» деп аталатын ойпаң бар. Бұл ойпаң Жошы денесін құлан таптағаннан кейін барып «Топырақ суырған» деп аталса керек. Осыған қоса, құлан мен Домбауылға қатысты әңгімелерге өзек болатын жер аттары да жетерлік. Мәселен, Тарбағатайдан Іле өзеніне дейін қазылған құлан өтпес ордың сорабы бар. Оны кезінде Шоқан Уәлиханов та жеріне жеткізе жазған. Сондай-ақ Арқа мен Шудың арасын жалғайтын құланға қатысты жерлер жетерлік. Шу бойындағы «Бес құлан», «Қабан құла», «Әңкей», «Бөкенсан нұрасы» деген жер аттары сол кезеңдерден сыр шертеді. Басын сонау Ұлытаудан алып жатқан, солтүстікке қарай ұмсына со­зылған «Құлан өтпес», «Терісаққан» өзен­де­рін көргенде аңыздың шындыққа ай­нал­ғанына көзіміз жеткендей болады. Қолдағы деректерге зер салсақ, Жошы хан Бетпақдалада құлан аулап, саятқа шығып жүрген кезінде қазаға ұшыраған. Бұл 1227 жылдың ақпаны. Бұл – тарихи шындық. Осы шындық аңыз-әңгімеде былай айтылады: «Домбауыл Шыңғыс ханның үнемі жанында ұстаған аңдасы, мергені екен. Хан саят құрып аңға шыққанда, Домбауыл әркез қасында болған. Бәйтерек басына ілген күміс теңгені көздемей түсіретін ғаламат мерген, айтулы батыр және домбыра мен қобыздан күмбірлетіп күй төгетін күйші, сазгер адам болған. Домбауыл Қыпшақ даласының Ұлығ биі, аталық жырау Кет-Бұқаның туған әкесі. Шыңғыс ханның 1225 жылы Сартауылдан Қыпшақ даласын басып, Қарақорымға қайтқанда, тұңғышы Жошының жанына жеті жыл өзінің сарай мергені болған сенімді батыры Домбауыл мен оның бел баласы Кет-Бұқаны қалдырған. Міне, осы әкелі-балалы Домбауыл мен Кет-Бұқа Жошы хан қайғылы қазаға ұшырағанша оны қызғыштай қорыған, сенімді кеңесшілері, арқа сүйер тірегі болыпты. Домбауыл өлгенде артында қалған қалың ел оған биік кесене соқтырған. Ол кесене бүгінге дейін Ұлытаудың басында, Жошының қасында ...» Иә, Жошы мазары қасында Домбауыл кешені тұрғаны рас. Кеңгір өзенін бойлап Жезқазған қаласының сол­түстігіне қарай жүргенде 50 шақырым жер. Жошы мазарымен екеуінің арасында дауыс жетеді. Іргетасы төртбұрышты. Биіктей келе күмбезденіп, бітім тұлғасы аса қарапайымдылығымен, беріктігімен ерекшеленеді. Биіктігі 9,5-10 метрдей. Қабырғаларының қалыңдығы екі метрге жуық. Жергілікті сұр гранит тастан арасына айрықша лай қосылып қаланған. Рас, бүгінгі күні Домбауыл кешенінің тұрғызылған мезгілі жайлы әртүрлі қара­ма-қайшы пікірлер айтылады. Мәселен, Әлкей Марғұлан: «Домбауыл, Қосүйтас, Қарадың, Жанай, басқа бір кешендер – бір үлгідегі архитектуралық белгілер. Мұның бәрі де – Орта Азияға Ислам діні тара­­ған­ға дейін VІ-ІХ ғасырлар аралығында тұрғызылған ескерткіштер» деп алысқа тастаса және бір ғалым Т.Бәсенов Домбауыл кешенін ХІV-XVII ғасыр құрылы­сы деп беріге әкеледі. Оның пікірінше, жоңғар шапқыншылығы кезінде әсемдеп салуға мүмкіндік болмаған дегенге саяды. Бұлардың бәрі, зерттеуші Ақселеудің сөзімен айтқанда: «Мұндай логикаға дес берсек, қазақ даласында құрылыс өнері болмауы керек, өйткені бұл даланың тыныш болған кезі жоқ». Иә, шынында да, көшпелі дала тірлігі шапқыншылықтан еш босамаған. Жошы заманында да солай. Әйтсе де, нақты бір шындық – 1227 жылы Жошы қайтыс болғанда Домбауыл мерген тірі, олай болса, ол кесененің тұрғызылу кезеңі 1230-45 жылдар ара­лығын меңзейді. Домбауыл мергеннің өзі Шыңғыс ханмен қатар өмір сүрсе, оның балалары Кел-Бұқа аталық пен Кет-Бұқа ноян Жошыменен шамалас. Әкелері мен әкесі, балалары мен балалары қатар өскен екені тарихта нақтыланған. Ғалым-жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы «Көкбөрілердің көз жасы» атты тарихи романында «Жошыны хан сайлау рәсіміне қазақ ру тайпалары түгел қа­тысты. Қаракеңгір өзенінің бойындағы көкорай шалғын далада исі моңғолдың игі жақсылары мен қазақ ру тайпаларының көсемдері, көмекей жыраулары мен билері түгел қатысқан сол жиында Жошы­ны ақ киізге салып хан көтеріп, Үйсін Майқы би, Қоңырат Сеңгеле би мен Мәуке би, Барлас Қарашар би, моңғол Тазша бала, атақты Көкеші шешен ағынан жарылып, ағыл-тегіл сөйлейді. Күйші Кет-Бұқа, Домбауыл, Арғұсын қобызшы дала желінің сарынына салып, күңірентіп күй тартты» (516-бет), – деп жазады. Демек, «Ақсақ құлан» күйін шығарушы Кет-Бұқаның өзі де, оның әкесі Домбауыл да сол кезеңдегі әкелі-балалы дәулескер, атақты күйші болғанын аңғарамыз. Қазақ даласындағы өткеннен сыр шертетін осынау кешеннің нақты иесі тарихта болған Найман Домбауыл батыр екендігіне көз жеткізетін уақыт болды. Кешегі кеңестік кезеңнің бұралаң саясаты ұлттың өзін-өзі тануына мүмкіндік бере қоймады десек, егеменді елдің тәуелсіз таңы атқанда тарихымызды тануымыз керек-ақ. Әсілі, қазақ жер мен суға, белгі мен мазарға ат қоюға абай болғанын еске алсақ, Жошының іргесінде жатқан оның бас батыры, ақылшы серігі Домбауыл екенін білгеніміз абзал. Домбауылдай батырдың атын асқақтатып, оның қос ұлы – Кет-Бұқа мен Кел-Бұқа өмір сүрген, тұлпарының тұяғы тиген жер ұлтымыздың мақтанышына айналған қасиетті Ұлытау болғанын естен шығармайық. Ендеше, Домбауыл кесенесіне қайта бір оралып, оның нақты өз атын иеленетін, басына белгі тас қоюдың кезеңі келді. Бұл, әрине, ұрпақ үшін қажет. Серік ТІЛЕУБАЕВ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы

10440 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы