• Руханият
  • 13 Қазан, 2016

Есімін ардақтай білсек

Белгілі қаламгер, ақын Қуаныш Ахметов 1946 жылы 6 қыркүйекте Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында дүниеге келді. Ардақты азамат арамызда жүргенде бүгінде 70 жасын тойлап жатқан болар едік.

Ол Алматы индустриалдық техникумын және Ленинград политехникалық инс­титутын бітірді. Жезқазған кен-мел­лургия комбинатында учаске, шахта бастығы, ЖШПТ-нің бас механигі болды. Кейін баспасөз, әдебиет саласына біржолата бет бұрды. «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Заң», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Әлем», «Фолиант» баспаларында қызмет атқарды. Оның «Біздің ат» деген тырнақалды өлеңі 1959 жылы «Қазақстан пионері» газетінде жарық көрді. Жылдар өте келе «Қарлығаш», «Жетіген», «Қос арна», «Көзайым», «Замана заңғарынан» секілді оқырман қызыға оқитын кітаптар өмірге келді. Біз Қуаныш екеуіміз Ырғыздың тумасы болғанымызбен, Жезқазған, Ұлытау өңірінде қызмет еттік. Жаздың күндері Ұлытаудың етегіне киіз үй тігіп, ешкім кедергі болмайтын оңаша жерде бұрқыратып шығармаларын жазатын. Осының арқасында «Кенесары хан Ұлытау өңірінде», «Ұлы даланың Ұлытауы» атты тарихи-танымдық еңбектері оқырман қолына тиді. Ресей мұрағаттарындағы құжаттарды зерделеу нәтижесінде ел тарихы жөнінде тың деректерге қол жеткізді. Әсіресе Ұлытау өңірінің тарихы жан-жақты зерттелді. Жұртшылық Ерден Сандыбайұлы, Қойлыбай бақсы, Ұзынқыпшақ Тілеулі батыр, Жанайдардың Мейрамы, Досбол шешен, Жаулыбай батыр секілді басқа да тұғырлы тұлғалардың елге сіңірген еңбектеріне қанықты. Қуаныш дүние салғанда Жезқазған қаласының бұрынғы әкімі Жұмамәди Ибаділдин бастаған өңірдің атқамінер азаматтары Ырғыз жеріне барып, марқұмға құран бағыштап, ескерткіш құлпытас орнатып қайтты. Мұның өзі азаматқа деген елдің ықыласы. Қуаныш Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және «Түркістанға – 1500» жыл халықаралық әдеби конкурстың, Кенесары хан атындағы республикалық сыйлықтың лауреа­ты болды. Ұлытау және Ырғыз ауданда­ры­ның Құрметті азаматы атанды. Қаламгердің жүзеге асырсам деген жоспарлары көп еді. «Едіге етегіндегі ел» деген кітап жазсам ба деп жүретін. Ырғыздың шежіре-тарихын жазу да ойында бар еді. Алайда тағдыр алға қойылған бұл мақсат-жоспарды орындауға мүмкіндік бермеді. Қуаныш қандай құрметке де лайық. Ұлытау, Ырғыз жұртшылығы оның есі­мін мәңгілікке қалдыру жайын ойлас­тырса дейміз. Азамат еңбегі ескерілгені жөн.

Әбдіманап СМАҒҰЛОВ, медицина саласының ардагері АСТАНА

3628 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы