• Әдебиет
  • 13 Қазан, 2016

Ағалық қалпынан танбаған еді

Темірбек Жүргенов атындағы Алматы театр институтын бітіргеннен кейін біраз уақыт Жетісай театрында қызмет жасадым. 1991 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудия­сына жұмысқа келдім. Келуін келдім, бірақ мамандығыма сай штат болмады.  Содан бір күні «такилажник» етіп қабылдаймыз деген қуанышты хабар алдым. Оның қандай мамандық екенінен, не істеп, не қоятынын бейхабармын. Мәнісін білсем, жалпақ тілмен айтқанда жартылай жүкшілік жұмыс екен. Енді үлкен кәсіпорын – кинофабрика ғой. Фильмдер жасалатын бөлмелер көп. Дөңгелек темір қалбырға салынған ленталарды қол арбаға лықай салып жаңадан түсіріліп енді монтаждалып жатқан бөлмелерге апарамын, одан ары дубляж жасалатын бөлмелерге қарай асығамын. 

Ақиқатын айтқанда институтты жаңа бітірген жас маманмын. Кіл өңкей атақты адамдардың арасына кірдім де кеттім. Олар киноға түсіп жатқан немесе дубляжға келген артистер. Нұрмұхан аға, Нұржұман аға, Мұхтар аға, Ыдырыс аға... Әрбірі нар тұлға ағалар кілең... Әсіресе дубляждың жұмысы ерен, бір басылмай қайнап жататын қазан сияқты. Иә, сол кездегі біздің «Қазақфильмнің» дубляждаушы мамандары аударма фильм демесең, жасаған дүниелерін төл нұсқасынан да асырып жіберетін еді. Солардың кез келгенін фестивальдарға жібере қалса, құр қайтпай, Гран-приден кейін Гран-приді алып келетін. Бір қайран қалатыным, небір классикалық кинолардың бәрін аударды. Соларды көргенде аудармасының керемет, сөздерінің тіпті ғажап екендігіне риза болатын едім. Бұл асқан шеберліктің жемісі емес пе! Киностудияда шеберлігі әбден шыңдалған, өз істерін өте жетік меңгерген және жұмыстарын асқан жауапкершілікпен атқаратын кісілер қызмет істейтін. Ол заманда күллі Кеңестер Одағындағы он бес республикада орныққан берік байланыстың мұрты бұзыла қоймаған кез. Біздің республикамыздың киношылары жасаған дубляж солардың бәрі-бәрін таңдандырады, тамсандырады. Сондай тамаша фильмдер жасайтын актерларымыз Мұхтар Бақтыгереев, Фарида Шәріпова, Бикен Римова, Әмина Өмірзақова, Алтынбек Кенжеков, Омархан Қалмырзаев – міне, осындай ғаламат өнер иелері – бәрі дубляждың «майын езіп ішкен» актерлар. Содан кейін Халиолда Мерғазиев, Серік Жармұханбетов, өзімізге эстрада студиясында сабақ берген Дариға апамыз Тыналина, Ұлжан Қолдауова секілді кинорежиссерлар мен редакторлар Аяған Сағаев, Әміртай ағамыз сынды саңлақтар қызмет етті. Шетінен өнерге өмірін арнағандар. Осылардың қай-қайсысы да қалың қазаққа етене таныс. Мәселен, Әміртай Бөриев деген аты-жөнді өзім де талай естігенмін. «Дубляждың режиссері – Дариға Тыналина, редакторы Әміртай Бөриев немесе Аяған Сағаев» дейтін кадр сыртынан хабарлаған диктор. Осылай деп таныс­тыратын әйгілі ағай, апайлармен күнде кездесемін, сәлемдесемін. – Әй, бала, қал қалай? – дейтін еді Әміртай аға көрген бетте. Шыны керек, ол кісінің мұндай ықылас танытқаны, менің елпең етіп барып қолын ұстап амандасқанымның өзі – мәртебе. Тіпті, әлгіндей әйгілі адамдардың жанында ештеңе тындырмасам да, қажеттеріне жарап жүргенім үлкен бақыт көрінетін. Әрқайсысына қызыға қарайтыным, сөздеріне қалт жібермей құлақ түретінім, үйренуге, білуге деген құштарлығым оларға да әсер етті. Кейде актерлар жетіспей қалатын сәттер болатын. Сондайда менің актерлік, режиссерлік білімім бар екенін жақсы білетін Дариға апай: «Әй, бала, бері келші. Мына бір эпизодқа бірдеңе жетпей жатыр, кәне дыбыстай қойшы» деп шақырады. Жасқаншақтап барамын. Қалай қорықпайын, себебі ол жерде Әнуар Молдабековтер және басқа да атағынан ат үркетін ұлылар тұрады. Даусыма ие бола алмай қаламын ба деп, әзер дегенде өзімді күштеп апарамын. Оқы дегенін оқыған боламын, дауыстаған түрім. Өстіп көпке дейін бір қалыпқа түсе алмай жүрдім де, кейін әйтеуір батылдығым ояна бастады... Бәрі әлгі жанашыр аға-апаларымның ықпалы. Мен де актер ретінде рөлдерге қатысатын болдым. Әрине, әркімнің даралайтын өз ерекшелігі, қасиеті болуы табиғи заңдылық. Бір аңғарғаным, Әміртай аға өте бауырмал кісі болатын. Әсіресе, біз секілді жастарға айтар ағалық ақылы мол, қамқоршы еді. Жүрегінің кеңдігі, дархандығына қазақтың даласындай деген теңеу айтсам, әбден жарасар. Қазақилығы алабөтен көзге ұрып тұратын. Қазір уақыт өзге, қоғам басқа болғаннан ба, қайдам, сол бұрынғы өзім көрген, шапағат, шуағын сезінген үлкен кісілердің жаратылысы бөлекше көрінеді. Сөзім жалаң шықпауы үшін өзім білетін жайларды тілге тиек ете кетейін. Ол үшін күнде көретін, араласатын әріптестерім маған ренжи қоймасын. Қай-қайсымыз да шыққан тауымыздың биік болғанын, қазақ өнерінің туы жоғарыда желбірегенін қалаймыз. Мен өзім де, мысалы, әлгі әріптестеріммен бір терінің пұшпағын илесіп жүрмін. Несін жасырайын, бүгінгі кино өнерімізде кемшіліктер көп, жетпей жатқан тұстары сан соқтырады. Айналып келгенде осының бәрінің арғы жағында тәжірибесіздік, шеберліктің шыңдалмауы байқалады. Басқаны қайдам, өз басыма солай, бірден көңілімді құлазытып жібереді. Бір киноны екі-ақ актер дыбыстаған соң, бітті емес пе. Қазақша дауыспен үндіше немесе түрікше сөз бірге қосарласып беріледі. Құдай-ау, сонда бейбақ көрермендер қайсысына құлақ түреді? Экрандағы айтылған сөз бен еріннің қимылы қабыспайды. Әміртай ағалар дубляж жасаған киноленталарда сондай селкеуліктің шетпұшпағын да аңғара алмай, қазақ тілінің шұрайына бар пейілімізбен құлай құлақ түрмеуші ме едік?! Сол кісілер орыстың фильмін қазақшалайды, әйткенмен солай екендігі дыбысталған сөз бен актердің ауыз қимылынан тіпті де білінбейтіндей сөз баламаларын іздеп таппай жұмыстарына кіріспейтін. Әрбір сөздің буынына дейін есептеп, екшеп отыратын еді-ау, жарықтық ағаларым. Экрандағы кадрға қарап актерларымыз әлгі сөздерді әуездеп айтқан мезетте дубляждың өзі жанданып, құлпырып кететін. Қараңызшы, солай жасаудың өзі қандай шеберлік! Қазақтың ағыл-тегіл бай тілін жөнді білмейтін, ол сөздерді көрермендердің көзіне нұр ойнатып жеткізе алмайтын олақ, дүбәра актерлар мен редакторлар, режиссерлар жасаған фильмдерді бүгінде телеарналардың қай-қайсысынан да ұшыратамыз. Өз ойымша, дубляж кинолардың бәрінің бастау басында редакторлық жұмыс тұрады. Дайындығы, тәжірибесі, сауаты, тілдік қоры жетіспей кемшін соғатын кәсіби мамандардың қозықұйрықтай қаптап кетуі салдарынан қазіргі көрермендер қасірет шегуде. Ащы да болса ақиқат дәл осылай! Мен бұл ойымды Әміртай секілді асыл ағалардың жанкешті жұмысын көзбен көріп, көкірек көзіме тоқыған соң ғана айтып отырмын. «Қазақфильмдегі» әрбір күн өз қызық­тарымен дараланып өтетін. Сағыныса қауышатын, күнде жүздесіп жүрсе де айтар әңгімелері таусылып бітпейтін ағалардың дөңгелене отыра қалатын дас­тарқандары көп еді. Ол кең заман еді-ау! Оның үстіне шығармашылық ордасы, өнер адамдарының ортасы бөлек болады ғой. Айтатын әңгімелері ғажап. Оны бірде-бір кітаптан оқи алмайсың. Ілік ететін кейіпкер кісілері атақты адамдар, көбіне өнер иелері болып келеді. Гастрольдік сапардың қилы-қилы қызықтары, түсірілім алаңындағы хикаялар... Қойшы, әйтеуір бәрін тыңдай бергің келеді. Бірінен бірі іліп әкетеді. Ондай қызық әңгімелер іштері отты сумен жылынған соң, ой, бір төгіліп береді дейсің. Арасында әдемі тілек айтып, алдарындағы «тәтті суларын» алып қояды. Таусыла бастағанда: – Ғазизхан, қайдасың? – дейді. Сонда әсерлі отырыстың думанына еніп, көз алдарында әңгімелерін ұйып тыңдап отырған мені ұмытып кетеді. Ақырын орнымнан тұра беремін. Баратын жерім белгілі. Сөйтіп ағаларыма қызмет қылғаныма разы болатынмын. Өйткені оларды көру, сөздерін есту бірге оқыған қатарластарым үшін арман болса, ал мен күнде қастарындамын ғой. Бүгінде біраз жасқа келдім. Талай қызық-қуаныштарды бастан кештім. Алайда, «Қазақфильмдегі» сол күндер менің өмірімдегі ең бір бақытты, шаттықты шақтарым сияқты ойға оралады. Еске алатын кісілер, сол кісілермен бірге өткізген қайталанбас оқиғалар көп-ақ. Бір жылы Наурызды тойлайтын болдық. Қақпадан кіріп келе жатқанымда қатар-қатар тігілген киіз үйлер бірден көзіме түсті. Шет елден артистер болды. Ресейден Нона Мардюкова да келіп, Талғат Теменовтың «Қызғыш құсына» түсті. Үлкен ағаларымыздың бәрі, алдын ала келісіп алған болуы керек, үстеріне шапандарын киіп келіпті. Әміртай ағаның басында айыр қалпақ, киген шапаны шап-шақ, өзіне жақсы жарасады. Ұлжан апамыз ансамбль әкеліпті. Тіпті «Әжелер ансамблі» де сонда. Сол күні бәріміз жиналып Нона Мардюкованы ортаға алып суретке түстік. Мен сахнаға шығып ән салдым. Қазақтың халық әндерін орындадым. Сөйтіп, сахнадан түсіп келе жатсам: – Ойпыр-май, сен керемет әнші екенсің ғой! Айналайын Ғазизжан, бұрын қалай білмегенбіз? Мынадай өнермен қайтіп тып-тыныш жүрсің? – дейді Әміртай аға. – Жоқ, сен әншілікті де қоса жалғастыруың керек. – Ой, аға, ел қатарлы әншімін ғой. Мұндай әнді екі қазақтың бірі айтады... – Жоқ! Сен өзіңді-өзің өйтіп кемітпе. Мынадай керемет әндерің бар, әдемі айтады екенсің, – деп бар ықыласымен разы болып, қолпаштады ол кісі. Ол кезде фонограмма дегенді білмейміз. Музыка аспаптарының сүйемелдеуімен, өз даусымызбен айтамыз. Бәрі табиғи. Сөйтіп, өмірі есімізден шықпайтындай Наурыз мерекесін ғажап етіп өткізгенбіз. Одан кейін дүние өзгере бастады. Киносту­дияның да мәнісі қашты. Әркім әр жаққа кетті. Мен телевизияға бардым. Тыныс аға Өтебаев сонда үлкен бастықтардың бірі болатын. – Телевизияның кухнясы басқа. Сен бір аптаның ішінде мына пультпен қалай жұмыс істеуді үйреніп, әрмен қарай алып кете алсаң, жұмысқа қабылдаймыз, – деді. Әуелгіде ағаның сол сөзін естіп қорқақтадым. Адамның істегенін адам істейді ғой, тек қана ынта-ықыласың болуы керек. Екі-үш күнде-ақ пультті басқаруды меңгеріп, содан «Ақшам-ақпарат» бағдарламасына режиссер болып қабылдандым. Телевизияда жүргенде де Әміртай ағаны көріп жүрдім. Кездескен сайын баяғы ағалық қалпынан бір танбай жағдайымды сұрайды. Әрине, сондай бауырмал, үлкендік жөнін жақсы білетін айтулы азаматтың өмірден өтіп кеткенін естігенде қатты қамықтым. Керек кісі еді ғой... Халқына әлі де беретіні аз емес еді... Біз солай дейміз. Бірақ бұл тағдыр емес пе. Әркімге жазмыштың өлшеп бергені болады. Одан асып кете алмаймыз. Дегенмен, кім-кімнің де артында айта жүрерлік із қалғаны керек-ақ. Осы реттен алғанда Әміртай Бөріұлы ағамыздың қазақтың әдебиетіне, мәдениетіне, кино саласына қосқан өзіндік үлесі бар. Сондықтан қазақ деген халық барда ол кісінің аты ұмытылмайды. Мектептің атын беру керек, көшенің атын қою қажет, тіпті тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатса да реті. Осы ойды көзін көрген, жасаған жұмыстарын жақсы білетін біз айтпасақ, кім айтады?..

Ғазизхан ӘДІЛХАНОВ, ҚР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, кинорежиссер, журналист, киноактер

2594 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы