• Тарих
  • 13 Қазан, 2016

Кірме атаулар қалай пайда болды?

ХХ ғасырдың бас кезеңдерінде сан ғасырлық бірегейлігі, қаймағы бұзылмаған ұлттық жер-су атауларымыз сыртқы күштер ықпалымен түбегейлі өзгеріске ұшырағаны баршаға белгілі жайт. Осыған байланысты ұлттық топонимика мәселелері жөнінде академик «Ә.Қайдар: «...Қазақстан топырағындағы географиялық атаулардың «дертке» ұшырауының себеп-салдарын, таралу шеңберін айқындаған жөн» деген болатын.  Ұлттық топонимдердің мұндай күйге тап болуы  отарлау саясатымен байланыс­ты болғаны мәлім. 

Кірме атауларды екі топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқы топтағы ойконимдерден сол кезеңнің идеологиялық сарыны айқын байқалады. Мәселен, Комсомол, Коммунизм таңы, Коммунар, Парижская Коммуна, Первомайский, Победа, Прогресс, Пролетар, Трудовик, Мирный және т.б. Екінші топтағы атаулар қоныс аударушылардың ежелгі мекендері атауларына сәйкес келтірінді атаулар (перенесенные топонимы) делініп жүр. Бұл топтағы топонимдер кеңес дәуіріне дейін де, кейін де аталған тәсілмен беріліп отырған. Оның тың көтеру жылдарда қойылғандары: Шербаковское – (1965 ж. Москва облысы Шербаков ауданынан), Киевский – (1954 жылы Киев қаласынан), Саратовка – (1955 жылы Саратовтан) Донской – (1954 жылы Дон бойынан) және өзгелері. Орыс тіліндегі кірме топонимдердің пайда болуы тарихи жағдайларға байланыс­ты Ресей мен Украинадағы шаруалардың қазақ жеріне қоныс тебуінен бастау алатынын айта кеткен жөн. Сондықтан қазақ даласына орыс тілінен енген топонимикалық атаулардың қалыптасуын екі кезеңге бөліп қарастырамыз. Бірінші кезеңге Патшалы Ресей дәуіріндегі еріксіз күшпен таңылған отаршылдық мазмұндағы топонимиялық атауларды жатқызамыз. Ал екінші кезеңге Патшалық құрылыстың құлауымен бірге оның саяси идеологиялық атаулары Қазан төңкерісінен соң коммунистік рухтағы топонимдермен алмастырылып, революциялық сипаттағы жер атауларының өмірге ене бастағанымен байланыстыруға болады. Бұл кезеңнің ерекшелігі, социалистік негіздегі қоғамның саяси талаптарына сай жүргізілген шаралар шешуші орынға шықты. Расында бірінші кезеңде қазақ жерінің ұлттық этнографиялық топонимиясы өзгеріске ұшырап, халықтық атаулар мақсатты түрде өзгертіліп, олар отар және отаршыл әкімшілік қайраткерлерінің, Романовтар әулетіндегі патшаның ерекше адамдарының, князь, ханзада, ханшайым, миссионерлердің, әскербасшыларының есімдерімен атала бастады. Сөйтіп, ұлттық топонимдер жайжұрттық топонимдерімен алмастырылды. (Петропавловск, Софиевка, Верный, Александровка, Павлодар). Сол кезеңдердегі генерал-губернаторлардың тегімен байланысты қойылған атаулар: Колпаковский, Черняев, Ванновский, Перовский; Қазақ жеріне көшіп келген қоныстанушылар есімдерінің құрметіне – Корниловка, Андреевка, Алексеевка, Самсоновка, Константиновка, және т.б. Сонымен бірге бұрынғы Ресей жеріндегі өз қоныстарының атын алдына ново-, велико- сөзін қосып, қазақ жерін қайта қою үрдісі қалыптасқаны белгілі. Мәселен, Новониколаевск, Рязановка, Полтавка, Новомосковское, Самарское, Донецкое, Рос­товское, Черниговка, Арханчельское және т.б. деп жалғаса береді. Тікелей аудару әдісімен Ақсу – Белые Воды, Беловодск, Қарасу – Черноводск, Көкшетау – Синегорье, Семей – Семипалатинск, Шортанды – Щучье, Шөптікөл – Сенокосное, Бесмопа – Пятигорское, Ақжар – Белоярск, т.б. атау­лар өзгертілді. Өкініштісі сол, бұл үрдіс әлі күнге дейін сақталып келеді. Айта кетейік, ұлттық атаулар түбегейлі өзгермегенімен оларға -во, -ское, -ое, -ая, -ий т.б. орыс тіліндегі аффикстерді жалғау арқылы төл атауларымыздың сипаты өзгерді. Мысалы, Нурбаевск, Бекетайский, Ерментауский және т.б. Тіпті мұнымен қоймай, христиан дінін уағыздайтын діни мейрамдар, әулиелер атауларынан қойылған Вознесеновка, Покровск, Троицкое, Новотроицкое, Воскресенское, Рождественское, Крестовское, Преображенское, Благовещенка, Богородское сынды атаулар да қойыла бастады. Қоныстанған жерінің табиғи ерекшелігіне қарай Березовка, Малиновка, Крутоярск, Многоводное, Тихогорское, Раздольное, Верхнеишимское, Приреченск жер-су атаулары молынан ұшырасатыны анық. Бұдан байқалатындай, кеңестік кезеңдегі орыс тілінің ықпалы ұлттың тілдік деңгейлерінде ғана емес, мәдени, рухани, идеологиялық тұрғыда да көрініс тапқаны анық. Сол жердің шығу тарихын білмеген кейбіреулер бұл тілдегі атауларды өз тілімізге икемдеп, түсінікті етіп «аударып» алған жайттар да кездеседі. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы жеріндегі Сухой Лог атауын Сукөйлек, Лягушья атауын Алакөше жазығы деп, Матвейді Матабай деп, Максимді Мақсым деп ыңғайластырып қолданғандарын да көріп жүрміз. Десе де еліміздің топонимиясында кірме атаулардың, оның ішінде славян тілдерінен енген атаулар сан жағынан көп. Моңғол тілді атаулар көбінесе калька түрінде келіп, түркілік мәнін сақтап тұрса, орыс атаулары мақсатты түрде мағынасына дейін алмастырылып, Андреевка, Самсоновка деп өзгертілген. Кірме атаулар өзгеше тілдік табиғатына байланысты ұлттық жүйеден оқшауланып, жеке топонимдік жүйе болып табылады. Егер біз қазақ топонимиясындағы моңғол қабатының негізін, ену кезеңін анықтау жолында терең тілдік талдау жүргізіп, көптеген тарихи еңбектер мен сөздіктерге жүгінсек, орыс тілінен енген топонимдерді анықтап, топтастыруда мұндай терең талдау жасау міндетті емес. Олардың кірмелілігі айқын көрініп тұрады. Мұндай атаулардың ену кезеңін де анықтау қиынға соқпайды. Кірме топонимдердің басым көпшілігі белгілі бір кезеңдегі тарихи оқиғалардан деректер беріп, негізінен, символдық топонимдерден тұрады. Аңғарғанымыздай, славян топонимиясы сол өңірдің географиялық ерекшеліктерін дәл беруден гөрі, кісі есімдерін, саяси атауларды көбірек қолданады. Осылайша сол өңірдің тарихы да берілген атаумен байланыстырылып, құлаққа сіңісіп кете берген. Орыстілді атаулардың ұлттық жүйеден оқшауланып, үйлеспей тұруының бір себебі – олардың үндіевропалық тілдер типіне жатуында. Қазақ тілі лексикасына ертерек енген славян сөздері фонетикалық өзгерістерге түсіп, сіңіп кеткені белгілі. Мысалы: бөкебай, бөрене, бөтелке, доға кәмпит, көмір, қамыт, пұт, т.б. Орыстілді топонимдерге де тән мұндай өзгеріс Шығыс Қазақстан облысы Өр Алтай өңірінің жер-су атауларын зерттеген Б.Бияровтың еңбегінде жан-жақты қарастырылған. Аталған еңбекке назар аударсақ, ғалымның фонетикалық өзгеріске түскен орыстілді оронимдер қатарына Бітірішке (өзенше), Емпіртбаз (мал бекеті), транскрипциялық өзгеріске ұшырамаған орыс тілді оронимдерге Беловское, (жайлау), козлушка («Таутекеге ұқсас өзен»), екі тілден біріккен оронимдерге Алтынзавод, Мрамор тауы сынды атауларды жатқызғанын көреміз. Қорыта айтқанда, қазақ даласында орын алған тарихи кезеңдерде пайда болған атаулар әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Олардың себеп-салдарын қарастыратын ғылыми деректерді бүгінгі күн тұрғысынан зерделеп, мән-мағынасын аша түсу қажет. Мұндай атаулар кезінде ел аумағында кең етек жайғандықтан тұрмыс-салтымызға, өмірімізге дендеп енді. Қалай болғанда да тілдік, лингвистикалық тұрғыдан зерттей отырып, өзге елден келген атауларды бірте-бірте қазақыландыру мәселесіне назар аударғанымыз жөн. Бұл біздің дербес ел ретіндегі даралығымызды айқындап, нығайта түсеріне сенім мол.

Орыстілді атаулардың ұлттық жүйеден оқшауланып, үйлеспей тұруының бір себебі – олардың үндіеуропалық тілдер типіне жатуында. Қазақ тілі лексикасына ертерек енген славян сөздері фонетикалық өзгерістерге түсіп, сіңіп кеткені белгілі. Мысалы: бөкебай, бөрене, бөтелке, доға кәмпит, көмір, қамыт, пұт, т.б. Орыстілді  топонимдерге де тән мұндай өзгеріс Шығыс Қазақстан облысы Өр Алтай өңірінің жер-су атауларын зерттеген Б.Бияровтың еңбегінде жан-жақты қарастырылған.

Нұржамал ОҢҒАРБАЙ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты

2900 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы