• Тарих
  • 13 Қазан, 2016

Дағдарыстан – дамуға қарай

Тәуелсіз дамудың 25 жылының әрқайсы маңызды оқиғаларға және күрделі мәселелерге толы. Жеке мемлекет болудың, дамудың сара жолына түсудің өте күрделі және аса жауапты шаруа екендігін әрбір қазақстандық сезіне түсуде. Игілікті, бай-қуатты және өркениетті өмір тек жасампаз еңбек пен жаңашылдықтың арқасында ғана мүмкін. Қазақстанның өміріндегі 2009 жыл міне осы шындықтардың санадан нақты орын алу жылы болды. 2008 жылы басталған әлемдік қаржылық дағдарыс 2009 жылы жалғаса берді. Жаһандық экономикалық тәртіптердің өзгеріске ұшырауы жетекші экономикасы бар елдердің өндіріс көлемін қысқарта бастады. Соның нәтижесінде 2008 жылдың аяғы мен 2009 жылдың басында Қазақстан мұнайының бағасы 4 есеге, түсті металдар бағасы 2 есеге арзандады. Ел бюджетінің қомақты табысы азайды. Теңгенің сатып алу қабілеті әлсіреді. Ұлттық банк ел теңгесінің құнын 1 долларға 120 теңгеден 150 теңгеге өсіруге мәжбүр болды. 

Теңге бірден 25 пайызға әлсіреді. Себебі, 1 жылдың ішінде бағамын ұстап тұру үшін Ұлттық қордан 6 млрд. доллар қаржы жұмсалған болатын. Қаржылық дағдарыстың ықпалынан Қазақстанның ең жақын экономикалық одақтастары Беларусь рублі 20 пайызға, Ресей рублі 15 пайызға арзандады. Осы жылдардан басталған теңгенің құнсыздану үрдісі әлі де жалғасып келеді. Дағдарыстық үрдістердің перманенттік сипатталуы халықтың әл-ауқатына елеулі ықпал жасады. Қазақстандықтардың нақты табысы тоқтап қалды. Әлемдік экономиканың құрамдас бөлшегіне айналған Қазақстан экономикасы жаһандық қаржылық дағдарыстың барлық қиыншылықтарын бастан өткеруіне тура келді. Әлемдік қаржылық дағдарыс Қазақстан экономикасын тиімді басқарудың жаңа тетіктерін іске қосудың, «үкіметтің тікелей басқаруының» маңызын арттыра түсті. Әлемдік қаржылық дағдарысқа қарсы Үкімет шаралары оң нәтижелерін берді. Осы мақсаттарға ел экономикасына 2,7 трлн. теңге қаржы берілді. Соның ішінде тұрғын үй құрылысын дамытып, үлескерлер мәселесін шешуге 545 млрд. теңге, кіші және орта бизнеске қаржылық қолдау көрсетуге 275 млрд. теңге, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 280 млрд. теңге, инфроқұрылымдық жобаларды іске асыруға 120 млрд.теңге бөлінді. 2010 жылы бюджет саласы қызметкерлері жалақысын 25%, стипендия мен зейнетақыны 25% өсіру жоспарланды. Қаржылық дағдарысқа байланысты мемлекет студенттерге қосымша 11 мың грант және 40 мың несие бөлді. Ел банктерінде ақша салған азаматтардың қаржыларын кепілдендіру 700 мың теңгеден 5 млн. теңгеге өсіріледі. Әрбір ауылдық әкімшіліктерге 50-100 млн. теңге көлемінде жергілікті жерлердегі ағымдық мәселелерді шешуге қаржы бөлу жоспарға енді. Бұл қаржыны әкімдер жергілікті мәслихаттар бақылауымен жұмсауы тиіс болды. Мемлекеттік әлеу­меттік қамсыздандыру қорынан жұмыс­сыздарға берілетін жәрдемақыны 4 айдан 6 айға дейін өсіру белгіленді. Қалалар мен ауылдарда жастарды қамтитын әлеуметтік жұмыс орындарын көптеп ашу жолға қойылды. 2009 жылдың өзінде бұл бағдарлама бойынша 13 мың адам жұмыс тапты. 2009 жылғы мемлекеттік маңызды оқиға 25 ақпанда басталып 6 наурызға дейін жүргізілген тәуелсіздік жылдарындағы екінші ұлттық халық санағы болды. Азаматтарға 45 сұрақтан тұратын анкеталар таратылды. Әрбір санаушыға 78 пәтерден немесе 290 адамнан келді. Қазақстанда 53 мыңдай санақшы халық санағын жүргізді. Бұл шаруа арқылы ел халқының адам ресурстарының қуатын зерттеу іске асырылды. Әлеуметтік дамуда шешімін таппай отырған мәселелердің беті ашылды. Қазақстан халқының демографиялық потенциалын өсіру жолдары белгіленді. 2009 жылдың басында Қазақстанда 15,7 млн.адам өмір сүрді. 1999 жылы елде 14,9 млн. адам болған. 10 жылда халық саны 800 мыңнан астам адамға өскенімен 1989 жылғы Кеңес одағы ыдыраған кездегі 16,2 млн. адам санына әлі де жете алған жоқ. Осы жылғы саяси мәні зор оқиғаның бірі 6 қараша күні «Қа­зақстанның ұлттық бірлігі доктринасының» жалпыхалықтық талқылауға ұсынылуы болды. Себебі ашық қоғам орнату, идеологиялық әралуандылық жағдайында қоғамның ішкі топтасуын, бірігуін күшейтудің маңызы арта түсті. Әсіресе елдегі түрлі ұлыстардың мәдени, рухани, біліми дамуына жағдай туғызудың ықпалы зор еді. Әрбір қазақстандық азаматтық құқықтарын, бостандықтарын, құндылықтарын іске асыра алатын жағдай туғызылды. Сонымен қатар Доктринада елеулі олқылықтар болды. Онда қазақ ұлтының елдегі мемлекет жасаушылық рөлі, мемлекеттік тілдің ел халқын топтастырып, ұйытудағы маңызы айтылған жоқ. Сондықтан бұл Доктринаға ұлтжанды қазақ зиялы қауымы мен ұлтшыл-патриоттар қарсы шықты. Қазақ халқының ұлттық құндылықтары туралы айтпаған Доктрина қабылданбай қалды. 2009 жылдың келесі бір маңызды оқиғасы жылдың аяғына таман ЕЫҚҰ (ОБСЕ) төрағалығы Греция мемлекетінен Қазақстанға берілуі. Құрамына 56 мемлекет кіретін бұл ұйымға Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып төрағалыққа өте алды. Еуропадағы қауіпсіздік, экономикалық даму, экологиялық мәселелерді шешу, гуманитарлық саладағы ынтымақтасу мәселелерін шешуге Қазақстан ЕЫҚҰ төрағасы ретінде басшылық жасауға тиіс болды. 2009 жылғы экономикалық мәсе­лелерді шешу, әлеуметтік мәсе­лелерді күн тәртібіне қою, елдің халықаралық аренадағы қыз­­меті Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың белсенді субъек­тісіне айналғандығын дә­лелдейді. Қазақстан әлемдік қар­жылық дағдарыстан өз күшімен, өз потен­циалын пайдалану арқылы шығудың тиімді шараларын дұрыс жолға қоя алды. Ел дағдарыстан дамуға қарай бетбұрыс жасады.

Сайын Борбасов, саяси ғылым докторы, профессор

1776 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы