• Тұлға
  • 20 Қазан, 2016

Ақын жүректі балуан

Жақында қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында Алтайдың ар жағындағы қандастарымыздың арасында еркін күрестен Қытайдың 29 рет жеңімпазы болған Солтыкен КӨКІШҰЛЫМЕН кездескен едік. Бұл кісі де жұртшылықпен бірге жарысты бастан-аяқ тамашалады. Сол кезде Солтыкен Көкішұлымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

–Сізді Қытайдағы ағайынның арасында алғаш рет халықаралық жарысқа қатысқан балуан дейді. Бұған қашан қатыстыңыз? –Бұл жарысқа еркін күрестен қатыс­тым. Ал әуелі қазақ күресімен, одан кейін қы­тайдың жыңғойши деген күресімен айналысқан едім. Біздің кезімізде күрес десе делебесі қозып, арқасы қызатын балуандар өте көп болды. Мысалы, бізге дейін Серік Қожабай, Тұрсынғали деген кісілер болса, одан кейін Көкенай, Жансейіт Қанатай, Нұрбек Қали, ­Мейрамбек, Мекеш, Нұрлан, ­Манарбек деген жігіттер шықты. Олар жақсы күресті. Осылардың ішінде маған алғаш рет еркін күрестен халықаралық жарысқа қатысу бұйырды. 1979 жылы Үндістанда өткен Азия чемпионатына қатыстым. Оған ұлттық құрамаға бес адам алынды. Соның үшеуі ханзу, яғни қытай, біреуі моңғол, біреуі мен болдым. Осы сында төртінші орын алдым. Ал келесі жылы Иранда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атандым. Бұл белдесуге 87 ел қатысты. – Сол кезде сізге «Күрес патшасы» деген атақ берілді ме? – Кейін берілді. Мен 100 келіден аса салмақта күрестім. Жаңа өзіммен бірге талай мықты балуандардың да белдескенін айттым ғой. Олар өз заманының мықты­лары болған. Ал маған «Күрес патшасы» атағы 29 жарыста жеңімпаз болғаным үшін берілді. 10 мемлекеттік жарыста бес рет бірінші, төрт рет екінші, бір рет үшін­ші орынды иелендім. 9 рет аудандық жарыстың жеңімпазы, екі рет күміс жүлдегері атандым. Негізі 1973 жылдан бастап күрестім. Жастық шағым «Мәдениет төңкерісімен» тұспа-тұс келгендіктен күреспен кешігіп айналыса бастадым. 1977 жылы, 25 жасымда Шыңжаң балуандар командасына шақырылдым. Келесі жылы Үрімжіде Қы­тайдың мемлекеттік жарысы өтіп, екінші орынды иелендім. 1979 жылы Шұйжуда, 1981 жылы Шанхайда, 1982 жылы Тайванда, 1986 жылы Ланжуда бас жүлдені алдым. –Кешеден бері сіз туралы жақсы айтылды. «Солтыкен кезінде зілтемірді төбесінде ойнататын, арқанға өрмелегенде аяғына 20 кем ауыр затты байлап алатын қытай балуанымен күрескен. Соны жеңгенде иісі қазақтың бәрінің абырой-беделін арттырып, мерейімізді асырды» деген еді. Бұл қай кезде болды? –Ол мемлекеттік жарыс болатын. Сол кезде қытай балуаны: «Бүгін мен өз құдайымды айтып шықтым. Сен өз құдайыңа сеніп күрестің. Сенің құдайың жеңді. Екеуміздің де күшіміз бірдей болатын. Бірақ сенің бойыңда бір құдірет бар сияқты» дегені есімде. Мен үшін тағы бір есте қалатын белдесу, 1984 жылы болды. Иранның Тегеран қаласында «Такти» атты халықаралық турнир өтті. Осы сында Кубаның төрт дүркін әлем чемпионын жеңіп, тәубесіне келтірдім. Ал 1986 жылы Қытайда мемлекеттік жарыс­тар аяқталған соң, аудандық белдесулерге қатыстым. Онда үш жылдай күш сынастым. Одан кейін тәрбиеші болдым. Яғни балаларды күреске баулып, жаттықтырумен айналыстым. – Сіз ел арасында балуан ғана емес, ақын ретінде де кеңінен танылған екенсіз. Көбіне не туралы жазасыз? – Менің өлеңдерімде бәрі бар. Спорт, өмірге қатысты бәрін жазуға тырысамын. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетсе деймін. 1988 жылы «Болат қалам» атты тырнақалды туындым, одан кейін «Ақ семсер», «Көк сүңгі», «Жасыл жебе», «Айбалта», «Қара шоқпар» деген жыр жинақтарым шықты. – Бұл кітап та сіз туралы ма? – Иә. Енді Қазақстаннан тағы бір кітапты шығару ойда бар. «Ақ семсер» Қазақстаннан шыққан. – Қазақстанда жиі болып тұрасыз ба? – Астанада бір рет болдым. Тағы да барамын деп отырмын. – Сізге балуандық, ақындық өнер ата-бабаңыздан тарам-тарам ұрпақ арқылы жеткен сияқты. Жазу-сызу, күресу қанда бар қасиет қой. Сіздің әкеңіз, атаңыз күреспен айналысты ма? – Ол кезде күрестер той-томалақта, аста, басқа да жиындарда болатын еді. Менің Дүтбай нағашым үлкен жарыстарға қатыспаса да ел ішінде қара күшімен кеңінен танымал болған. Біз бала кезімізде соларға қарап өстік. Күрес – қазақ халқының қаз тұрып, қадам басқан кезден бері келе жатқан ұлттық спорт түрі. Балалық шағымызда балуан десе, сол адамның жүріс-тұрысына, сөзіне, қимылына дейін еліктеп өстік. Сондықтан күрес қандай қиын-қыстау кездер болса да халқымыздан қалған емес. Ол біздің қанымызға сіңген өнер. – Солтыкен аға, сіздің ауыр тасты көтергеніңіз содан болып тұр ғой. – Осыны көп адамдар сұрайды. Бұл тасты 22 жасымда көтердім. Ол 292 келі болатын. Қазір тас Алтай аймағындағы Шікірші елді мекенінде тұр. «Қарап тұрды 15 жігіт қасымда, көк шұбар боп жатты Қыран тасы да, кейінгі ұрпақ көрсін деген ойменен, көтердім мен 22 жасымда» деген екенмін. Мен 1952 жылы Алтай аймағының Қыран өзенінің бойында туғанмын. Ал мынадай ауыр тастарды бізге дейін де талай алыптар көтерген. Мысалы, Шыңжаң өлкесіндегі Қарамағай ауылында Ахметжан балуан 389 келі тасты, Қабада Ыдық балуан 430 келі тасты көтерген болатын. Одан басқа Қасым батыр 700 келі тасты, Қожағапан балуан да ауыр тасты көтеріп, жұртты таңғалдырғаны белгілі. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дастан ЖҰМАБЕКҰЛЫ, журналист

Моңғолкүре (Қытай) – Астана

1603 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы