- Мәдениет
- 20 Қазан, 2016
Сахнаға немерелерімен шыққан қаламгер

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында көрнекті жазушы-драматург, профессор, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Сұлтанәлі Балғабаевтың 70 жасқа толуына арналған «Жұлдызың жансың» атты шығармашылық кеш өтті. Кеш шымылдығы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттерінің қойылымымен ашылды. Бұдан кейін «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Қуанышбай Құрманғали кеш иесі туралы «Ұлтқа қызмет етудің үлгісі» деген тақырыпта баяндама жасады.
Қаламгердің тырнақалды туындыларына талдау жасап, өз естеліктерімен бөлісті. «Сұлтанәлінің жазушылық талантының қыр-сырын ұғыну үшін оның әр алуан тақырыптағы повестерімен танысып шығу да аздық етеді. Жазушының тағы бір қыры–көсемсөздігі.Республикалық баспасөз беттерінде оның мақалалары үзбей жарияланады. Тіршіліктің сан салалы мәселелерін қозғаған мақалалары қандай керемет. Сұлтанәлінің жазушылық, драматургтік қызметінен бөлек тағы бір артықшылығы – қайраткерлігі. Оның Дүниежүзі қазақтар қауымдастығында атқарған қыруар шаруаларын, сіңірген еңбегін ерекше атауға болады» деді баяндамашы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтой иесіне арналған құттықтау хатын Мемлекет басшысының өзі жетекшілік ететін Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев оқып, табыстады. Құттықтау хатта былай делінген: «Құрметті Сұлтанәлі Базарбайұлы! 70 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Халқымыз өзіңізді есіміңіз қазақ оқырмандары мен көрермендеріне жақсы таныс жазушы-драматург және қоғамымызға белсенді атсалысып келе жатқан қайраткер азамат ретінде құрмет тұтады. Сіздің қаламыңыздан шыққан көркем дүниелер оқырманға қарапайымдылығымен және адамдардың жан-жүрегіне ізгілік пен имандылықтың сәулесін түсіретін жақсы қасиеттерімен ұнайды. Адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастардың нәзік қалтарыстары мен терең драмалары иланымды ашылатын бірқатар пьесаларыңыз еліміздің театр сахналарында табысты қойылып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында көп жыл бойы менің орынбасарым бола жүріп, ұлтжанды және жанашыр азамат ретінде шетелдерде тұратын қандастарымыздың атамекенмен байланысып тұруына лайықты үлесіңізді қосып келесіз. Қаламгерлік және қайраткерлік қасиетіңіз еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларымен және әдебиет саласындағы сыйлықтармен атап өтілгені зор мерей. Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық пен ізгіліктер, сондай-ақ бақытты шығармашылық ғұмыр тілеймін».

16020 рет
көрсетілді1
пікір
Алдыңғы мақала
Қанат Ислам: Жанкүйерлер қолдауын ерекше сезінемін
Келесі мақала
Жаңа маусым «Абай» спектаклімен ашылды
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *
Ғиззат Досжанов
13 Тамыз, 2020Құрметті Сұлтанәлі! Сізді 70-жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймын. Өмірің ұзақ болып, денсаулығың мықты болсын. Өзіңе өзің не тілесеңде, барлығына қосыламын. Ресей қазақтары (Омбы, Орынбор, Астрахань,Қорған, Саратов, Түмен) Сіздің 70-жылдық мерейтойыңызды білмеген шығар деп ойлаймын. Білгенде, келмеседе, құттық-тау телеграммасын жіберер еді. Ғиззат Досжанов, биол. ғыл. канд., Бүкілодақтық ленин комсомолы сыйлығының лауреаты.