• Қоғам
  • 06 Мамыр, 2010

Қазына-қарттар қайда жүр?

Жетімдер үйі. Түрме. Қарттар үйі. Бұдан біраз ғана бұрын бұл ұғымдар ұлттық санаға сыймайтын. Бірақ бүгінде аты үрейлі бұл үйлерден үрікпейміз де. Түрмесіне тентегі толса, жетімдер үйіне жетімегі жөнелтіліп, қарттар үйіне қариясы тоғытылып жатыр. Қайран қалу түк емес, қорқынышын айтсаңызшы. Жақында біз Алматы қаласындағы «Ардагерлер үйі» деп айдар таққан мекемеге бас сұқтық.

Айдар таққан дейтініміз, бұл жер – күнделікті қолданыстағы сөзбен айтсақ, кәдімгі қарттар үйі. Бір кезде мекеменің басшылары бұл үйдің атын «қарттар үйі» деп атаудан қорашсынып, осылай атаған абзал деген болу керек. Дұрыс-ақ. 350 адамға лайықтандырылған мекемеде бүгінде 310-нан аса қарт тұрып жатыр. Оның 60-тан астамы – қазақ қариялары. Ақ жаулықтылар мен қазақы тақиялыларды көргенде: Дүниеге келер бір рет, Дария-кеуде, тау мүсін. Құрыштан құйған құдірет – Қарттарым, аман-саумысың?! – деп Сағи ақынша арсалаңдап барып амандаса алмадым... Өйткені көз алдымда – көңілсіз картина. Пейілі пәс, жаны жүдеу жандар. Бір қызығы, әу баста іздеушісі жоқ, қамқорлыққа мұқтаж болып келетін қариялардың кейін балалары, туысы барлығы белгілі болады екен. Директордың орынбасары Серік Төлегенұлының айтуынша, қариялардың әр айдың аяғында қолдарына тиетін зейнетақыларын балалары келіп қағып алып кететіні де бұл жерде ешкімге таңғаларлық жайт емес. Алайда бұл жерден ата-анасын аялап бақпақ түгілі, «арбаға байлап қойып баға алмаған» баланың барынан жоғы деп отырған қарттарды көрмейсіз. «Іштен шыққан шұбар жылан»... Бұл мекеннен бәрін табасыз. Мұғалім дейсіз бе, ғылым докторы дейсіз бе, қала берді, кезінде білдей министрдің орынбасары болған жандар да жүр. Бұдан кейін пендені қара жер ғана теңестіреді дегенге сеңгің келмейді екен. Әйтсе де, ешкімді ешкім жазғырғысы жоқ. Бәрінің айтары бір. «Қарға тамырлы қазақ едік. Тек тәрбиені ақсатып алдық. Содан үлкенге – құрмет, кішіге ізет ізім-қайым жоғалды. Қоғам қатыгезденді...» Рас, бұл үйдің тұрғындарының дені күтiмдi қажет ететiн жандар. Көзi көрмей, құлақ естімей қалғандарын қалыпты құбылыс десек, жүрек талмасы, қан тамыры аурулары, рактан көз жұматындар да жетіп-артылады екен. Жалғызынан айырылып, жәрдемшісінен көз жазып қалған ғұмырлар қанша... Адамның өмірі – көш. Межелі мекенге жеткенде ол да тоқтайды. Тірісінде қарайласпағандар қария қайтқан күні ғайыптан тайып пайда бола кететіні де бұл мекенге аса мейірім сәулесін түсірмейді. Олардың өзі туысын арулап, ақырғы сапарға жөнелту үшін емес, артында қалған азын аулақ тиын-тебен мен дүние-мүлікті (бөлмесіндегі тоңазытқыш, теледидар...) талапайлауға келеді екен. Иә, «құрыштан құйған құдіреттерді» іздесеңіз, мұнда келмеңіз. Жаныңыз жабырқайды. Бұл жерде санаулы қазына-қарттар қым-қуыт тірлікте қарапайым ғұмыр кешсе, қытымыр қара шалдар табалдырық тоздырып, арызданып жүр. Айтатыны – Үкіметтің беретін тамағы мен зейнетақысына көңілі толмағаны. Баласынан бақ таппағанына емес, Үкі­меттен бап таппағанына базына айт­қызған өмір-ай десеңізші... «Ерлік те, еңбек те теңдей ескерілсе екен...» Атшаптырым аумақты алып жатқан бұл аймақ – шипажай типтес шуақты жер. Жан-жағыма көз жүгіртіп келе жатқан менің жанарыма қолтықтасып, шалқып басып бара жатқан кейуана мен қария шалынды. Осыны байқаған жанымдағы шаруа бикесі «Ой, у них любовь!» деп күліп қойды. Мен күлгем жоқ. Дұрысы – күлкім келген жоқ. Жағалай жүріп келе жатқанымызда шаруа бикесі «мына отырғандар – тыл ардагерлері» деді орындықта шуақтап отырған ақ жаулықты әжей мен тақиялы қос ақсақалды нұсқап. «Қайғымды қозғар» деді ме, өзін Жапарғали Шәкіров деп таныстырған қария «80-нен астық. Өмірге өкпем жоқ» дегенді айтып, сырт айналғысы келді. Бірақ сонау соғыстағы ерлік пен еңбек жайлы естелік естігіміз келетінін білген соң өзгеріп сала берді. «Қызық болғанда, мен биыл тыл ардагерлерінің тізіміне ілінбей қалдым. Ұмыт қалсам керек (Осы тұста сөзге араласқан шаруа бикесі ешкімнің де, ештеңенің де ұмыт қалмайтынын, тізімге бәрі енетінін қоса айтып жатты). Бірақ қоспай көрсін (күліп алды). Ол кезде «Бәрі майдан үшін!» деген ұран мен идеологияның ықпалы зор-тын. Колхоз бен совхозға барып, қала мен даланың арасында ағылып жүріп, күні-түні жұмыс істедік қой...» Осы кезде Хамзина Ғарифа әжейдің: «21 жасымда соғыс басталды. Мен ол кезде Қырғызстанда едім. Қырғызстанда жүруіме себеп – 30-шы жылдары атам болыс болғандықтан әкемді Сібірге айдатып, бізді қаңғыртып жіберген. Ма­мандығым мұғалім болғанмен, барлық жұмысты қатар алып жүрдік. «Бәрі майдан үшін, Жеңіс үшін!» деген ұран жарғақ құлағымызды жастыққа тигізген жоқ. Бәрін бердік, күш-жігерімізді, жастық қай­ратымызды. Ең ақыры, саусағымыздағы соңғы сақинамызды шешіп бердік» деген сөзін металлург Жапарғали ата іліп әкетіп: «Он бытыраның тоғызы Қазақстаннан жөнелтілді ғой. Осыдан-ақ біздердің Жеңіске деген үлесімізді бағамдай бе­ріңіз» дегенді қосып қойды. «Тыл болмаса, жауынгерлер жеңіске жетер ме еді?.. Басқа елдердегідей соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлерінің ерлігі мен еңбегі теңестірілсе деген тілегіміз бар. Медалін беріп жатыр. Рахмет. Қаржылай көмегі де бар. Бізге оның ақшасы да, медалі де емес, керегі – бөле-жармай қараған көңіл ғой...» – дейді қариялар. Бейбіт күнде бағасын алмаған батыр Бұл жерде 18 соғыс ардагері, 140-қа жуық тыл ардагерлері өмір сүреді. Қолына мылтық алып, қан майданда от кешкен он сегіздің ішінде қазағы жоқ. Дұрысы – болу керек еді. «Ардагерлер үйін» мекендеген 84 жастағы Нұриаздан Асхожин ақсақалдың аты олардың арасына ене алмай-ақ қойды. Себеп – соғысқа қатысқандығын растайтын құжаттардың жоғалуы. Қағазға құлықсыздау қарайтын қазақы қалпымен құжаттарына мұқият бола алмаған қария оқ қарша бораған қан майданда қару алып, қасына қарсы тұрғанымен, қаһармандар қатарына ілінбей қалды. Осы жердегі ардагерлер кеңесінің тө­рағасы Мәдікен Құспанұлының айтуынша, ақсақалдың медальдары бар да, оның қай жерде соғысқанын, кімнің қолынан медаль алғанын растайтын құжаттары жоқ. «Сонда сонау сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен жалғыз қазақ жауынгері елеусіз қала бере ме?» деген сауалымызға да жа­уап табылды. М.Құспанұлы өзі бастап, осыдан екі ай бұрын Алматы қалалық Әуезов ауданының әскери бөлімшесінен сонау Ресейдегі Орталық әскери мұрағатқа сұрау жібергенін айтты. Онда ардагердің аты-жөні мен өзі айтқан шайқас алаңы көрсетілген. Әттеген-айы – оған жа­уап тек араға жарты жыл немесе одан көп уақыт салып келуі мүмкін екен. «Ол үшін КСРО-ның күллі әскери мұрағатын мұқият тексеру керек қой» дегенді қосып қойды төраға. Сөйтіп, Нұриаздан ата Жеңістің 65 жылдығының құрметіне мемлекеттен бөлінетін өзіне тиісілі 65 мың теңгеден де, қаладағы ардагерлерге Алматы қала­лық бюджетінен қарастырылған 25 мың теңгеден де қағылатын болды. Бәрінен бұрын бізге бейбітшілік сыйлаған ба­тырдың бейбіт күнде бағаланбай қалып бара жатқаны жанға батады. Өкініш өзекті өртегенімен, өкпені ешкімге арта алмаймыз. Өмір ғой... Осы жерді мекендеген жалғыз қазақ жауынгерінің жағдайын білгіміз келіп, екі күн қатарынан іздеп барғанымызбен, есігін ашпай қойды. Жападан-жалғыз тарс бүркеніп жатып алған қарияны жазғыра алмадық. Кім біледі, өлім мен өмірдің арасындағы үздіксіз күресте өзінің жауына жебедей атылғандығын айтудан, сөйте тұра от кешкен осы жылдардың жаңғырығына бүгінде жан баласын сендіре алмаудан жалыққан шығар... Беу, белгісіз солдат... «Жоғалған» жауынгер. Қайран, қайсарлығың қағаз бетінде қалып кеткен қазақ қарты!.. Бағасыз байлық. Безбүйрек бала. Бұлыңғыр болашақ Бұл жерде біреулер үшін бәрі бар. Таза ауа, таза төсек, төрт мезгіл тамақ. Қала берді, құрақ ұшқан медбике, шүйіркелесетін шал-шауқан да бар. Бірақ өмірдегі бақыт бұнымен өлшенсе қайсы? Кетерімізде жанары жәутеңдеген Жапарғали ата: «Осы жерге келетін басқа ұлттың қарияларынан «неге бұл жерге келдің?» деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Ал бізге – қазақтарға «Балаң бақпады ма? Бұл жерге неге келдің?» дейді бірден. Сен неге сұрамадың?» – деді. Шыны керек, мен сұрамағам, сұрағым да келмеген. Рас, бұл ортаға тап болдым дегенше, сұрақтың астында қалдым дей бер. Әсіресе, қазақ қарияларға обал-ақ. Иә, бұлардың бәрін бұл жерге бағыттаған ұқсас тағдырлар. Ол – тән сырқаты, жан ауруы мен жалғыздық. Бәріне белгілі жайтты білу үшін біреудің жан жарасының бетін тырнауға батылым бармайтынын айта бергеніміз сол еді, ақсақал әңгімесін жалғады. – Ақша, ақша... Ата-ана, кейін адамға өзін-өзі жоғалттыратын нәрсе – ол ақша екен, балам... Өзімізден бәрі. Жоқ емес, Алла берген перзенттерім бар. Орысша оқыттық, орысша тәрбие бердік. Бір бала ауру. Бір бала ішіп кетті. Рас, кезінде істемеген жұмысым жоқ. Жақсы тұрдым. Бірінші Алматыда 4 бөлмелі үйім болды. Зейнетақым 6 мың теңге болса, коммуналдық төлемдерім одан асып кететін. Сосын ол үйді саттым да, осында келдім. Бұл жерге келу мақсат емес, әрине (Күрсінді). Орыстарың жылы жерді, тегін тамақты біледі екен (Ол күліп алды. Ал менің миығымда – мысқыл. Бұрынғының қариясы біреудің төрінде емес, ата салтымен өз босағасында өлуге бар-тын). Дәл сен секілді менің немерем бар. Қыздан туған. – Қазақ қыздан туған баланы «жиен» демеуші ме еді? – Иә, жиен-немере ғой енді. Содан ештеңемді аямаймын. Анасы жұмыс істемейді. Жылына 6 мың доллар төлейтін КИМЭП деген жерде оқиды. Барым соның жолында деп отырамын... Жо-о-қ, мейірім жоғалмапты. Бар. Бірақ сауапсыз, қайтарымсыз. Жылына 6 мың доллар (!) төлеп бала оқытуға жағдайы бар да, төрінен көрі жақын әкесін бағуға шамасыз һәм «шарасыз» ұрпақ үшін ұялдым. «Ол жиен жетілгенше Сіз қай дүниелік боласыз, ата?» дегім келді. «Балағынан өрген балалары бақпағанда, «жиен ел болар деймісің?» деген бір дауыс естілгендей болды. Әлдеқайдан. Әрине, мұны мен айтқам жоқ... Осы сәтте бұл мекеннің байырғы тұрғыны болу керек, ақсақалдар мойынбауын қылғындыра байлап, кербездеу басып бара жатқан қарияны меңзеп, «советский интеллигент!» деп жатты. Мен де қарадым. Бірақ бар болғаны маңғаз мағынасыздықты көрдім. Жөніме бара жатқан менің тіліме «Даламның исі бұрқырап, Қарттарым, аман-сау жүрші!» деп сайын даласының қазына-қарттарын сағынған Сағи ақынның өлеңі оралды. Иә, олардан даланың иісі шығатын, өйткені олар сонысымен дара-тын, дана-тын. Бастысы, олар далалық еді.

Динара ІЗТІЛЕУ

9147 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы