• Тарих
  • 06 Мамыр, 2010

Айрықша тапсырма

d0b6d0b5d182d0bfd0b8d181d0b1d0b0d0b9-d0b5d181d0b5d0bdd0b6d0b0d0bdd183d0bbd18b-1Өмірбаян беттерінен Жетпісбай Есенжанұлы 1923 жылы дүниеге келген. Гурьев мұнай техникумын бітіріп, Сағыз кен орнында мұнайшы болып еңбек жолын бастады. 1942 жылы майданға аттанды, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, үш «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері. Әскери шені – полковник. Берлинді алу шабуылына қатысқан. Ұлы Жеңістен кейін тағы да екі жыл Германияда әскери қызметте болған. Елге оралған соң Мақат аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, 1950 жылы 27 жасында мұнай өнеркәсібі жұмысшылар кәсіподағы Қазақ республикалық комитетінің төрағасы болып сайланды. Партия, кеңес органдарында қызмет етті, Гурьев қалалық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Жаңаөзен қаласы атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болды, Маңғыстауда осы қаланың іргесін қалаған аға ұрпақ өкілінің бірі. Маңғыстау газ өндіру басқармасы бастығының орынбасары болған жылдары мұнай-газ өнеркәсібінің өркендей түсуіне мол үлес қосты. Бейбіт кезеңдегі еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Компартиясы ОК мен Министрлер Кеңесінің партиялық-мемлекеттік Бақылау комитетінің, КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі және Мұнай мен газ өнеркәсібі жұмысшылары кәсіподағы Орталық Комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазір соғыс және еңбек ардагері Жетпісбай аға Алматыда тұрады.

Жетпісбай ағамен әр кездесіп, әңгімелескен сайын Ұлы Отан соғысы кезінде десант болып жаудың ту сыртынан шабуыл жасайтын арнайы топқа кезінде оны бекер таңдаған жоқ-ау деп ойлаймын. Оның майдан жолына қарағанда, қажырлы, қайратты, сабырлы, салқынқанды, әр сөзі орнықты, тәртіпті қатаң сақтайтын жас қазақ офицері соғыста басқаларға үлгі болғаны анық. Бүгінде жасы сексеннің сеңгіріндегі ардагердің тумысынан қалыптасқан, өзгелерден ерекшелендіріп тұратын аға ұрпаққа тән асыл қасиеттері соның дәлелі іспетті. Жетпісбай Есенжанұлы – 1942 жылдың күзінде жау тылына аттанған 4-ші айрықша бригадасының 3-ші айрықша батальоны құрамында болып, жау тылында соғысқан жаужүрек батырлардың бірі. Былайша айтқанда, неміс-фашист әскерінің нақ ортасына кіріп, тұтқиылдан әрекет ететін десант деген сөз. Айналаның бәрі жау, артынан келетін көмек жоқ азғана топ тек өздеріне ғана сеніп, дұшпанға қырғидай тиіп, тез арада құрсаудан сытылып кетіп отырған. Соғыс ардагерінің бұл әңгімесін тыңдап отырғанда адамның мүмкіндігінің шексіз екендігіне таң қаласың. Ондай жау шебінің ту сыртынан соққы беруге аттанатындардың аман-есен оралуы екі талай болатын. Өйткені олар бастарын оққа тігетін нағыз хас батырлар еді. Қас-қағым сәт сайын небір қатерді бастан кешкен жа­уынгерлер айрықша тапсырманы орындауда ерлікпен шайқасқан. Жау тылында айрықша тапсырмамен шайқасқан майдангер әңгімесін былайша өрбітті: – Мен 1942 жылы ақпан айында майданға аттандым. Орынбор (Чкалов) қаласындағы Бердичев жаяу әскер училищесінде үш ай оқып, әскери жаттығудан өткен курсанттар сол жылдың мамыр айында Калинин мен Ленинград арасындағы Вышний Волочек қаласының маңындағы алғы шепке келіп, поездан түсе сала бірден шайқасқа кірісті. Қиян-кескі ұрыстарға қатысып, оқ пен отқа етіміз үйреніп қалғанда, бөлімше командирі болып жүрген мені маусым айының ортасында полктің, кейін дивизияның штабына шақырды, бірнеше жүз солдаттар іріктеліп, Қазан қаласының маңындағы орманда «Запастағы бригада» деген атпен жаттығуға кірістік. Жаттығу шаңғы үйренуден басталды, ал жаздыгүні оны қалай үйренуге болады дейсің ғой. Қалыңдығы 20-30 мм тақтайшаларды екі қатар аралығын 40-50 см етіп қырынан бекітіп, ұзындығын бірнеше шақырымға созған. Әлгі тақтайшалар арасындағы жолаққа қарағайдың қылтандары қалың етіп төселген, шаңғы осы төсеніштің үстінен әжептәуір сырғиды. Өзімізбен бірге алып жүретін жүктің салмағы күн өткен сайын ауырлай түсті, қатты қиналдық, майданға сұрансақ – жібермейді. Тек шаңғыны үйреніп қана қоймай, соғысудың, қолма-қол ұрыстың ерекше тәсілдеріне машықтанудан алда өте құпия әрі күрделі тапсырма тұрғанын бәріміз іштей сезетінбіз. Солай болды да. Қараша айының ішінде поезға мініп, майданға жол тарттық. Соғысқа керек­ті қару-жарақпен, кұрал-жабдықпен, киіммен қамтылдық. Бастан-аяққа де­йін ақ халатқа орандық. Қозғалғанда ешқандай дыбыс шықпайтындай тас­тай етіп түйіндік. Воронеж облысының Анна теміржол станциясынан түсіп, майданның алғы шебінен арғы бетке түн ортасында өттік. Сірә, бұл алғы шептің түгел жалғаспай қалған тұсы болса керек. Таң ата алғы шептен 40-50 шақырымдай жердегі бір селоны қоршадық... Жауға қарсы әрекеттеріміз түрлі бағытта болды әрі оның бәрі түн мезгілінде жүзеге асырылатын еді. Бірнеше рет немістердің штабтарын, соғыс керек-жарақтары орналасқан қоймаларын жару, шоғырланған немесе қозғалыстағы автоколонналарға шабуыл жасау, түрлі коммуникацияларды бұзу және тағы басқа тапсырмалар орындалды. Әр операцияға арнайы топтар жасақтап, елді мекендердің ойы-қыры қандай, оған қай жағынан кіріп, қай тұсынан шығу, қандай әрекет жасау керектігі жоспарланып, топография­лық карталарды ежіктеп, шабуылға мұқият әзірленеміз, кейде бәрі бірдей ойдағыдай бола бермейді. Операцияны белгіленген мезгілде бастап, шұғыл қимылдау керек, созылмалы айқасқа бармай, сол жерден тез арада сытылып шығуға үлгеру керек, әйтпесе жағдай ушығып кетеді. Біздің ойламаған жерден, тұтқиылдан жасаған шабуылдарымыз жау арасында үрей туғызып, жергілікті халық арасында жеңіске деген сенімді ұялатты. Бірақ уақыт өте қатарымыз сиреп, үш ай жорық кезінде айрықша топ құрамының жартысынан айырылдық. Осы мерзім ішінде, қақаған қыста, қар төсеніп, мұз жастанып жүріп, Воронеж, Курск облыстарында фашистерге қаншама зиян келтірдік десеңізші, ал жалпы солдаттар оған мән беріп, есте қалдыруға тырыспады. Өйткені қатардағы жауынгер үшін тапсырма орындалса болды, аман оралғандарына шүкіршілік етеді, кім қаза тапты, кім жаралы болды, оған қайғырып, бір сәт тұнжырайды. Соғыстың өз заңы бар, ол көңіл-күй ауанына берілуге мүмкіндік те жоқ, оған жол да бермейді. Күн сайын 40-50 шақырым жаяу жол жүру, кейде үлкен операциялардан соң ізімізді жасыру үшін одан да көп қашықтықта жүру солдаттарды да, командирлерді де шаршатады, титықтатып жібереді. Тек күнбе-күнгі жорық қана бізді аман сақтады. Бір елді мекенде көп тұрақтауға болмайды, ондайда жау қамап алып, жойып жіберуі мүмкін. Күндіз тоқтап демалу үшін бірінен бірі қашықтау, оқшаулау орналасқан елді мекендерді таңдаймыз, алдымен айналасын алыстан көріп, барлау, бақылау жасалынады. 1943 жылдың ақпан айының ор­тасында біздерге өзіміз жаққа шы­ғуға рұқсат етілді. Демек, алға қойылған ай­рықша тапсырманың орын­дал­ға­ны деп түсіндік. Кері оралуға жинал­ға­нымызда жоғарыдан төтенше бұйрық түсті. Кеңес әскерлерінің жойқын ша­буы­лынан ше­гініп бара жатқан фашистерді әрі қарай жібермей, жолын кесу тапсырылды. Біз үлкен селоның жанынан өтіп жатқан айдау жолдың бойына бекініс жасап, окоптарымызды терең етіп қазып, орнықтық. Мен ПТР (танктерге қарсы қолданылатын мылтық) бөлімшесінің командирі едім. Ертеңгі таң қараңғысында жол бойынан жылт-жылт еткен әлсіз оттар көрініп, гүрілдеген моторлардың дауысы бірте-бірте күшейе бастады. Жау колоннасы жақындады-ау деген кезде біздің жақтан ракета жарқ етті. Бір мезгілде пулеметтерден, ПТР-лардан, автоматтардан жауған оқтың дауысы айналаны жаңғыртып, дүниенің астан-кестеңін шығарды. Өр­тенген машиналар, шулаған немістер, от-жалынның жарығында әрлі-берлі жанталаса жүгірген адамдар. Таң бозара бастады. Жол бойы бітелді. Фашистердің транспортерлері жолдан шығып жүруге тырысты, бірақ біздің ПТР-лар оғынан олар да құтыла алмай, жалынға оранды... Толассыз шайқас ұзаққа созылды. Түс ауа біздің әскерлердің алдыңғы шептері де келіп жетті. Біздің батальонның тірі қалған жауынгерлерін 25-ші атқыштар дивизиясының 81-ші полкіне апарып қосты. Сөйтіп, жау тылында қара күзден қыс бойы соғысып жүрген біздер өз әскерлерімізбен осылайша кездескен болатынбыз. Ардагер ағаның сұрапыл соғыс туралы әңгімесін тыңдап отырмын. Бораған оқтың арасында от кешіп жүрген жас қазақ офицері көз алдыма елестейді. Мен Жетпісбай ағаға әңгімесін бөліп, көкейіме оралған мынадай сауал қоюды жөн көрдім. – Ұлы Отан соғысының от-жа­лынында ерлік көрсетіп, орден-медаль­дармен марапатталған жауынгерлер аз емес екенін білеміз. Бірақ сіз сияқты «Қызыл Жұлдыз» орденін үш рет қатарынан алған адам сирек кездеседі, – дедім. Сонда ардагер әңгімесін былай деп жалғастырған еді: – Соғыстың аты соғыс, онда мен мы­надай ерлік жасадым, пәленбей жаудың көзін құрттым деп айтудың өзі қиын. Ерлікті тудыратын соғыс ахуалы, орын алған жағдай, яғни өмір мен өлім бетпе-бет келеді, кім де болсын өмір үшін күреседі. Сұраған екенсің, бастан кешкен қиын жағдайларды, соғыстың адам төзгісіз ауыртпалығы, қайғы-қасіреті туралы бірер сөз айтайын. 1944 жылдың көктемі ерте бас­талып, Украинада жердің тоңы түсіп, қар аралас жаңбырдан кейін жер мидай балшық болып, шалшық судан аяқ алып жүргісіз болды. Бұл әскерге де, техникаға да жайсыз тиді, автомашиналар орнынан қозғала алмады, тіпті бронетранспортерлер мен танкілер де жүре алмай, батып жатты. Осындай қиындыққа қарамастан, Қызыл әскер Украинаны фашистерден азат ету үшін шабуылын тоқтатпады. Біздің 8-ші гвардиялық армия басқа да әскери құрамалармен бірге Днепрдің оң жағалауын (батыс жағы) жаудан босату үшін барлық күшін пайдаланып, жан аямас ұрыстар жүріп жатты. Запорожье қаласын босатқан­нан кейін танк бронына қолданылатын марганец кені өндірілетін Никополь қаласының шабуылы жалғасты. Осы марганец кенінен айырылмау үшін фашистер қоршауда қалғанша тіресіп бақты. Ақырында неміс әскерлері қоршауды бұзып шығуға тырысты. Оған жол бермеу үшін біздің 47-ші гвардиялық дивизияның 142-ші гвардиялық полкі жаудың сытылып шықпақшы болған бағытын бөгеді. Немістер таң бозарып атқанда қиқулап өлең айтып, ауыз гармондарын тартып, пси­хикалық атакасын бастады. Олар шабуылға шыққанда бір қатар емес, бірнеше қатар болып тығыз жүрді. Алдыңғы қатардағылары оққа ұшып құлап жатқанда, артқы қатарлары құлаған солдаттарды басып, аттаған күйі алға ұмтыла берді. Біздің жақтан атылған оқтың қар­дай жауғаны сондай – пулеметтердің, автоматтардың ұңғылары қызғанда қол тигізбеді. Солдаттар мидай болып жатқан жерді шұңқырлап қазып, жиналған шалшық суды құйып, қару ұңғыларын салқындатты. Мұндай атака немістер тарапынан үш рет қайталанды. Біздің жақтан оқ, мина, гранат – бәрі таусылды, оны тылдан алуға жол жоқ, қару-жарақ қоры алыста қалып қойған. Алдыңғы күндері У-2 ұшағымен әуеден тасталған оқ-дәрілер таусылды. Нағыз қиындық енді туды. Түс ауып, кешке айналды. Немістер тағы да атакаға шықты. Бірақ таңертеңгідей ай­қай-шу жоқ, үнсіз алға жылжып келеді, бұрынғыдай емес, саны азайған тәрізді. Енді біздің не істеуіміз керек, атар оқ таусылған. Бір ғана жол қалды: ол – жаумен қолма-қол шайқасу. Біздің полктің, батальондардың, роталар мен взвод­тардың жауынгерлері, коман­дир­лері түгелдей қатарға тұрды, әркім өзі­нің жеке қаруын қолына алды, найзалы винтовка алға кезенді, найзасыз ка­рабиндері барлар оның дүмбісін алға ұстады, командирлер оғы болса пис­толеттерін, болмаса қанжарларын ұс­таған, бәріміз бірдей қозғалып, қата­рымызды бұзбай, немістерге қарсы жүрдік. Екі жақтың арасы сәт сайын жа­қындай түсті, өлі үнсіздік, тек жаяу әскерлердің майдан даласын жапырлай басқан аяқтарының дыбысы ғана естіледі, шегінетін жер жоқ, не өмір, не өлім. Бетпе-бет келгенде немістер қобалжыды, әуелі жүрістерін кілт тоқтатты. Біз жайменен жүріп келеміз, алға қарай жүгіруге әл жоқ. Немістер шегіншектей бастады. Біздің жүрісіміз тоқтамады, олар ақыры шыдамай кейін бұрылып, ту сыртындағы поселкеге кіре бастады. Біздер бұл елді мекенге кірмедік. «Тоқтаңдар» деген команда болды. Қараңғы да түсе бас­тады. Сонымен артымызда қалған окоп­тарымызға әрең жеттік. Кейбір жауынгерлер жүре алмай, жолда оты­­рып қалды. Қанша әліміз құрып, шар­шасақ та жауды ілгері жібермедік... Осы қиын ұрыстардан соң мені «Қы­зыл Жұлдыз» орденімен марапаттады. Алда үлкен жорық, шабуылдар кү­тіп тұрған еді. Жетпісбай аға Вознесенск, Одесса қалаларын босатуға, Украинаны, Молдавия мен Польшаны азат ету шайқастарына қатысты. 1944 жылғы шілде айында Кеңес Одағының әлде де фашистердің қо­лында қалған жерлері босатылып, Польша арқылы Берлинге жорық басталды. 1945 жылы қаңтар айында 8-ші гвардия армиясы 1-ші Белорус майданының шеңберінде Варшава, Лодзь, Познань қалаларын алып, Германия шекарасына өтті. – Ақпан айының басында Одер өзеніне келіп тіреліп, Кюстрен қа­ласының оңтүстігінде Зеелев жо­тасының тұсынан плацдарм алдық, – дейді Жетпісбай аға. – Зеелев жотасына шабуылға әзірлік бір-екі аптаға созылды. Сонымен артиллерия, танк, әуе күштері шабуылды бастады, те­міржолдың үстіне қойылған прожекторлар жарқылдады. Артиллерияның дүмпуінен, бомбалардың толассыз жа­рылуынан жер сілкінгендей, не­містерге жойқын соққы берілуде. Толассыз жарылған снарядтар мен бомбалардан арада жарты сағаттай өткенде жерден көтерілген шаңның қалыңдығы сондай, ештеңе көрінбей кетті. Алдыңғы шептегі жаяу әскерлер, біздер атакаға көтерілдік. Бірақ жотаны бірден алу мүмкін болмады. Осындай алма-кезек жасалған әрекеттен кейін түсқайта Зеелев жотасының төбесіне шықтық. Оның арғы жағы ойлы-қырлы далалық екен. Алыстан мұнартып орман көрінеді. Берлинге дейін немістердің бе­кінген үш ірі бекінісінен өттік, басқа кездерде бөлінген топтарын қуып жетіп, жойып жіберіп отырдық. 1945 жылдың сәуір айының аяғында Берлинге келіп кірдік. Дала­лықтағы соғыстан қала ішіндегі соғыстың бір ерекшелігі, ілгері жылжу метрмен, алынған үйдің санымен, үйдің қабаттарымен, көшелермен есеп­теледі. Қала ішіндегі айқаста кім айлалы, кім сақтық көрсетсе, кім бұрын тез қимылдаса, сол жеңеді. 1945 жылдың мамыр айының 2-сі күні Берлин гарнизоны жеңілгендігін жариялады. Таңғы сағат 6-да немістер үйлердің жертөлелерінен топ-тобымен қолдарын көтеріп, шыға бастады. Біздің рота талай жылдар бойы күт­кен мұндай жеңісті, қуанышты сәтті Бер­линді қақ жарып ағатын Шпрее өзені (Хафель өзенінің саласы) жа­ғасында, қаланың ортасында, Тиргартен паркінің оңтүстік шығысында қарсы алды. *** Қазақ офицері Жетпісбай Есенжанұлы 1995 жылы 9 мамырда, яғни Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай арнайы делегация құрамында кезінде өзі қиян-кескі ұрысқа қатысқан Берлинде бол­ды. Жеңісті қарсы алған Тиргартен паркінде қаруластарын еске алды, майдангерлермен кездесті. Ардагерлердің қатысуымен Карлхорстта бұрынғы капитуляция мұражайы неміс-орыс мұ­ражайы болып қайта ашылды. Арада елу жыл өткеннен кейін болған Берлин сапарында соғыс қасіреті ардагерлер санасында сәт сайын жаңғырып жатты. «Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмытылмайды!» Самат ИБРАИМ

7907 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы