• Мәдениет
  • 20 Қазан, 2016

Жаңа маусым «Абай» спектаклімен ашылды

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 91-маусымын ашты. Театр басшылығы маусымның жаңалығы мен театр тыныс-тіршілігі туралы баяндап, баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихатына театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, директордың кеңесшісі, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова қатысты.

Театр директоры Ерлан Біләл биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын М.Әуезов театрының 90 жылдығы ұштасып, бір уақытта тойланып жатқанын, театр 90 жылдық мерейтойын өзінің мәртебесі мен атақ-дәрежесіне сай кең ауқымда атап өткенін баса айтты. «Бүгін 91-маусымның шымылдығын театрымыздың бұлжымас дәстүріне сай М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен аш­пақпыз» деді. Ал Абай рөліндегі кейбір тұс­­тарды сұрағанымызда, ол ойын былай өр­бітті: «Мен Абай рөлін сахналаған Қалибек Қуанышбаевтың, Қапан Бадыровтың, Ыдырыс Ноғайбаевтың өнерлерін көрген жоқпын. Біз алғаш театрға келгенде сол ағалары­мыз жайында аңыз-әңгімелер айтылатын. Сол кісілердің өнері, театрға деген сүйіспеншілігі, өмірге деген көзқарасы, таным-талғамы жөнінде әңгімелерді көп естідік. Асқар Тоқпановтың «Қаллеки бір күні келсем жылап отыр екен. Себебін біліп, жұбатпақшы болсам, ол маған «Бұл Абайдың тағдыры қандай ауыр еді» деді» деген әңгімесінен де көп нәрсе ұғынуға болады. Сондықтан актер Абайдың басынан өткен тағдырға алаңдамаса, жүрегі селт етер бір дүние таппаса, онда сахнаға шығудың өзі де бекер шығар. Мен Абай рөлін сомдаған сайын осы естіген әңгімелер, көрген-білгенім есімде тұрады. Ізденіс кезінде актер аға толқын өнерінен сабақ алмаса, одан нәтиже шығармаса рөлін аша алмайды» . Баспасөз мәслихатында сөз алған КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов ел Тәуел­­сіздігінің 25 жылдығы мен театрдың 90 жыл­­дық мерейтойы аясында театрда көп­теген іс-шаралар ұйымдастырылғанын, соның бірі еліміздің облыс орталықтарына гастрольдік сапармен барып, 90 жылда жеткен жетістіктерімізді саралап, халыққа есеп беру болғанын атап өтті. «Аға, орта, жас буын өкілдерінен тұратын театрдың шығармашылық құрамы күн өткен сайын талантты жастармен толығуда. Бүгінде театрымыз академиялық театр болса, ертеңгі күні «Ұлттық театр» деген атқа лайық болуға қызмет етуде» деп жас толқынның көптеп келуіне ризашылық білдірді. Қазақстанның халық артисі Есмұхан ­Обаев жаңа маусымның ашылуымен жиналған қауым­ды құттықтап, М.Әуезов театры – қазақ дра­матургиясын, қазақтың актерлік мектебін әлемге танытқан, береке-бірлігі жарасқан, әр істі жауапкершілікпен, абыроймен атқаратын қазақ өнерінің қарашаңырағы, ата театры екенін тілге тиек етті.700 Биылғы маусымның басты жаңалығы режиссер Асхат Маемировтың сахналауымен қойылатын драматург Мәдина Омарованың «Ақтастағы Ахико-сан» пьесасы. Онда ста­линдік қуғын-сүргін кезеңінде қатыгез, қанішер жендеттердің қолына түсіп, КАРЛАГ лагерінде жастық шағын азапты өмірмен өткізіп, кейін босап шыққан соң Қазақстанда тұрақтап, қоныстанып қалған Ахико есімді жапон азаматының тағдыры баяндалады. Спектакльде көтерілер жайт – адам тағдыры, адамның қайсар рухы. Театрдың әдебиет бөлімінің меңгеру­ші­сі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Әлия Бөпежанова «Қазір байқа­саңыздар қай салада болмасын буын ауысып жатыр. Жаңа буын бүгінгі заманның талаптарына сай жұмыс істеуі керек. Режиссура, драматургия да жасарып келеді. Театр сынына да жастар келіп жатқаны қуантады. Жастарда тиянақтылық, ойының ұшқырлығы болса деген тілегіміз бар. Театр сынының өзі театр­тану және театр сыны деп бөлінеді. Осы орайда театр сынын жақсы игерген театр журналистикасын дамыту маңызды» деді. Аймақтарға гастрольдік сапарлар қайта жанданып, соның айғағы биыл театр Маңғыстау облысына гастрольдік сапармен барып қайтты. Мұның сыртында алғаш рет Астанадағы Ұлттық музейде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің көрмесі үлкен табыспен өтті. Театр ұжымы алдағы уақытта жүзеге асырылар маңызды іс-шаралар тізбегін жоспарлап отыр. Сонымен 91-ші маусымның шымыл­дығы «Абай» трагедиясымен ашылды. Абай рөлінде Ерлан Біләл, Әбдірахман рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев алып шықса, Айдар рөлі Аян Өтепбергеннің еншісіне тиді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

2392 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы