• Тарих
  • 06 Мамыр, 2010

Жеңіс туын желбіреткен қаһарман

d29bd0bed188d29bd0b0d180d0b1d0b0d0b5d0b2Отан соғысының ардагері ретінде шақырылған осы бір орта бойлы, сергек те елгезек, кішіпейіл жігіт ағасын алғашқы рет оқушылармен кездесу кешінде көрдім. Кеш Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде болған еді. Мектеп директоры құрметті қонақтың өмір жолы жайлы тартымды әңгімелеп берген соң, «Берлинде Жеңіс туын тіккен батыр ағамыз» деп, Рахымжан Қошқарбаевқа сөз берді.

Батыр аға орнынан көтеріліп: «Мен туралы айтқан жылы лебізге рахмет. Бірақ мен сөйлемей-ақ қояйын. Балалар сұрақ қойсын, соған жауап берейін. Бұған қалай қарайсыңдар?» деп еді, оқушылар дуылдата қол соғып жіберді. Ізінше сұрақтарды да үсті-үстіне жаудырды. Шәкірттер ағаларының балалық шағын қайда өткізгенінен бастап, қандай қызықтарды, қиыншылықтарды басынан кешкеніне дейін сұрап, жеңіскер ағаның жауабын көңілдеріне берік түйіп алып жатты. Бір кезде бір оқушы орнынан тұрып: – Мен Сіз жайлы жазылған кітап, мақала, өлеңдерді үзбей оқыдым. Суретіңізді көрдім. Осындай қаһарман атамыздың барлығына іштей сүйсініп, мақтандым. Алайда соғыстың соңғы сәтінде жасаған ғажап ерлігіңізді өз аузыңыздан естігіміз келеді, – деді. – Жарайды, қарақтарым, бұл өтініштеріңді де орындайын, – деп Рахымжан аға сөзін онан әрі жалғастырды. Мен болсам, радионың тілшісімін ғой, дереу қолымдағы репортерімді іске қостым. Мынау – батыр ағаның үнтаспада жазылған сөзі. – Бір күннің оқиғасы ғой. Соғыс 1418 күн, 1418 түн болғанын тарихтан білетін боларсыздар. Өмірімдегі ең бір естен кетпес, қиын да, ауыр да, қатерлі де сол оқиға менің басымнан 1945 жылдың 30 сәуірі күні өтіп еді. Берлиннің қақ ортасында үлкен алаң бар екен. Соның бірі «Гитлердің үйі» деп аталады екен. Фашизмнің баскесері Гитлердің үйі. Сол үйден Рейхстагқа дейін 360 метр жер екен. Кейін соғыс аяқталғанда біздің әскери тарихшылар арнайы өлшеп, анықтапты. Бұл күннің тағы бір есте қалатын себебі – 21 жасымда партия қатарына алындым. Рейхстагқа Жеңіс туын тігу міндеті жүктелді. Ал Рейхстагқа қалай жету керек? Айналаның бәрі қырғын соғыс, жаңбырша жауған оқ. Жарылған бомба. Өртенген үйлер. Айтып жеткізу мүмкін емес. Қасымда Григорий Петрович Булатов деген солдат. Екеуміз күндізгі сағат оннан кешкі алтыға дейін осы 360 метр қашықтағы межеге жер жастанып, еңбектеп, қысылып-қымтырылып, өлдік-талдық дегенде жеттік-ау. Барлығымыз 11 солдат едік, сегізі қаза тапты. Кешкі алты жарымда көлемі бір метрге тақау алқызыл туды Рейхстагтың кіре беріс орталық есігінің маңдайшасына Григорий Булатов деген 19 жасар солдатты көтеріп, иығыма шығарып қадаттым. Сол қадаған Қызыл Ту басымды көтеріп қарағанымда, маған Рейхстагтың төбесінен жерге дейін жетіп тұрғандай болып көрінді. Сол кезде, жасыратыны жоқ, қуаныш па, әлде қорқыныш па – көзімнен ыстық жас ытқып кетті. Осы бір көз жасы шығар маған өлімді жеңдіріп, ерлікке бастаған. Әйтпесе, мен сондай ерекше жаратылған адам емеспін ғой (үнтаспаның соңы). Иә, майдангер аға «Мен елден ерек ерлік жасау үшін емес, Отанның, халқымның алдында азаматтық борышымды өтеу үшін, қажет болса, отқа жанып, суға батуға бардым, қандай қауіп кездессе де бас тартпадым» дейді. Жас жігіттің жанқиярлық ерлігі жайлы хабар елеусіз қалған жоқ. Лезде майданның алғы шебін аралай жөнелді. Бүкіл елімізге тарады. Кешікпей әйгілі жазушы Василий Субботиннің «Правда» газетінде «Олар Жеңіс туын қадады» деген очеркі жарияланды. Реті келгенде атақты жазушы Борис Горбатовтың «Литературная газетаның» 1948 жылғы желтоқсан айының он сегізінде жарық көрген мақаласынан азғана үзінді келтірсем деймін: «Біздің жауынгерлерді қыран мен бүркітке теңеуді қоятын мезгіл жетті. Қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев менің көз алдымда Рейхстагқа советтік алқызыл туды тікті. Жалын атқан өрт ішінде, ажал аузында жүріп, сұрапыл ерлік көрсетті. Осындай ердің бейнесін сомдау үшін бөлекше теңеу, бөлек поэзия, бөлекше тіл керек қой, сірә. Расында да, жанған от, жарылған снаряд, аузын арандай ашқан ажал алдында қай қыран ұшып, қандай бүркіт қияға самғай алады. Ал Рахымжанның айбатынан ажал да қаймы­ғып, атылған оқ та қайысты. Сол айбат, сол қайрат, өмірге деген құштарлық, ел-жұртына деген сүйіспен­шілік жаудың желкесін үзді. Қандыбалақ жау ұясы­­ның үстінде Жеңіс туын тіккізді». Қатардағы қарапайым солдаттың қаһармандық қасиеті осындай қан майданда қалыптасып, шыңдалды. Сондықтан да бұл ерлік алмастан да асыл, болаттан да берік. Рахымжан аға жайлы өзіміздің қазақ жазушылары да қалам тербеді. Кәкімжан Қазы­баевтың, Мұзафар Әлімбаевтың шығармалары жұрт­шы­лықтың көңілінен шығып, жоғары бағасын алды. Өмірден ертерек озса да, артына өшпес ізін қалдырды. Жаңа астанамызда үлкен көшелердің біріне батырдың есімі, Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» деген құрметті атақ берілді. Халқымыздың сүйіспеншілігіне бөленді. Соның бір мысалы, белгілі қоғам қайраткері Ілияс Омаров кезінде ардақты інісі жайлы былайша толғанған екен: «Жас та болса ерлікке бас болған хас батырлардың алдыңғы сапында сен тұрсың, Рахымжан. Әңгіме тек атақта емес, адамзаттың бақытына қосқан үлесте ғой. Сен бізге істеген ерлігіңнің адам баласы тарихынан орын алған мән-мазмұнымен қымбаттысың». Ағынан жарылған аталы сөз. Жақында Мәскеуден Астанаға Рахымжанның Рейхстагқа тіккен туы әкелінді. Қасиетті Ту Орталық мұражайда мәңгілікке сақталады. Демек, Рахымжан ерлігі елмен бірге ұзақ жасай береді. Қасымхан Ерсарин, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Құрметті журналист

7040 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы