• Мәдениет
  • 27 Қазан, 2016

Өмір жолы өнеге

Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кең байтақ жерімізді, елімізді қорғап қалған, атап өткелі отырған тәуелсіздігіміздің бастауында болған ата-бабаларымыздың өмір жолдарын, ерен ерліктері мен еңбектерін жас ұрпаққа өнеге-үлгі ету бүгінгі ағаларымыздың абзал парызы. Сондай ағалардың бірі қандай лауазымды қызметтерде жасағанымен, кісілік пен кішіліктен танбаған, салиқалы, парасаттылығымен елдің құрметіне бөленген, тәлімгер-ұстаз Қосыбек Салтанатұлы Ырзағалиев.

Ол еңбек жолын қарапайым шо­пан­­дықтан бастап, кеңестік заманда аты дүрілдеп тұрған комсомол-­жастар бригадаларын құрудың бастауында болып, жастық жігері, шебер ұйымдастырушылық қабілетімен биік белестерді бағындырған. Абзал ұстаздарының ақыл-кеңесімен білімін көтерді. Аудандық, облыстық комсомол, партия комитеттерінде ­лауазымды қызметтер атқарды. Об­лыс­тың ауылшаруашылығын көтеруге сүбелі үлес қосты. Қосыбек Сал­танат­ұлы бүгінде ауылшаруа­шылығы ғы­лым­ының докторы, профессор. Біздің абзал азамат туралы әң­гімеміздің өзегі – ғылымдық жолын­дағы ізденістерінің бірі және бірегейі батыр бабалардың өмір жолдарын зерттеуі мен зерделеуі болатын. Осы орайда Сәмбет батыр туралы тұжырымдап, әңгімелеуді жөн көрдік. Ес білгеннен қолына қару алып, елін қорғаған Сәмбет батыр қатардағы жауынгер де жасақ бастаған қолбасшы да болған. Әскербасы ретінде қол астындағылардың ел қорғаудағы ата-бабадан мұра болған дәстүрлі сарбаздық тәртіпті, талаптарды қатаң ұстанған. Ел арасында «Сәмбет батыр досына қатал, жауына апат» деген мақал қалған. Ол бір рудың қамын ойламай, бүкіл елді жаудан қорғау үшін жан аямай күрескен. Оның батырлығы патша өкіметінің сойылын соққан хандар мен сұлтандардың мысын басқан. Бүкіл жорықтарын Барақ, Тілші, Басықара, Қаракөбек, Сарыалтай, Қараалтай, Мыңбай, Сұлтанбек, Исатай, Махамбет сияқты батырлар­дың қасында өткізген Сәмбет батыр өзінің ержүректігімен Сырымның белді батырларының бірі, кейін Исатайға аға ретінде ақылшы, әрі қамқор бола білген. Міне, батыр бабаның осындай ерліктері мен асыл қасиеттері жөнінде құнды деректер жинау оңай болған жоқ. Қосыбек Салтанатұлы інісі Қанат Алдияровпен мұрағаттардан, кітапханалардан мәліметтер жинап, ғалым, академиктермен кездесті. Сөйтіп, тағылымы мол рухани дүние жарық көрді. Бабаның ұрпақтары жөнінде көршілес облыстарды бірнеше рет аралап, көнекөз қариялардан сұрастыра жүріп, ата-бабалардың қауымын тауып, белгі қойылды. Аруақтарына арнап, ат шаптырып, ас берілді. Сәмбет батыр атындағы жүлде үшін Атырау қаласында бірнеше рет күрестен жасөспірімдер арасында спорттық шаралардың өтуіне ұйытқы болып, басы-қасында жүрді. «Сәмбет батырдың ұрпақтары» атты кітап та өте мазмұнды, жас ұрпаққа тәлімі мол рухани азық. Кітаптағы «Сырымға серік, Исатайға аға болған», «Ана тілінің абыз анасы», «Гагаринді ұшырған қазақ», «Елге – мұра, ұрпаққа – ұран» атты мақалалар топтамаларының тілі жатық, оқиғалары оқырмандарды баурап алады. Айналасына шуағын шашып жүретін, адамгершілігі мол ақжарқын Қосыбек Салтанатұлы бүгінде 70 мерейлі жасқа толып отыр. Ел алдындағы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, бірнеше медаль, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қызылқоға және Құрманғазы аудандарының «Құрметті азаматы». Әрине, Қосыбек ағаның еліне елеулі – халқына қа­лаулы азамат болуына ұлағатты ұстаз Хадиша жеңгейдің қосқан үлесі мол. Бүгінде Қосыбек пен Хадиша жеңгей жапырақтары жайылған, көсегелері көгерген, немерелерінің қызығына бөленген мәуелі бәйтерек болып жайқалуда. Мерейлі жасыңыз құтты болсын.

Бақытжамал ҚҰТҚОЖИНА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті

17306 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы