• Мәдениет
  • 03 Қараша, 2016

Ақтөбеде әлем чемпионаты өтті

Естеріңізге сала кетсек, шаһардағы «Қоныс» спорт сарайында өткен жаһандық жарысқа әлемнің 37 елінен 400-ден аса спортшы жиналған еді. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Махановтан білгеніміздей, байрақты бәсекеге 23 миллион теңге бөлінген. Ал спортшылардың аяқ алысын жер-жерден келген 25 төреші бақылады. Сондай-ақ додаға 70 ерікті жұмылдырылды. Негізінен өңірдегі жоғары оқу орнының студенттерінен тұратын мақсатты топ шетелдіктерге тілмәш қызметін атқарды.

— Гір спорты біздің өңірімізде жақсы дамып келе жатыр деп айтуға болады. Спорт мектептерінде арнайы секцияларымыз жұмыс жасайды. 300-ден аса ақтөбелік бала осы спорт түрімен айналысып жүр. Олардың арасында ауылдың кішкентай тұрғындары да бар. Аталған чемпионатқа Ақтөбенің өзінен 20-ға жуық спортшы қатысты, — дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Е.Маханов. Спорттық сайыстың бас төре­ші­сі Мұрат Қазиевтің айтуынша, қатысушылардың барлығы шара­ның ұйымдастырылу деңгейіне разы болып тарасқан. Сонымен, чем­пионаттың қорытындысына тоқ­талсақ, кәсіпқой атлеттердің арасын­да жалпы командалық есеп бойынша I орынды Ресей, одан кейінгі орындарды Қазақстан мен Украина елдері еншілеген. Ардагерлер арасында да жерлестеріміз ресейліктерге жол беріп, екінші орыннан көрінді, ал үздік үштікті АҚШ-тан келген егде жастағылар түйіндеді. Жалпы есеп бойынша, Ресей Федерациясы 10, Қазақстан Республикасы 7 алтын медальді жеңіп алды. Жарыста қола медаль алғанына қарамастан жүзі бал-бұл жанған сербиялық Александр Милетичті әңгімеге тарттық. Оның бұлай шаттануының себебі бар екен, Сербия Республикасы гір көтеруден ұйымдастырылған әлем чемпионатында тұңғыш рет медальға ие болыпты. Орыс тіліне судай спортшы «Отаныма құр қол қайтпайтын болдым. Әйтеуір бір медаль бұйырды» деп балаша мәз болды. 24 келілік екі гір тасын 79 рет көтерген Саша қазақтардың өте қонақжай екенін, мұндай сыйластықты ешқашан ұмытпайтынын айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ Ақтөбе

1129 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы