• Руханият
  • 03 Қараша, 2016

«Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар»

Дәл осындай тақырыппен Астана қаласындағы Ұлттық музейде жазушы, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және ­Күл­тегін сыйлығының иегері Қойшығара Салғараұлының «Жер-жаһанда арғы атаң­ның ізі бар» атты кітабының таныс­тырылымы өтті.

Шараға Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, филология ғылымының докторы Намазалы Омашұлы, түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, жазушылар Қажығали Мұханбетқалиұлы, Төлен Әбдік және т.б. қатысты. Ғалымдар мен ақын-жазушылар автордың кәсіби тарихшылардан артық еңбек жазып жүргенін айтып, ғылыми-зерттеу еңбектері мен жаңа кітабына жан-жақты талдау жасады. Атап айтқанда, «Қазір тарихтың өзіне тарихшылар сияқты тоқталып өткендердің бірі – Қойшығара Салғараұлы. Одан бөлек, Әнес Сарай да бұл қатарды толықтырады. Жарылқап Бейсенбайұлы және бар. Бір қызығы, бұлар тарихты оқылатын етіп жазады» деді Төлен Әбдік. Шын мәнінде, «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар» кітабы Қойшығара Салғараұлының бұған дейін жарық көрген «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер» және «Ортағасырлық түріктер» атты зерттеу еңбектерінің қорытынды түйіні іспеттес.Бұған дейін оннан астам кітап жазса да, оның осы туындысына ғана тұсаукесер жасалып отыр. Алғашқы рәсімде ағынан жарылған автор өзінің зерттеу жолына түсуіне Елбасының тапсырмасымен Қытай мемлекетінде қызмет атқаруы ықпал еткенін айтты. Жаңа туындысының бір ерекшелігі, Тынық мұхитының астында қалған Му елінің және Атлант мұхитының астында қалған Атланта мемлекетінің де қазіргі қазақ тіліне өте жақын тілде сөйлегендігін әйгілейді. «Мен тарихшы емеспін. Бірақ кез келген саналы адам секілді өзімнің түп-тұқиянымды іздедім. Бұған дейін жазылған еңбектерді, тарихты, құжаттық деректерді қанша ақтарсам да тұшымды дүние таба алған жоқпын. Ресми тарих, еуропалық таным-түсінікпен жазылған тарих, ­отарлаушы мемлекеттердің көзқарасымен жазылған тарих – көшпелілерге, түрік халықтарына, оның ішінде қазақ халқына үлкен қиянат жасаған тарих екенін білдім. Сол себепті өз білген-түйгенімді ресми тарихқа балама ретінде қағаз бетіне түсірдім» дейді автор. Айтуынша, ол көкейіндегі «біз кімбіз, қайдан шықтық, қайда келдік, қалай келдік?» деген сұрақтарға жауапты қиналмай-ақ бірден таппақ үмітте болған. Бірақ олай емес екен. Арнайы ғылыми-зерттеу институты шығарған академиялық еңбектердің өзінен іздегені табылмапты. Сондықтан жаңаша ізденуіне тура келген.

Е. БОЛАТҰЛЫ АСТАНА

1896 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы