• Қоғам
  • 08 Қаңтар, 2009

Сеуілсейіт

Қазақта небір түрлі есімдер бар. Қасқырбай, Жетібай, Сегізбай, т.с.с. Кейіннен Меруерт, Әсел, Әсем деген есімдер жиі кездесетін. Ал қазір Томирис, Айсұлтан, Бексұлтан деген есімдер көбейіп барады. Ал Сеуілсейіт деген есімді қалай түсінер едіңіз? Бұл есімнің де тарихы бар екен. «Құрмет белгісі» орденінің иегері, профессор, КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы, КСРО кубогының иегері және өзге де халықаралық турнирлердің жеңімпазы Әбілсейіт Айхановты жастар жағы тани қоймайтын шығар. Алайда Қазақстанды балуандар елі ретінде көргісі келетін Әбілсейіт Айхановты аға буын өкілдері ерекше құрметпен айтады. Әбілсейіт аға күрес арқылы елді, жерді танытса, күрес оны әлемге танытты. Әлем балуандарын тізе бүктірген Әбілсейіт немересінің есімін Сеуілсейіт деп қойғаны қызық. 9-10 қыркүйекке қараған түні Әбілсейіт Айхановтың отбасында ұл бала дүниеге келеді. 14-15 күні Айхановтар әулеті сәбидің шілдеханасын беріп жатқан кезде, Сеулде Оилмпиаданың ашылуы болып жатады. Олимпиадаға Қазақстаннан Дәулет Тұрлыханов барады. Әбілсейіт Айханов немересінің есімін «Тұрдәусе» деп қоямыз дейді. Әйтеуір, не керек, немеренің есімін қоюда отбасы Дәулет Тұрлыханов пен Сеулді байланыстырып, бірнеше есімдерді тізеді. Кенже ұлы «Сеул» қойсақ деп ұсыныс жасайды. Әбілсейіт ата оның соңына «сейітті» қосып, 1988 жылы тұңғыш ұлы мен келінін құттықтай отырып, барлық отбасы мүшелерін жиып, немересіне «Сеуілсейіт» деген есімді қояды. Әбілсейіт Айхановтың немересі Сеуілсейіт – қазіргі кезде студент. Атасының жолын қумаса да, спорт десе жанын беретін Сеуілсейіт «Атаға қарап ұл өсер» деген сөзді ешқашан жадынан шығарған емес. Жадыра МҮСІЛІМ

3343 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы