• Әдебиет
  • 03 Қараша, 2016

Батыр рухына – тағзым

Таяуда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің қаты­суы­мен 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­те­рілісінің батыры – Кейкі батырдың сүйегін жерлеу мәселелері жөнінде кеңес өтті. 

Халық аузында Кейкі батыр атымен танымал Нұрмағанбет Көкембайұлы – 1916 жылғы Ресей патшалығының қазақтан әскерге адам алу туралы жарлығына қарсы көтерілген Торғай қазақтары көсемдерінің бірі. Батыр көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған. Еске сала кетсек, 6 қазан күні Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден Қазақстанға жеткізілді. Ол 93 жыл бойы Санкт-Петер­бург қаласындағы Кунсткамерада сақталып келді. Бұл ретте, вице-премьер тұтас бір ұлттың намысын арқалаған ақ берен қол­басшы Кейкі батырдың бас сүйегінің елге қайтарылуы елдігіміз бен ерлігімізді паш еткен игілікті іс екенін баса айтты. Батырдың аты мен ерлігін барынша насихаттап, салт-дәстүрімізге сай арулап жерлеу қабырғалы халық, іргелі ел екендігіміздің көрінісі. Сон­дықтан Иманғали Тасмағамбетов тұ­ғырлы тұлғаны жерлеу рәсімін ұйым­дастыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын құру маңызды екеніне тоқталды. Айта кетейік, бұған дейін ҚР Премьер-ми­нистрінің орынбасары құзырлы орган­дарға Қостанай облысының аума­ғында батыр бабамыздың денесі жерленген орынды табу мақсатында археологиялық зерттеулер жүргізу үшін рұқсат қағазын рәсімдеуді тапсырған еді. Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Венгрияның жаратылыстану ғылымдары Музейінің мамандарымен бірлесіп Кейкі батырдың бас сүйегіне антропологиялық сараптама жасауда. Оның аясында батырдың келбеті қалпына келтіріліп, заманауи технологияны қолдану арқылы ДНК сараптамасы жүргізіледі. – Біз бүгін тағы да бас қосып, қазақтың көзмерген батыры Кейкі батырдың денесі көмілген орынды іздеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру үшін археологтар мен ғылыми қызметкерлер тобын құру мәселесін талқылап отырмыз. Тарихи тұлғаларымыздың мұрасын сақтау еліміздің абырой-беделін арттырып, ұлттық рухымызды өсіреді. Бұл ретте алда жоспарланған іс-шараларды мұқият пысықтап, осынау тарихи маңызы зор келелі іске бір кісідей жұмыла кірісуіміз керек, – деді Иманғали Тасмағамбетов. Әрине, толыққанды әрі сапалы зерт­теу жүргізу үшін біршама уақыт керек. Сондықтан шығармашылық зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар және батыр ұрпақтарының пікірін ескере келе, батырдың денесі көмілген орынды іздестіру, оны анықтау және жерлеу рәсі­міне дайындықты келесі жылғы жаздың соңына дейін жүргізу қажет деп шешілді. – Зиялы қауым өкілдерінен құралған комиссияның шешімі – Кейкі батырдың бас сүйегін арулап қоюды асықпай жасау. Ең бастысы, елімізге батырдың бас сүйегі келді. Бұл егемендігіміздің, Елбасының беделінің арқасында жүзеге асты. Мұны халық түсініп отыр. Ал енді жерлеу мәселесіне келетін болсақ, тиісті мемлекеттік деңгейде жерлеу осы комиссияда шешілді, – деді кеңес отырысында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Ақылбай. Кейкі батырдың бас сүйегін елге әкелу және оны зерттеу жұмыстарының басы-қасында жүрген ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай да бұл шешімді қолдайтындығын айтты. «Бүгінгі шешімді қабылдаған еліміздің көрнекті азаматтары. Бұл шешімге мен толықтай қосыламын. Расында да келер жылы күз айында жерленгені дұрыс болады. Өйткені оған дейін міндетті түрде көптеген мәселелер атқарылуы тиіс, – деп атап өтті Нұрсан Әлімбай. Кеңес барысында Иманғали ­Тас­ма­ғам­бетов Мәдениет және спорт ми­нистрлігіне Қос­танай облысының әкім­дігімен бірлесіп, Кейкі батырдың кесенесін жобалау және одан әрі құрылысын жүргізу үшін қажетті барлық шараларды қабылдау жөнінде тапсырма берді. Кеңесті қорытындылай келе, вице-премьер халқымыздың рухы мен мәртебесін көтеру тұрғысында осынау жобаның тарихи маңызына ерекше тоқталып, оны жүзеге асыру үшін құзырлы мекемелер және қоғам өкілдерімен бірлесіп іс-қимыл жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Тәнзия Медет

16016 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы