• Тарих
  • 10 Қараша, 2016

Шарын шатқалы

Үш жүз миллион! Тәп-тәуір сандық көрсеткіш. Осындай алашағыңыз болса шақшадай басыңыздың бақыттан, бәлки, шыр-шыр айналары  хақ. Бақыт ақшада емес десеңіз – оған да мақұл! Ал мұндай берешегіңіз болса, ол енді басқа әңгіме. Осылайша, қай қапталдан келсеңіз де үш жүз миллионның төрт тағандап жатқан көзге ерекше төбел сан екенін бағамдайсыз. Ал осы үлкен көрсеткішті жылмен қайырсаңыз – толағай тарих. Трапеция пішінді аңғардың тік, құлама қатпарларынан тасқа айналған сүйектерді ­тауып алуыңыз да ғажап емес. Бұл киелі Жетісудың жеті кереметінің, одан асып ұлан-ғайыр Ұлы Дала жауһарларының бірі – Шарын шатқалы.

Бұл аумақтан зерттеуші-ғалымдар көне заманда өмір сүрген піл тектес хайуан, мүйізтұмсықтар, стенон жылқылары сияқты мол шоғыр аңдардың тасқа айналған тәберігін тауыпты. Ал жасы 10-12 миллион жылды құрайтын ғажайып жартас-мұнаралардың тұсауын тарих өзі кесті – әлемге паш етті кеше. Бұл – сонау-сонау мұздық дәуірінен кейінгі табиғат қолы – жел мен жаңбырдың жетістігі. Сіз, егер мұнда келсеңіз: бірде аспанға атыла берген айдаһардай состиып-­состиып тұрған, бірде «Шайтан қаланы» кезіп жүрген мыстан кемпірдің сәтке мелшие қалған сұлбасындай сұстия-сұстия қалған, енді бірде аңғар бойлап, алдаспаны жарқылдап андағайлап шапқан батыр тұлғалы түрлі мүсіндегі жартастар аллеясына тап боласыз. («Шайтан қала» жергілікті тұрғындар атауы. Кейде «Тас қа-лашық», «Қызғылт қамалдар» деп те айтылады – автор). Ол ол ма, өзенінде жабағыдай жапырыла жосқан жон балығы, қойға ұқсап қаптал-қапталға қайқая қанат жая, бытырай бұйралана өрген бөріқарақат пен сексеуілі, сол сексеуілден қылаң беріп, үдере тартатын таутекелер һәм қасқыр мен түлкісі – бәрі-бәрісі бұл шатқалдың баға жетпес байлығы. Топтана, топтала, шоқтана өскен тоғайдың жайы тағы бір басқа. Тоғай демекші, мұнда тамырын тарихтың қатпар-қатпарына сүңгітіп-сүңгітіп алып, жаһандық мұз дәуіріндегі сұрапылдарда да сұламай өткен ежелгі соғдылық ерен ағашы бар. Сұламақ түгілі, шатқалдың түкпірінде әлі шарапаттана жайқалып тұр. Арасында діңіне жеті адамның қол ұстасқан құшағы әрең жететін алыптары да ұшырасады. Осындайда бір айта кетерлік жайт, бұл ағаш ел аузында «шаған», «шетен», «шеген», тіпті «шынар» деп те аталып кеткен. Ал бұл туралы көрнекті журналист Жанболат Аупбаев: «Онда (Шарын шатқалында) темір сияқты өте қатты, ыстық температураға шыдамды ағаш өседі. Оны биолог-ғалымдар Ша-рындағы шетен (ясень) тоғайы деп жүр. Біздіңше, бұл – дұрыс емес, қате атау. Себебі шетен ағаштардың ішіндегі ең жасығы. Оның әлсіздігі сондай, егер қазық жасап жерге қақсаңыз, жартысынан морт кететін ол соққы тиген сайын бой-бой болып сөгіліп, шытынап кетеді. Бала күнімізде Сарытоғайдан әкелген жоғарыдағы темір ағашты аталарымыз бен әкелеріміз: «Бұл – ерен ағашы. Оны өзен көпірінің астындағы тіреуішке қойсаң шірімейді, үйдің төбесін жабарда белағашқа пайдалансаң сынбайды, – деп отыратын» деп айтып, былайғы жұртқа бірнеше рет ескертпе жасаған. Кейде оған қарап, Шарын шатқалы осы ағаштың анасы ма дейсіз: қия-натты қолдардан сақтану үшін бұл барып бауырына тығылған. Тіпті олай демей көріңіз: ерен шіркініңіз әлемде екі-ақ елде тамыр жайыпты. Оның бірі – сона-а-а-ау Солтүстік Американың Невада штатындағы «Гранд» шатқалында ғана өссе, енді бірі – осы Шарында. Сондықтан да бұл ағаш 1964 жылы 19 наурызда арнайы Қаулымен: «республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші» деп жарияланған болатын. Солтүстік Американы айтпақшы, біздегі осы шатқал сол қияндағы елдің Үлкен Колорадо каньонымен өте ұқсас. Екеуара егіздің сыңарындай. Өйтпесе, ел аузында Шарын оның «Кіші бауыры» аталар ма еді, аталмас па еді, кім біліпті?! Бір білеріміз, бүгінде бұл жер топ-топ туристің көз тойдырып, көңіл тоғайтатын, жан сергітетін орнына айналып үлгерді. Әлемнің әр бұрышынан бұл араға келуге құштарлығы оянғандардың да қарасы молайған. Келмегенінің көңілі аңсаулы, ал аяқ басқанының қайта сағынып, көңілі хош болады. Бұлай деуге де алабөтен себеп жоқ емес. Мәселен, осыдан сәл бұрын атақты саяхатшы Марко Поло туралы тарихи-драмалық сериал жарыққа шыққан. Мұның несін айтасыз дейсіз ғой: батыстың еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін ерекше сүйсініп көрген сол сериалдағы кейбір көріністер біздің Шарын шатқалында түсірілгенін мақтанып айтқымыз келеді. Тағы ондаған фильмнің де түсірілім орындарына айналған-ды. Бұл аз десеңіз, тағы бір дерек үстейік. Қазақстандық киносуретші Нұрлан Әбішевтің Нью-Йоркте өткен байқауда екі бірдей туындысы жоғары бағаға ие болғаны сіз бен біздің есімізден кете қоймаса керек. Соның ішінде «Реализм» категориясының күміс жүлдегері «Шарын шатқалы» атты кинокартинасы болған. Мұны туындыгер талантымен қоса жұрт біткенге жұлдызы ыстық, шырайлы Шарын шатқалының шарапаты деп біліңіз. Мұндайда мына бір керемет пікір еске түседі. «Шарын шатқалы — екінші Калифорния». Артық-кемі жоқ. Тіптен, бұл шатқалдың қызыл топырағына бала күннен балағын былғап өскен сіз болсаңыз, «Калифорния – екінші Шарын шатқалы» деп атар ма едіңіз, кім білген?! Ал ресейлік блогер Дмитрий Балакирев болса аузы ашылып, көзі жұмылып: «Өзге ғаламшарға түскендей боласың» деп ыстық лебізін біздің Шарынға арнапты. Осы өзге ғаламшар дегеннен шығады. Шарын шатқалындағы сан түрлі бедерлі көріністерді жергілікті тұрғындар ерте кездерде мифтік аңыздарға арқау етіп, «Шайтан қала», «Қызғылтқа малдар» деп те атасқан өзара. Ондағы әртүрлі мүсін пішінді жеке жартастарды «Мыстан кемпір», «Айдаһар», «Тас қалашық» атандырып, соған сәйкес ел арасына аңыз, ертегі әңгімелер тараған. Бұл да каньонның алапатын асырып келеді. Шарын өзені жағалауларынан өткен ғасырларда түрлі тайпа мен ха-лықтың тұрағы болғанын айғақтайтын жүздеген қорған табылды. Ұлы Жібек жолының бір тармағы Шарын шатқалын бойлай өткендігіне де дап-дардай дәлел бар. Мәселен, жоғарыда сөз арасында дәйек еткеніміздей, атақты саяхатшы Марко Поло туралы киноның біраз сюжеттерінің осында түсірілуі тегін дейсіз бе? Оның үстіне, сол сауда-саттық кейінге дейін үзілмей сақталды. Мысалы, өткен ғасырларда жыл сайын Шарын өзенінің бастауындағы Кеген алқабында, күзгі Қарқара жәрмеңкесі өткізіліп бүкіл әлемнен сан алуан тауарлар жеткізіліп отырды. Сіз Асқар Алтайдың «Киллер сауыс­қанын» оқып па едіңіз? Сонда ғой, шығарма кейіпкері Қарашаның көзжендеті (сауысқан) осы Шарында аң алмаушы ма еді?! Сауысқанның қалай аңға түсетіні басқа әңгіме болса да, жазушы шеберлігінде оқиғаның осы төңіректе өрбуі де көп жағдаяттан хабар берсе керек. Оқып көріңіз: сонда сіз «Алқаптар ғимараты» деп аталған Шарын шатқалына бөгелмей тартып барарсыз, бәлкім?!

Керек дерек: Ұзындығы 154 шақырымға жететін Шарын шатқалы Алматының шығыс жағында 200 км қашықтықта орналасқан. Каньонның ең керемет туристік бөлігі – Қамалдар алқабы (ұзындығы 2 км, ені 20-80 м). Ғалымдардың есебінше, бұл қорық аумағында 30-дан астам өсімдіктің, құстар мен жан-жануардың құрып бара жатқан түрлері мекендейді. Жалпылай алғанда, өсімдіктің 1500-дей түрі өсірілсе, оның 17-сі «Қызыл кітапқа» енген. Сонымен қатар мұнда сүтқоректілердің 60-тан астам түрі, құстардың 300 түрі, қосмекенділердің 20 түрі және бунақденелілердің 800 түрі мекендейді.

Қозыбай ҚҰРМАН Алматы облысы

21163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы