• Әдебиет
  • 10 Қараша, 2016

Қалсам болды халқымның көңілінде

ЖОЛАУШЫДАЙ СЕЗІНЕМ...

Болмайды-ау баяғыдай енді көңіл, Зымырап барады өтіп қайран өмір. Алдың жар, артың соқпақ шұбатылған Тәубе айт, Жаратқанға, Мыңжас Темір.

Жабысып тұлпар уақыт тізгініне, От-жүрек әлі де алға үздігуде. Көктемім алыс қалып, жазым ұзап, Жетіппін енді міне, күздігүнге.

Жастықта болашағың жарқын елес, Жан емен өткінші өмір парқын білмес. Сыйынып бір Аллаға жүріп келем, Артымда қалып қойды алты белес...

Балғын шақ, жас дәуреннен алыстадым, Демеймін қызығынан қалыс қалдым. Қандай күйде жүрсем де, қай кезде де, Кірлетпей көкірегімді ақ ұстадым.

Періште емес, пендемін қатардағы, Үзілмеген бұйырса, татар дәмі. Білгенге фәни-бақи арасы жол Жолаушыдай сезінем сапардағы.

Өттім талай, бұл жолда бекеттерден, Кезім көп қиындыққа төтеп берген. Ізгі ой, адал ниет, биік рух Келеді мені алға жетектеумен.

Адал іске жегілдім өмірімде, Көрдім оның ауырын, жеңілін де. Мәнсіз өткен ғұмырдың қажеті не, Қалсам болды жұртымның көңілінде.

Әр пенде тірлігінде талаптанған, Бірақ уақыт қоймайды таяп қалған. Дос-құрбы, туған-туыс кетіп жатыр, Сапарын бұл фәнидің аяқтаған.

Демеймін мен, халімді аса мұңды, Шүкірмін, жасап келем жасарымды. Ізімді ұрпақтарға аманаттап, Бір күні аяқтармын сапарымды...

МЕНІҢ КҮЗІМ

Менің күзім, тұр міне, күлімсіреп, Аптаптан соң жеткенін сүйіншілеп. Жаз өсірген нығметті төгіп тастап, Жомарттықтың атағын тұр еншілеп.

Судырайды сары алтын жапырақтар, Сары шекпенін киіпті атырап та. Кәрі Каспий сұстанып долданады Толқындары бой бермей, «ақыл айтса».

Бағамдаған уақыттың қас-қабағын, Дала қимай тыңдайды құстар әнін. Мұны көрген көк аспан тұнжырай қап, Әлсін-әлсін жуады тостағанын...

Өте шығып бұрынғы шабытты шақ, Уақыт шіркін, қойғандай бабын тұсап. Менің күзім, мұңданып, тұнжырайды, Ұзақ ойға берілген маған ұқсап.

Дегендей, бұл маусымның сәні осындай, Тереземді тамшылар қағады жай. Көңілім өз-өзінен алаңдаулы Кәрі құдам-қыс келіп қалатындай...

МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН

Сойқандық көп, не түрлі салған бүлік, Құндылықты жіберер ойран қылып. Жас өскіннің қылаусыз санасы үшін, Жанкештілер жатқандай майдан құрып.

Көктей кіріп ақ мәрмәр қаласына, Табан тіреп дүрия даласына. Қазағыма жеткендей «өркениет» Шабуылдап оның да ой- санасына.

Десек те біз, өркендеп, өсудеміз, Бөсудеміз, жоғалып, өшудеміз. Дініміз бен тіліміз шұбарланып, Дүбәраның шын кейпін кешудеміз.

Үзілмеген сан ғасыр асыл мұра, Жүз бөлінді дініміз, ала-құла. Бірлік кетсе, болмайды бекемдігің, Мейлің илан, мейлің күл, мейлің жыла.

Сондықтан да көбейді тосын жайлар, Дейді қазір: «досың мен қасыңды аңғар». Аяусыз қыру үшін жан баласын Жат пиғылдар өзінің басын байлар...

Үш тіл білу, әрине, білімділік, Қажет-ақ ол, жүргенге ілім қуып. Өзге тілге лап қойған бүкіл ұрпақ Ана тілін жүрмей ме сүріндіріп?!

Жаздым әркез халықтың шын қалауын, Көп айтқанмен бүгінде тыңдалар ма үн. Қазақтың жаны да – тіл, бағы да – тіл, Жүргендерге соны ұқпай, мұңданамын.

Ей, жас ұрпақ, намысшыл, болғын батыл, Уақыт ұшқыр, бір күнің жылға татыр. Ой-санаңды құрсаулап, жаулау үшін Мылтықсыз майдан бүгін жүріп жатыр.

Жасқа жеттік ұрпаққа айтар ақыл, Бабалардың әр сөзі тұнған нақыл. Замананың ауанын дұрыс байқап, Жаңсақ баспа, өмірде қалма ғапыл!

ФОРТ-ШЕВЧЕНКОҒА

Жаңғырды қайта ежелгі баба тұрағым, Нұрланған көңіл ерітті мұңның қырауын. Қара тасы да күңгірлеп тұрған сыр айтып, Қасиетін ұғып келеміз асыл мұраның.

Жарқ-жұрқ еткен әсірелікке малынбай, Қилы күнде де жолынан Хақтың жаңылмай. Шаңырағынан сан отау бөліп шығарған, Форт қала бейне түбектің абыз шалындай.

Езсе де еңсе қиын жылдардың салмағы, Қарашаңырағым, қиюы кетіп тозбады. Түбек тарихын сан жылдар бойы арқалап, Бүгінге жетті, жұлдыз боп бағы жанғаны.

Уақыттың тезі талайды тоз ғып кетті үгіп, Тәуелсіз елміз, көңілден кетті көп күдік. Жасай бер қалам, болашақтарға жеткізер, Өр ұлдарыңның болмысындағы тектілік.

БІЗДІҢ ҚАЗАҚ

Еңбегімен өз-өзін асыраған, Кім-кімді де жатсынбай қасына алған. Бұғалыққа бас бермес асаулардай Біздің қазақ жан-жаққа шашыраған.

Қимаса да бөлініп, қоныс қалған, Қиналса да өз ділін оң ұстаған. Біздің қазақ бүгінге жету үшін Талай елдің жұртына қоныстанған. Сан қиырға қаңбақша айдап үміт, Тәуекелге өз басын байлаған жұрт. Түркмен асып, иран мен түрікке ауған, Біздің қазақ кеткен жоқ пайда қуып.

Бұл тағдырды еш халық алмас қалап, Біз көрмеген дүниеде жоқ қой азап. Қуғындалған, қырылған, шетке айдалған, Біздің қазақ, бәрі де біздің қазақ.

Біздің қазақ Аралы сорда қалған, Төріне полигондар орнап алған. Біздің қазақ байлығын жатқа беріп, Аманында ай-күннің олжаланған.

Ендеше, өзді-өзіңді жатқа балап, Көп емеспіз, жақ-жаққа бөлме, қарақ Қандасыңды бауыр тұт, құшағыңды аш Біздің қазақ, бәрі де біздің қазақ.

СІЗ ЖҮРГЕН ЖЕРЛЕР (Фариза Оңғарсыноваға)

Сіз жүрген жерлер — ең ғажап өлке, көкпеңбек, Кеудеге самал құятын ылғи өпкен леп. Жазира дүние күтетін сынды өзіңді Дидары жарқын сол қызым қайда кеткен деп...

Сіз жүрген жерлер — ақ қайыңды өлке, гүлзарлы, Шық тұнған гүлдер самалға басын ырғайды, Тыным таппайтын тоқылдақ құс та тына қап, Күткендей сізді алыстан тың тыңдайды.

Сіз жүрген жерлер — киелі дала, көк теңіз. Осында міне, шиырлап талай өткен із, Мәрмәрден соққан ақ шаһар толқып қарайды, Дегендей айтшы – біздерге бар ма өкпеңіз?!..

Жүйткиді уақыт, білмейді әсте дамылды, Киіктей үркек ұмыттың ба әлде қағыңды?.. Сіз жүрген жерлер – шақырып, қолын бұлғайды, Сіз жүрген жерлер – Өзіңізді Апа, сағынды.

Болады алда, маңдайға Тәңір сызғаны, Өмірдің кейде батады жанға ызғары... /ойласақ оны белгілі жүрек сыздауы/ Сіз жүрген жерлер — көп жатқан хаттай сарғайып, Күтуде Апа, сізді әлі...

ҚОШОБАДА ТҰРАТЫН-ДЫ ҚОС АҚЫН (Сүлеймен Құдайбергенұлына)

Ерттеп мініп қара өлеңнің құр атын, Содан тауып жан құмарын, қуатын. Тыныс алып тірлігімен ауылдың, Қошобада қос ақын жан тұратын.

Қысы-жазы еңбек болып алаңы, Өлеңменен жырға бөлеп даланы. Жүретін-ді Өтекең мен Құдекең, Екі шайыр әкелі де балалы.

Осылайша артқа тастап сан жылды, Ұрпақ өсті, Қошоба да жаңғырды. Жиын-тойда шалқытушы ед жыршылар Өткілбайдың жыр-термесін тағылымды.

Жылдар өте малға толып даламыз, Болмаушы еді көңілімізде наламыз. Ұстаздық ғып, тілдің майын тамызып, Жыр жазатын Құдайберген ағамыз.

Халқын ойлап, елдің жайын көтеріп, Өтті олар, біздер тағзым етелік. Өздері жоқ, іздері бар соңында Өткілбай мен Құдайберген Көпеков.

Ауыздықтап өлең-жырдың дүр атын, Сырлары бар оқыған жан ұғатын. Жадымызда Өтекең мен Құдекең, Қос ақын жан Қошобада тұратын.

ӨЗ ЕСЕБІ, ЗАҢЫ БАР

Хош иісті, алуан түсті шоқ гүлдер, Мезгілі өтсе, су құйсаң да солады. Күткеніңде өтпей қойған көп күндер Уақыты келсе бір-ақ сәттік болады.

Қуанышқа шын кенелген нұр-күнің, Сол күйінде қайта оралмас артына. Он сегіз жас бұлғаңындай түлкінің Бір кеткен соң көнбейді еш шартыңа.

Ойға түйіп, баратұғын сапарың, Сәті түспей оралмайды оңына. Жазмыш-тағдыр сені тіпті апарып, Лақтырады қайғы-мұңның торына.

Дәмі бітсе, қимасыңнан, асылдан, Айырыласың, болмас шара-амалың. Сәттілік те кейде келіп тосыннан Өрге тартар алға басқан қадамың.

Бұл өмірдің өз есебі, заңы бар, Тірлігіңде бітпес күрес-егесің. Сынақ түссе, сабырменен қабыл ал, Қиынды да жігеріңмен жеңесің.

1671 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы