• Руханият
  • 10 Қараша, 2016

«Жастар» аллеясы ашылды

Алакөл ауданының тұрғындары үшін өткен апта елеулі жаңалықпен – «Жастар» аллеясының ашылуымен есте қалды. Жастардың, мектеп оқушыларының, отбасы мүшелерінің спортпен шұғылдануы және бос уақытты тиімді өткізуіне арналған Үшарал аллеясы ашық аспан астындағы мәдени, ойын-сауық кешені.

Үшарал қаласының шығысындағы Дулепов көшесін жағалай жатқан бос алаңға осындай керемет кешенді орнату үшін «Алакөлжылуы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (директоры Геннадий Коныгин) құрылысшылары жарты жылға жуық еңбектенді. Бір гектарға жуық аумаққа жасанды жабынды жабылған екі алаң – балалардың сырғанақты, әткеншекті, айналмалы алаңшасы және шағын футбол алаңы орналасқан. Сондай-ақ велосипедке арналған ұзындығы 700 метрлік веложол, көше жаттығуларының 24 түрлі құрылғысы, демалыс күркелері, жарықты субұрқақ, түрлі-түсті, оюлы тас жол көрген жанның көңілін көтереді. Аллеяның қақ ортасына гүлдестелі құмыралар орнатылған. Көлденеңі 2 метрлік, ұзындығы 225 метрлік гүлзарда жұпар иісі аңқыған күзгі гүлдер жайқалады. Демалыс аймағының барлық тұсын көгалдандыру жұмыстары аяқталып, Алакөлге Кеген орман шаруашылығынан әкелінген 100 жас шырша отырғызылған. Сағатына бар-жоғы 2 кВт. электр жарығын тұтынатын қуат үнемдеуші 40 жарықдиодты шамдалдардың бағанына салынған ою-өрнек ерекшелігімен көз тартады. Кәсіпорынның бас инженері Совет Кенжебаевтің айтуынша, құрылыс материалдарының 95 пайызына жергілікті өндірушілердің өнімі қолданылған. Кешен, әрине, бір адамның еңбегі емес. «Жастар» аллеясы жобасының идеясын Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев ұсынса, облыстық және республикалық бюджеттен қаржыландырылған жобаны «АрхКөксу» ЖШС-нің және аудандық құрылыс бөлімінің мамандары дайындаған. Жан-жақты талқылаудан өткен жобаны жүзеге асырған «Алакөлжылуы» МКК-нің құрылысшылары. Жобаның жалпы құны 102 миллион теңгеге бағаланса, оның пайдалануға берілген алғашқы кезеңінің құны 56 миллион теңгеге тең. Демалыс кешенінің ашылу салтанатына жиналғандардың алдында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қанағатов пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Оспан Мұхаметқалиев сөз сөйлеп, көпшілікке игі тілегін арнады. Аудан орталығы тұрғындары үшін аса маңызды саналатын кешеннің өзектілігіне тоқталып, үшаралдықтардың сүйікті демалыс орнына айналатынын атап өтті. Себебі бүгінгі күні 5 мыңға жуық жастар тұратын аудан орталығында 6 орта мектеп және гуманитарлық колледж бар. Салтанатты жиында ұлттық киім киген аналар шашу шашып, көпшілікке жақсылық тіледі. Бұдан соң ашық киімді мектеп оқушылары веложолды үш айналып, салтанатты шараның көркін кіргізсе, шағын стадионда екі футбол командасының кездесуі өтті. Балалар алаңындағы сәбилердің күміс күлкісі әткеншек пен сырғанақ басын көріктендірсе, жаттығу құрылғыларын жастар мен Үшарал шекара отрядының жауынгерлері сынақтан өткізді. Олардан қалыспаған ардагерлер мен зейнеткерлер қарапайым жаттығудан жарыс ұйымдастырды.

Мұхтар СЕРЖАН Алматы облысы Алакөл ауданы

4616 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы