• Тарих
  • 06 Мамыр, 2010

Соғыс осылай басталған

Адамзат тарихында неміс фашистері қарулы күштерінің кенеттен, тұтқиылдан Кеңес Одағының шекарасын баса-көктеп, қаннен-қаперсіз, бейбіт өмір кешіп жатқан жандарды қанға бояған күн – 1941 жылдың 22 маусымы мәңгі өшпес.Түн қараңғылығын жамылып, немістің әскери колонналары шекараға бет алды. Жарығын өшірген әскери кемелер қозғалды. Әуе күшінің ұшақтары өз аэродромдарынан жиі көтеріліп, шекарадан өтуі зеңбірек атысының басталуымен бір мезгілде болды. Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі шекараға жақын қала тұрғындары жаппай қырғынға ұшырады. Үйлер қирап, өртке шал­дықты. Қару-жарақ, азық-түлік, жанар-жағар май қоймалары жойылды. Тірі мен өлілерді араластыра жаншып, танктер мен автокөліктерге тиелген, адамдарды өлтіруге әбден машықтанған жау солдаттары елімізге, жерімізге басып кірді. Немістер аса қуатты бомбалық соққымен біздің ұшақтардың жерден көтерілуіне мүмкіндік бермеді. Кеңес Әуе күші орасан зор шығынға ұшырады. 18-танк дивизиясы 4 сағат 45 минутта Буг өзенінен өтті. Тұтқиылдан жасалған шабуылдан абыржып, одан тез арылған Брест қамалындағылар табанды қар­сылық көрсете бастады. 22 маусымға қараған түнде Отан қорғау халық комиссариаты, Бас штаб қызу жұмыс үстінде болды. Бас штабтың бастығы Г.К.Жуков шекарадан өткен неміс фельдфебелінің неміс әскерінің шабуылы 22 маусымда, таңертең басталады деген дерегін алдымен халком Тимошенкоға, оның ұлықсатымен И.В.Сталинге телефон арқылы баяндады. И.В.Сталин Кремльге келуге бұйрық берді. Тимошенко, Жуков келісімен Саяси бюро мүшелері шақырылды. Бәрі жиналып болған соң, Сталин қысқаша хабарлама жасап, «Не істейміз?» деген сұрақ қойды. Ешкім үндемеді. Тек Тимошенко «Шекарадағы әскери округтерге толық жауынгерлік дайындыққа келтіру жөнінде директива беру керек» деді. Сталин дайындалған директиваға бірнеше түзетулер енгізді, қысқа, жаңа мәтін дайын болды. Директивада 22-23 маусымда немістердің кенеттен шабуыл жасайтындығы, ірі күйзеліске соқтыратын арандату әрекетіне берілмей, әскери округтер толық дайындықта болып, немістер мен олардың одақтастарының соққысына әзір болу керектігі көрсетілді. Онда 22 маусымға қараған түнде мемлекеттік шекарадағы атыс нысандарын жасырын дайындау, авиацияны дала аэродромында, әскери бөлімдерді жасырын түрде әзірлікте ұстау, қалалар мен нысандарды қараңғылау шараларын қолға алу қамтылды. Бұл нұсқауға И.В.Сталиннің айтуымен Тимошенко, Жуков қолдарын қойды. Нұсқау тығыз түрде әскери округтерге жіберілді. Саяси Бюро мүшелері үйлеріне тарады, Сталин саяжайына кетті. Тек Тимошенко мен Жуков директива-нұсқаудың округтерге тез жетуін бақылап, шекарадағы жағдайды білумен шұғылданды. 3 сағат 07 минутта Қара теңіз флотының қолбасшысы адмирал Октябрьский теңіз жағынан көптеген белгісіз ұшақтардың жа­қындағанын баяндады. Онан соң лезде Батыс округтен штаб бастығы, генерал Климовскийдің, «Белорусия қалаларын неміс авиациясы бомбалауда», мұнан кейін Киев округінің штаб бастығы генерал Пуркаевтің «Украина қалалары жау бомбасы­ның астында қалды» деген суық баяндаулары қардай жауды. 3 сағат 40 минутта Прибалтика қалалары бомба соққысына ұшы­рады. Дамылсыз, үсті-үстіне телефон қоңыраулары толасталмаған соң Тимошенко қабағын түйіп, үнсіз отырып қалды. Жуковке қарап, үзілді-кесілді: «Сталинге телефон соқ!» деді. Жуковтің естелігінде жазылғандай, ол Сталин саяжайына телефон шалды. Біразға дейін жауап болмады. Бірнеше қоңырау­дан кейін, Сталинді қорғау, күзету бастығы, генерал Власиктің дауысы естілді. Жуков оған: «Мені тығыз түрде Сталин жолдаспен телефон арқылы қосуыңызды сұраймын» деді. Власик үндемей, Жуковтің ерте телефон шалғанына таңғалды. Жай ғана «Сталин жолдас ұйықтап жатыр» деп жауап берді. «Тез оя­тыңыз, немістер біздің қалаларды бомбалауда» деді Жуков. Бірнеше минуттен соң, телефонды Сталин алып, ақырын «Тыңдап тұрмын» деді. Жуков: «Жолдас Сталин, неміс авиациясы Украина, Белорусия, Прибалтика қалаларын бомбалауда. Қарсы әрекет жасауға ұлықсат беруіңізді сұраймыз» деді. Сталин ұзақ үндемей тұрды. Естімей қалды ма деп күмәнданған Жуков: «Сіз мені түсіндіңіз бе?» деді. Телефонда дыбыс болмады. Ақырында, Сталин: «Нарком қайда?» деп үн қатты. Жуков «Нарком Киев округімен сөйлесу­де» деді. «Тимошенкомен бірге Кремльге келіңіз. Поскребышевке Саяси Бюроның барлық мүшеле­рін шақырсын деп айтыңыз» деді Сталин. 22 маусым. 4 сағат 30 минут. Саяси Бюро мүшелері Сталиннің кабинетінде жиналды. Тимошенко, Жуков қабылдау бөлмесінде күтті. Олар шақырылып, кабинетке кір­генде Сталин Молотовқа қарап, «Тығыз түрде герман елшілігіне телефон шалыңыз» деді. Кремльдегі кабинетінде Молотов Сыртқы істер халық комиссары ретінде елші фон Шуленбургті қабылдады. Ол абыржып, сас­қа­лақтады, қолы діріл қағады. Елші кеше кеште қабылдауда болғанында ештеңе білмегенін үлкен өкінішпен айта бастады. Бүгін түнде Берлиннен жеделхат түскенін, Герман үкіметі Кеңес өкіметіне мына нотаны тапсыруды сұрағанын айтты. Нотада: «Қызыл Армияның қарулы күштерінің үсті-үстіне шоғырлана дайындалып, германның шығыс шекарасында шыдауға болмайтын қауіп туғызғандықтан герман үкіме­ті шарасыздықтан жедел әскери қарсы шараларды қабылдауға мәж­бүр болғанын хабарлайды». Бұл нотаға Шуленбургтің өз тарапынан қосқаны: «Менің үкіметімнің қисынсыз әрекеті тудырған көңілімді білдіре алатын емеспін. Мен барлық күшімді КСРО-мен бейбітшілікте және достықта болуға жұмсадым». Молотов былай деді: – Бұл нота нені көрсетеді? Шуленбургтің жауабы: – Бұл – соғыстың басталуы. Молотов өз қарсылығын білдірді. Германиямен шекарада Қызыл Армияның ешбір шоғырланбағанын, ақырғы минутқа дейін Германия үкіметі бізге ешбір кінә тақпағанын айтты. Кеңес Одағының бейбітшілік сүй­гіш саясатына қарамастан Гер­мания бізге қарсы шабуылға шықты. Фашистік Германия ешбір себепсіз КСРО-ға шабуыл жасады. Ілік табуға ұмтылуды жала, жалған деп санайтынын айтты. Шуленбург қолда бар нұсқауға ештеңе қоса алмайтынын, кеңестік Ресейдің досы екенін, бұл шешімді болдырмауға әлі келмегеніне өкі­нетінін білдірді. Бірақ бұл сөздер Молотовқа әсер етпеген сияқты. Оның ойында – тек соғыс. Кремль коридорымен жүгіре басып, Сталин кабинетінің есігін айқара ашып, қатты дауыспен: «Германия үкіметі бізге қарсы соғыс жариялады» деді. Саяси Бюро мүшелері үнсіз отыра берді. Сталин де сол қалыпта. Созылған үнсіздікті Жуков бұзды. Ол: «Шекара округтерінің күшімен басып кірген жауға соққы беріп әрі жылжуын тоқтатуға ұлықсат етіңіздер» деді. Сталин орнынан тұрып, нық түрде бұйрық-нұсқауды дайындауды тапсырды. 22 маусым күні сағат 7-ден 15 минут өткенде Қорға­ныс наркомының №2 бұйрық-нұс­қауы дайындалып, онда жау күште­рін шекараны бұзған аудандарда жою, ерекше жарлықсыз шекарадан өтпеу, Кенгисбергті бомбалау көрсетілді. Осындай бұйрықты бере оты­рып, Сталин және Отан қорғау комиссариаты шекарада болып жатқан жағдайдан мүлдем хабарсыз болды. Әскери құрамалар 21 маусым күні берілген бұйрықты да орындай алмады, ол қолға кеш тиді. Таң алдында барлық байланысты немістің диверсиялық топтары істен шығарған болатын. 22 маусым күні таңғы 6-ға дейін Бас штаб шекарадағы жағдайды анықтай алмады. 9 сағат 30 минутта Сталин мобилизация туралы Жарлықтың жобасын бекітті. Кезек күттірмейтін күрделі мәселелер қаралып жатқанда кабинетте отырғандардың бірі соғыс басталғанын халыққа жеткізу үшін радиода сөйлеу қажеттігін айтып қалды. Молотов халық алдында тек Сталин ғана сөйлеуі керектігін айтты. Саяси Бюро мүшелері Сталинге қарады. Ол кабинетінде әрі-бері біраз үндемей жүріп, «Бірінші күні сөйлеу ертерек, басқа да мүмкіндіктер болады. Бүгін Молотов сөйлесін» деген шешімін айтты. Әрлі-берлі жүруін тоқтатпай, ешкімге қарамай, өзімен өзі сөйлескендей, содан соң «Біз барлық мәселелерді дұрыс шешкен сияқтымыз. Бейбітшілікке ұмтылғандықтан Германиямен жасалған шартты мұқият сақтадық, сенімсіздік тудырған ілікке жол берілмеді» деді. Бұдан кейін өкіне тұрып, «Бізге уақыт жетпей қалды, уақыттан жаңылыстық, жауды тойтару үшін барлық жағдайды жасауға үлгере алмадық. Біз шартты сақтадық, ал немістер, Гитлер бізге опасыздық жасады, шартты өрескел бұзды. Оларда адалдық жөніндегі ұғым басқа, залымдық жасады. Бірақ біз Гитлердің қателігін дәлелдейміз, біз оны жоямыз!» деп сөзін бітірді. Айтылғандарды Молотов қағаз бетіне түсірді. Радиода сөйлейтін сөзінің арқауы осылар болды. Мәтін кабинетте дайын болды. Отан соғысының ұранына айналған: «Біздің ісіміз әділ. Жау талқандалады. Жеңіс біздің жағымызда болады!» деген сөйлемдерді Сталин енгізді. Ол Молотовтың радиодан сөйлеген сөзін жоғары бағалады. 22 маусымда түс кезінде Сталин майдан басшыларының тәжірибеле­рі жеткіліксіз болғандықтан, абыржу күшейіп, нақты ақпарат алу мүмкіндігі азайған соң Жуковті Оңтүстік-Батыс майданына, Шапош­ников пен Куликті Бас қолбасшы Ставкасының өкілі ретінде Батыс майданға жіберуді ұйғарды. Осымен 1941 жылдың қатерлі 22 маусым күні аяқталды. Әскери-тарихи зерттеулер­де, қолбасшылардың ес­­теліктерінде, көркем шы­ғармаларда Отан соғысының бас­талуы, зор шығындармен лажсыз шегіну, қан мен тер судай төгілу кезінде соғыса білу өнерін үйрену, қасіреті мен қуанышы бірдей Ұлы Жеңіс жөнінде жазылғандар аз емес. Бірақ өткен уақиғаларға әртүрлі баға беру, шындық пен жалғанның жарысуы, кей кезде өтіріктің өршуі толастар емес. Жаңа, жас ұрпақ­қа ақиқатты айту – абыройлы іс. Шай­қас даласында қыршынынан қиыл­ған миллиондаған жасөспірімдер аруағын ардақтау, ақиқатты анықтау парыз. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндеріндегі қанды оқиғаларға Ста­лин өз ықпалын тигізе алмады. Шайқасты басқару тізгіні босаңсы­ды. Қызыл Армияның басшылығы майдан даласындағы жағдайды нашар білді, әскерді басқаруда әлсіз­дік көрсетті, жауға тиісті тойта­рыс берілмеді, абыржу, әбігерге түсу ұзаққа созылды. Осылай болғанымен, Берия мен Хрущевтің: «Сталин сасқалақтап қалды. Бірнеше күн басшылықтан қол үзді. Кунцево саяжайында жасырынып жатып алды» деуі – барып тұрған өтірік, жала. Мұны көпке белгілі құжаттар дәлелдейді. 21 маусымнан 28 маусымға дейін Сталинде қабылдауда болғандар­ды тіркеген кезекші хатшылардың жазғандары баспада жарияланды. 22 маусым күні таңертеңгі 9-дан бастап ұйымдастырылған уақытша бомбапана төрт күнде бітті. Бомбапана Киров көшесіндегі жеке тұрған үйдің астынан «Кировская» метростанциясына шығатын туннельде ұйымдастырылды. 1941 жылдың аяғында бомбапана Кремльде орналастырылды. Осы төрт күн, одан кейін де Сталин Кремльдегі кабинетінде жұмыс істеді. Немістің танк армадасы, оған ілесе қозғалған жорық әскері бәрін қи­рата, жермен-жексен ете бастаған кезде Германияның Гитлер бастаған Бас командованиесі Шығыс Прус­сияда салынған жаңа ставкаға орналасты. Гитлер бұл жерді «Қасқыр­дың апаны» – «Вольфшанце» деп атады. Гитлер неміс әскері ша­буылының барысын қатаң қа­дағалады. Құрлықтағы әскер бас штабының бастығы, генерал Гальдер өз күнделігінде «Герман әскері қарсы жақтың аңдаусызда үстінен түсті. Олардың жауынгерлері тактика жағынан қорғанысқа икемделмеген, Шекара маңындағы әскери бөлімдер кең жер көлемін қамтыды, шекара күзеті, тактикалық, тұт­қиыл шабуылдарға қарсылық ұйым­дастыру әлсіз болды. Сондықтан көпірлер оңай алынды, нығайтылған шекара шебі тез бұзылды. Алғашқы абыржу мен әбігерден кейін қарсы жақ белсенді әрекет жасады, так­тикалық шегінулер болды. Бірақ оперативті шегінудің ізі де көрінбеді. Майданның бірталай бөлімдерінде әскери қимылға басшылық болмады. Орыс командованиесі өзінің ебедейсіз, жай қимылдауымен жақын арада неміс шабуылына оперативті қарсы әрекет жасай алмайды» деп жазды. Бұдан соң Гальдер немістің армия топтары – «Солтүстіктің», «Орталықтың», «Оңтүстіктің» жағдайын баяндай келе, командование жаңа, қосымша бұйрық бермейтінін айтты. Ал бізде әбден былыққан, астан-кестең, шиеленіскен шатақ жағдай. Соғыстың бірінші күні біздің 1200 ұшағымыз жойылды. Бұл – біздің жақтың көрсеткен мәліметі. Ал генерал Гальдер өз естелігінде жойылған ұшақтың саны 850 екенін айтты. Бұл жерде асыра сілтеу байқалмайды. 24 маусымда неміс әскері Вильнюсті, Каунасты басып алды. Біздің Бас командование майдан даласындағы шынайы жағдайды білмегендіктен №3 директива бо­йынша қарсы шабуылға шығып, Люблинге, қарсы жақтың жеріне шығу міндетін қойды. Бұл – жағдайды, әскери мүмкіндікті біл­меуден туған бұйрық. Жуковтің айтуы бойынша, қарсы шабуыл емес, біздің механикаландырыл­ған корпустар қарсы соққы беру арқылы немістің танк топтарына қарсы тұру керек еді. Мех.корпустардың қимылы нашар ұйым­дастырылды. Олардың шекарадан алыс тұрғаны және қажетті өзара байланыс әрекеттерінің болмауы сәтсіздікке әкеліп соқты. Ең басты мәселе – шекара әскери округтерінің қимылы немістің танк­терін қиратуға бағытталмады. Польшаны, Францияны басып алу майданында фашистердің қолдан­ған әдістері терең зерттеліп, күнде­лікті әскери әрекеттерде пайдаланылмады. Бұған, әрине, әскери басшы­лар кінәлі. Олар өздерінің кәсіби және қызметтегі міндеттерін орындамады. Сталин және Бас штаб анық ақпарат ала алмады. Шекарадағы қиын жағдайдан хабарсыз болды. Осыған қарамастан Люблинді алу міндеті қойылды. Майданның әскери бөлімдеріне нақты нұсқау беру жолға қойылмады. Майдан мәліметтері үрейлендірумен болды. Минск маңында бірнеше армия қоршауда қалды. 29 маусымда Минск қаласының жау қолында қалғанын Сталинге баяндаудан Тимошенко қатты сескенді. Ол Минск түбіндегі жағдайды сұраған Сталинге «Қа­зір баяндауға мүмкіндігім жоқ» деп жауап берді. Мәліметтер мардымсыз болғандықтан, Сталин, Молотов, Маленьков, Берия Бас штабқа келді. Оларды ешкім тосып алған жоқ. Ескертусіз келген Сталинді және оның серіктерін көргенде Тимошенко сұрланып, сасып қалды. Дегенмен рапорт берді. Тимошенконың «Баяндамаға дайын емеспін» деген сөздері Сталиннің ашуын келтірді. «Сендер бізге шындықты айтудан қорқасыңдар, Белоруссия жау қолында қалды. Украина, Прибалтикада не болға­нын білмейсіңдер. Сендер майданды басқарудың орнына жау қолында қалғанды тек тіркеумен отырсыңдар ма?» деп сөзін бітірді. Сталин серіктеріне «Кетелік, уақытында келмеген сияқтымыз» деп шығып кетті. 30 маусым күні Сталин Батыс майданның қолбасшысы, армия генералы Павловты Мәскеуге ша­қыр­ды. Оның орнында Еременко бірнеше күн болған соң, Тимошенко­ны тағайындады. Әскери кеңестің мүшесі Мехлис Павловқа «қорқақ», «дәрменсіз», «басқаруды құлат­ты», «қару-жарақты жау қолында қалдырды» деген т.б. айыптарды тақты. 16 шілде 1941 жылы Қорғаныс мемлекеттік комитетінің қаулысына сәйкес соғыс трибуналы Павловты алты генерал серіктерімен қоса ату жазасына кесті. Трибунал үкімі орындалды. Сталиннің 3 шілдедегі сөзі жауды тойтаруда, жеңіске жетуде еліміздің барлық күшін жұ­мыл­дыруға арналған шақыру болды. Сталин Кеңес өкіметі фашистік Германиямен келісім жасауда қате­леспегенін, бір жарым жылдай елі­міз бейбітшілік жағдайда жау шабуылына қарсы тұруға өз күшін дайындағанын айтты. «Бұл – біздердің ұтысымыз. Фашистік Германия опасыздық жасап, шартты бұза, кенет шабуылға шығуы белгілі бір уақыт ішінде ұтымды болғанымен, әлем алдында қанқұйлы, қанқұмар агрессор екенін көрсетіп, саяси жағынан ұтылды» деп атап көрсетті. «Германияның әскери басымдылығы – ұзаққа созылмайтын көрініс. КСРО-ның саяси басымдылығы салмақты, ұзаққа созылатын фактор. Соның негізінде Қызыл Армия пәрменді әскери жетістіктерге қол жеткізеді» деді тағы да. Сталин Отанға төнген қауіптің тереңдігін түсіну, бейқамдықтан арылу, қорқақтар мен үрейлендіргіштерді, уайымшылдарды болдырмау, барлық жұмысты соғыс талабына сай құру, Кеңес же­рін қорғау, шарасыз шегінуде бәрін алып кету, ал мүмкіндік болмағанда құрту, партизан қозғалысын ұйым­дастыру міндетін қойды. Сталиннің 3 шілдедегі сөзі соғыстың толық бағдарламасы болды. Оның сөзінде шындыққа жанаспайтындары да бар. «Жаудың таңдаулы дивизиялары мен авиацияның таңдаулы бөлімдері жойылды» деуі нақты жағдайға сәйкес келмейді. 3 шілдеде жазған күнделігінде генерал Гальдер «22 маусымнан 3 шілдеге дейін 41037 адам шығын болды. Бұл – соғысқа қатысқан 2,5 миллионның 1,64 проценті. Оққа ұшқандардың ішінде 524 офицер, 8352 унтер-офицер мен қатардағылар болды» деген еді. Ұлы Отан соғысының ал­ғашқы күндері жөнінде маршал Жуков өзінің К.Симоновпен болған әңгімесінде айтылмай және жазылмай жүрген жайттарға көңіл бөлді. Шындығында, мыңдаған шақырым кейін шегіну – қорқақтық, ақымақтық емес, әлемдегі аса қуатты армиядан шығу еді. Неміс армиясы соғысқа жан-жақты дайындалды. Қарулануы, пси­хологиялық жайы жоғары болды. Шайқаста жеңу тәжірибесін игерді. Немістің бас штабы, басқа штабтар, қолбасшылар бізбен салыстырғанда жан-жақты ойланып, дұрыс әрекет етті. Барлық артықшылық неміс­тер жағында болғанына қарамас­тан біздің әскер соғыс барысында олардан үйренуге мәжбүр болып, ақырында неміс әскерін жеңді. Бұл, әрине, ұзаққа созылды. Маршалдың айтуынша, бізде соғыстың алғашқы кезінде әскеріміздің босаң, әлсіз болғанын жазуға ұялады. Әскеріміз тек шегінбеді емес, қашты, үрейленді, жоғарыдағылар мен төменгі жақтар нашар шайқасты. Мұны жасыруға болмайды. Бір дивизия жанқиярлық, табандылық көрсетіп, жауды беттетпесе, көрші дивизия бытырап қашумен болды. Соғыс алдындағы және оның бас­талуы жөнінде сөз болғанда, әлбетте Сталиннің кінәсі мен жауапкершілігі жиі айтылды. Бір жағынан, бұл дұрыс. Ал, екінші жағынан, бәрін тек Сталинге аудара салуға болмайды. Бәрін бір басшыға жабу дұрыс емес. Сталинмен бірге жауапкершілікті оның жақын айналасы – Молотов, Маленьков, Каганович алуы керек. Берияны айтпалық, ол – өз алдына ерекше мәселе. Ворошилов та жауапкершілікті бөлуі керек. 1940 жылы Қорғаныс халком қызметінен алынса да соғыс басталғанға дейін Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болды. Маршал Жуков жауапкершіліктің көп бөлігі әскери адамдарға тиетінін мойындайды. Партия мен мемлекет адамдары­ның бірталайы жауапты. Көптеген мәселелерді талқылағанда Молотов тарапынан пікір айту, қарсы тұру­шылық байқалатын. Мұндайда Ста­лин дауыс көтеріп, кейде өзін ұстай алмайтын. Ал Молотов жымия тү­регеліп, өз пікірінде қала беретін. Мемлекеттік және шаруашылық мәселелері туралы Сталинмен ешкім дауласпады деген дұрыс емес. Бірақ оның соғыс алдындағы жағдайға берген саяси бағаларын қолдады. Гитлермен жасалған актіні жыртып тастап, бізге шабуыл жасай қоймас деген Сталиннің сенімі қолдау тапты. Бұл мәселеде оны Маленьков, Каганович, белсенді түрде Молотов қолдады. Тек Жданов немістер жөнінде келтесінен қайырып, Гитлерге ешбір сенуге болмайды деген пікірде болды. Сталин батыстағы істермен Гитлердің деңгейін тө­менірек бағалады. Онда Гитлер бел­шесінен батты, жақын арада бізге қарсы соғыса алмайды деп есептеді. Өз болжамында осыны негізге алған Сталин Франция талқандалғаннан кейін де жағдайды жаңаша бағалауға мүмкін шамасы келмеген болар. Шекараға таяу жердегі біздің әскеріміздің шайқасы сәтсіз болды. Көптеген әскери құрамалар қоршауда қалды. Майданның бір­тұтас желісін жасауға артық күш болмады. Біздің әскердің бір ірі тобы Минскінің батысында қоршауда қалды. Фашистердің Мәскеуге қа­рай жылжуын болдырмау үшін Батыс Двина, Днепр өзендерінің ағысы бойымен қорғаныс жағдайын жасауға біздің армиялар үлгермеді. Немістер кідірместен Днепрден өтті. Біздің үш армия неміс тылында қалды. Гудерианның танк тобы жаяу әскердің жетіп үлгеруіне қарамастан Смоленскіге ұмтылды. Бірақ ол бүйірден, Флангтен болатын соққыдан қатты қаймықты. Біздің қолбасшылар мұндай соқ­қыны ұйымдастырмай, жол бойымен шегіне берді. Тек неміс танкілерінің алдын ала, біртұтас майдан желісін жасауға тырысты. Мұның өзі маневрлі, қи­мылға толы шайқасты жүргізуге дайындықтың нашар болғанын, әскери қолбасшылардың әскерді жаңаша соғысуға даярламағанын көрсетті. 16 шілдеде Гудерианның 2-мотодивизиясы Смоленскні алды. Смоленск түбіндегі шайқас ауыр болды. Көптеген әскери бөлімшелер қоршауда қалды. Генерал-фельдмаршал фон Боктың жарлығында Белос­ток-Минск шайқа­сы­ның қо­рытындысы келтірілген. Орыстың төрт армиясы орасан шы­ғынға ұшырады. 287704 адам қолға түсті. 2585 танк, 1449 зеңбірек, 246 ұшақ, көптеген қару-жарақ, көлік, азық-түлік, жанар-жағар май қоймалары жойылды. Смоленскінің оңтүстік жағын­да­ғы неміс әскерін талқандауға ар­налған екі қанды шайқас нәтижесіз аяқталды. Тек Резерв майданының 24-армиясы Ельня түбіндегі қарсы жақтың тобын талқандады. Осы уақытта бұл соғыстың төрт жылға, 1418 күн мен 1418 түнге созылатынын ешкім білген жоқ еді. Сөзсіз тізе бүгу актісіне қалай қол қойылғаны көп адамдардың есінде болар. 1945 жылғы 7 мамырда Берлиннің батыс жағындағы Реймс қаласында Эйзенхауердің штабына Франциядағы Кеңес әс­кери өкілдігінің бастығы, генерал-майор И.А.Суслопаров шақырыл­ды. Жеңілісті мойындаған герман командованиесінен Кейтель баста­ған генералдар тізе бүгу актісіне қол қоюға осында келді. Сөйтіп, 1945 жылғы 9 мамырда 00 сағат 50 минутта неміс-фашист армиясының күйреп, сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қою аяқталғаны жарияланды. Ұлы Жеңіс құтты болсын!

Сағындық Кенжебаев, философия ғылымдарының докторы, академик

6519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы