• Әдебиет
  • 10 Қараша, 2016

Ұлық болсаң – кішік бол

Өзім ұзақ жылдар бойы мектеп директоры болып қызмет атқардым. Сол қызметімді абыроймен атқаруға ата-бабаларымыздан қалған басшылық жайлы айтылған ұлағатты, даналық сөздерінің көмегі көп тиді. Сөз қасиеті керемет. «Бір ауыз сөз дүниені бүтіндейді, бір ауыз сөз дүниені бүлдіреді», олай болса кейінгі жас басшыларға көмегі болар деген оймен басшылық туралы ұлағатты сөздерді жинап-теріп көпшілікке ұсынып отырмын. Жақсы басшылар көп болса, Тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болары сөзсіз.

= «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме? Есті еріңді ер тұт­саң, өзіңді өзің қорларсың. Ал есе­ріңді ер тұтсаң – іргеңізден жау кетпей, төріңізден дау кетпей, сойқаннан сой­қан жолығып, сорлайсың да зар­лайсың» деген екен Әйтеке би. = Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады. = Билік айту – оңай, біліп айту – қиын. = Би екеу болса, дау төртеу болады. = Басшы адам ең алдымен өзіне-өзі ие болуы керек. Басшының ең күштісі және ең жақсысы – өзінің нәпсісін тия білетіні. = Жақсы басшы – жарты бақыт. = Жақсы басшы қарамағындағы адамдарды зор етер, жаман басшы оқып келген жас маманды қор етер. = Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзеуге көмектес. = Әділдіктің жоғынан ел азады. Кімде-кімнің әділдігі болмаса, оның ұяты да жоқ. = Әділетті патшаның елін жау араламайды. = Дүниедегі ең жаман нәрсе – біреуге қиянат жасау. = Әділетті бол! Кім жұмысты жақсы істейді сол – жақының, туы­сың. Дініне, ұлтына, кескін-кел­бетіне, бойына қарама. Адамдарды ойына, ісіне қарап бағала. Күштеу арқылы жер бетінде баянды еш нәрсе орнықпайды. = Батырлықты қажет етпеген әділдікке не жетсін. = Жақсы басшы мәселені күшпен емес, ақылдасып, келісіп отырып, өздеріне мойындатып отырып шешеді. Сонда сырттан сөз болмайды. = Басшы адамға көпшілік айтады екен: «Ащы болсаң түкіріп тастаймыз, тәтті болсаң жеп қоямыз». = Ел ұстасаң кек ұстама. = Ұлық болсаң – кішік бол. Көңілі тәкаппардың көктен биік, Болады ойы таяз, сөзі сұйық. Кішіпейіл келеді білімді адам, Тарыдай дәні толық басын иіп. = Бидайдың басын көтергені –дәні жоқтығы, Басшының кеудесін көтергені – ақылы жоқтығы. = Су болмаса, жер жетім; патша әділетсіз болса, ел жетім; тың­дал­маған сөз жетім; сыналмаған ат жетім. = Ханды құдай атарда – еліменен жауығады. Байды құдай атарда – пейілі тарылады. = Көпшілікке қарсы сөйлеу – ағысқа қарсы жүзу. = Ашумен басталған нәрсе ұятқа қалдырады. = Алмас қылыш секілді халық деген, ұстайтындар аз оны парықпенен. = Қайрай білу – бір өнер, Жұмсай білу – бір өнер. Құрсай білу – бір өнер. Сәл қолыңнан шығарсаң, Өз басыңа тіленер. = Бір кісінің қолындағы билік – жас баланың қолындағы ұстара. = Билік ешкімге де жоғарыдан мәңгілікке берілген емес. = Көргені жақсы көш бастайды. = Кейбір басшылар үркітіп келіп, тексеріп, қорқытып кететін бапшыл, дәметкіш болады. = Басшы адамның қолы таза болуы тиіс, сонда ғана ол адамдарға тіке қарай алады, жүзі жарқын болады. = Осал ағаш бұтағын көтере ­алмас, Осал басшы атағын көтере алмас. = Басшыда басты үш қасиет болуы керек, олар – адалдық, даналық және керек кезіндегі қаталдық. = Жақсы адам басшы болса, өзі талапайға түсер, жаман адам басшы болса, елін талапайға түсірер. = Шыңғыс хан айтыпты: Топ итті жолбарыс басқарса, күндер­дің күнінде топ ит жолбарысқа айналады, ал топ жолбарысты ит басқарса, жолбарыстар түбі ит болып кетеді. = Басшы үшін таптырмас бір қасиет бар: ол қарамағындағылардың көңіл-күйін, тұрмыс-жайын, тіршілік қамын, тамыршыдай тап басып, біліп отыруы керек, онсыз ісің ілгері баспайды. = Қосшының адаспауы басшы­ның сөзінен. = Егер ізгі болса ел басшысы, түгел ізгі болар, атшы, қосшысы. = Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама. = Еңбек елеусіз қалмауы керек, әсіресе қарапайым жұмыскерлердің маңдай терін көре білсең, дер кезінде арқасынан қағып, әділ бағасын берсең тау қопарып, тас жарады. = Сұңқардың тұғырына отыр­ғызса, сұмпайының қылығын жасама. = Өмірдің екі тірегі бар: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау. = Жас мамандарға қамқорлық жаса, жас мамандарға қамқор­­лық жасамасақ, дұрыс бағытта тәр­бие­лемесек, ертеңіміз бұлыңғыр болады. = Жібекті түте білмеген жүн етеді. = Көктем гүлдің бағын ашады. Көсем елдің бағын ашады. = Өз кемшілігін біліп отыратын кісі елге билік жасай алады. = Жақсы басшы – елді түзетер, Жаман басшы – елді жүдетер. = Жақсы басшы жақсылар арасында – алып, жамандар арасында – ғаріп. = Орындыққа әркім сияды, ел жүре­гіне сия білген басшының жөні бөлек. = Ақымаққа – қылышты, ұят­сызға – билікті сеніп тапсырудың қаупі бірдей. = Бақаны кілемге отырғызсаң да бат­пақ­қа қашар. Жаман адамды қандай дәрежеге көтерсең де, жамандығынан аса алмас. = Қаһарсыздан хан қойсаң – қасиеті болмайды, Үлгісізден би қойсаң – өсиеті болмайды. = Жақсы басшы өзгеге жақсылық жасауға ұмтылады. Адамдарға жақсы­лық істесең де – өзің үшін, жамандық істесең де – өзің үшін. Қай-қайсысының да өмірден қайтарым алатыны анық. = Ел басқару, билік тұтқасын ұстау – қол­дағы мұз сияқты, қатты ұстасаң сынып кетеді. = Тау – тауды көтереді. = Кадрың жақсы болса, қадірің де жақсы болады. = Халық мұхит іспеттес, асыптасыса жолындағының бәрін тас-талқан етеді. Оның деңгейін байқау, талап-тілегіне құлақ асу, ырду-дырдуға емес, ынтымақтастыққа жетелеу әрбір ел басқарған есті азаматтың есінде болсын. = Дүниеде өзінің шамасын білмей­тін­дер – қауіпті. Иә Алла, маған қолым­нан келетін істі атқа­ратын қуат бер, қолымнан келмейтін іске ұмтылмайтын ерлік бер, осы екеуін бір-бірінен айыра алатын ақыл бер. (Шығыс даналығы) = Әлихан Бөкейханов айтқан екен: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, саясат ісін ұғынбаса, өзін-өзі басқарып, ел болмаса, тарих жолында тезек теріп қалады». = Бауыржан Момышұлы басшыларды үш топқа бөліпті: «Біріншілері, ойы қарнында болады, олар тек қана өз басын ойлайды. Екіншілері, ойы мойнында болады, олардың күн ­сайын мойындары жуандап, бас басып, жоғары немесе алдына қарағанға мұрша бермей, жан-жағын көре алмай өтеді. Үшіншілері, олардың ойлары маңдайында болады. Олар ең алдымен ел қамын жейді, болашақ ұрпақты ойлайды, бұларды мен мемлекеттік ой толғайтын мемлекет қайраткері дер едім».

749389508

Жинаған Жүсіп АЙҚУАТҰЛЫ, КСРО және Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, зейнеткер, Кербұлақ ауданының құрметті азаматы

Алматы облысы

6625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы